Филология. Реферат. Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ романы

Oinet.kz 09-09-2020 1766

Тәуелсіздік жылдары ел арасына көптеген жаңалықтарымен, ауыртпалықтарымен келгені, көптеген салаларда тың өзгерістердің орын алғандығы да белгілі. Соның қатарында ел мәдениетінің алғы шебіндегі өнер саласы – сөз өнері де жақсылықты жаңалықтарына бет алды. Бұл шығармашылық әлеміндегі көлемді туынды роман жанрының тақырып ауқымының кеңейе түсуінен де, мазмұнындағы ізденістерінен де көрініс береді.


Романдар жайлы сөз қозғамастан бұрын олардың тақырып ауқымына тоқталар болсақ, әуелі, тарихи тақырыптағы романдарды атар едік. Бұлай болатын себебі, өзге романдарға қарағанда оқырман сусап отырған тақырыптардың бірі тарих еді. Сонымен қатар, «ХХ ғасырдың екінші жартысынан бермен қарай тарихи роман әдебиетіміздің алдыңғы шебіне шықты. Жетекші жанрға айналды. Сан жағынан да, сапа жағынан да. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы арқылы қазақ әдебиеті әлемдік биікке көтерілді. Көтерілісімен міндеті де өзгеріп зорайды» [1, 467] – деп, әдебиеттанушы ғалым Ш. Елеукенов айтқандай, қаламгерлер алдындағы міндет те, оларға артылар жауапкершілік те артқандығымен байланыстыруға болар.


Ел тарихына, сөз өнеріне елеулі үлес қосып келе жатқан ғалым Т. Жұртбайдың сөзімен айтсақ, «Тарихи тәуелсіз ойлау жүйесі қалыптаспаған тарихшылар тарихи шындықты қалпына келтіре алмаса, ұлттық мемлекеттің тарихы мен ұлттық мүддесі, танымы мен тағдыры толық тұжырымдалмайды» [2, 15].


Бұл пікір, әрине, тарихшылар жайлы айтылғанымен де, ел алдындағы жауапкершілігін сезінген әр бір тұлғаның, әр бір зиялы қауым өкілінің алдындағы міндет еді. Мұны шығармашыл қауым дұрыс ұғынды. Сондықтан да, әдебиеттегі тарихи тақырып төңірегіндегі зерттеуінде ғалым Ж. Дәдебаевтың «Тарихи өткен дәуір шындығын көркем суреттеу дәстүрінің қазақ әдебиеті топырағында туып, қалыптасуы, өркендеуі – өте күрделі және заңды құбылыс» [3, 3] деуі заңды.


Тарих және әдебиеттің арасындағы тығыз байланыстың басты көрінісі ретінде танылатын тарихи романдар белгілі бір өлшем мен қалыпқа салып жазылатын дүние еместігі айқын. Онда жазушының көркемдік құралдары, тың ізденістері тарихтағы жайдың көркем бейнесін жасауда, оқырманын қызықтыру мақсатында әсерлеу, әсірелеулер қосылары да белгілі жайт. Ал жазушы үшін тарих обьект қана болып, яғни тек қана құрылыс материалы қызметінде қалу да сөз өнерінде заңды құбылыс ретінде танылады. Алайда, тарихи оқиғаның негізгі сүйегі сақталатынын жадыда ұстаған абзал. Сонымен, қазақ көркем сөз әлеміне тәуелсіздік жарияланғаннан кейін келіп қосылған тарихи романдар деп Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабоз» (1994, 1996) дилогиясын, «Прометей алауы» (2002), Ұзақбай Доспамбетовтың «Қызыл жолбарыс» (2000), «Абылайдың ақ туы» (2004) дилогиялары, Софы Сматаевтың «Елімай» трилогиясының 3-кітабы (2003), Тұрсынхан Зәкенұлының «Көк бөрілердің көз жасы» (2003), Жанат Ахмадидің «Дүрбелең» (1990), «Шырғалаң» (1997), Қалмұқан Исабайдың «Шоң би» (2005), Кәдірбек Сегізбайдың «Беласқан» (2001) романдар қатарын айтамыз. Алайда бұл тізімнің мұнымен бітпесі анық. Бұл романдардан бұрын, не кейін жазылған романдар да бар. Тақырып тұрғысынан тарихпен сабақтасып жататын романдар да баршылық.


«Тарихи романның жаңа өрісі» мақаласында Шерияздан Елеукенов қазақтың тарихи романдарына талдау жасай отырып, авторлардың тарихи материалдарды қолдану, көркемдік әдістеріне кеңінен тоқталып өтеді. Төмендегідей тұжырымды да бекітіп кетеді: «Еліміздің бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы күрес тақырыбы енді қазіргі тарихи романның жаңа беттерінің сүбелі бөлігін құрап отыр. Тәуелсіздік жазушылар санасына күрт өзгеріс енгізді. Қазіргі тарихи романның өткенге сұрау салуы бұрынғыдан батылырақ, ауқымдырақ. Бұлжымас принципі шындық. Әр дәуірдің күнгейі мен теріскейін қаз қалпында көрсете білу. Сөйтіп ата-бабаларымыздың ұлағатты сөзін қару ету» [1, 469].


Бұл кішкене ғана үзіндінің өзі ел тарихы мен әдебиетінің байланысын, жазушылардың міндетін атқару жолындағы жауапкершілікті абыроймен алып жүргенін айтып, көркем сөз өнеріндегі бір саланың көтерген жүгін түсіндіріп береді. Бұл сөздің бір дәлелі жазушы Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабоз» тарихи роман-дилогиясын жазудағы басты мақсатынан көрінеді:


«Бұл романға мені жетектеген нәрсе – тарих ғылымының қазақ үшін аса маңызды беттерін өтірік ала қашулардан, шөп-шаламнан тазартып, шындықты қалпына келтіру болды. Кеңес дәуірінде қазақ тарихы көп бұрмаланды. Әсіресе, қатты бұрмаланған, өзгеріске ұшыраған белгілі идеяларға бейімдеп, иіп әкелген тарих – біздің ХVІІІ ғасырдағы тарихымыз. ХVІІІ ғасырдағы ең басты оқиға не деген мәселе романда басқаша қаралады... Бірталай еңбектерде ХVІІІ ғасырдағы басты оқиға Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылуы деп саналады. Меніңше, біз бұдан былай осы сыңаржақ, жағымпаздық көзқарастан арылуға тиіспіз. Басты оқиға – қазақ жерінің жоңғар басқыншылығынан азат етілуі болатын. ХVІІІ ғасырда қазақ халқы Отан соғысын жүргізіп, ақыры жеңіп шықты» [4, 63].


Өзінің ғұмырбаяндық «Таңғажайып дүние» романында автор осылай ағынан жарылады. Расымен де, октьябрден кейін адам болдық деген сарындағы қазақы әсіре идеология, қара халық қана емес, елім деген ерлердің де еңсесін басып тұратын. Қазанның бер жағын әспеттеп жазғанмен де, ар жағын ауызға алудың өзі қорқынышты болатын. Тек көркем сөзде ғана аздаған дүниелер өмірге келетін. Оның өзі кемтар шығатын. Ал тарих ол жақты атаусыз қалдыруға тырысатын. Айтылды, бірақ аға халық мүддесі үстін тұратын көзқарастармен әспеттелетін. Мұның бәрі тек қана тарих. Солай болған дейді аға ұрпақ. Біз не демекпіз. Сол кісілердің сөзінен өткен заманды аңдамақпыз. Ол осы романдар. Айтып-айтпай, романдардағы идеология мәселесі қашанда көлденеңінен шығып отырады. Ол да жел қалай соқса, соның ығында болатұғұны... Кей романдар ұлттық идеология көне тарихтан бастау алу керектігін, өз елдігіміз, өз тарихымыз бодандық қана емес екендігін көрсетуді тақырып етті. Аз ғана шолу жасасақ, тарихи романдар идеялық-мазмұндық ізденістерінде елдің батыр ұлдары, би-сұлтандарын негізгі тақырып ете отырып жаңа идеологияның болуын қажет ететіндігін айқындады. Жазушы Қабдеш Жұмаділовтің «Прометей алауы» романының өзінің мазмұны жағынан өзге романдардан ерекшеленіп тұратын жері – идеологиялық күрестің жүргізілгендігіне баса назар аударуымен қатар, ел ақсақалдарының сол бір зауал кезеңнің дертіне қолданған шарасы, емі ғасырлар бойына ұстанған діні, салт-санасы болғандығын көркем түрде жеткізуі болатын. Романдағы орыстардың шіркеуі символдық бейнеде көрінеді. Ақтайлақ би шіркеу қоңырауынан өзгеше сыр ұғады: «Міне, мен келдім ортаңа! Ұйқыңнан оятуға, айдарлыңды құл, тұлымдыңды тұл етуге келдім! Ендігі ерік тізгінің менің қолымда! Жеріңді ғана жайлап қоймай, тіліңді, дініңді, иманыңды қоса алам!» [5, 20].


Бұл тақырып кейінгі кезде де әдебиеттің өзге де жанрларында көрініс беріп жүр. Алайда көлемді жанрдағы бұл мәселе өз кезегінде Кеңестің жүргізген саясаты салдарынан сенімінен ажырауға шақ қалған елдің санасын оятуға жасалған қадамдар болары анық еді. Идеологиялар күресінде тек діні ғана емес, тілі мен мәдениеті, тарихы да жоққа таңылып келген жұрттың бір сәтте терең тарихқа, биік мәдениетке, бай тілге, дәстүрлі дініне берік болып шығуы да өзгелерді таңғалдырып отырған «ғажайып генофонды» екендігі айтпаса да түсінікті екендігіне осы секілді тарихи романдардың мазмұнына айналған деректер қоры дәлел бола алса керек.


Тарихи тақырыптағы романдармен жалғас, ХХ ғасырдағы оқиғаларды негіз еткен романдардың ауқымы да біршама. Атап айтқанда, Сәбит Досановтың «Қылбұрау», «Ұйық», «Тұйық», «Намыс нажағайы» аталатын төрт кітаптан тұратын «ХХ ғасыр» роман-эпопеясы, Смағұл Елубайдың «Мінәжат», «Жалған дүние», Рамазан Тоқтаровтың «Бақытты құлдықтың ақыры» секілді романдар сол ғасырдағы ұлт тағдырын сөз ете отырып, бұрындары социалистік реализммен бүркемеленіп келген, не айтылуына тыйым салынған тақырыптар жарыққа шыққан болатын. Бұл романдар күрделі кезеңнің қатпарларын кейінгі ұрпаққа шынайы бейнесін көрсету борышын сезінгенінен дүниеге келген болатын. ХХ ғасыр ел өміріне түрлі өзгерістер алып келуімен ерекшеленсе, ғасыр бойына халық басынан кешкен оқиғалар шынайы бағасын ғасыр соңында ғана алып, бейнесін көрсетті. Ғасыр шындығын тану жолында қарымды қаламгерлер еңбегі ерекше көзге түседі. Кеңес кезінің өзінде орын алған аз ғана жылымықты оңтайлы сәт деп білген зиялылар көп жылдар тарих қойнауында бүркеліп қалғандығына наразы ішкі қыжылын көркем сөзде жеткізуді ұрпақ алдындағы басты міндеті санады. Бұл тәуелсіздік алғаннан кейін де жалғасын тапқан романдар легіне алғышарт болатын.


Қазақтан әскер алу... Кіші Қазан төңкерісін жасау... Ашаршылықтар... Ұлы Отан соғысы... 1986 жыл желтоқсан... Мұның барлығы да ХХ ғасырдағы қазақ қасіреті, КСРО құрамында болған халықтар бастан кешкен күй болатын. Бір ғана ғасыр ішінде бір ғана халықтың мұншалық ауыртпалықтарды басынан өткеруі, зауалдан аман шығуы... ұлттың күш-қуатының, тазалығы мен көрер күнінің жарқындығының айғағындай емес пе?!


Дегенмен де, өткен ғасыр ел тарихының өшпес беттеріне айналып, кітаптан ғана оқитын жағдайға жетті. Көркем сөз, кеш те болса, айта алмаған сырын енді ғана айта бастады. Сол 91-жылдан бері қарай.


1991 жыл. Желтоқсан. Тәуелсіздік. Егемен ел болдық. Азаттық ел тұрмысын түзеп, санасын қалыптауы керек-ті. Кеңестік жүйе қателіктері социалистік реализммен бүркемеленіп келсе, бұл күнде ашық айыптау сарыны көрініс берді.


Атап айтқанда, Рамазан Тоқтаров («Бақытты құлдықтың ақыры»), Оразбек Сәрсенбай («Шамшырақ», «Шеңбер»), Баққожа Мұқаи («Өмірзая»), Смағұл Елубай («Мінәжат», «Жалған дүние»), Тоқтар Бейісқұловтардың («Қаза мен аза») романдары ашаршылық, кіші қазан зардаптарын тақырып өзегі етті.


Осы тұста Сәбит Досановтың «ХХ ғасырына» тоқталып өткен жөн болар. Себебі, автор бұл эпопеясында ХХ ғасырдағы ел басынан өткен жайларды баяндай отырып, бұрынғы стеоротиптерден арыла отырып, тарихқа деген оқырманның жаңаша көзқараспен қарауына алғышарт жасайды. Мүмкін осылай да болған шығар деген ойлардың оқырман санасынан орын алары анық. Әрі эпопеяда ұлт мінезі, ұлт тағдыры мәселелері де қарастырылады. Анығында бұл мәселелер шығарманың негізгі ұстындары деп қарасақ та болады. Бұл туралы «Замана және адам тағдыры» мақаласында Мәриям Ахметова: «С. Досанов – шығармаларында өз халқының кемшілігін көріп, аяусыз сынай алған батыл жазушы. Ұлттық характерді ашу дегеніміз – сол ұлттың қасіретін, қарекет, тіршілігін, тағдырын бүркелемей сыртқа шығару. Автор осынау аса қиын, аса маңызды күрделі мәселеге өзінің көркем туындылары арқылы жауап іздеуді мұрат тұтқан. Адамдар әр түрлі. Мінезі де, пиғылы да, сөзі де... Автор сол арқылы дүниедегі ең күшті де құдіретті, тылсым да жұмбақ адам деген пенденің барша болмысына суреткерлікпен, зерделікпен үңіледі» [6] деп айтып өтеді.


Роман-эпопея бір ғасырлық шежірені қамти отырып, өз ішінде тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарын да баяндайды. Бұл кеңес құрсауына түсерден алдыңғы қазақ күйі, кеңестік қазақ күйі және де тәуелсіз қазақ күйі секілді символдық мәнге ие болуға жарарлық тарихты да әңгімелеуі шығарманың бағасын арттырып, құндылығын айқын көрсетеді.


Келесі бір романдар тобы 1986 жылды басты тақырып етті. Ол романдарда жазықсыз жапа шеккен жастар мен ұлттың ұйысуына қарсы ашық жасалған қастандық шығарманың негізгі әшкерелеу нысаны болса, ел тәуелсіздігі идеясы сол төңіректен өрбіп сөз болады. Кей романдарда бұл жанама баяндалып, негізгі оқиғаның астарын ашуға сеп болса, кейінің тәкелей тақырыбы болды. Дүкенбай Досжанның «Алаң», Тұрысбек Сәукетайдың «Айқараңғысы» романдары тікелей сол желтоқсанды бастан кешірген жастардың тағырын суреттесе, олардың жазықсыз құрбан болу себептері мен салдарларын көркемдік тұрғысынан сұлу сөзбен оқырманын ашындыра отырып, қанын қыздырса, Мұхтар Шахановтың «Желтоқсан эпопеясы» нақтылы дерек көздеріне сүйенді.


Кейінгі бір романдардың басым бөлігі өнер адамдары өмірінен жазылды. Бұл қатарда Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовім» романэссесі, Дүкенбай Досжанның «Алыптың азабы», Рамазан Тоқтаров «Абайдың жұмбағы», Таласбек Әсемқұловтың «Тәттімбет сері», Әділ Дүйсенбектің «Шерағамның шеруі». Романдар қатарын соза беруге болар, алайда бұл романдардағы басты сипатты атап өтсек, ол өнер адамдарының ел өмірінен алар орны, танымы мен талғамын оқырманға барынша дәлдікпен жеткізе білу, сондай-ақ олардың өмірде көрген қиындықтары мен жеткен жетістігін елмен бірге, ұлттың бөлінбес бөлшегі етіп мазмұндау болатын. Бұл қатарға халық жадындағы тұлғалар өмірінен жазылған романдарды да жатқызуға болады. Ол романдар да ел суретін, тарихын нақтылы тұлға бейнесінің айналасына топтастырып, жинақтап баяндайды. Тарихи тақырыпта жазылған романдармен сабақтас екендігіне орай көбіне тарихи роман деп те аталады, кейде деректі роман деп жарияланады. Ара жігін ажырату қиын да емес. Мақала көлемі шағын болғандықтан бұл тұсқа көп аялдай алмаймыз.


Ғұмырбаяндық романдарды да жоғарыда атап өткен романдар қатарына ендіруге болады. Бұл романдарда да тарихи жайлар бір бейненің маңына жинақталады. Ол – автор. Автор өз өмірбаянын жаза отырып, көзі көрген жайларға бағасын беріп отырады. Мұхтар Мағауиннің «Мен» хамсасы, Қабдеш Жұмаділовтің «Таңғажайып дүниесі», Әзілхан Нұршайықовтың «Мен және менің замандастарым», Оразбек Сәрсенбайдың «Өмірнама» күнделігі, Қалихан Ысқақтың «Келмес күндер елесі» секілді жалғаса береді. Бұл романдарда көбіне көп кеңестік кезең суреттері молынан ұшырасады. Өзі ортасында болған оқиғалардың тарихи маңызын салмақтай отырып халық назарына ұсынған шығармалардың мақсаты да идеялық-мазмұндық ізденістері де тәуелсіздік жолындағы күрес айналасында көрінетіні байқалады.


Мақалада аталған романдар авторларының көбі ХХ ғасырдың 60-жылдары әдебиеттегі алғашқы қадамдарын басқан, 90-жылдары бір-бір биіктегі қаламгерлер болатын. Енді сол 90-жылдары әдебиетке келген, сыншы Зейнолла Серікқалиевтің оң батасын алған Дидар Амантайдың шығармашылығына тоқталсақ.


Зейнолла Серікқалиев «Құс қанатымен» деген мақаласында Дидардың тырнақалды романдары «Тоты құс түсті көбелек» пен «Шайыр мен шайтан» романдарын повест ретінде бағалай отырып, болашағынан үлкен үміт күттіретіндігін айтып сенім артады. Бұл романдардың басты ерекшелігі деп жастар өмірін негізгі мазмұнына алу болатын. Әдеби ортада талас тудырған «Гүлдер мен кітаптар» романы белгілі әдебиеттанушы, сыншылар Герольд Белгер мен Әлия Бөпежановалар тарапынан жоғары бағаланды. Сондай-ақ, Дулат Исабеков секілді аға жазушылардан қатты сын да айтылды. Жалпы әдеби ортадағы постмодернизмді бағыт етіп отырған жазушы әлемдік философтардың, қаламгерлердің ойлары мен пікірлерін өз елегінен өткізе отырып, ешбір қалыпқа келе бермейтін қарапайым ғана пайымдар жасайды. Сондай-ақ, романда көне замандардан сыр шертетін аңыздар желісі де беріледі. Ұлтты ұлт ететін діні, тілі, салт-санасы, тұрмысы, мәдениеті екендігіне баса назар аударта отырып автор оқырман күтпеген шешімдер қабылдайды. Кейіпкерлердің іштей арпалысы, сырттай көзқарастар қайшылығы, тіптен бір қарағанда романның өзін белгілі бір идея төңірегінде жазылған деп қарауға келмейтіндей көрінеді.


Сонымен, ел егемен болғаннан бергі романдары атап, оларды тақырыптар бойынша топтастырып қарап көрдік. Жинақтап келгенде төмендегідей нақтылы тұжырымдарға келуге болатындығын алға тартамыз:


тарихи тақырыптағы шығармалар көптеп жазылды;

кеңестік кезеңде айтылмайтын ақтаңдақтар шығарма мазмұнына айналды;

ел тәуелсіздігі идеясы айқын алдыңғы қатарда көріне бастады;

1986 жылғы желтоқсан ел тәуелсіздігі жолында жасалған алғашқы үлкен қадам ретінде танылды;

тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ауыртпашылық романдарға арқау болды;

жастар өмірі, олардың тәрбиесі шығарма мазмұнында боямасыз көрсетілді.

Осы тұста әдебиеттанушы ғалым Бақытжан Майтановтың «Қай дәуір туралы қалам сілтемесін, жазушы – қашанда тарихшы. Әдебиеттің басты парызы – адамзат естелігінің үзік-үзік болмауына күш салу. Шежіре арқауы жалғанбаған жерде, адамзат санасынан ғасырлар ғайып болып, тіпті мыңжылдық жеңістер мен жеңілістер трагедиясы ұмыт қалады. Ал, жазушы адам зердесінің бірден-бір жоқтаушысы болғандықтан да тарихтың әлгіндей жыртықтарын романмен, поэмамен жамайды» [7, 256] деген сөздері шындық екендігіне көз жетеді.


Әрбір тақырыпты алып қарасақ та бір тарихқа байланысы бар болып шығады. Көркем шығармадағы тарихилық термині бар. «Тарихилық – әдеби шығарманың тарихи әлеуметтік ортамен, белгілі бір халықтың мәдени тарихымен, салт-дәстүрімен, ырым-нанымдарымен, ұлттық мінез, ойлау ерекшеліктерімен, аңсар, арманымен тамырлас құбылыс. Осынау «тарихилық» ұғымы суреткер дүниетанымының шартараптылығына, асқан білімдарлығына яки мынадай таным кезеңдерінің өткенді (ретрогноз), бүгінгіні (презентогноз), болашақты (прогноз) жетік, жанжақты меңгергеніне тікелей қатысты.


Әдебиеттегі тарихилық және зерттеу саласындағы методикалық әдіс ретіндегі тарихилық өмірдегі, ақиқат болмыстағы әрбір құбылысты тексеру мен бейнелеу жалпы тарихи процестің бір бөлшегі, яғни тарихи сабақтастық негізінде қарастырылуға тиіс. Сонымен, тарихилық белгілі бір заманның нақты тарихи жағдайларын, қайталанбас келбеті мен өзіндік қасиеттерін, мән-мағынасын, болмысын, ұлттық-тарихи және өмір шындығын, идеялық-танымдық тереңдігін көркемдік тұрғыдан жырлап, тарихтың көркемдік философиясын шеберлікпен жеткізу» делінеді әдебиеттану терминдерінің сөздігінде.


Тарихи роман мен романдардағы тарихилық қазақ әдебиетіндегі егіз ұғымдар іспетті. Қандай көркем туындыда да тарихтың ізі жатады. Мейлі ол бүгінгі күнді суреттесін, ол ертең үшін тарих емес пе?!


Көркем сөз өнеріндегі тарих пен тарихилықты салыстыра келіп, әдебиеттегі әрбір туындының өткен күнмен байланысы барын, уақыт пен кеңістіктің қазіргі адам өмір сүріп отырған ортамен тығыз байланыста болуы, одан алшақ кете алмауы, табиғатпен тығыз байланыста болуы, шығармашылықтағы тұлғаның тәңір берген талантының бар мүмкіндігінің жеткен жері, осы жаратылыс әлемі ғана екенін көрсетеді. Бұл қай елдің болмасын таным түсінігінің түптің түбінде бір-бірімен салыстырмалы түрде дамитындығы мен бәсекелес бола алатындығын білдіреді.


Қорыта келгенде, қазақ романы ел тәуелсіздігі жылдарында өзінің дамуын, тың ізденістерін көрсете білді. Оқырман талғамын тәрбиелей отырып, сол талғам таразысына сай өсе білді. Әлемдік танымал туындылармен терезесі тең шығармалар дүниеге келді. Мақалада атап өткен тек қана тарихи, ғұмырбаяндық, мемуарлық, заманауи тақырыптағы романдармен қоса фантастикалық, сатиралық жанрлардың да дамығанын естен шығармауымыз керек. Әзірге тарихи тақырыппен сабақтас шығармалармен шаманың жеткенінше таныстық. Алдағы уақытта романдар қатары саны жағынан да, сапасы жағынан да толыға түседі деген сенімдеміз.


Әдебиеттер


Елеукенов Ш. Тарихи романның жаңа өрісі. Кітапта: Қазақ романы: өткені мен бүгіні: ұжымдық монография. – Алматы: Алматы баспа үйі, 2009. – 644 б. – Б. 467-490.

Жұртбай Т. Біртұтас Алаш идеясы және Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы / Кітапта: Қазақтың ұлт-азаттық қозғалыстары. Көп томдық. – ХІІ том.

Дәдебаев Ж. Өмір шындығы және көркемдік шешім. – Алматы: Ғылым, 1991. – 208 б.

Жұмаділов Қ. Таңғажайып дүние. Ғұмырнамалық роман. Жұмаділов Қ. 12 томдық шығармалар жинағы. – Т. Х. – Алматы: Қазығұрт, 2005.

Жұмаділов Қ. Прометей алауы. Тарихи баян. Роман. Жұмаділов Қ. 12 томдық шығармалар жинағы. – Т. ХІ. – Алматы: Қазығұрт, 2005.

Ахметова Мариям. Замана және адам тағдыры // «Жұлдыз» журналы. – 2011. – № 1.

Майтанов Б. Сөз сыны (ХХ ғасыр әдебиеттерінің көріністері). Зерттеулер, мақалалар, портреттер. – Алматы: Ғылым, 2002. – 344 б.

Филология. Реферат. Қазақ сөз өнеріндегі интертекст мәселесі
Филология. Реферат. Қазақ хандығы және жыраулар поэзиясындағы ел бірлігі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу