Филология. Реферат. Сөйлем үлгісі (моделі) – сөйлем құрылымын анықтаудың негізгі бірлігі

Oinet.kz 09-09-2020 1111

Әдетте, синтаксисте форма мен қызметтің қарым-қатынасын сөз таптары мен сөйлем мүшелерінің қарым-қатынасы деп түсіну қалыптасқан. Сөйлем мүшелері туралы ілім сөйлем құрамын талдаудың негізгі құралы болып қалып отыр.


Шындығында, ой мазмұны сөйлемнің сөйлеу кезінде синтаксемалардың категориалдық-семантикалық мағыналарын жарыққа шығаратын құрылымдық – мағыналық компоненттері арқылы ашылады.


Синтаксисте форма морфологиялық көрсеткішке теңелмейтіні сияқты, сөйлемнің синтаксистік құрылымын оның компоненттерінің морфологиялық көрсеткішіне тең етіп алуға болмайды.


Сөйлем компоненттерінің морфологиялық көрсеткіштерінің бірдейлігіне қарап, оларды бір модель негізінде құрылған деуге бола ма? Мысалы, мына сөйлем үлгілерінің құрылымдары бірдей ме? 1.Күш бірлікте 2.Бала үйде (мал қорада). 3.Кітап сөреде.4. Жұрт ұйқыда. Формуласы: N1 – N5 немесе 1.Шешен сөйлеп тұр.2. Жауын жауып тұр. Формуласы: N1 – Vf


Формулада бейнеленгендей жалпы морфологиялық көрсеткіштері бір болғанмен, сөйлемдер әр түрлі мағыналарды хабарлау үшін құрылған: (1) дерексіз ұғымның мазмұны туралы, (2) субъектінің белгісі (орын, мекені) туралы, (3) заттың белгісі (мекені) туралы, (4) жанды (адам) заттың жағдайы туралы.


Жоғарыдағы сөйлем типтерінің компоненттері сөз таптарының түрлі семантикалық-грамматикалық категорияларынан тұратын топтарынан құралған, сондықтан құрылымдардың материалдық жағынан ұқсастығы жоқ. Демек, бұл жерде тізбектердің көп мағыналылығы немесе омонимдігі туралы да сөз болуы мүмкін емес.


Синтаксистік формуланың көп мағыналылығы жоғарыдағы сөйлемдердің арасындағы айырмашылықты түсіндіріп бере алмайды. Барлық мәселені лексикаға әкеліп тіреуге болмайды, өйткені олардың арасындағы айырмашылық жекелік сипатқа ие емес, ал жалпылық сипатқа ие: осы формуладағы сөйлемдердің бәрін жоғарыдағы типтерге бөлуге болады: (1) – (4).


Оларда ең алдымен компоненттерінің категориалдық-семантикалық айырмашылықтары бейнеленген. Мысалы: нақтылы-заттық зат есім, адамзат зат есім, дерексіз зат есім ... Бұл айырмашылықтар сол құрылым шеңберінде ол сөздердің орнын ауыстырып жұмсауға жол бермейді. Мысалы: Кітап ұйқыда, күш үйде, жұрт сөреде, бала бірлікте деуге болмайды.


Бұл жағдай формула жалпылық мәнге ие емес екенін және синтагматикалық тұрғыда құрылымның бірдей емес екенін көрсетеді.

Бұл айырмашылық парадигматикалық тұрғыдан да түсіндіріледі: әр топқа тән синтаксистік синонимдерді түрліше құруға болады. Мысалы:


(1) Күш бірлікте: Күш бірліктен көрінеді/Бірлік күшті қылады/Бірлік жеңеді; (2) Бала үйде: Бала үйде отыр/ Баланың отырған жері – үй; (3) Кітап сөреде: Сөре кітаптан толып тұр; (4) Жұрт ұйқыда: Жұрттың көзі ілінді/ Түн мезгілі/Тыныштық. Бұл талдау мысалдар жоғарыдағыдай үлгідегі синтаксистік құрылымдардың төрт түрі бар екенін, олардың әрқайсысы өзіндік семантикалық-грамматикалық компоненттер жүйесінен тұратынын, ал барлық түріне ортақ компоненттер жиыны жоқ екенін көрсетеді.


Сөйтіп, сөйлем моделінің өмір сүруінің ең негізгі шарты – олардың компоненттерінің мағыналық-грамматикалық сипаттамасы.


Синтаксистік тұлғаны, синтаксистік құрылымды айқындауда тілдік құралдармен бейнеленген жалпыланған мазмұнды ескермей болмайды. Сөйлемнің «семантикалық толығуы», оның компоненттерінің белгілі бір семантикалық-грамматикалық топқа жатуы сөйлемнің синтаксистік тұлғасының белгісі болып табылады.


Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, сөйлем құрылымын сипаттаудың тұлғабірлігі ретінде сөйлем модельдері ұғымын алуға болады.


Сөйлем моделі деген – белгілі бір типтік мағынаға ие коммуникативтік бірлікті құратын өзара байланысты компоненттердің ең шағын предикативтік тіркесі [1,124]. Ол сөйлемнің қолданыстағы жанды тұрғысымен сәйкеседі, бірақ типтенген, ең шағын тұрғыдағы, басқа өзі сияқты модельдермен бір қатардағы үлгі.


Предикативтік ең шағын құрылымның компоненттері еркін немесе шартталған синтаксемалардан құралады. Ал байлаулы синтаксемалар негізгі компоненттердің бірінің мағыналық толымсыздығы туатын болса, оның құрамына кіреді. Осылай қарасақ, модельдің грамматикалық толықтығы мен мағыналық толықтығын қарама-қарсы қою деген болмайды.Модельдің басты компоненттерінің рөлі олардың қажеттілігімен және контекссіз, жеке алғанда модельдің өмір сүруі үшін жеткіліктігімен анықталады. Негіз гі компоненттердің алғашқысы (предикативтік белгінің иесі) синтаксистік, морфологиялық, семантикалық талаптарға жауап береді. Оны синтаксистік тәуелсіз мүше деп анықтау атау септік тұлғасында тұруына емес, ал тұлғасы басқа сөздерге тәуелді емес еркін және шартталған синтаксемалардан құралатындығына негізделеді. (Бұл синтаксемалар байлаулы синтаксемаларға синтаксистік тұрғыда қарсы қойылады).


Сөйлем моделіне тілдік мағыналардың белгілі бір жүйесі тән. Кез келген жай сөйлемнің жалпыграмматикалық мағынасы – предикативтік белгінің өзінің иесіне шақтық, модалдық және жақтық тұрғыдағы қатынасы. Модельдер бір-бірінен предикативтік компоненттерінің категориалдық мазмұны мен формасы арқылы жасалған семантикалық-грамматикалық типтік мағынасы негізінде ажыратылады. Өте жалпы типтік мағыналар өз ішінен тағы да жекелеген түрлерге бөлінуі мүмкін.


Сөйлем моделі грамматикалық формалар жүйесінің, мағыналық – грамматикалық түрленулердің, коммуникативтік -экспрессивтік өзгерістердің және синонимдік қатарлардың орталығында орналасады. Орталық пен шет жақтың қарым-қатынасы сөйлем модельдері типологиясының негізін құрайды.


Әр моделдегі сөздердің орын тәртібі бастапқы және бейтарап болады, сол арқылы белгілі бір мәтін түріне композициялық-синтаксистік тұрғыдан ену (кірігу) мүмкіндігіне ие. Сөздердің орын тәртібі мен логикалық екпіннің («актуалды мүшелену») түр-түрлілігі сөйлемнің әр түрлі контекске қатысуымен байланысты болады және оны зерттеу мәтін құрылымы мәселесіне енеді.


Сөйлем моделі тілдегі барлық сөйлем түрлерін топтастырудың тұлға-бірлігі ретінде алынады. Модель құрамында оның ішкі құрылымында барлық модельдерді біріктіретін жалпыграмматикалық предикативтік мағынасы емес, ал басты компоненттерінің формасы мен мағынасындағы айырмашылықтар мәнді. Модельдер өзара салыстырылатын және қарама-қарсы қойылатын осы семантикалық-грамматикалық ерекшеліктер арқылы сөйлемнің типі ұғымы және олардың өзара байланысында сөйлем типологиясы анықталады.


Сөйтіп, зерттеу объектісінің негізгі, мәнді белгілерін екінші дәрежелі белгілерден ажырата білу қажеттігі туады. Сөйлемнің компоненттік құрылымы зат, құбылыстың мәнді табиғи болмысын бере алады, сөйлемнің өзінің өмір сүруін, коммуникативтік қызмет атқаруын қамтамасыз етеді[2]. Оған қарағанда, атау тұлғадағы бастауыштың болу-болмауы сөйлемнің көптеген үлгілері үшін мәнді белгі бола алмайды (жалпылық сипатқа ие бола алмайды). Сөйлемнің субъектілік компонентінің атау тұлғадағы бастауыштан басқа да, тіпті, одан да сенімді формальды-грамматикалық белгілену (тұлғалану) жолдары бар: оған сөз таптарының категориалдық мағыналары және олардың сөйлемдердің негізгі типтік мағыналарына сәйкестігі жатады:


заттың іс-әрекеті туралы хабарлайтын болсақ, предикат қызметінде етістікті пайдаланамыз; 2) заттың белгі-сапасы туралы хабарлайтын болсақ, предикат-сын есімді пайдаланамыз; 3) заттың санын хабарласақ – сан есімді; 4) адамның не заттың күй-жайын хабарласақ – предикатсынды пайдаланамыз т.т...

Тілдегі сөздер объективті шындықтың құбылыстары мен қатынастарын, соған сәйкес адамзат ойлауының категорияларын бейнелейтіні белгілі. Олар морфологиялық, синтаксистік, семантикалық белгілеріне қарай сөз таптарының әр түрлі топтарын құрайды. Әр сөз табының (негізгі) категориалдық мағынасы, басқаша айтқанда, семантикалық белгісі шындық әлемнің негізгі категорияларының бірінің мағынасын береді: заттық мағына, іс-әрекеттік мағына, белгі-сапалық мағына, сандық мағына т.б.


Сөйлемдегі баяндауыштың категориалдықморфологиялық түрлері өз бастауыштарымен бірлікте белгілі бір құрылымдық-мағыналық мазмұнға ие сөйлем түрлерін (моделдерін) құрайды. Сөйлем үлгісін анықтауда сөйлемнің предикативтік белгісінің тілдік бейнелеу ерекшелігін басшылыққа алу шындық болмыстың белгісінің сипатына және ұлттық тілдік санада оларды категорияларға бөлуге сәйкес келеді. Осы тұрғыдан сөйлемнің негізгі үлгілері мынадай:


Етістікті сөйлемдер Олардың өз ішіндегі түрлері:


а) заттың іс-әрекетін хабарлаушы: Егінші егін егеді; Сауыншы сиыр сауады; Етікші етік тігеді; Ұшақ ұшады.

Мұндай үлгідегі сөйлемдерде іс-әрекеттің мағынасы етістіктің категориалдық-семантикалық ерекшелігіне қарай одан әрі нақтыланады: нақты іс-әрекет, ойлау-сөйлеу түріндегі іс-әрекет, т.б.

ә) заттың күй-жайын хабарлаушы: Жеміс ағаштары гүлдеді; Оның ұйқысы келді; Ата-ана алаңдаулы.

б) ортаның күй-жайын хабарлаушы: Ымырт үйірілді; Боран үдеді.


Сын есімді сөйлемдер (заттың белгі-сапасын, жағдайын хабарлаушы): Оның денсаулығы жақсы; Күн ашық; Үйдің іші кең, үлкен.

Зат есімді сөйлемдер: Билет қалтада; Мектеп үйдің жанында; Қасқыр – жыртқыш аң; Түн. Вокзал басы.

Үстеулі сөйлемдер: Емтихан – бүгін; Африка – алыста; Орманда тыныш; Оның жүрісі төтен.

Сандық мағынаға ие сөйлемдер (заттың сан-мөлшерлік сипатын білдіреді): Біз үшеуміз; Олар көп.

Әрине, жай сөйлемдерді бұлай топтау әлі де жетілдіре түсуді қажет етеді. Алайда сөйлемнің мазмұны мен оны бейнелеуші тілдік құралдардың сәйкестігі жағынан бұлай жүйелеудің қисыны бар.


Әдебиеттер


Золотова Г.А. Очерк функционального синтаксиса русского языка. – М., 1973.

Мухин А.М. Функциональный синтаксис. – СПб.: Наука, 1999. – 194 с.

Филология. Реферат. Өздік жұмыстарды ұйымдастырудағы инновациялық ізденістер
Филология. Реферат. Махамбет поэзиясындағы Исатай бейнесі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу