Кенесары қырғыздарға неге барды?
06-11-2023
Қазақ хандығының құрылуы мен Шығыс Дешті Қыпшақта қазақ хандары билігінің таралу уақытын Мырза Мұхаммед Хайдар Дуғлаттың «Тарих-и Рашидидегі» [1] мағлұматтары на сүйеніп, В.В. Вильяминов-Зернов әлдеқашан-ақ хижраның 870 жылы, ХҮ ғасырдың 60-жылдарының ортасы деп есептеуді ұсынған. Бұл біздің жыл санауымыздың 1465-1466 жылдары Қазақ хандығының құрылған уақытын айғақтайды.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Тарих толқынында» (1999 ж.) еңбегінде: «Алғаш Қазақ хандығы құрылған, шамамен 1466 жылдардан бастап, жалпыхалықтық руханияттың табиғи дамуына негіз қаланды» [2, 112], – деп жазылған.
Қазақ хандығының тарих сахнасына мағлұм бола бастау кезеңін анықтаудың ғылыми да, саяси да мәні зор. Әсіресе, тәуелсіздікке қол жеткізіп отырған бүгінгі таңда оның маңызы, мәртебесі, тіпті арта түспек.
Қазақ хандығының құрылғандығы туралы ХІХ ғасырдан бастап зерттеген тарихшы ғалымдардың бүгінгі таңға дейін оның құрылған жылы туралы әркім әртүрлі дәйектер келтіріп, бір мәмлеге келмеген. Соның салдарынан «Қазақтарда шекара да, мемлекет те болмаған» деген үстірт пайымдаулар, сәуегейліктер айтылып жатқанын да жоққа шығаруға болмайды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласы активімен кездесуде: «Керей мен Жәнібек 1465 жылы алғашқы хандықты құрды, қазақтың мемлекеттілігінің тарихы сол кезден бастау алады» [3, 53], – деген болатын.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келесі 2015 жылы еліміз қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығын мерекелейтінін айтты.
Елбасы «Тарих толқынында» кітабында: «Бұл оқиғаның саяси һәм қоғамдық мән-маңызы Қазақ хандығының Орта Азиядағы тұңғыш ұлттық мемлекет болғанында жатыр. Оны өздерінен бұрын өткендер немесе тарихи бабалар емес, қазіргі бар түркі халқы құрады» [2], – дейді. Сол қазіргі түркі халықтарының бір бұтағы қазақ халқы болып саналады.
Түркі халықтарының бір бұтағы саналатын Қазақ елінің әдебиет тарихының түп негізі көне дәуірге – түркі тайпалары әлі жеке-жеке халық боп жіктелмеген, ортақ мәдениет, ортақ мұра жасап жүрген кезеңге барып тіреледі. Туыстас түркі руларының бір тобы қазақ деген атпен бөлініп, өз мемлекетін құрумен байланысты. ХҮ ғасырдың орта шенінен бастап дербес қазақ атымен аталатын әдебиет қалыптасады.
Қазақ әдебиетінің ортақ арнадан оңаша жол тартқан алғашқы қадамдарының өзінен-ақ келелі, өте көркем келісімге жетуі заңды болса керек. Елбасы Н. Назарбаев «Тарих толқынында» туындысында: «Халық рухының ұшқыны ақындардың, сазгерлер мен айтқыш абыздардың жүрегінде тұтанып, жалындай бастады. Асан Қайғы, Шалкиіз, Бұқар жырау бұл дәуірдегі ұлттың шығармашылығында шынайы қазақ руханияты қалыптасып дамыды» [2, 156]. Н. Назарбаев Елбасы Қазақ хандығы дәуіріндегі Елбасы қазақ хандығы дәуірінде жыраулардың шығармалары қазақтың ұлттық рухын көтеретін туындылар деп бағалады.
Белгілі ғалым М. Мағауин: «Қазақ атымен аталатын дербес әдебиеттің алғашқы өкілдері – өз кезінде бүкіл Дешті Қыпшаққа даңқы кеткен Асан Қайғы, Қодан-тайшы, Қазтуған жыраулар мұрасын біз жаңаның басы ғана емес, көненің жалғасы деп қарауға тиіспіз. Бұлардың біздің заманымызға жеткен шығармаларынан Көк Орда ұлысындағы бүліншілік, қазақтар көтеріле көшіп, тәуелсіз ту көтерген қилы кезең көрінісі бедер тапқан. Сонымен қатар халықтың өз кезіндегі елеулі тарихи оқиғаларға берген бағасы да танылғандай. Елге ұйытқы, ер азаматқа ақылгөй болған жыраулар қазақ поэзиясының болашақта ұмтылар бағыт-бағдарын, идеялық тұғыры мен көркемдік биігін де айқындап кетті» [4, 45], – дейді. Ғалым М. Мағауин атап көрсеткендей, қазақ хандығы дәуірінде жыраулар елдің бірлігін сақтап, өз руластарының ақылшысы, көсемі болған. Сонымен қатар, хандық дәуірдегі жыраулар кейінгі ұрпақтарына болашаққа жол сілтейтін ұлы туындылар қалдырды.
Жыраулар поэзиясы – ауызша және жазбаша сөз өнері поэзияның көшпелі тұрмыс мәдениеті жағдайындағы өзгеше құбылысы. Қазақ мәдениетінің көшпелі тұрмыс аясындағы сипатында адамгершілік тәрбиесі маңызды орын алады. Қазақ әдебиеті ұлттық болмысымыздың қалыптасуында аса қуатты ықпалдылығымен ерекшеленеді. Мемлекетті басқарған хандардан бастап, есі енді кіре бастаған балаларға дейін сөз өнерінің тәлім-тәрбиелік, эстетикалық ықпалын қабылдайды. Халық «Өнер алды – қызыл тіл» десе, сол тіл өнерін жете меңгерген, аузын ашса болды көмейінен күмбірлеп жыр құйыла жөнелетін адамның жұрт алдында зор беделге ие болуы заңды құбылыс.
Сол дәуірдегі түркі халықтары сөз өнерін аса жоғары бағалап, өздерінің ақын-жырауларына бас иген. Араб әдебиетінің тарихын жазған профессор Ханна аль-Фахури айтуынша, басқа жұрттың сөзінен гөрі, ақынның сөзі өтімдірек келетін; кейде оның беделі мен билігі, тіпті, ру көсемінен де артық болатын. Көшпенділер арасында тіл өнерінің қадірлігі сондай, сөз зергерлерін халық қастерлеп, жоғары бағалаған, құрметтеген.
Профессор А. Егеубай жыраулар поэзиясының қазақ ұлтының рухани қалыптасуына жасаған ықпалына қазіргі жаңаша ойлау тұрғысынан баға береді: «Жыраулар толғаған адамшылық, имандылық, қаһармандық, жігерлілік һәм жайсаңдық жаңа қалыптаса бастаған қазақ ұлтының рухани келбетін кестелеуі тиіс еді. Солай болды да... Ежелгі түркі дүниесінің бар болмысы мен арман-мүддесі осы бір кезеңде қазақтың классикалық мәдениеті арқылы жаңғыра көрінеді. Жыраулар дәуірінің ішкі мәніне үңілсек, төртбес ғасыр бойына тұтастай құбылыс ретінде дамыған әлеуетті әлеуметтік-көркемдік самғау бұрын-соңды болмаған еді. Ол поэзияда, елдік құрылыста, тұрмыста материалдың һәм рухани мәдениетте бірдей айқын мүсінделді» [5, 98], – дейді. Қазақ жыраулар поэзиясында елдің бірлігі, тұтастығы, тарихы мен мәдениетінің өркендеп дамуы айқын көрінеді.
Қазақ хандығы дәуіріндегі ақын-жыраулар поэзиясының басты көтерген тақырыптары, негізінен ата-қоныстары, отаншылдық, елтанушылық, адамгершілік, тәлім-тәрбие, ұлттық дүниетаным, әсіресе қазақ халқының қасиетті ата-қоныс мекендері үнемі сөз арқауына алынады.
Қазақ хандығының пайда болуы мен қалыптасуында мемлекеттік құрылым болған Қазақ Ордасын басқарған хандар есімімен байланысты:
Керей – шамамен 1456–1473 жылдар. Жәнібек – 1473–1480 жылдар Бұрындық – 1480–1511 жылдар.
Қасым – 1511–1518 жылдар. Мамаш – 1518–1523 жылдар. Таһир – 1523–1533 жылдар. Бұйдаш – 1533–1534 жылдар.
Қожа Мақмұт – 1534–1535 жылдар. Тоғым – 1535–1537 жылдар.
Хақназар – 1538–1580 жылдар. Шығай – 1580–1582 жылдар. Тәуекел – 1582–1598 жылдар. Есім – 1598–1628 (1645) жылдар.
Жәңгір (Салқам Жәңгір) – 1628 (1645) – 1632 (1680) жылдар.
Тәуке – 1680–1718 жылдар [6].
Тәуке ханның тұсында қазақ жүздерін Әлібекұлы Төле, Келдібекұлы Қазыбек, Байбекұлы Әйтекеге басқартқанына байланысты «Қазақ билері» және «Жеті Жарғы» атты этномәдени ұғымдар қалыптасты. Бұл туралы, өте маңызды тарихи құжат жайлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тарих толқынында» кітабында: «Дәл осы тарихи дәуірде халықтың жауынгерлік рухы тағы бір тамаша оқиғадан көрініс табады. Үш жүздің үш ұлы биі – Төле би, Қазыбек би және Әйтеке би – Тәуке ханмен бірге «Жеті Жарғы» атты тарихи құжатты қабылдайды. Бұл киелі
«жеті» санын нысан еткен киелі парыздан, қасиетті ережеден тұратын қазақтың әдепкі құқығының кодексі еді» деп айғақтайды. Тәуке ханнан кейінгі М. Мағауин айтқандай, «...далалық демократия негізінде ұлыстық жүйе бойынша шартты түрде Әбілхайыр хан, Батыр хан, Сәмекехан, Әбілмәмбет хан, Жолбарысхан, Барақ сұлтан иеліктері» болғаны тарихи ақиқат. Жыраулар поэзиясының қазақ хандығы дәуірімен біртұтастығын дәйектей түсу үшін М. Мағауиннің мына дерек сөзін назарға аламыз: «1740 жылдардан бастап ежелгі Қазақ Ордасының үштен екі бөлігінде жүрген Абылай ғасырдың 60-жылдарында қазақтың үш жүзіне түгел иек артады. Көп ұзамай-ақ Абылай сонау Салқам Жәңгір, Әз Тәуке заманындағы ежелгі қазақ Ордасын қалпына келтіреді, сол кездегі тарихи құжаттардың айтуынша, 1771 жылы қазақтың үш жүзі – Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүздің хандары мен сұлтандары, билері мен батырлары, барлық игі-жақсысы Түркістан қаласында, мұсылман әулиесі Хожа Ахметтің қасиетті күмбезінде ата жұртының ежелгі дәстүрі бойынша Абылайды ақ киізге көтеріп, үш Алаштың ханы деп жариялайды. Содан 1781 жылғы мамырда дүние салғанға дейін Абылай қазақ Ордасының Ұлы ханы ретінде хүкім етіп, билік құрды».
Демек, қазақ атымен аталатын әдебиетшілердің ұлттық сипаты айқындала дамуының негізгі кезеңдегі географиялық кеңістігін саралауды хандарды айтпай өте алмаймыз. Себебі жыраулар поэзиясы Қазақ хандық дәуірінде ықпалы пен маңызы ел бірлігін, елдің тұтастығын сақтауда ерекше маңызға ие болды.
Ортағасырдағы «Қорқыт ата кітабында» Қорқыт жайында айтылған сөздер көне заманда тіл өнері өкілдерінің ел арасында қаншалық ықпалды болғанын көрсетеді: «Баят руының Қорқыт ата дейтін білікті сәуегей адам болыпты. Тәңірі зердесіне салған соң, оның барлық болжаулары қатесіз болған... Оғыз тайпаларында Қорқыт ата ең қиындеген мәселелерді шешкен. Қандай ғана қиын іс болмасын, Қорқыттың кеңесін алмай ел ешбір жұмысқа қол ұрмаған. Ел оның барлық өсиетін (билігін) бұлжытпай орындаған. Қорқыт атадан қалған бір сөз мынандай: Тәңірге сиынбаған адамның тілегі қабыл болмайды...менмен, тәкаппар адамды Тәңір сүймейді... Қара есектің басына жүген таққанмен – тұлпар болмас... Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман... Ата-даңқын шығарып, өзінің тегін қуған балаға ешкім жетпейді. Өтірік өрге баспайды... Сөзіне берік, шыншыл адамдарға бұл дүниеде отыз жылды үшке көбейтіп өмір сүрген де аз...» – дейді ғұлама абыз.
Ұлы ғұлама абыз Қорқыт ата мұндай беделге өзінің ақылдылығы, даналығы, жоғары парасаттылығы арқасында ғана жетеді. Оның айтып кеткен мәңгі тозбас ақыл-кеңестері бүгінгі тәуелсіз егеменді еліміздің өскелең ұрпақтарына ұлы қазына болып табылады.
Көне дәуірде қазақ хандығы тұсында жыраулар да өзінің осындай қасиетінің нәтижесінде атақты абыройға ие болды, жырының құдіреті арқасында ғана қазақ жұртының көсемі дәрежесіне дейін көтерілді.
Ғалым М. Мағауин: «Орта ғасырда қазақ поэзиясында жыраулар жетекші рөл атқарды. Жырау шығармалары әдетте нақыл, қанатты сөздерден құрылған философиялық толғаулар түрінде келеді. Толғауларда жырау өзінің адам және заман жайында түйгендерін, тіршілікте, табиғатта болып жататын өзгерістер, оның мәнмағынасы жөніндегі түсініктерін баяндайды. Өздері өмір кешкен жаугершілік заман талабына сай ғұмыр кешкен, кейде, тіпті батыр, қолбасы да болған жыраулар ерлік сарынды отаншыл жырлар туғызады. Жыраулар қолданған көркемдік тәсілдер жырау поэзиясының ішкі мазмұнына орайлас», – дейді.
Жыраулар поэзиясының дамып, өркендеуіне Асақ Қайғы, Қодан Тайшы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Жиембет, Марғасқа, Ақтамберді, Тәтіқара, Үмбетей, Бұқар жырау өнернамалары айрықша әсер етті. Жыраулар поэзиясындағы жер-су атауларының ішінде Алтын Орда мемлекеті дәуіріндегі қазақ халқының иеленген мекендері сағынышпен қимастық сезіммен аталады. Атап айтқанда, Еділ, Жайық, Сырдария, Қара Ертіс өзендері, Азау (Азов) теңізі, Түркістан, Ташкент қалалары және т.б. мекендер жыр арқауына алынады. Мысалы, Асан Қайғының толғауларында жер-су атаулары, аумалы-төкпелі кезең суреттеледі.
Шоқан Уәлиханов «көшпенділер философы» атаған Асан қайғы өз заманының ұлы ойшылы, нақыл сөздердің, афористік, философиялық толғаулардың авторы. Керей, Жәнібек хандардың ақылшысы, әділ биі болған. Шу алқабында Қазақ Ордасы құрылған кезде Асан Қайғы жаңа мемлекеттің ұраншысына айналды. Асан өлеңтолғауларында хандық үкіметті нығайту, елдің бірлігін, қорғаныс қабілетін арттыру қажетін насихаттайды.
Асан Қайғы қашанда ханға жағынбай, жағымпазданып-жарамсақтанбай, бетің бар, жүзің бар демеген, қаймықпай тура сөйлеген. Асанның толғауларында бұл анық байқалады.
Ай, хан, мен айтпасам, білмейсің, Айтқаныма көнбейсің.
Шабылып жатқан халқың бар, Аймағын көздеп көрмейсің. Қымыз ішіп қызарып, Мастанып, қызып терлейсің, Өзіңнен басқа хан жоқтай Елеуреп неге сөйлейсің?!
...Ай, Жәнібек, ойласаң, Қилы, қилы заман болмай ма? Суда жүрген ақ шортан Қарағай басын шалмай ма?
Мұны неге білмейсің!? Қош, аман бол, Жәнібек, Енді мені көрмейсің! –
деп, Асан Қайғы Жәнібек ханға шындықты қаймықпай бетіне айтады.
Асан Қайғы өмір сүрген дәуірде ханға «шабылып жатқан халқың бар», «аймағын көздеп көрмейсің», «қымыз ішіп қызарып», «өзіңнен басқа хан жоқтай» деп сөйлеу кез келген жыраулардың қолынан келер іс емес.
Бұл, әрине, халық тілегінің жоқшысы болған, халық мұңын жеткізуші Асан қайғының ғана қолынан келетін іс еді.
Асан Қайғының толғауларынан алғашқы қазақ хандығы дәуіріндегі белгілі тарихи оқиғалардың елесін көресіз. Көрнекті ғалым Б.Кенжебаев: «Асан Қайғының шығармалары өз тұсының айнасы, ол өз дәуіріндегі қазақ халқының мұңын, тілегін көрсетеді», – дейді. Асан хандық дәуірдегі өзінің көзімен көрген оқиғаларды шындық тұрғысынан бағалап жырлаған.
Асан өзінің құт мекенінен, ата-қонысынан ұзап кетуді қаламаған. Ол Жәнібек пен Керей хандардың Моғолстанға қоныс аударуына қарсы болған, құптамаған. Елін, қонысын қимаған Асан Қайғы Жәнібек көшін тоқтатпаққа талаптанады.
Нәлет біздің жүріске, Еділ менен Жайықтың, Бірін жазға жайласаң, Бірін қысқа қыстасаң, Ал қолыңды маларсың, Алтын менен күміске!
Асан Қайғыға Иса-Бұға ханға беттеп көшкен ұзақ сапар көші мәнсіз көрініп «Нәлет біздің жүріске!»деп ыза болған ақын.
Асанның толғауларында ата-мекеніне деген сүйіспеншілігі, ата-қонысынан қимастықпен қоштасуын мына жыр жолдарынан аңғарамыз.
...Қырында киік жайлаған, Суында балық ойнаған, Оймауыттай тоғай егіннің Ойына келген асын жейтұғын, Жемде кеңес қылмадың, Жемнен де елді көшірдің.
Ойыл деген ойынды, Отын тапсаң, тойынды. Ойыл көздің жасы еді, Ойылда кеңес қылмадың, Ойылдан елді көшірдің. Елбең-елбең жүгірген, Ебелек отқа семірген,
Екі семіз қолға алып, Ерлер жортып күн көрген Еділ деген қиянға, Еңкейіп келдің тар жерге, Мұнда кеңес қылмадың…
Асан Қайғы толғауларында туыстас руларды бір орталықта, қуатты мемлекет болу үшін бірлікке, ынтымаққа үндейді.
Қазақ хандығының дәуірінде Қазтуған жырау Сүйінішұлы – көшпенді шонжарлар әулетінен шыққан рубасы көсемі, әскербасы батыры болды. Қазақ халқының құрылуы дәуіріндегі кейбір тарихи оқиғалардың елесі қазақ әдебиетінің ерлік жырларын шығарушы жорық жырауы,әрі эпик, әрі лирик Қазтуған өз артында өмір туралы, атамекен, туған ел жайлы мол мұра қалдырды. Қазақ елінің ежелгі атажұрттарын мәңгілік мақтангерлікпен, масаттанумен жырлау-жыраулар поэзиясында қалыптасқан ұлттық сезімнің нақты көрінісі. Бұл, әсіресе Қазтуған жыраудың «Алаң да алаң, алаң жұрт» толғауында ерекше байқалады.
Алаң да алаң, алаң жұрт, Ағала ордам қонған жұрт,
…Қарғадай мынау Қазтуған батыр туған жұрт,
…Қарағайдан садақ будырып, Қылшанымды сары жүн оққа толтырып, Жанға сақтау болған жұрт.
Қайран менің Еділім,
Мен салмадым, сен салдың, Қайырлы болсын сіздерге
Менен қалған мынау Еділ жұрт!..
Бұл Қазтуғанның ақындық қуатын танытатын жыр жолдары – оның туған жермен қоштасу жыры. Бұл толғауда жырау «жұрт» сөзінің мағыналық ауқымына арғы-бергі ата-бабалары мекен еткен, өзі рубасы көсемі, әскербасы, батыр болған Еділдің және оның салалары Ақтұба, Бозан өзендері жағалаулары мекендерін «мекен қылған мынау Еділ жұрт» деп перзенттік махаббат тілімен жырлайды. Қазтуған «ағала ордам қонған жұрт», «қарғадай мынау Қазтуған батыр туған жұрт», «жанға сақтау болған жұрт», қайран менің Еділім» деп әсірелеулі бейнелеулермен толғаған жыры – атамекеніне ғашық қазақтың ұлттық көңіл-күйін білдіреді.
Қазақ халқының тәуелсіздігіне қол жеткізіп
«Мәңгілік Ел» құру жолына түскен кезеңде Қазтуғанның бұл өлең жолдарының алатын орны ерекше.
Кеңес дәуірінде тілінен, жерінен, дінінен, елінен айрылған қазақтардың ұлттық рухын көтеріп, Отанын, елін, жерін сүюге үндейтін ұлы жырлар.
Адамға ең ыстық – Отаны, ата-анасының ғұмыр кешкен, өзінің туып-өскен елі, жері. Қазтуған жыраудың туған жеріне деген махаббатында шек жоқ.
Салп-салпыншақ анау үш өзен, Салулы менің ордам қонған жер, Жабағылы жас тайлақ
Жардай атан болған жер, Жайылып мың қой болған жер, Жарлысы мен байы тең, Жабағысы мен тайы тең,
Жары менен сайы тең, Ботташығы бұзаудай, Боз сазаны тоқтыдай, Балығы тайдай тулаған,
Бақасы қойдай шулаған...
Қазтуғанның толғаулары – қазақтың жеріне деген сүйіспеншілік, табиғатты аялау, оның өзін қоршаған, әлі бүлінбеген әсем табиғатты таза, кіршіксіз сәби көңілмен суреттейді.
Жалпы алғанда Қазтуғанның ХҮ ғасырдың екінші жартысында өз қарауындағы руларымен бірге Еділден ауып, Қазақ Ордасының құрамына өткендігін айғақтайтын дерекке сәйкес жыр жолдары. Атамекеннің берекелі табиғатының оны мекендеуші адамдарға байлық, бақыт әкелетінін жырлау – жыраулар поэзясының көркемдік мұраты.
Әдебиеттер
Вельяминов-Зернов В.В. Исследование о Касимовских царях и царевичах. – СПб., 1864.
Назарбаев Н. Тарих толқынында. – Алматы: Атамұра, 1999. – 282 б.
Назарбаев Н. Қазақ мемлекеттілігі 1465 жылдан басталады // Қазақ үні. – № 42. – 28 қазан 2014 ж. – Б. 1.
Мағауин М. Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет: Жоғарғы оқу орындары студенттеріне арналған оқулық. – Алматы: Ана тілі. 1992. – 170 б.
Егеубай А. Құлабыз. – Алматы: Жазушы, 2001. – 216 б.
Салғараұлы Қ. Хандар кестесі (Шығыс хандарының жылнамалық кестесі). – Алматы: Жалын, 1992. – 48 б.