Филология. Реферат. Өздік жұмыстарды ұйымдастырудағы инновациялық ізденістер
Ғылым мен техника дамуындағы жаңа бағыттарға сай стуленттердің өздік жұмыстарын ұйымдастыруда оқу-әдістемелік, инновациялық жаңа ізденістер туралы ойлардың түрлі ағымдары көріне бастады.
Арнаулы электикалық курстарды немесе міндетті пәндерден жалпы курстарды оқытуда оларды бірнеше модульге топтастырып беру үрдіске айналып келеді. Бір дәуірге жататын әдеби туындыларды осылай бөлшектеудің барлығын ғылыми жаңалық ретінде қабылдауға болар ма еді? Ойлануға тура келеді. Өйткені бізге жеткен әдеби-тарихи деректер арасында ғылыми мәні жоғары ескерткіштер мен шығармалар соншама көп деп айта алмаймыз... Сондықтанда қолдағының бәрін біржақты қабылдау қаншалықты қиын болса, көбіне осы бағытта жүріп келе жатқанымыз жасырын емес.
Ғылым мен техника дамуының жаңа қарқын алған күрделі кезеңінде мәнмағынасы шарттылау, күмәнділау ізденіс атаулының бәрін жаңалық ретінде желпілдетіп қоғамдық санаға ұсына беру дегенің, біздің ойымызша, дұрыс жол емес. Әсіресе, дәл осындай әлі мұқият тексерілмеген жұмыстарды студенттерге өздік жұмыс тақырыптары ретінде ұсынудың қажеті шамалы. Өйткені, біріншіден, олардың уақыттарын аламыз. Өйткені ондай жұмыстар туралы арнайы зерттеулер мүлде аз. Оларды табудың өзі оңай емес.Екіншіден, жәй хабарлау, таныстыру мақсатында жазылған материалдарда сол объектіге қатысты ғылыми мәнді ойлар көп болмасы да анық. Ендеше сондай тақырыптарды таңдап алған, болмаса біз ұсынғандықтан, алған студенттердің шу дегенде -ақ қиындықтарға кезігері даусыз. Оларда бірте-бірте тақырыпқа деген күмән күшейеді... Оның артындағы ізденістер туралы айтудың өзі қиын..
Енді тақырыпқа көшейік. Біздің қоғамдық-гуманитарлық ғылымда зерттелмеген, кеңес үкіметінің кезінде ресми идеология дүрмегімен теріс әдістемелік арналарда қарастырылған объектілер толып жатыр. Мәселен, қазақ әдебиеті тарихынан модульдік жүйедегі өздік жұмыстарды ұйымдастыруда негізінен көрнекті қаламгерлер шығармашылығына басымдылық беріледі. Мұның теориялық та, қолданбалы да мәні бар. Алдымен, олардың шығармалары мен шығармашылығы туралы көп жазылған. Материалдар мол. Қажетіңді тез тауып, тапсырманы орындауға мүмкіндік мол. Студенттердің уақытын ойлағандықтан, тез орындауға мүмкіндік беретін тақырыптарды көп ұсынатынымыз шыңдық. Мұның теріс әсері де бар. Олардың көбі осы оңай жолға ұмтылады. Әсіресе, таланттылау талабы үлкен шәкірттеріміз де осынау «даңғылдарға» түсіп алады да одан шыққысы келмейді. Бұл біз ескеруге тиісті қауіпті құбылыстардың бірі.
Әдебиет тек қана ғұламалар жазған мінсіз туындылардан тұрады деп түсінудің терістігі бүгінгі таңда көпшілікке мәлім, Әдебиетте көрнекті қаламгерлер таба алмай жүрген көркемдікидеялық, түрлік (формалық) -стильдік жаңалықтарды, талантты жастардың, болмаса белгісіздеу қаламгердің өз шығармашылығында қолдануы әбден мүмкін. Бұл жаңалық саналы түрде әкелмесе де шығарма мәтіні ішінде, шабытты шақ үстінде күтпенген жерден тайда болады. Ал мұндай жаңалықтардың орны бөлек. Тіпті оған автордың өзі де мән бермеуі мүмкін. Сыншы, зерттеушілер тарапынан да бұл жаңалықтың, детальдің бағаланбауы ғажап емес. Ал осы көркем идея әдеби процеске жіті көз тігіп отыратын талантты қаламгердің қаламына іліксе, бұл жаңа өрнек бірден көзге түсіп көпшіліктің назарын аударады. Бірте бірте соның ашқан «аралы», жаңалығы тәрізді қабылданып та кетеді.
Енді сол жайында О. Бөкей айтқан бірер ойларды келтірсем:
Ш. Айтматов шығармашылығы туралы толғамдарында қырғыз жазушысын адамзаттың Айтматовы ретінде бағалайтынын айта келе, заңғар жазушының «Ғасырдан ұзақ күн» атты романындағы «бұл өлкеде поездар батыстан шығысқа, шығыстан батысқа қарай өтіп жатты» деген қайталаулар жайлы ойларын өрбіте келе дәл осындай қайталауларды «Өз отыңды өшірме» атты романымда мен де қолдандым.., бірақ Шыңғыстан көшіріп алды деп ойлай көрмеңіздер, өйткені менің романым оның шығармасынан бұрын жарық көрді, – деген болатын.
Ол Ш. Айтматовтың атағы аспандап, шығармаларын дүние жүзінің халықтары іздеп тауып, бас көтермей оқып жатқан жылдар еді. Бәріміз біртүрлі ойда қалдық қой деймін..
О. Бөкей қолданған қайталаулардың негізгі мазмұны мына жолдардан байқалады. «Сахараны дүр сілкіндіріп тағы бір поезд өтті. Сол поездің ішінде кімдер кетіп барады екен» [1].
Екі қаламгердегі ортақ ой «замана көштерін артып, әлдеқайда асыққан жандарды тоқтаусыз тасып жатқан поездарға жағдай жасаушы адамдардың ауыр еңбектері мен қиын тағдырына оқырмандар көңілін көңілін аудару болса керек.
Бұл емеуіріндер астарында айырма да байқалады.. Бірінде соларға барлық жағдай жасаушы адамдар тағдыры туралы ойларға шақырса, екіншісінде сол поздардың ішінде қандай адамдар кетіп барады дегенге көңіл аударады. Демек бірінде, О. Бөкейде, жапан даланы жарып арқырай өтіп жатқан поездер ішіндегі адамдарға назар салса, екіншісінде, Ш. Айтматовта жол жиегіндегі ауылдарда тұратын адамдар тағдырына тоқталады. Ойлана қарағанда екі романдағы мифологем де жапан түзді баса көктеп өтіп жақан замана көлігі «қара айғыр», «асу тұлпар» , «отарба» және бір кездері оған жол төсеп, рельс салған, енді әлі күге дейін соған қызмет көрсетіп, жөнтеп, күтіп, бар бейнетін татып жатқан адамдар тағдырына қатысты екені даусыз.
Оралхан Бөкейдің «Өз отыңды өшірме» романында алғаш қолданған «Сахараны дүр сілкіндіріп тағы бір поезд өтті.Сол поездің ішінде кімдер кетіп барады екен..» өзге бір тұста, «осы поездың ішінде Оспан да кетіп бара жатуы мүмкін-ау».., «Көз ұшынан тағы бір поезд көрінді. Сол поездағы көп жолаушының бірі ғана..»..,
«Оспандар қай вагонда кетіп барады екен?..деген тәрізді қайталаулары сол поездар тоқтаусыз кезіп өтіп жатқан жапан даладағы (кеңістіктегі) адамдар тағдыры мен өтіп жатқан күндер баяу да болса өзгертіп жатқан (уақыт өлшемдері әкеліп жатқан түрлі өрнектердің) символдық мәнін поезға байланысты көрсету, кейін Ш. Айтматов шығармашылығында қолданылды.[2] Әрине, бұл қолданыстар мақсатында сәл өзге реңк те бар, алайда сауатты оқырман көңілін аудартын деталь ретінде қолданылу үлгісі ұқсас.
Мұндай мысалдарды әлем әдебиетінін де көптеп кездестіруге болады. Мәселе кімнің бірінші қолданғанында емес, адамзат руханиятының алтын қазынасына, оның дүниені, болмысты бейнелеу әрекетіндегі көркем танымының пернесіне айналуында.
Студенттерге өздік жұмыстар тақырыптарын ұсыну барысында олардың жеке қабілеттері мен мінез-құлық ерекшеліктерін де ескерген жөн. Әсіресе, жұмыстың орындалу нәтижелерін тексеруде алған тақырыбы ұнамай селқос жүргендерімен кеңесіп, оның ойларын тыңдап, өзге тақырыпқа, болмаса өзі ойластыра бастаған шығармаларға өзгерту керек.
Міне, бүгінгі таңдағы талантты, талапты студенттерге өз бетімен орындалатын жұмыстарға тапсырмалар беру барысында, әсіресе көркем әдебиетте, осындай мақсаттарды, оларды ойландыратын, қызықтыраиын тақырыптарды ұсыну керек. Бұл біріншіден. Әдебиеті тарихынан өздік жұмыстарды жоспарлау барысында өзіндік өрнегі мен айтар жаңа ой-идеясы байқала бастағы қаламгерлер шығармалары мен шығармашылығын бөлек модульге топтастырып, тақырып ретінде ұсынған жөн. Екіншіден, Талантты студенттерге, әдебиет тарихын зерттеймін деген ізденушілерге әдеби әлемге әзірше беймәлімдеу, қосқан үлесі де көріне қоймаған қаламгерлердің шығармашылығын ұсыну оларды жаңа ізденістерге құлшындыруы да ғажап емес. Ал оларға бағыт пен бағдар көрсетіп көмектесіп отыру жоғары оқу орындары кафедраларының, ұстаз ғалымдарының негізгі міндеті. Әсіресе, студенттердің өздік жұмыстарына мән беріп, олардың жазғандарын талдап, қанаттандырып отыру үлкен іс.
Студенттер арасында бүгінгі әдебиетті жақсы білетіндері, көп оқитындары аз емес. Олар әдеби процесте айқын көрініп, біртіндеп еніп орныға бастаған жаңалықтардың әдебиетке әкеле бастаған жаңа таным өрнектерін жақсы сезінеді. Сол жаңа танымның бірден қабылданар, жинақталар және көрініс табар алаңы – жастар шығармашылығы. Әрине, олардың барша ізденістерін көркем үлгі, үлкен табыс деп қабылдауға болмайтыны түсінікті. Бірақ, ойлана қарауға, талдап, байқауға міндеттіміз. Оны талдап түсіндіруде жаңаша ойлау мен таным технологияларын қолдану ғана тиімді нәтижелерге қол жеткізеді.
Сыртқы түрі мен көркем мазмұны өзгешелеу, дара көрінген әдеби құбылыс пен шығарманы көркемдік дамудың қажетті, маңызды бөлшегі ретінде қабылдау, қарастыру қоғамдық санада бірден қалыптаспайды. Ол жазу стиліне байланысты бөлектене ме, идея мазмұнымен өзге көріне ме, әйтеуір қоғамдық санада қозғалыс туғызса ол тексеріле бастайды. Әеби сынның нысанасына айналады.. Бейнелеу құралдарындағы, шығарма құрылысы мен құрылымындағы тосындау көрінген жаңалықтардың көпшілік ықыласы мен тығыз байланысы бар және тек қана қазақ әдебиеті аясында ғана емес, әлемдік әдебиет төңірегінде де солай.
Бүгінгі таңдағы ғылым мен техника жетістіктері әлем мен әр үйді интернет арқылы кәдімгідей жақындастырды деп айтуға әбден болады. Сондықтан көркемдік танымға байланысты зерттеу жұмыстарындағы басты мақсат – әдебиеттегі шығармашылық ізденістерді ғылыми тұрғыда деректі нәтижелермен негіздеуде. Осы құбылыстарды жүйелі түрде зерттеуге басты назар аударуда.
Біздің әдебиеттануды замана талабына сай деңгейге көтеретін және жазушылар шығармашылығын жаңа ізденістерге, замана талаптарына сай шығармалар жазуға бағыттайтын да оған деген сауатты оқырмандар талабы. Ал қоғамдық сана мен әдеби процесс әрқашан есте ұстайтын, талап тіліктерімен мұқият санасатын сауатты топ – студенттер ортасы.
Қоғамдық санасының дамуы әлемдік деңгейдегі мәнді мәселелерге көз тіккенмен оның нақты ұлттың төл мәдениеті мен әдебиетінің дамуынан, ішкі жағдайлардан тыс бола алмайтыны түсінікті. Мәселен қазақ әдебиетіндегі, кез-келген шығарма негізінен қазақ руханиятына қатысты жайларды суреттейді. Әлемдік, жаһандық мәлелерге де сол арқылы келеді. Әдебиетіміздің аса көрнекті өкілдері, Ә. Нұрпейісов. З. Қабдолов. Ә. Кекілбаев, Т. Нұрмағанбетов, Қ. Мұқамбетқалиұлы, Б. Мұқай, т.б. замана талабына сай шығармаларындағы көркемдік табыстар мен жаңа танымдарға қазақ елі мен ұлтының басындағы уақиға, құбылыстарды тереңдей, жан-жақты суреттеумен келген. Бірақ, бір өкініштісі, олардың шығармаларында келісті көрініс тапқан жаңа көркемдік-идеялық табыстарды, бейнелеу әдіс-тәсілдерін әрі дамытушылар көп емес. Әркім өзінше жаңа тәсілдер іздегенмен, табылған жемісті байнелеу құраларын байқап көру, пайдалану аз. Қысқаша айтқанда, жеке ізденістер бар да, қол жеткізген табыстарға көңіл аудару, қолдану, дамыту жоқ. Бұл біздің алдымыздағы басты қиындықтың бірі болып тұр. Әрі алдымызға жаңа міндеттер де қояды.
Қазақ қаламгерлері арасында да замана талабына сай жаңа көркемдік танымды қолданушылар бар. Мәселен, М. Шаханов, [3] Т. Әбдіков, Иран-Ғайып, Е. Раушанов, Г. Салықбай, Р. Мұқанова, Д. Амантай, А. Алтай т.б. шығармашылығы қоғам алдында пайда болған мәселелерді жаңаша көркем бейнелеуге бағыт алады. Олардың шығармаларындағы эстетикалық объектіні сезіну мен қабылдау, жаңа ой мен парасатты байымдау замана талабына сай деңгейіндегі көркем өрнектерге ұласа бастады. Аталған қаламгерлердің шығармашылық ізденістері әлемдік әдебиетте өтіп жатқан көркемдік жаңалықтармен үндеседі деп айтуға әбден болады.Сондықтан да олардың шығармалары Қазақстаннан тыс елдерде де өз оқырмандарын табуда. Мәселен, М. Шахановтың жаңа сипатты романдары мен өлең толғауларының Америка, Франция, Жапония елдерінде сөз болуы да осыны анық көрсетеді. Ал орыс тілінде жазатын қазақ жазушылары Б. Қанапьянов, Д. Нақыпов т.б. шығармашылығындағы көркемдік ізденістер мен табыстардың шетелдік сыншы, зерттеушілер тарапынан жоғары бағаланып отырғанын айрықша айтуға болады.
Қазақ жазушыларының нақты эстетикалық объектілерді, ой, сезімдерді бейнелеудегі табыстары әжептәуір болғанмен, кейбіреулерінің оны қаламгерлік стиль, бейнелік (образылық), таңбалық өрнек деңгейіне көтере алмауы бар. Бірақ, замана талабына сай жаңа бейнелеу құралдарын (кең мәнінде) қолдануға ұмтылыстары қуантады. Ал жастар шығармашылығындағы сезім, ой толғаныстарын түптей түсінуге, жаңаша бейнелеуге ұмтылыстар құптарлық.
Қаламгерлер ізденістерінің басты арналары уақыттың жаңа танымдарын өзгеше, дара суреттеуге, бағытталуға тиіс. Демек: «Көркемдік таным табиғатын өзіндік мүмкіндігін жетілдіре отып, адам баласы жаңа ғасыр, ғалам сырын жете таныу, игеру жолында құлшына қызмет етуде»-деп айтқандай (4), жаңа бейнелеу технологияларын замана талабына сай әдіс-тәсілдермен көмкеру, әрлеу қажет.
Көркемдік табыс ретінде байқала бастаған көркемдік – идеялық ізденістерді көре білу, оның кейбір сырлары мен заңдылықтарын ұғыну жұмысымыздың аса маңызды шарты. Оны алғаш ұсынушы. қолдаушы, дамытушы шығармашылық күштерді таба білудің де маңызы өте зор.
Біздің әдебиетіміздің тарихына мұндай құбылыстар жақсы таныс. Кезінде Б. Майлин, М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов т.б. дәстүрін ұстаушылардың аз болмағаны белгілі. Алайда, бүгінгі таңда осы дәстүрге көңіл бөлушілердің көп еместігі де көрініп-ақ тұр. Ешкімге ұқсамаймын, өзімше жазамын, өз стилімді, өрнегімді табамын деген мақсат теріс емес, алайда мықты мектептің әсері, ықпалы – өнер жолындағы үлкен күш, мұны ескермеуге болмайды. Мына озық технологиялар мен информациялар заманында адасулардан және «шайтан арба» (велесипед) жасап әуре болуден сақтайтын төле жол осы. Мықты мектептің қажеттігі әдебиет қана емес, өнер мен спортта да табысқа жетудің бірден бір құралы болып отырғаны құпия емес.
Замана талабына сай жаңа ізденістерге көз тігіп, шығармашылық істерінде осы қиын жолға шығып отырған қаламгерлер табыстарын шама жеткенше тексеріп, басты заңдылықтары туралы ойланып көру, пікір айту үлкен міндеттеріміздің бірі. Олардың шығармаларына айрықша қоғамдық ықылас қалыптастырған жаңа ізденістер мен табыстарға жігерлендіретін пәрменді күшдің қандай екенін ажырата білуіміз қажет. Әсіресе әдебиеттану мен әдеби сын маңында жүргендердің сын, мақалаларында осы заңдылықтар ескеріле ме бұл да есте болғаны жөн.
Студенттердің өздік жұмыстарында әдеби сын назарынан тыс қалып келе жатқан қаламгерлердің, әсіресе әдеби орталықтардан алыстау тұратын талантты жазушылардың шығармашылығы мен ұздік туындыларын талдау,әсіресе бұршік жарып бой көтере бастаған жаңа таным бейнелерінің өрнектерін талдау, тексеу болашақта үлкен нәтижелерге бастау болары анық.
Ұсыныс ретінде төмендегі жайларды айтамыз. Өздік жұмыстарға көп зерттелген, жазылған қаламгерлердің шығармаларын ұсынумен қатар, көпшілік назарынан қалыс қалған талантты жастардың туындыларын жоспарлаған жөн.
Әдебиеттер
Бөкеев О. Өз отыңды өшірме. Роман. – Алматы, 1981.
Айтматов Ч. И дольше века длится день. – Фрунзе, 1981.
Шаханов М. Космоформула карающей памяти. – Алматы, 2001.