Филология. Реферат. Қазақ сөз өнеріндегі интертекст мәселесі

Oinet.kz 09-09-2020 1626

Интертекстуальдық теориясының бастауы М.Б. Ямпольский, И.В. Арнольд, М.М. Бахтин сияқты басқа да шетел ғалымдарының еңбектерінде жатқанымен, оның сілемдерін қазақ әдебиеттануының бастапқы кезеңдерінде еңбектерде де кездестіруге болады. Алайда интертекстуалдық мәселесін зерттеушілер тар және кең мағынада түсіндіріп келеді. Тар мағынасында интертекстуалдық мәтін ішінде мәтін екені жиі айтылып жүр. Тар мағынада түсіну көрнекті ғалым Ю.М. Лотманның есімімен тікелей байланысты. Алайда одан кейінгі лингвистердің қилы көзқарастарын түйіндей келсек, көркем мәтінде келтірінді құрылымдарды тар мағынада қолдану автордың оларды әртүрлі мақсатта пайдалануымен түсіндіріледі. Ал интертекстуальдықты кең мағынада түсіну шетелдік ғалым Ю. Кристеваның байланысты екені көпшілікке аян. Дегенмен орыс әдебиетінің білгірі М.М. Бахтин көркем шығарманың диалогтық сипаты туралы пайымдай келіп:


«В любой момент развития диалога существует огромные, неограниченные массы забытых смыслов, но в определенные моменты далнейшего развития диалога, по ходу его, они снова вспомнятся и оживут в обновленном (в новом контексте) виде» деп жазады [1, 445].


Ғалымның пайымдауынша диологизм көркем мәтін құрылымындағы цитаталық байланыстарды да меңзейді. Шығарма сюжетіндегі образдарындағы ұқсастық пен үндестік жайы қазақ ғалымдарының да еңбектерінде ерте кезден-ақ сөз бола бастады. Қазақтың ғұлама ғалымы М. Әуезов «Әр жылдар ойлары» атты зерттеу еңбегінде назирагөйлік дәстүрді еліктеу мен аудармадан алшақ алып пайымдауының мәнін бүгінгі күн тұрғысында ескерсек болады [2].


Әдебиеттану мен лингвистикада «интертекст», «интертекстуалды», «интертекстуалдылық» терминдері төңірегінде қайшылықты пікірлер көп. Соған қарамастан қазіргі уақытта интертексталдық проблемасын зерттеу жүйелі түрде қолға алына бастады. Әрине аталған мәселе тіл мен әдебиет тоғысында қарастырылып келеді. Қазақ прозасы мен поэзиясынындағы интертекст поэтикасының фольклорлық негізі зерттеле бастады. Алайда бүгінгі күнге дейін фольклорға телініп келген авторлы ауыз әдебиеті үлгілеріндегі дәстүр жалғастығы принципін интертекстуалды байланыс түрінде түсіндірудің жаңашылдық сипатын ұғынуға тиіспіз. Бүгінде қазақтың авторлық ауызша әдебиетінен интертекстің сан алуан үлгілерін табу арнайы зерттеуді қажет етеді. Себебі И.И. Ильиннің айтуынша, әр мәтін интертекст болып табылады. Олай болса қазақтың авторлы ауыз әдебиетіндегі интермәтін поэтикасы біздің мақаламызда алғаш рет сөз болады [3, 207].


Фольклорный интертекст шешендік сөздерде де кездеседі.Әдебиет зерттеушілері күні бүгінге дейін шешендік сөздерді фольклор қатарына қосып келеді. Бұл орайда, ұлы М. Әуезовтің пікіріне сүйінсек, билер сөзінің авторы қазақтың даңқты би-шешендері болмай ма? Расында, шешендік сөз белгілі бір би-шешеннің атынан айтылатыны мәлім. Ал, атақты В.Г. Белинский фольклорда даңқты есімдер болмайтынын, ондағы көркем сөз авторы халық екенін ескерткен [4, 9]. Осы пікірлерге қарамастан, шешендік сөздерді фольклорға телу кеңестік дәуір тұсында бишешендер есімін ауызға алуға тайсақтағандық па, әлде фольклор мен авторлы ауыз әдебиеті ара жігінің ғылыми тұрғыда түпкілікті ажыратылмағандығы ма? Рас, шешендік сөздер ғана емес, белгілі әдебиет зерттеушісі Е.Тұрсыновтың айтуынша, жақын уақыттан бері ғана баспасөзде авторлы шығарма деп танылған және осы күнге дейін авторлығы ауызша сақталып келген қазақ ақын-жырауларының бай поэзиясы, неге екені беймәлім, фольклор қатарына жатқызылып келді [5, 95]. Сондықтан сонау Қазтуғаннан бастап, бертінгі Жамбыл, Кенен, Иса сияқты ақындарды авторлы ауыз әдебиетінің өкілдері деп тану абзал. Белгілі ғалым Р. Сыздықова «Қазақ әдеби тілінің тарихы» еңбегінде шешендік сөздермен қоса, жыраулық поэзияны ауызша тараған авторлы әдебиет деп көрсетеді [6, 22].


Шешендік сөздердің авторлығына қатысты мәселенің бірі – дәстүрлі шешендік сөздердің би-шешендердің көпшілігіне қатар телінетіндігі. Өйткені, оларды айтушы әрбір өңірдің адамы сөзі өтімді болуы үшін көнеден қалған сөзді өз елінің беделді би-шешендерінің атынан айтқан. Әрине, бұл көпшілікті сөзге ұйытудың тәсілі екені де рас. Алайда, дәстүрлі шешендік сөздерді белгілі бір би-шешендерге меншіктеп беру қисынсыз. Тарихи деректер мен шежірелер, жазба мұрағаттар айғақ болған жағдайларда да дәстүрлі шешендік сөздердің алғашқы шығарушысын айқындау қиын. Дей тұрғанмен, ауызша сақталып жеткен дәстүрлі шешендік сөздердің билер сөзі екенін жоққа шығара алмаймыз. Ал, дәстүрлі шешендік сөздердің би-шешендердің көпшілігіне қатар телінетіндігі ауыз сақталып, ауызша таралғандығымен байланысты екендігі дәлелдеуді қажет етпесе керек. Жамбыл мен Абайдың ақындық қасиеттеріндегі үндестіктер аз емес. Екеуіне ортақ мүдде – ұлт мүддесі. Екі ақын ел ішіндегі әлеуметтік қайшылықтарға жаны күйзеледі. Тығырықтан шығар жол іздейді. Қытымыр байдың қылықтарына күйініп, кедейдің мүшкіл халіне жаны ауырады. Рас, Жамбылдың бұл өлеңі қазақ кедейінің жайын күйттеген Ыбырай, Сұлтанмахмұт, Бейімбет сияқты көптеген ақындардың, әсіресе Абай өлеңіндегі кедей мен байдың бейнесін көбірек еске түсіретін реминисценция болып табылады. А.Ахматованың


«Белая стая» (1915) өлеңіндегі «қайыршы» реминисценциясы Бунин, Горький, Блок шығармаларындағы «қайыршы» сөзінің тарихи мәнімен, олардың «қайыршы Ресейге» деген сүйіспеншілігін айғақтайтын азаматтық үнімен қалай ассоциацияланса [7, 267], Жамбыл мен Абай өлеңдерінің әлеуметтік мәні де солай шендеседі. Ақынның «Әлемде бір жұлдыз бар» өлеңінде:


«Үміт алыс, өмір шақ» деген интермәтінді шеберлікпен сыналап енгізгенін де көруге болады. Ақындық пен шешендік егіз өнер екенін Жамбыл айтыс өлеңдерінде ерекше танытқаны белгілі. Жамбыл шешендік өнері қанат жайған, фольклоры аса бай әлеуметтік ортадан өсіп шыққандықтан, оның ақындық әлемі бұлардың екеуімен де астарлас жатқанын дәлелдеудің қажеті болмас. Дегенмен, Жамбыл поэзиясында суырыпсалмалық өнер,ойға жүйріктік, халықтық қағидаларды қанат ету, нақыл сөздерді жаңғырта қолдану, өзінше афоризм түю, шешендік айшықтар түрінде көзге түседі.


Әдебиет туындыларының баяндау жүйесіндегі интертекст телімдерін айқындау мүмкіндіктері болғанмен, фольклорлық шығармалардан интертекст компоненттерін іздеудің шарттылығын түсінуге болады. «Фольклорный текст в буквальным смысле образуется из анонимных, неуловимых и вместе с тем уже слышанных цитат без кавычек. Литературный тексты цитирует фольклор (или даже стилизует его), как правило, подчеркивая факт цитирования, демонстрируя свой фольклоризм («сигнализируя» фольклорность, по выражению П.Г. Богатырева). А в казахской литературе фольклорный интертекст в силу активности фольклорного сознания является базовым» [8, 445], Расында да, қазақтың XV-XVIII ғасырлардағы ақын-жыраулары, шешен-билері ғана емес, тіпті XIX-XX ғасырлардағы ақын-жазушы, өнерпаздардың қайсысы да өз халқының тарихы мен дәстүр-салтынан, айтыс, ақындық-жыраулық өнерінен мол хабардар болғаны, ел аузындағы аңыз-жыр, өлеңдердің шығармашыл тұлғалардың санасынан ірге тепкені айқын.


Көрнекті ғалым Е.Тұрсынов фольклор жанрларының туу тарихы мен оларды таратушылардың типі жөнінде: «Это родовые поэты и песенники-композиторы акыны, «вещие» поэты и создатели эпических произведении жырау, исполнители бытовых рассказов, преданий и легенд ангимеши, исполнители перенятых произведений жыршы,шаманы-баксы, поэтызатейники сал и сэри, поэты и предсказателифизионмисты сыншы и другие» [9, 6], Ауыз әдебиеті жанрларын тудырушы импровизатор ақын-жыраулар мен шешендер өнерінде ортақ тақырыптар бар екені белгілі. Солардың бірі ел мен жер жайы десек, бұлар туралы ақын-жыраулардың, би-шешендердің де танымы да ұқсас болуын да интертекст құбылысымен түсіндіруге болады. Дәстүрлі шешендік сөздерді есте сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу мақсатымен қайталап айтып отыру ауызша дамыған қазақ шешендік өнерінің шарты да, салты да болған. Сол сияқты ақын-жыраулар да дәстүрлі қолданыстарды тіркес оралымдарды қайталап отырған. «Біреудің айтқанын келесінің, одан үшінші бір жыраудың айнытпай келтіріп отыруы – мін емес, біреудің меншігін еншілеу емес. Оял жырау поэзиясының ерекшелігі, міндетті шарты» [10, 52]. Десек те, жырау поэзиясындағы немесе шешендік сөздердегі бұндай дәстүр жалғастығы принципін бүгінде интертекст поэтикасы мен ұштастыруға болады.


К.С. Бұзаубағарова фольклор мен әдебиеттің өзара ықпалдастығы проблемасын, фольклор дәстүрлерінің жемістілігін қарастыра келіп:


«Именно в соотношении с литературой особенно ясно становится, что фольклор – искусство слова. Близости к фольклору объязана казахская литература своими лучшими художественными ценностями» [8, 444].


К.С. Бұзаубағарова интертекстуалдық теориясы тұрғысынан қазақтың ұлы ақыны Шәкерім Құдайбердіұлының «Қалқаман-Мамыр» поэмасын жазуда «қазақ халқының эстетикалық, тарихи және этикалық тәжірибесіне сүйенгенін» сөз етеді. Демек Еңлік Кебектегі поэмасындағы кейіпкерлердің тағдырлары, есімдері «Қалқаман-Мамырдағы» кейіпкерлерге ауысады. Автор эпостық негізді сақтай отырып өз шығармасына «өзгелік» сипаттар дарыта отырып, жаңа туындыны жазып шығады. Фольклорлық сюжетархетип Шәкерім өңдеуінде әлеуметтік адамгершіл жаңа сипатты иеленеді. Шәкірім поэмасына фольклорлық интертекст айтарлықтай ықпал еткенмен автордың тек өзіне тән қолтаңбасы да ерекше. Сондықтан Шәкәрім шығармаларындағы фольклорлық дәстүрді зерттеуші: «В поэмах Шакарима много недосказанного. Герои всю боль, все муки уносят с собой. Но это уже сюжет для другого произведения. А физическая среда фольклора не знает сопротивления. Этой особенностью фольклорной поэтики интертекстуально характеризуются поэмы Шакарима. Особенности фольклорного мира как центральной категории в поэтики жанрово-обусловленного эпоса демонстрируют фундаментальную рольфольклорного интертекста» [8, 448].


Белгілі қазақ ғалымы Ш. Елеукенов «Мағжан» атты зерттеуінде мынадай бір жайтты аңғартады. Қазақ ақынының орыс символизімі өкілдерінің бірі Д.С. Мережковскийдің бір шумақ өлеңін «Пайғамбар» атты шығармасына эпиграф етіп алғанын жазады: Мұндағы мақсат – шығарма тақырыбына сілтеме жасау ғана емес, Эпиграф Күншығыс идеясының әлемге кең тарағанына айғақ есебінде де келтірілсе керек. Орыс ақын Шығыстан Христосты, яки Айса пайғамбарды күтсе, Мағжан Күннен туған Гун келеді, деп жар салады» [11, 195]. Интертекст поэтикасының осыған ұқсас ерекшеліктері тек Мағжаннан табылады деп айту ағаттық болар. Демек интертекстуальдық теориясы төңірегінде дәстүр мен жаңашылдық, ұқсастық туралы да ой қорытуға мүмкіндік бар екенін пайымдаймыз.


Бұнымен қоса қазақ әдебиеттануы романдық поэтикалық интертекст мәселесіне де назар аударғанын айтуға тиіспіз. Зерттеушілер (З. Ахметов, А. Жақсылықов, Е.В. Лизунова) қазақтың алғашқы романдарындағы («Бақытсыз Жамал», «Мұңлы Мариям», «Қыз көрелік») халықтық поэтикалық дәстүрлерді көрсетеді [12, 132-138]. Бұл жаңа қалыптаса бастаған қазақ прозасындағы оқырманды роман мазмұнын эмоциональдық қабылдауға дайындайтын поэтикалық экспозициялардан көрінеді. Сондықтан көптеген поэтикалық интекстер қазақ романдарының көркемдік телімдерінің қатарында саналады. Роман жүйесінде кездесетін өлеңдер кейіпкерлердің сөздері мен ой сезімдеріне экспрессивтік мән жүктейді. Сондай-ақ зерттеушілер З. Ахметов, Е. Лизунова, «Абай жолы» роман-эпопеясының авторы М. Әуезовтың Абай өлеңдерін тура мәнінде де, келтірінді мәнінде де пайдаланғанын көрсетеді. Демек фольклорлық поэтикалық интертекстер мен цитаттарды қолдана отырып, қазақ жазушылары өз шығармаларына ұлттық сипат береді, мотивтерді шығармашылықпен жаңғыртады, оның мазмұнын көркемдікпен байытады.


Қорыта айтқанда, бүгінгі қазақ прозасы мен поэзиясына фольклордың бай қазынасы негіз болып, интертекст поэтикасының дамуына ықпал етті деуге болады. Басқа елдердің мәдениетінде сирек ұшырасатын,импровизацияға негізделген шешендік өнері мен жыраулық поэзиядағы және авторлы ауызша әдебиеттің өзге үлгілеріндегі интертекстуалдық байланыстар ұқсастықтар, үндестіктер, жаңғырулар, жаңашылдықтар туғыза отырып, қайталанбас поэтикалық құндылықтарды құрайтынына көз жеткізуге болады.


Әдебиеттер


Бахтин М.М. Эстетика словесного искусства. – М., 1979. – 373 с.

Әуезов М. 50 томдық шығармалар жинағы. – Т. 15.

Ильин И.И. Современное зарубежное литеротуроведения. – М.: Интрада, 1999. – 319 с.

Белинский В.Г. Полн.собр.соч. в 13-ти т. – Т. 5. – М., 1954. – 863 с.

Турсунов Е. Единство эстетического опыта кочевых и некочевых народов // Кочевники. Эстетика. – Алматы: Ғылым, 1993. – С. 94-96.

Сыздықова Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы. – Алматы: Ана тілі, 1993. – 320 б.

Хализев В. Е. Теория литературы: Учебник. – 4-е изд., испр. и доп. – М.: Высш. шк., 2005. – 405 с.

Бузаубагарова К.С. Фольклор и литература: к вопросу об интертексте // Проблемы поэтики и стиховедения: Материалы VМеждунар.науч.-практ. конф., посвящ. Памяти и к 70-летию доктора филологических наук профессора В.В. Бадикова (15-16 окт. 2009 г.) / Отв. ред. С.Д. Абишева. – Алматы, 2009. – С. 444-448.

Турсунов Е.Д. Возникновение баксы, акынов, сэри и жырау. – Астана: ИКФ «Фолиант», 1999. – С. 252.

Мәдібай Қ. Хандық дәуір әдебиеті. – Алматы: Мектеп, 1996. – 61 б.

Елеукенов Ш. Мағжан. – Алматы: Санат, 1995. – 376 б.

Агибаева С.С. Поэзия и проза в структуре романа: проблема интертекста. 10.01.08 – Теория литературы. Текстология. На соискание кандидата филологических наук. Науч. рук. к.ф.н. доцент Савельева В.В. – Алматы: АГУ, 2002. – 157 с.

Филология. Реферат. Әбіш Кекілбаевтың «Абылай хан» шығармасындағы драматизм табиғаты
Филология. Реферат. Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ романы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу