Филология. Реферат. Махамбет поэзиясындағы Исатай бейнесі
Махамбет мұраларына қалам тартпаған ақын, жазушы, тарихшы, әдебиетші жоқ десек артық айтпаймыз. Оның ақындық пен батырлықты, қайсарлық пен ерлікті бірге көтере жүріп халықтың бостандығы мен теңдігі үшін күрескені туралы еңбектер молынан табылады.
Белгілі ойшыл М. Әуезов Х. Досмұхамедовтан кейін ірі зерттеу жүргізген ғалымдардың бірі. Ол Махамбет өміріне тарихи шежірелік сипаттама бере отырып, Исатай мен Махамбет достығын, олардың қазақ тарихынан алатын орнын дерек көздерін негізге ала отырып анықтап, алғашқылардың бірі болып Махамбет бейнесін сомдаған [1, 12].
Жас ұрпақ тәрбиесіне әр ғасыр өзінің қайталанбас тұлғасын беріп отырғанын тарихи деректер толығымен дәлелдейді. Академик З.Қабдолов: «Махамбет өмірдегі қасіреттің синониміне, өнердегі қасиеттің символына айналған аса аяулы әрі ардақты ат» – деп атап көрсеткендей, Махамбеттей баһадүр ақынның ұлы тұлғасы қазақ халқының жауынгерлік қасиетінің, ерлік дәстүрі мен ұлттық классикалық мұрасының өзіндік қайталанбас ерекшелігін айғақтайды [2, 49].
Ақын өз шығармаларын халыққа ұсына отырып, өзіндік ерекшелігі бар, қайталанбас образдар тобын да әдеби ғылымға әкеп қосты. Аталған тың образдар тек Махамбет жырларынан ғана кездеседі. Сол образдардың бейнесіне ішкерілей еніп, өзімізше, түсіндіріп өткенді жөн көрдік.
Махамбет өз өлеңдерінде Исатайдың бейнесін – батыр бейнесін жасады. Исатайға тікелей арнап шығарылған «Тарланым», «Мінкен ер», «Тайманның ұлы Исатай», «Исатайдың сөзі», «Қызғыш құс», «Исатай деген ағам бар» т.б. сияқты өлеңдер. Мысалы:
Исатай деген ағам бар, Ақ кіреуке жағам бар. Хан ұлымен қас болып, Қара ұлына дос болып... Төрт-бес жылдай алысып, Мына отырған Иса-кем,
Ханның бір тауын қайтарған! [3, 107].
деп шабыттана жырлайды.
Исатай құр ғана әдеби қаһарман емес, тарихи адам. Мәселен:
Халқымның көрген қорлығы, Хандардың еткен зорлығы. Ақ жүректі тебірентіп,
Ер көңілін желдентіп Ақ сүйектің баласын Қара ұлына теңгеріп,
Қоңыраулы найза өңгердім, –
деп келетін жолдарынан халқының азаттығы үшін көтеріліс туын ұстап хан-сұлтандарға қарсы шыққан Исатайдың бейнесін көреміз.
Ең бір керемет теңеудің бәрін Махамбет Исатай бейнесін суреттеуге жұмсаған. Өлең жолдарынан Исатайдың сыртқы портретіне мінезі мен ақылы сай, басқалардан анағұрлым ілгері адам етіліп суреттелумен қатар, осы үзіндінің өзінде ақынның Исатайға деген терең сүйіспендікпен, жүрегін жарып шыққан жылылықтың лебі де бетке үргендей сезіледі.
Махамбетте Исатайдың алдында тұрақты эпитет «ер» сөзін қолданатын тұстары да бар. Мәселен:
Біздің ер Исатай өлген күн... Он сан байтақ бүлген күн!.. Орта белін сырлаған
Оқ жаңбырдай жауған күн...
Өзіне дейінгі батырлар жырларында жиі ұшырайтын әсірелеулер де Махамбетте аз кездеспейді. Мысалы:
Арыстан туған Исатай... Қоғалы көлдер суалып,
Тізеге жетер-жетпес күн болған... Мына отырған Иса-кем, Дулығалы бас кесіп, Дұшпанының қанына
Ақ алмасын суарды-ай! [3, 107].
Бұл жолдардан Махамбеттің Исатайды суреттеуде өзіне ақындық дәстүрді де пайдаланғанын көреміз.
Ақын Исатайды суреттеген толғауларында неше алуан теңеу, эпитет, метафоралар қолданады. Исатайды небір халықтың асыл сөздерімен суреттеп, батыр тұлғасын танытар айқын теңеулер табады. Мысалға, ақынның кез-келген Исатайға арналған өлеңін алсақ, бұл өлеңдерде Исатай өз бойының барлық көрінісімен көз алдында елестейді. Батырдың сырт тұлғасы ғана емес, ішікі сыры, қайтпас қайсар мінезі, жайдары, жарқын жүзі, ақылы мен өнері, жауға деген
айбары, ашуы, ел ішіндегі беделі – барлық жағынан өте сүйкімді сипатта бейнеледі [4, 25]. Мысалы:
Мінкен де мінкен, мінкен ер, Бұл сықылды неткен ер?
Көлденең жатқан Жайықтан Құралайдың күнінде
Еркек қойдай бөлініп, Қырқарланып өткен ер. Күншығыстың астында, Күнбатыстың тұсында Қарындасым бар-ды деп, Қабырғасын сөксе де, Қанын судай төксе де, Қайыспас нар-ды деп, Маңдайынан күн өтіп, Жауырынынан жел өтіп, Күн астымен жеткен ер...
(«Мінкен ер»)
Өлеңді оқи отырып, Исатайдың батыр тұлғалы, төзімді, қайсар мінезді екенін біле аламыз.
Махамбет қай кезде, қандай жағдайда болсын, Исатай жөнінде өз пікірін үлкен ізетпен айтады. Ол әрдайым Исатайға зор құрмет көрсеткен адам. Махамбет өлеңдерінде өзі туралы сөйлегенде: «Исатай деген ағам бар, ақ кіреуке жағам бар», – деп өзін мейлінше кішіпейілді, көп қосынның бірі есебінде санайды. Яғни, көтерілісті басқаруда да Исатаймен бірдей бола тұра, Махамбет Исатайдың қасында өзін кіші санайды. Исатайды ардақтап, төбесіне көтереді, Исатайдың өліміне қайғырып, оны жоқтағанда, Махамбеттің аузындағы отты сөздері арқылы оның қатты қайғырғанын көреміз. Мысалы, жырда:
Таудан мұнартып ұшқан тарланым, Саған ұсынсым қолым жетер ме, Арызым айтсам өтер ме?
Арыстаным көп болды-ау Саған да менің арманым! Кермиығым кербезім!
Керіскідей шандозым. Құландай ащы дауыстым! Құлжадай айбар мүйіздім! Қырмызыдай ажарлым!
Хиуадай базарлым! Теңіздей терең ақылдым» Тебіренбес ауыр мінездім!
Садағына сары жебені салдырған, Садағының кірісін
Сары алтынға малдырған. Тереңнен көзін ойдырған, Сұр жебелі оғына
Тауықтың жүнін қойдырған. Маңдайын сары сусар бөрік басқан,
Жауырынына күшіген жүнді оқ шанышқан. Айқайласа белдік байлаған,
Астана жұртын айналған, Атына тұрман болсам деп,
Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен; Атқан оғы Еділ –Жайық тең өткен, Атқанын қардай боратқан,
Көк шыбығын қанды ауыздай жалатқан, Арыстан еді-ау Исатай!
Бұл фәнидің жүзінде
Арыстан одан кім өткен! [5, 284].
Өлең тұтастай жоқтау сарынында жазылған. Сондықтан да оны тұтастай бергенді жөн көрдік. Бұл жоқтау – өлеңде Исатай бойындағы бар жақсы қасиеттер ашылады. Жоғарыда айтылған өлең жолдарында Исатайдың бейнесі қандай тамаша сипатталған. Исатайдың халықшылдығы, батырлығы, қайраты, ақылы, жігері, қысқасы, батыр бейнесі толық әр қырынан ашылған.
Осы тектес Исатай өліміне байланысты жырларында ақын өзін азапқа салған жан жарасын табиғатпен қанаттастырады:
Жібектен бауы көнеріп, Ақсұңқар ұшқан күн болған... Телегей теңіз шалқыған Қоғалы көлдер суалып.
Тізеге жетер-жетпес күн болған... Исатайдан айрылып,
Алқалай келген кеңесте Дем құрыған күн болған, – деп ақын қазалы күндердің суалуын, бәйтеректің қу түбір болуын Ер Исатайдың өлімімен байланыстыра отырып, кейіпкердің көңіл-күйімен табыстырады.
Махамбет өлеңдері осындай буырқанған сезім арпалысының, яғни ақын көңілінің шабытты шағының табиғат көркімен үйлесуінен, үндесуінен туған. Бұл өлеңдерінде кейіпкер мен табиғаттың тұтасып жататындығы басым. Ақын пейзажды яғни табиғат көркін дүниені танып білудің ұтымды бір әдеби тәсілі ретінде қарап, одан үлкен философиялық ой түйіндеген [6, 225].
Махамбеттің «Тайманұлы Исатай» атты өлеңінде жыраулық дәстүрді қолдана отырып, әрі өсиет айтып, әрі Исатайдың жақсы қасиеттерін тағы да бір санамалап өтеді. Өлеңнің шынайы әсерлілігін, көркемдігін көрсету үшін, толықтай мәтінді бергенді дұрыс көрдік.
Арғымақтан туған қазанат, Шабуыл салса нанғысыз.
Қазанаттан туған қаз мойын, Күніне көз көрінім жер шалғысыз. Айырдан туған жампоз бар,
Нарға жүгін салғысыз. Аруанадан туған мал бар, Асылын айуан десең нанғысыз, Жаманнан туған жаман бар, Күндердің күні болғанда Жарамды бір теріге алғысыз. Тайманның ұлы Исатай Ағайынның басы еді,
Алтын ердің қасы еді, Исатайды өлтіріп,
Қырсық та шалған біздің ел! [5, 284].
Сонымен, Махамбет Исатайдың шынайы бейнесін сөзбен, жырмен суреттеп шығып, тарихи тұлғаны халыққа өткір тілмен жеткізіп берген. Ақын өлеңдерін оқу арқылы-ақ Исатай батырдың шынайы тарихи тұлғасын тани аламыз.
Махамбет – ақындық мақсатын ел мүддесімен ұштастыра білген азамат ақын. Халық қамы үшін атқа мініп, жауына қарсы өзінің жалынды сөзін жай оғымен қатар жұмсады. Ақынның өжет сөздері батырдың беліндегі ақ семсер, алмас қылыштай қиып түсер өткір қарудан кем емес еді.
«Хан жақсылардың» бет пердесін ашып, ақын оларды халық алдында әбден әшкере етті. Көтерілісшілердің көзін ашып, санасын оятты. Ел басына қара түнек орнатушы хан-сұлтандар екенін алғаш ашық түсіндіруші Махамбет болды. Махамбеттің тілегі, ісі, жүрегі халықтан еш уақыт бөлінген емес. Керісінше, халықтың, көтерілісшілердің қалың қауымының мүддесімен ұштасып жатады.
Махамбет өлеңдері – тарихта болған оқиғалардың көркем кестесі, ер намысы, ел рухы! Сондықтан да Махамбеттің керемет дарыны мен ереуілді ерлігін айырып айту қиын. Қалам мен найза – ақын Махамбет пен батыр Махамбеттің қос қаруы. Осыған байланысты да ақын өлеңдерінің ерлік сипаты күшті болып отыр.
Махамбет Өтемісұлының құдіретті дарын иесі екендігі оның сыршыл да шыншыл, өткір өлеңдері мен дауылпаз күйлерінен көрініс тапқан. Бұл шығармалардың көркемдік мәні өте бай, сондықтан да тәрбиелік қуаты шексіз.
Қорыта келсек, Махамбет шығармаларының көркемдік сипаты жоғары дәрежеде. Сондықтан да ақын өлеңдері күні бүгінге дейін өз құндылығын жоймай келеді.
Әдебиеттер
Жұмалиев Қ. Егеулі найза. − Алматы: Жазушы, 1979. – 12 б.
Үсенбаев Б. Еменнің иір бұтағы // Ақ желкен. – 2002. – № 6. – 49 б.
Өмірәлиев Қ. ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы қазақ поэзиясының тілі. − Алматы, 1976. – 107-117 б.
Әуезов М. Әдебиет тарихы. – Қызылорда: Ташкент, 1927. – 25 б.
Батырлар жыры. – Т. І. – Алматы: Жазушы, 1986. – 284 б.
Досмұхамедұлы Х. Исатай-Махамбет. – Алматы, 1991. – 225 б.