Филология. Реферат. Әбіш Кекілбаевтың «Абылай хан» шығармасындағы драматизм табиғаты
Кеңестік кезеңнің өзінде шығармаларының астарын ұлттық идеямен, тарихи жадымен әдіптеп, бүгінгі тәуелсіздіктің тұғырын дайындаған жазушылардың бірі – Ә. Кекілбаев.
Ә. Кекілбаевтың 1997 жылы жарық көрген «Абылай хан» драмасы енді тәуелсіз мемлекеттегі қоғамның рухани-эстетикалық сұранысынан туындаған.
Суреткер өз шығармасы үшін драма жанрын таңдаған. Кезінде классицистер ел бастаған ерлердің саясатын тек драма ғана шынайы көрсете алады, драма адамзат баласының шығармашылықта ойлап тапқан ең кемел формасы деп есептеп, оны «жоғарғы жанр» деп атаған. Классицистердің шығармашылық ұстанымында шындық бар. Рас, өршіл идеяны патриоттық пафоспен жырлау үшін прозалық жанр тарлық ететіндей.
Тарихты құрғақ сипаттау, көз тоқтатып, көңіл тояттар жарқын адами мінез-құлықсыз көрсету, оны дерексіздендіретіні белгілі. Қазақтың төл тарихы Абылай хан тұлғасымен жарқын. Ә.Кекілбаев «Үркер», «Елең-алаң» романдарын да Абылай бейнесімен әрлеген. Алайда роман мен драмада тақырыптық қайталау кездескенімен, мазмұндық қайталау жоқ. Ең бастысы драмадағы тартыс табиғаты, драматизм болмысы өзгеше. Драма қазақтың көкке өрлеген жыраулық поэзиясының өктем үнімен ғана емес, зәулім сезімдерді аспандата жырлауымен құнды. Суреткер шығармаға Абылайдың жоңғар батыры Шарышпен соғысып, басын алуы, 1742 жылы Абылайдың жоңғарлардың қолына тұтқынға түсіп қалуы, үш жүзге ортақ хан сайла-
нуы секілді тарихи деректерді негізге алған.
«Сайыс» аталатын бірінші бөлімінен-ақ Абылай образы оқырманды (көрерменді) өзіне ынтықтыра түседі. Алаңға шыққан Шарыш көкірегін ұрып:
Мен кәдімгі Шарышпын, Азуы алты қарыспын.
Қарсы келген дұшпанды,
Табанға таптап жаныштым [1, 3] –
деп бастап, арғы ата-бабаларының ерліктерін қоса айтып аруақтанады. Жас батыр болса, сөздің емес, істің адамы екендігін дәлелдеп, Шарышты жеңіп, «Абылай» деп ұрандап, қол бастап кетеді.
Арбасу деп аталатын бөлімінде жазушы Әбілмансұрдың тұтқында отырған кезін суреттейді. Тіпті зынданда отырса да, батыр образы асқақ. Абылай жоңғар қонтайшысы Қалдан Сереннің ұйымдастырған барлық сынынан мүдірмей өтіп, тектілігін, ақылын танытады.
Қалдан:
«Тау сыртында тау тұрса – қайтеміз, Жау сыртында жау тұрса – қайтеміз? –
деп сұрайды. Сонда Абылай:
Жақын тауға шықпай болмайды, Жақын жауды ұқпай болмайды [1, 3] –
деп жауап қатады. Осы бір диалог астарында үлкен саяси, философиялық мән жатыр. Қалдан да тек қырқысуды, оңай олжаны көздемейтін, елінің ертеңін ойлайтын жан ретінде суреттелген. Ол бауырын өлтірген Абылайдан кек алудың орнына басына азаттық беріп, онымен келісімге келуге тырысады.
Абылай ханның ерік-жігері мықты, өз сезімін шідерлеп ұстай алатын, намысын таптатпайтын нағыз батырлық образы драманың «Нар тәуекел» атты үшінші бөлімінен айқын көрінеді. Абылай басындағы драманы үдету үшін жазушы Әмір Сана образын пайдаланады. Әмір Сана – тарихи тұлға. Тарихи деректер бойынша:
«Әмір Сана – жоңғар нояны. Ойрат ақсүйегінің тұқымы. Еділ қалмақтарының ханы Аюкенің қызы ұзатылып келе жатып, қазақ жерінде қыстап қалғанда қазақ батырымен көңіл қосып, ішінде кеткен деген әңгіме бар». Суреткер осы аңыз желісін өрбітіп, Әмір Сананы Абылайдың баласы етіп көрсетеді. Абылай басындағы драматизм осы тұста арта түседі. Әуел баста көңілі Күлпашқа ауып тұрса да, Абылай Қалданның жалғыз қызы Топышты таңдайды. Топыш – ойрат пен қазақ арасын жалғасытартын, бейбітшілік кілті. Сондықтан Абылай сезімін мен сана арасындағы тартыста, сезімін санасына бағындырады. Санасында «қайткенде ұйытқылы жұрт қылам бұл елді» деген маңызды ойлары бар. Мемлекет мүддесін жеке басының қалауынан жоғары қояды.
Жазушы шығарма драматизмін синергетика заңдылықтарына сай өрбіткен. Аталмыш құбылысты әдебиеттанушылық тұрғыдан «тұрақтылық пен тұрақсыздық принципі» негізінде бағалауға болады. «Адамдар ұзақ уақыт бойы тек тұрақты жағдайларды ғана бақылай алады. Себебі тұрақсыздық тез-ақ өзге күйге өтіп кетеді. Ал егер табиғатынан тұрақсыз жайлар ұзақ тұр-
са, онда ол ғажайыпқа немесе парадоксқа айналады. Мұнда тұрақсыздықты тұрақтандырып тұрған күш әдейі жасырынып яки айқындалмай, бүркеліп қалуы мүмкін» [2, 47] – дейді бұл принциптің мәні турасында әдебиеттанушы, ғалым Т.О. Есембеков. Яғни тұрақсыздық пен тұрақтылық арасындағы ауытқулар белгілі бір драмалық қатынастарды тудырады.
Абылайды жұрт хан сайлады, қолына билік берді. Алайда, өзі берген билігін жұрт өзі «хан талапайлап» тартып ала салуы ғажап емес. Абылай өз халқының психологиясын жақсы біледі. Ол:
«Несіне хан болдың, қаңғыбас төре, Қалқима қалпақ киюге ме? [1, 7] –
деп жұрт шүйлігетінін де біледі. Яғни билік мұнда тұрақсыз. Суреткер осы құбылысты тұрақтандыру үшін келесі қақтығысты өрбітеді. Абылайдан пана тапқан Әмір Сананы Ресей, Жоңғар, Қытай елшілері іздеп, әрқайсысы өз мүдделері үшін сұратып жатыр. Ал Ботахан мен Жақай бастаған қазақтар болса, оны
«Өз қолымызға берсін,
Ойраттың қаһарын өзіміз қайтарамыз» [1, 7] –
дейді. Мұнымен қоймай Абылайды «Үргенішке сыймай қашып келген жалаңбұт сарт» деп келекелейді.