Филология. Реферат. Қазақ тілін меңгертудегі сөйлеу жағдаяттарының түрлері

Oinet.kz 09-09-2020 1289

«Сөйлеу жағдаяты» термині тілдің әрекеттік, ықпал етуші қызметін қарастырады. «Сөйлеу жағдаяты» ұғымы, біріншіден, сөйлем мазмұнын бейвербалды түрде толықтырып, жасырын мәнді сөйлесім түрлерін қалыптастыратын экстралингвистикалық факторлардың жиынтығы, екіншіден, нақты сөйлеу жағдаятымен бірге сөйлеу жағдаяттарының қайталамалы, ортақ сипаттарына қарай жинақталған типтік түрлері де болатыны мәлім.

Сөйлеу жағдаяты сөйлем мазмұны мен құрылымын қалыптастыруға ықпал ететін сөйлеу әрекетінің маңызды компоненті, категориясы десе де болады. Сөйлеу жағдаяты – мәнмәтіннің нақтыланған түрі, тілдік бірліктің жұмсалуы мен жалпы мәнмәтінді байланыстыратын буын болып табылады. Ал тіл білімінде «мәнмәтін» терминімен әртүрлі ұғымдар аталады. Ол жалпылықты да, жекелікті де қамтиды. Зерттеушілер мәнмәтінді мынадай үш топқа жіктейді: 1) сөз немесе сөйлеу мәнмәтіні; сөйлеу жағдаяты; 3) мәдени мәнмәтін. Біздің байқауымызша, мәнмәтінге де жүйелілік сипат тән, олардың арасында да иерархиялық құрылымдық байланыс бар. «Коммуникативтік жағдай», «мәнмәтін», «тұрақты қалыптағы жағдай» терминдері нақты сөйлеу жағдаятына дейін белгілі білімнің жиынтығы деген ұғымды белгілейді.

Тілдік мазмұнды қатысым жағдаятымен байланыста қарастыру экстралингвистикалық факторларды реттеп, жүйелеуге әкеледі. Тілдік мазмұнды қалыптастыруға тура және қосымша түрде ықпал ететін жағдайлар бар. Сыртқы жағдаят сөйлем мазмұнында толық көрінуі немесе жетекші факторлар арқылы жанама түрде көрінуі мүмкін. Вербалды түрде жүзеге асатын сөйлеу тілінде сөйлеу жағдаяты қарым-қатынасқа тікелей қатысады. Сонымен, ғылыми еңбектерде сөйлеу актісімен байланысты сөйлеу жағдаятының үш түрлі қызметі анықталып келеді:

  • сөйлеу актісін қалыптастырушы факт;

  • сөйлеу түрін, стилін анықтаушы фактор;

  • сөйлесім мазмұнын толықтырушы компонент.

Сөйлеу жағдаятын жіктеп, көрсеткіштерін тізіп шығу мүмкін емес, себебі ол объективті шындықтың кеңістік пен уақыттағы кесіндісі, ал объективті шындықтың кеңістік пен уақыттағы әрбір кесіндісі өзінше қайталанбас белгі, сипаттарға ие.

Оның құрылымы объектілерден, олардың уақыт пен кеңістіктегі қалпынан тұрады. Мысалы, сөйлеушілерге қатысты әлеуметтік, психологиялық, тілдік құзырет факторларын атауға болады.

Сөйлеу әрекетінде нақты сөйлеу жағдаятында бар шынайы дүниенің объектілері сөйлесім мазмұнында қамтылады. Сөйлеу актісінде уақыт, орын, зат, сөйлеу актісіне қатысушылар сияқты бейвербалды факторлармен қатар, сөйлеу актілері түріндегі вербалды бірліктерге қатысты да сілтемелер жасалуы мүмкін.

Коммуниканттар арасындағы өзара сөйлеу қарым-қатынасын жүзеге асыратын жағдаяттар жиынтығы сөйлеу жағдаяттары деп қарастырылады. Сөйлеу жағдаяттарының маңызды қызметтері коммуникативтік актінің негізгі классикалық модельдерінде көрінеді. Мұндай модельді Р. Якобсон ұсынған болатын, ол мыналардың функцияларының жиынтығы түрінде көрінеді: адресант, адресат, мәнмәтін, хабарлау, байланыс (контакт), код [1, 22]. Ал сөйлеу жағдаяттарының параметрлері былай көрсетіледі:

  • адресант-адресат;

  • шындықтың обьективті фрагменттері бар жағдаят;

  • сөйлеудің ортақтығын қосатын ортақ жағдаят;

  • әлеуметтік, саяси, тарихи-мәдени ортада өтуіне сәйкес адресаттың қарым-қатынасы.

Байқауымызша, комуниканттар арасындағы байланыстың ойдағыдай дамуын қамтамасыз етудің толып жатқан экстралингвистикалық шарттары бар. Мысалы, серіктестің бірі сөйлеуші ретінде, екіншісі тыңдаушы ретінде (немесе алма-кезек) өздерінің коммуникативтік рөлдерін дұрыс атқара білуге тиісті дағды, білім, біліктілік, әрекет т.б. Коммуниканттардың сөз саптауы тек жасына ғана емес, жынысына, білім деңгейіне, өскен ортасына, қызметі, кәсібіне де байланысты екені тағы бар.

Коммуникант – белгілі бір әлеуметтік жіктің өкілі. Адамның дағдылы іс-әрекеті немесе әлеуметтік әдебі, оның ішінде сөз әдебі, сол әлеуметтік жікке, ортаға лайық болады. Коммуниканттың жас ерекшелігі (бала, ересек, қарт), жынысы (әйел, ер), мекені (ауыл, қала тұрғыны), кәсібі, жұмысы, отбасы орны (әке, шеше, үй мүшесі) оның әлеуметтік белгілері болып табылады.

Оқу үдерісінде жағдаяттар екі бөлікте қарастырылады: оқу-сөйлеу жағдаяттары және табиғи жағдаяттар. Оқу-сөйлеу жағдаяты деп тек қана сабақ үстінде, сабақ тақырыбына сай сөйлеуді немесе сөйлесуді туғызатын жасанды жағдаятты айтамыз. Бұл жағдаяттар сөйлеу дағдысын жоспарлы түрде, лексикалық-грамматикалық материалдар негізінде дамытуды қамтамасыз етеді. Алайда мұндай жағдаяттар алдын ала жасалған сабақ жоспарынан, белгілі бір тақырып аясынан, белгілі бір лексикалық-грамматикалық материалдар шеңберінен шыға алмайды, солар арқылы шектеліп отырады. Сондықтан инофонның сөйлеу дағдысын жан-жақты дамытуды толықтай қамтамасыз ете алмайды. Осы себептен инофондардың диалогтық сөйлесуін қалыптастыруда табиғи жағдаяттарды да пайдалану қажеттігі туындайды. Мұндай жағдаяттарға кез келген өмірлік мәселелерден туындайтын табиғи жағдаяттар да, көзге елестету арқылы пайда болып, сөйлеу әрекетін туғызатындары да жатады. Осылардың қай-қайсысында да сөйлеу әрекеті табиғи күйінде немесе соған жақын қалып отырады. Сондықтан сабақ үстінде күнделікті өмірде кездесетін табиғи жағдаяттарды оқыту мақсаты үшін арнайы іріктеп, әр тақырыптың мазмұнына орайластырып пайдалану қажеттігі туындайды.

Тіл меңгеру үдерісіне қатысты жағдаяттың екі түрін атауға болады. Оның біріншісі – дәрісханадағы тіл меңгерту кезінде үнемі туындап отыратын табиғи жағдаяттар. В.Л. Скалкин оқусөйлеу жағдаяттары дегенде адамды сөйлесуге ынталандырушы тілдесім аяларына тән болып келетін төмендегі топтарды былай көрсетеді:

  • өзін қызықтыратын адам, нәрсе, оқиға туралы сұрау;

  • біреуді бір нәрсе туралы хабардар ету;

  • біреудің сөзіне, пікіріне, я болмаса қандай да бір оқиғаға, құбылысқа өзінің көзқарасын білдіру;

  • біреу туралы, бірнәрсе туралы алған әсерлерімен, ойына келген пікірлермен алмасу [2, 57].

Адресат пен адресанттың тілдесуі қандай да бір орында немесе ғылым тілімен айтсақ, кеңістікте қандай да бір уақытта өтеді. Бұл жерде айтылыс сипаттамасының уақыт пен кеңістікке лайықталған екі аспектісін айырып көрсетуге болады. Біріншіден, серіктестер белгілі бір жерде, белгілі бір уақытта кездесіп сөйлесуі мүмкін, сондықтан олар сөйлеу актісінің уақыттық-кеңістік қаңқасын жасайды. Екіншіден, серіктестер дәл сол оқиға болған жерде, дәл сол уақытта тілдеседі: әуежайда, қонақүйде, мекемеде, қонақта, белгілі бір отбасында немесе таңертең, кешке, күндіз, жазда, сәрсенбіде, жұмада т.б. Бұл жағдаят аясында берілетін оқиға жоспарын айқындайды. Осылайша серіктестер санасын да көптеген өмірде болып жататын көріністер, оларға сәйкес пайда болатын қоғамдағы сөйлеу әрекеттері деп танылған айтылыстар мен дискурстар әртүрлі мәтіндер жасалады.

Серіктестер тілдік қатынас кезінде жағдаяттың бірнеше түрін пайдаланады. Тіл меңгерту мақсаттары үшін тиімді болып Т.Е. Сахарова көрсеткен төмендегі жағдаят түрлерін атауға болады: Микро және макрожағдаяттар. Бұлар тұрақты және дамушы жағдаяттар деп те аталады. Жағдаяттарды тіл меңгерту мақсаттарына арнап өңдеу ісі осы микро және макро жағдаяттар бойынша жүргізіледі.

Микрожағдаят деп орнықты жағдаятты айтады, оған бір немесе екі-үш өзара байланысқан репликадан тұратын жағдаяттар жатады. Мұндай жағдаяттарға «қажеттілік жағдаяттары», «толық емес немесе белгілі емес ақпаратқа құрылған жағдаяттар», «байланыс орнату жағдаяттары» жатады. Макрожағдаяттар көбінесе сыртқы жағдаяттар ретінде көрінеді. Сыртқы жағдаяттар шартына төмендегідей мақсаттар қойылады: мысалы, көшеден өту, туған күн болатын адамның мекенжайын сұрау, өзіне қажетті затты сұрап білу т.б.

Макрожағдаятта сөйлеу оқиғасы күрделі мәселеге құрылады. Оқиға біртіндеп өрістеп, дамып отырады. Бұған пікірталастар, диссертация қорғау, келіссөздер жұргізу, т.б. ауқымды мәселелер мысал бола алады. Микрожағдаяттар макрожағдаяттың іргетасын қалайды [3, 206-207].

Табиғи және қиялдан алынған немесе елестетілген жағдаяттар.

Адамның көңіл-күйіне, сыртқы жағдайларға байланысты пайда болатын жағдаяттар.

Экстралингвистикалық және лингвистикалық жағдаяттар.

Бұған ұқсас Е.И. Пассовтың таптастыруын көрсетуге болады:

  • табиғи және жасанды жағдаяттар;

  • тілдік және тілдік емес жағдаяттар;

  • жағдаят көлемі жағынан макрожағдаяттар және микрожағдаяттар [4, 8].

Диалогтық дискурс құрып, тіл қатудың тәртібі қарым-қатынас жағдаятына (амандасу, танысу, қоштасу, ризашылық білдіру, құттықтау, жұбату, тыңдаушының назарын аудару, өтіну т.б.) қарай жұмсалатын арнайы сөздер мен тұрақты сөз орамдарының жүйесі (сәлеметсіз бе, ассаламағалейкум, көріскенше күн жақсы, сау болыңыз, рақмет, өркенің өссін, құтты болсын, ұзағынан сүйіндірсін, кешіріңіз, ғафу етіңіз, рұқсат болса, айыпқа бұйырмаңыз т.б.) арқылы жүзеге асады. Қоғам мүшелерінің арасындағы әрбір қарым-қатынас жағдаятын қамтамасыз ететін тілдік құралдар (арнайы сөздер мен тұрақты тіркестер, грамматикалық тұлғалар т.б.) және олардың синонимдік қатарлары болатыны белгілі.

Жиі қолданылатын сөздер мен сөз тіркестерін орыс тіл білімінде «клишированные речевые единицы» деп атайды. «Клишелерді алмастыра отырып сөйлесу тіл үйренушілердің сөздік қорын жан-жақты пайдалануға мүмкіндік береді» [3, 12]. Бұл мәселені арнайы зерттеген ғалым – Т.Д. Дудченко. Ол мұндай тілдік бірліктерге мынадай анықтама береді: «В качестве единого в рамках нашего исследования мы принимаем термин «клише», который определяется нами, как языковой знак в диапазоне словосочетаниясверхфразовое единство, повторяющейся а речи носителей языка в неизменном или частично измененном виде, являющийся выразителем определенного смысла и одновременно уровнем его разрешения» [3, 8].

Қазақ тілін меңгертуге байланысты мысалға алынған оқыту материалы ретіндегі алғашқы деңгейдегі диалогтық дискурстың мәтінінде жиі кездесетін клишелерге мысал келтірейік:

Кездесу: Сәлеметсіз бе! Сәлемет пе! Қайырлы таң! Кеш жарық!

Қоштасу: Сау бол. Сау болыңыз. Кездескенше.

Кешірім өтіну: Кешіріңіз. Кешір. Кешірім өтінем.

Ризашылық білдіру: Рақмет. Көп рақмет.

Мен сізге ризамын.

Құттықтау: Мереке құтты болсын. Жаңа жыл құтты болсын.

Тілек білдіру: Деніңіз сау болсын.

Шақыру: Биге шақырамын. Қонаққа шақырамын.

Өтініш: Сұрауға бол ма? Өтінемін. Келіспеу: Дұрыс емес. Қате.

Құрмет көрсету: Жоғары шығыңыз. Төрлетіңіз. Амандасу, қоштасу, құттықтау, кешірім сұрау, өтіну, танысу т.б. толып жатқан үйреншікті әрі қалыпты жағдаяттар да адресат пен адресанттың тілдік бірліктерді таңдауына әсер етуші сүзгі қызметін атқаратын түрткі жайт этикет болып табылады. Ол әсіресе ресми қарым-қатынаста ерекше өзектілікке ие болады. Амандық, жөн сұрасудан бастап, қоштасуға дейінгі 20-дан астам түрлі нақты жағдаяттарда қолданылатын сөз орамдары бірін-бірі қайталамайды, әрқайсысының өзіндік қолдану орыны, жұмсалар жөнжобасы бар. Дегенмен серіктестер арасындағы қатынасты типтендіруде этикеттің рөлі басым. Диалогтық дискурс сөйлеу жағдаятына байланысты қолданылатын этикеттік таңбалардың мағыналық ерекшеліктері (күнделікті көріп жүргенде, алыс жолдан, ұзақ сапардан келгенде, жасы үлкен адамдарға, көпшілікке қарата салтанатты жағдайда айтылады) және стильдік айырмалары болады (сөйлеу стилі, көтеріңкі, кітаби стиль және т.б.). Диалогтық дискурс қарым-қатынастың әртүрлі жағдайына (мекемеде, көпшілік алдында, отбасында, көшеде т.б.) екі жақтың арасындағы қатынастың сипатына (ресми, бейресми), екі жақтың әлеуметтік рөліне (үлкен-кіші, бастық-бағынышты, таныс-бейтаныс т.б.) қарай байланыстың белгілі бір реңде (тональдықта) (ресмилеу-еркіндеу, жатырқау-жатырқамау, әдепті-әдепсіздеу т.б.) өтуін реттеп отырады. Тілдесуші жақтардың білім, тәрбие деңгейін, мекенін (қала, ауыл), жыныс, жас айырмасын, тұрақты емес т.б. әлеуметтік рөлдеріне тән белгілерін есепке алып отыру сөздің әлеуметтік қырларын анықтайтын шамалар болып табылады.

Коммуниканттар арасындағы байланыстың орнауын, үзіліп қалмауын, сақталуы, нығаюын жағдаяттық байланыс қызметін амандық сұрау, қоштасу, сияқты тақырыптық топқа жататын единицалар атқарып, қамтамасыз етеді.

Адресат пен адресант арасындағы қарым-қатынастың типтік түрі (үлкен-кіші, ресми-бейресми т.б.) айқындалады. Бұл орайда қазақ тілі – ең бір өзіндік әлеуметтік қарым-қатынас ерекшелік жүйесі дамыған, әр алуандығымен көзге түсетін тілдердің бірі. Олар туыстық қарым-қатынасқа, таныс-бейтанысқа, түрлі әлеуметтік тип пен ресми-бейресмилік жағдайға байланысты құбылып отырады. Жағдаят арқылы диалогтық сөйлесуде адресат пен адресанттың арасындағы қарым-қатынас реттеліп отырады.

Сонымен, тіл меңгеруде инофонның диалогтық дискурс құрып, диалогтық сөйлесуге қатысуы сөз жағдаятына аса тәуелді болып келеді. Ал сөз жағдаяты күрделі экстралингвистикалық фактор болып табылады.

Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін меңгертудегі жағдаяттар түрлері өзгетілдік оқытудың маңызды аспектісі болып табылады. Әрі қазіргі диалог мәдениеті жағдайында өзектілігі сөзсіз болып табылады. Сонымен бірге, қазақ тілін екінші немесе шет тілі ретінде меңгеруде жағдаяттар түрлері маңызды орын алады деп қорытындылауға болады. Яғни, қазақ тілі сабағында жағдаяттың бірнеше түрін белсенді түрде қолдану студент әрекетін белсендіру, оқу материалын, оқыту әдістері мен тәсілдерін жетілдіру сияқты негізгі педагогикалық мәселелерді іске асырады. Жалпы сабақта қолданылатын жағдаяттар түрлері ұжымдық ісәрекет жүйесі арқылы жеке тұлға белсенділігін арттыруға негізделген, берліген материалды жылдам әрі сапалы меңгертуге бағытталған, ерекше үлгіде ұйымдастырылған тілдік қатынасты жүзеге асырушы болып табылады.

Жағдаят түрлері арқылы тіл меңгеру тіл үйренушілер айналасымен, сонымен бірге қазақ тіл иесі ортасымен, тілдік орта, қоршаған оқу ортасымен, өзара әрекет етуде жүзеге асады.


Әдебиеттер

  1. Якобсон Р. В поисках сущности языка // Введение в языкознание. Хрестоматия для вузов. – М.: Академический проект, 2005. – 553 с.

  2. Скалкин В.Л. Обучение диалогической речи: пособие для учителей. – Киев: Род. школа, 1989. – 156 с.

  3. Дученко Т.Д. Обучение клишированной диалогической речи на основе ситуативно-тематического минимума на 1-курсе языкового вуза (английского языка): автореф. … канд. филол. наук. – Киев, 1984. – 28 с.

  4. Пассов Е.И. Коммуникативный метод обучения иноязычному говорению. – С.: Просвещение, 1991. – 89 с.

Филология. Реферат. Шетел тілін қашықтықтан оқыту технологиясы
Филология. Реферат. Қазіргі қазақ тіліндегі перифраз лексемалардың номинативтік сипаты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу