Білім саласын салықшы басқара ма? Бір Ғалымжан кетіп, бір Ғалымжан келе жатыр...

Oinet.kz 16-07-2025 149

Screenshot_3.png

Жуырда алаяқтық жасады және қылмыстық жолмен тапқан қаражатты заңдастырды деген айыптар бойынша 7,5 жылға бас бостандығынан айырылған Ғалымжан Жұмашев Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы лауазымынан ресми түрде босатылмаған көрінеді. Өйткені басқарманың сайтында ол әлі күнге дейін басшы ретінде жазулы тұр.

Ғалымжан Жұмашев 2024 жылдың ақпанында сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген айыппен ұсталған болатын.  Содан бергі аралықтағы бір жарым жылда оның орнына басшы тағайындалған жоқ. Бұл нені білдіреді? Бәлкім облыстың басшылары оның кінәсіздігіне, ақталып шығатынына үміт артқан шығар. Алайда жолына қайта-қайта қарайлап, ерекше сенім білдірген Жұмашевқа сот ақтау емес, айыптау үкімін шығарды.

Мына қызықты қараңыз, Жұмашевқа үкім шыға салысымен конкурстық комиссияның шешімімен Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының жаңа орынбасары белгілі болды. Жаңа орынбасар бұған дейін облыс әкімінің кеңесшісі лауазымын атқарған. Еңбек жолына қарағанда, облыс әкімінің сеніміне ие болған кадрға ұқсайды... Созбақтамай әңгіменің турасына көшер болсақ, білім басқармасына тағы бір Ғалымжан келе жатыр. Сотталып кеткен Ғалымжанның мамандығы заңгер болса, келе жатқан  Ғалымжанның мамандығы бухгалтер...

 Алдымен сотталып кеткен Ғалымжан Жұмашевтың ісіне тағы бір тоқтала кеткенді жөн санап отырмыз. Шымкент қалалық сотының таратқан мәліметіне қарағанда, Жұмашев министрлікте лауазымды қызметте жүріп, 2016-2023 жылдар аралығында жәбірленуші Дүйсенқызының білім саласындағы бизнесіне қамқорлық жасау уәдесімен одан бірнеше рет ақша алған. Алаяқтық жолмен алған ақша 124 млн теңгеден асады. Қылмыстық жолмен тапқан қаражатқа  Шымкент қаласының аумағынан жекеменшік жалпы білім беретін мектеп тұрғызған. Ал онымен бірге сотталған Тараз қалалық прокуратурасының бұрынғы қызметкері Н.Тілешов 2021 жылы Жұмашевтың өтініші бойынша жәбірленуші Дүйсенқызына қатысты қозғалған қылмыстық істі тоқтатып беремін деп, 10 млн теңге ақша  алған.

«Сотталушылардың кінәсі, олардың ішінара мойындап берген жауаптарымен, жәбірленушінің және куәлердің жауаптарымен, заттай дәлелдемелермен, сот сараптамаларының тұжырымдарымен, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен дәлелденеді. Жекеменшік жалпы білім беру мектебі жер телімімен бірге мемлекет пайдасына тәркіленген», – делінген соттың таратқан мәліметінде.

Енді Жұмашев Дүйсенқызына 67,4 млн теңге төлеуі тиіс. Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.

Ел сенген Ғ.Жұмашев карьерасын өкінішке қарай, осылай аяқтады. Жалпы соңғы жылдары Түркістан облысы білім басқармасына келген басшылардың қызметтен дау-дамаймен кетуі әдетке айнала бастады. Жұмашевқа дейінгі басшы Дінислам Болатханұлының да басы сыбайлас жемқорлық қылмысымен шатылған болатын. Еске түсіріп көрейік.

2023 жылдың басында Дінислам Болатханұлының, оның екі орынбасарының және бөлім басшысының пара алды деген күдікпен ұсталғаны туралы ақпарат алдымен әлеуметтік желіде жарияланды. Екі ортадағы параның көлемін кейбіреулер 11 миллион теңге деп көрсетті. Бас ұстаз бен оның орынбасарларына қатысты сотқа дейінгі тергеу  амалдары  Қылмыстық кодекстің 366-бабы, яғни пара алу бабы бойынша жүргізілгенімен кейінірек ол қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды. Алайда сыбайлас жемқорлыққа күдікті деп танылған шенеунік қылмыстық істен сытылғанымен, тәртіптік істен жалтара алмады. Антикор облыс әкімі Дархан Сатыбалдыға білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы мен оның орынбасарларының тәртіптік мәселесін қарау жөнінде хат жолдады. Хатта  лауазымды тұлғалар  Д.Болатханұлының өзіне бағынышты ұжымда сыбайлас жемқорлыққа төзбестік ахуалын қалыптастырудың орнына қарамағындағы қызметкерлерге заңсыз тапсырмалар беріп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бергені көрсетілді. Басқарма басшысы мұнымен келіспей, антикордың хатын даулап, сотқа талап арыз бергенімен, одан нәтиже шыққан жоқ. Облыс әкімі Д.Сатыбалды басқарма басшысына қатысты сот шешімдері апелляциялық алқада қаралып, өзгеріссіз күшіне енгенге дейін күтті. Осыдан кейін бас ұстаз қызметінен босатылды. Айта кетері, Дінислам Болатханұлының тұсында Түркістан облысында бірнеше аудандық білім бөлімінің басшылары сыбайластық қылмыс жасағаны үшін сотталды.

Білім басқармасына Дінислам Болатханұлына дейін жетекшілік еткен Рақымбек Жолаевтың табансыздығы мен принципсіздігі туралы біз кезінде «Рейтинг» газетінде кеңінен жазған болатынбыз. Бір ғана жәйтқа тоқталайық. Жолаевтың тұсында аудандық білім бөлімдері әкімдіктердің балансынан тікелей облыстық білім басқармасының қарамағына өтті. Осы маңызды науқанның алдында өткен жиында облыстың бас мұғалімі батыл мәлімдемелер жасады.

– Білім бөлімдері басқармаға өткен соң, жұмысты неден бастайсыз? – деген сауалға ол:

– Аудандық білім бөлімдері басшыларының дипломын тексеруден бастаймын. Өйткені бізде бір аудандық білім бөлімі басшысының дипломының жалған екендігі әлеуметтік желіде жазылды. Басшы бірнеше айға қызметінен шеттетілді. Қазір ол азаматша жұмысын істеп жатыр. Дипломының жалған екендігі рас, – деп жауап берді.  

Басқарма басшысы мектеп директорларының да дипломын тексеретінін қадап тұрып айтқаны есте қалыпты. «Адалдықты алдымен білім саласынан, біліктілік сәйкестігінен бастау керек. Білім бөлімі басшыларының біразы білім саласында істемеген. Бірнешеуі мұғалім болып, 45 минут сабақ беріп көрмеген. Белгілі себептермен білім бөлімінде әдіскер, маман болып, ары қарай басшылыққа тағайындалғандар. Ондайлар жұмыс істемеуі керек», – деген еді Жолаев. 

«Дипломы жалған» қызметкердің Төлеби аудандық білім бөлімінің сол кездегі басшысы Роза Аманова екендігі айтпаса да түсінікті еді. Алайда Аманова сол жолы Жолаевтың құрығынан аман қалды. Есесіне кейінірек пара алды деген айып бойынша кінәлі деп танылып сотталып кетті. Жолаев қызықтың көкесін білім бөлімдері басқармаға өткен соң көрсетті. Ол алғаш болып «өмірінде 45 минут сабақ беріп көрмеген» Баянғали Жұмабаевты Кентау қалалық білім бөлімінің басшысы етіп тағайындады. Басқа емес, өз ұстанымына осылайша «адалдық» танытқан Жолаевтың кезінде де облыстың білім саласында дау-дамайлар, тосын жағдайлар толастаған жоқ.  Күн санап өршіп отырған шатақ істерден кейін басқарма басшысы қызметінен кеткен еді.

Айта кетері, Жұмашев ұсталғаннан кейін облыстық білім басқармасының тізгіні басшының орынбасары Жандос Маханбетке бұйырды. Қазір басшының міндетін атқару тағы бір орынбасар Айгүл Қасымбековаға жүктелген. Ал қызметке келе жатқан су жаңа орынбасар Ғалымжан Орынов жоғарыда жазғанымыздай,  бұған дейін Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі қызметін атқарған. Бірнеше мамандықтың иесі. Заңгер, экономист,  АҚШ-та «Болашақ» бағдарламасы арқылы «мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша білімін жетілдірген. Ұлыбританияның оқу орнында бухгалтерлік біліктілігін алған. Аудиторлық мамандығы тағы бар. Еңбек жолында салық органдарында жұмыс істеген. Кентау қаласының салық басқармасына басшылық жасаған, облыстық салық департаменті басшысының орынбасары болған. 2019 жылдан бастап Қызылорда облыстық, бұдан кейін Ұлытау облыстық мемлекеттік кірістер департаментіне жетекшілік еткен. Биыл туған жеріне қайта оралып,  облыс әкімінің кеңесшісі болған.

Мұндай тәжірибемен Ғ.Орынов орынбасардың орынтағында ұзақ отырып қалмауы әбден мүмкін...  

Жалпы білім басқармасының басшылығына педагогтар емес, заңгерлер мен бухгалтерлердің келуін немен байланыстыруға болады? Бұл бізде білім саласындағы негізгі проблема білімнің сапасы емес, білім саласына бөлінген қаражаттардың тиімсіздігі, білім мекемелерін жайлап алған заңсыздықтар мен сыбайластық екендігін білдіре ме? Ал енді педагог емес мамандар білім басқармасының жұмысын қаншалықты деңгейде жөнге салады?

Сіз қалай ойлайсыз?

«Рейтинг» газеті, 16 шілде 2025 жыл.


Олжас Бектенов Әділбек Жақсыбековтың күйеу баласы ма?
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу