Филология. Реферат. Қазіргі қазақ тіліндегі перифраз лексемалардың номинативтік сипаты

Oinet.kz 09-09-2020 1511

Мақалада тіл біліміндегі номинация теориясы қарастырылады. Екіншілік номинация «атау – шындық – болмыс» қатынасында тілді қолданушы ұжымның қоршаған орта туралы аялық білімі мен мағынаның ішкі формасының (внутренней форме значения) дамуы нәтижесінде қалыптасады. Қазақ тіліндегі перифраз сөздердің қалыптасуы екіншілік номинацияның нәтижесі. Тіл біліміндегі лексикалық құрамды зерттеуші ғалымдар перифраз ұғымын мазмұны мен тұлғасы жағынан өзіне ұқсас метафора, метонимия, синекдоха, эвфемизм, табу, сөз тіркесі, күрделі сөздер, түйдекті тіркес, фразеологизм сияқты тіл бірліктеріне ұқсастығы мен айырмашылығын ғылыми тұрғыдан сараптауды жөн санайды. Лексиколог мамандар перифраз атаулардың номинациялық сипатын фразеологизмдер, тұрақты теңеулер, стилистикалық фигуралар сияқты бір ғана мағына тұтастығына ие болып, құрылымы көбінесе тұрақты сөз тіркестері секілді екі үш сөздің тіркесінен жасалып, ауыспалы мағынада қолданылатынын алға тартады. Мысалы, қара құрлық (Африка), тұманды альбион (Англия), көгілдір отын (газ), темір ханшайым (Маргерт Тетчер), ғасыр дерті (СПИД, ) бостандық аралы (Куба) және т.б.


Кіріспе

Кез келген тілдегі лексикалық бірліктердің атауыштық сипатын тіл біліміндегі номинация теориясының ғылыми ұстанымдарымен байланыстыра зерделеген жөн. Номинация (атауыш, атау, аталым, орысша – наименование) – қоршаған ортадағы зат пен ұғым, құбылыс атауларын зерттейтін тіл білімінің күрделі саласы. Зерттеуші ғалымдар номинация теориясының методологиялық негізін «өмір (болмыс) – таным (ұғым) – аталым (сөз)» үштігімен сабақтастыра қарастыруды көздейді.


Лингвистиканың жеке бір саласы ретінде тілдің аталымдық қызметін зерттейтін номинация теориясы ХХ ғасырдың 70-жылдары қалыптасты. Номинация теориясының зерттеу пәні – тіл-ойлау-болмыс бірлігінің нәтижесінде атаудың түзілу жолдарын қарастыруға негізделеді. Қазіргі тілдік зерттеулер тілдік құбылысты, оның ішінде, номинация теориясын көпаспектілік қырынан тануға бағытталып отыр. Зат, құбылыс, іс-әрекетке атау беру, оларды сөздің көмегімен таңбалау мәселесі тіл ғылымында ХХ ғасырдың ортасынан бастап ономасиолигиялықбағыттазерттелебастады.Бұл бағытта ғылыми зерттеулер жүргізген В.Н. Телия, А.А. Уфимцева, Е.С. Кубрякова, Н.Д. Арутюнова, Г.В. Колшанский, Б.А. Серебренников; қазақ тілші-ғалымдарынан Ә. Қайдар, Р. Сыздық, Т. Жанұзақ, Ж. Манкеева, Б. Қасым, Е. Керімбаев, А. Салқынбай, М. Гинатуллин, Қ. Рысберген сынды ғалымдардың есімдерін атауға болады. Ономасиологиялық бағыттағы зерттеулер номинация процесін қоршаған ортаға қатынасы тұрғысынан жүргізеді. Номинативті парадигма мәселесін қарастыру барысында сөздің тек затпен ғана емес, белгілі бір дәрежеде сана, ойлау, дүниетаным жүйесімен де байланыстыра қарастыру қажеттілігі туралы көзқарас пайда болды. Бұл жөнінде А.Уфимцева: «Однако номинация исследуется не только как процесс образования языковых единиц, называющих те или иные феномены, но и как результат сложного процесса «опредмечивания человеком объективной действительности» деп анықтама береді. (Ufimseva, 2010: 8).


Бұл идея Фрегенің семантикалық үшбұрышында көрініс тапты. Сөз мағынасын құраушы негізгі элементтерді сипаттай отырып, Фреге концепциясы бойынша сөз мағынасының тілдік жүйеден тыс көптеген жекелік мәнге ие ұғымдық қатынастар жүйесін түзетіндігі дәйектеледі.


Қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстарға таным нәтижесінде атау беріп айдар тағу номинацияның тікелей міндеті болса, осындай номинацияның атау берудегі құнарлы тәсілдерінің бірі перифраза құбылысы.


Лексиколог ғалым Ғ. Қалиев перифраза ұғымына төмендегідей анықтама береді:


Парафраз, парафраза (грек. Paraphrasis сипаттау, сипаттама, оралым) – 1) сөздің сөз тізбегінің мәнін басқаша түсіндіріп жеткізу (мәтінде мен деудің орнына осы жолдардың авторы делінуі):


2) жай сөздің орнына оның ауыс мағынасын білдіретін сөздердің қолданылуы. Мыс.: арыстан – аң патшасы, жылан – аты жаман, ұры– қолы жылдам. (Kaliev, 2005: 245).


Тіл біліміндегі лексикалық құрамды зерттеуші ғалымдар перифраз ұғымын мазмұны мен тұлғасы жағынан өзіне ұқсас метафора, метонимия, синекдоха, эвфемизм, табу, сөз тіркесі, күрделі сөздер, түйдекті тіркес, фразеологизм сияқты тіл бірліктеріне ұқсастығы мен айырмашылығын ғылыми тұрғыдан сараптауды жөн санайды. Лексиколог мамандар перифраз атаулардың номинациялық сипатын фразеологизмдер, тұрақты теңеулер, стилистикалық фигуралар сияқты бір ғана мағына тұтастығына ие болып, құрылымы көбінесе түйдекті тіркестер секілді екі-үш сөздің тіркесінен жасалып, ауыспалы мағынада қолданылатынын алға тартады. Мысалы, қара құрлық (Африка) тұманды альбион (Англия), көгілдір отын (газ), темір ханшайым (Маргерт Тетчер), ғасыр дерті (СПИД,) бостандық аралы (Куба) және т.б.


Номинация теориясы тіл біліміндегі сөзжасам, көпмағыналық (полисемия), сөзтіркесім, туынды сөз сияқты күрделі проблемаларды қарастыратындықтан, перифраз ұғымын да екіншілік номинация нәтижесі ретінде саралауға болады.


Екіншілік номинацияның (вторичная номинация) мазмұн астарында туынды сөз немесе мағынаның ауысуы болып табылады. Екіншілік номинацияның негізінде адамның ойлау қабілетінің ассоциативті сипаты жатады. Екіншілік номинация «атау – шындық – болмыс» қатынасында тілді қолданушы ұжымның қоршаған орта туралы аялық білімі мен мағынаның ішкі формасының (внутренней форме значения) дамуы нәтижесінде қалыптасады.


Эксперимент

Перифраздің екіншілік номинация екеніне орыс тіліндегі страус сөзінің қазақша баламсы солтүстік еркелері атауы дәйек бола алады.


Солтүстік еркелерін (страустар) Африкадан солтүстік аймаққа әкелу екінің бірінің қолынан келмейді («Қазақстан», Ақерке Қабекеева).


Осы сөйлемдегі страус сөзінің семантикалық құрылымына назар аударғанда біріншіден, бұл жануардыңқазақхалқыныңтілдіксанасындаертеден қалыптаспағаны және оны алыс солтүстіктен әкелетін диференциалды семаларынегізге алынғаны белгілі , екіншіден страустың мінезқұлқы, жүріс-тұрыс кербез болғандықтан қазақ тілінде осы ұғымды таңбалайтын ерке сөзінің контекске сай таңдалынып алуы екіншілік номинация тұрғысынан жаңа перифраз атаудың қалыптасуына себеп болып отыр.


Бір затты сол заттың басты бір белгісі арқылы сипаттап беретін,ол заттың әдеттегі бір сөзден тұратын байырғы атауының орнына жұмсалатын,бейнелі (екіншілік) атау, тұрақты сөз тіркесі. Тұрақты сөз тіркесі болғанда ол – күрделі сөзде емес,фразеологиялық түйдекті тіркес те емес, осы екеуінің аралығында тұрған ерекше тілдік құрылым.


Сонымен қатар бүгінгі БАҚ тілінде жиі жұмсалатын Демократия аралы (Қырғызстан) перифразының да номинациялық сипатына да тоқталатын болсақ. Қырғызстан «демократия алаңынан» әлемдік державалардың полигон алаңына айналып бара жатыр «Жас алаш» 13 сәуір 2010 жыл № 29.


Халықаралық сарапшылардың Вашингтонда өткен саяси басқосуында Қырғыз еліне «I s Land of Democraty» деген атау тақты. Ағылшын тілінде пайда болған бұл жаңа тіркес орыс тіліне «Остров демократии» деген тіркеспен сөзбе-сөз аударылды. Өйткені орыс тілінің лексикалық құрамында да калька тәсілі арқылы осы құрылымдық жүйемен аударылған жекелеген сөздер мен тіркесімдердің көптеп кездесетіні белгілі. Бұл перифраз тілдік бірлік орыс тілінен қазақ тіліне де калька тәсілі арқылы сөзбесөз«Демократия аралы»нұсқасында аударылды. Алайда бұл перифраз атаудың номинациялық мазмұнында ағылшын, орыс, қазақ тілінде де себеп болған мотивациялық бірлік (уәждік бірлік) халықтық билік, тепе-теңдік, бостандық, еркіндік ұғымдарымен ассоциациялық өріске енетін демократия архисемасы деуімізге толық негіз бар. Жалпы ассоциациялық өріс – тілдік бірліктердің жиынтығы, мазмұн ортақтығына қарай біріккен белгілеуші құбылыстардың ұғымдық, заттық және функционалдық ұқсастығы негізінде топтастырылады. Ол ассоциатив сөздердің, өзекті сөздердің төңірегінде бірігуі ретінде түсіндіріледі. (Akhmanova, 2004: 183).


Ал арал ұғымының да мотивациялық негізін осы үш ұлттың тілдік санасында қалыптасқан оқшау бөлінген жер, басқа нысандардан бөлек орналасқан жер бөлігі деген ассоциациялық өріспен байланыстыруға болады. Бұдан біз жанама, сипаттама атау беруде оңтайлы тәсіл ретінде жұмсалатын перифаз тіл бірліктерінің тіл мен ойлаудың,дүниетанымының бір-бірімен байланысты екендігін дәлелдейтін, тілдің танымдық қызметін айқындап беретін күрделі тілдік құбылыс ретінде бағалай аламыз. Яғни мұндай эксперимент нәтижесінде тілдегі преифраз атауларды заттың барлық қыр-сыры түгел және терең танылғаннан кейін ғана пайда болатын қосымша, жанама атау ретінде тұжырымдаған жөн.


Нәтиже мен талқы

Перифраз құбылысын екіншілік номинацияның (вторичная номинация) нәтижесінде пайда болған жаңа атау ретінде тұжырымдағанда лексикалану процесіне де назар аударған жөн. Лексикалану үрдісі де жаңа атау жасаудың бірден-бір өнімді тәсілі. Қазақ тіл білімінде лексикалану процесіне Ә. Аблақов, С. Исаев, Е. Ағмановтың «Қазақ тіліндегі сөз тіркестерінің дамуы мен лексикалану процесі» атты еңбегінде ғылыми сараптама жасалады.


Авторлар «Сөз тіркестерінің сөйлеу процесінде біртіндеп лексикалық единицаға айналуы (номинативтену) қазақ тіліндегі сөз жасаудың ең бір өнімді тәсілдерінің және оның ішінде көне тәсілдерінің бірі болып саналады» деп тұжырымдайды. (Ablakov, Isaev, Agmanov, 1997: 310).


Бұл монографиялық зерттеуде сөз тіркестеріндегі лексикализацияланудың номинативтік, грамматикалық, предикативтік, фразалық түрлері баяндалады.


Аталмыш еңбекте кәрі жілік, тоқпан жілік, ортан жілік, су жылан, оқ жылан деген тіркестерді мысалға келтіре отырып, бұл тіркестер әуел баста еркін сөз тіркестерінің қатарына жатқанын, өйткені аталған тіркестердің алдыңғы сыңарлары соңғы сыңарларының қасиетін, белгісін білдіріп, өздері толық лексикалық мағынасын сақтағанын, сөйлемде білгілі бір қызмет атқарғанын баяндайды. Алайда тілдің дамуы сатысында, үздіксіз қолданыстың нәтижесінде лексикаланып, тіркес құрамындағы алдыңғы сыңарлардың қасиетін, белгісін білдіру мүмкіндігінен айырылып, мағыналық дербестіктен қол үзіп, заттың атауына ауысып екіншілік номинацияға ұласқанын дәйектейді.


Күрделі сөздер сияқты перифраз тіл бірліктерінің де құрылымдық жүйесі көбінесе екі сыңарлы болуға бейім. Яғни, құрылымдық жүйесі бойынша алғашқы сыңары – тура мағынада жұмсалса, екінші сыңары – ауыспалы мағынада жұмсалуға икемді, синтаксистік қатынасы тұрғысынан бір-бірімен анықтауыштық (не изафеттік, не адъективтік) қатынаста жүйеленеді. Перифраз сөздер алғаш жасалған кезінде еркін тіркес (матасу, қабысу) сияқты болғанымен де тілдік қолданыс қызметінде сыңарлары лексикалану процесіне ұшырап семантикалық тұтастыққа ұласып жаңа затқа атау ретінде бейнелі тіркеске айналады да, бір ғана заттың атын білдіреді. Осыған орай перифраз сөздердің семантикалық реңкінде экспрессивтік, эмоцияналдық, бейнелілік, образдылық сипаттар басым болады.


Қазіргі қазақ тіліндегі перифраз сөздердің қолданылу аймағы негізінен БАҚ тілі мен көркем мәтінде ерекше көрініс беріп жүр.Заманауи ақпараттық технологиялардың күрт дамуы перифраз атаулардың да коммуникациялық мүмкіндігін аша түсті. Журналистердің бейнелі сөз образдарын қолдануда перифраздар таптырмайтын құралға айналған сияқты. Мыса лы, Көгілдір отынның бағасы қымбаттады. («Айқын» 2009 жыл 16 мамыр).Сондай-ақ кәмлет жасқа толмағандар мен темір торға тоғытылған нәзік жандылырдың да құқықтары бұзылатынын жеткізді («Жас алаш» 2010 жыл 5 қазан). Бұл рынокта бүгінге дейін ала тақиялыағайындардың жолы болып келеді(«Егеменді Қазақстан» 2010 жыл 17 ақпан). Кәрі құрлықтағы қазақтар Атажұртпен байланысты нығайтқылары келеді. («Айқын» 2011 жыл 25 тамыз).


Баспасөз мәтіндеріндегі көгілдір отын(газ), темір тор (түрме), нәзік жандылар (әйелдер), ала тақиялы ағайындар (өзбектер), кәрі құрлық (Еуропа) сияқты перифраз сөздер тыңдарманға ерекше әсер ететін бейнелі, образды лексемалар ретінде эвфемизм сияқты атау ауыстырудың ұтымды үлгісінде қолданылған. Яғни перифраз лексемаларды таңбаланған ұғымға стилистикалық реңк беретін, лексика-семантикалық сипаты – бейнелі, образды, әсерлілігі жағынан – экспрессивтік, эмоцияналдық мәнге ие екіншілік номинацияның нәтижесі ретінде талқылауымызға болады.


Қорытынды

Сонымен перифраз тілдік бірліктерді публицистикалық стильдегі БАҚ тілінде жиі қолданылатын, тыңдарманға, оқырманға әсерлі, образды, бейнелі ақпарат жеткізу мақсатында жиі жұмсалып журналистер тілінде тұрақтылық сипатқа ие болған, толық қанды коммуникативтік қызмет атқара алатын, номинация теориясы нан алғанда тіркесімділікке бейім, ауыспалы мағынадағы екіншілік номинациялық акт болып табылатын тілдік бірліктердің жиынтығы ретінде дәйектеледі.


Әдебиеттер


Уфимцева А.А. Лексическая номинация (первичная нейтральная). – 2-е изд. – М.: Либроком, 2010. – 88 с. Қалиев Ғ. Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігі. – Алматы: Сөздік-Словарь, 2005. – 440 б.

Ахманова О.С. Словарь лингвистических терминов. – М.: Едиториал УРСС, 2004. – 571 с.

Аблақов Ә., Исаев С., Ағманов Е. Қазақ тіліндегі сөз тіркесінің дамуы мен лексикалану процесі. – Алматы: Санат, 1997. – 123 б.

Филология. Реферат. Қазақ тілін меңгертудегі сөйлеу жағдаяттарының түрлері
Филология. Реферат. Өздік жұмыстарды ұйымдастырудағы инновациялық ізденістер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу