Филология. Реферат. Шетел тілін қашықтықтан оқыту технологиясы

Oinet.kz 09-09-2020 964

Соңғы кездері қашықтықтан оқыту жүйесін еліміздің білім беру саласында кеңінен қолдану тілді оқытуды жандандыруға мүмкіндік беріп отыр. Шетел тілін қашықтықтан оқыту оқытушымен оқушының белсенді әрекетімен тығыз байланыса отырып, тұлғаның белсенділігі ізденушілік әрекетінде көрініс табады.

Қашықтықтан оқыту жүйесінде оқушының белсенділігі оқушылар тобына қажетті білімді, іскерлік, дағдыны жедел жеткізуге және шығармашыл, өзін-өзі басқара алатын жеке тұлғаны қалыптастыруға бағытталған. Осыған сәйкес, студент пен оқу тобы белсенділігі шетел тілді компьютер арқылы тез меңгеруге, өзіне керекті қатысымдық іскерлік пен дағдыны қалыптастыруға, жеке тұлғаға қажет қасиеттерді қабылдауға, белсенді саналы жұмыс жасауға мүмкіндік береді.

Қашықтықтан оқыту жүйесінде оқу әрекетінің белсенділігі түрлі жолдармен, көбінесе оқу материалдарын арнайы ұйымдастыру, оның бір жерге ұтымды шоғырлануы мен бөлінуі, оқытудың ерекше ұтымды формалар және әдіс-тәсілдері, сондай-ақ оқытушы мен студенттің әлеуеті мүмкіншіліктерін өнімді пайдалану және оны тәжірибеде ұтымды қолдану арқылы іске асады.

Ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, қашықтықтан оқыту ерекшеліктерін талдай отырып, төмендегідей оқытудың бес түрін көрсетуге болады:

«Мектеп-Интернет». Оқушы мектепте жұмыс істейді, мұғалімдермен бірлесе отырып, қажетті материалдарды тауып, оны талдайды.

«Мектеп-Интернет-Мектеп». Қашықтықтан оқытудың бұл түрі бірнеше мектеп оқушылары мен мұғалімдерін қамтиді. Оқыту білім беру жобалары бойынша жүзеге асады. Жобалармен жұмыс істеу нәтижесінде арнайы зерттеу тақырыптары да бөлініп шығады. Білім беру нәтижелі бола түседі, себебі оқытудың бұл түрінде оқушылардың шығармашылығы қажет болады. Бұл оқыту түрінде электрондық пошта жеткілікті.

«Оқушы-Интернет-Мұғалім». Оқушы мектепте білім алады, бірақ өз мұғалімдерімен қатар қашықтықтан оқытатын оқушысы да болады. Сабақ электрондық пошта, чат, веб-ресурстар көмегімен өткізіледі. Сабақ формасы: дистанциялық курс, семинар, консультация. Оқытудың нәтижелілігі оқытушы бағыты мен бағдарламаға байланысты. Қашықтықтан оқытатын оқытушы өз оқушыларымен де, басқа қаладағылармен де оқу жумысын жүргізе алады. Әсіресе, оқытудың мұндай түрі білікті мамандар жетіспейтін шалғай жердегілер үші қолайлы.

«Оқытушы-Интернет-Орталық». Қашықтықтан оқытудың бұл түрі білім берудегі жедел оқытумен байланысты. Телебайланыс технологияның міндеті-оқушының жеке бағытына арналған оқыту формасын, деңгейін ескеру арқылы оқыту жұмысын ұйымдастыру. Көп жағдайда мектепте мұндай мүмкіндік бола бермейді, сондықтан оқушы тікелей орталықпен байланысқа түсе алады. Оқытудың бұл түрінде оқушы шығармашылық әлеуетін дамытып, жеке мүмкіндіктерін тексере алады.

«Оқушы-Интернет-Оқушы». Оқушы қашықтықтан оқытуды өз мектебімен бірге бір уақытта бірнеше мектеппен байланыс жасап, білім игере алады [1].

Қашықтықтан оқытудың түрлерін зерттей келе, оқытудың бұл формасы таңдаулы бағыт деп есептеуге болады. Оқушы өз мүмкіндігіне, біліктілігіне, қызығушылығына, жағдайларға байланысты қашықтықта оқыту формасын өзі немесе мұғалімі таңдай алады.

Осыған сәйкес қашықтықтан оқытудың бірнеше аспектілерін де ескеру керек:

Материалдық аспектісі: жағынан алатын болсақ, online-да оқыту арзан дүние емес.

Физикалық аспектісі: Internet инфрақұрылымы бүкіл әлемде біркелкі дамыған деп айту қиын. Әсіресе, еліміздің шалғай ауданры мен ауылдарына қатысты.

Психологиялық аспектісі: қашықтықтан оқытуда оқушы – студент оқыту және оқу үрдісін өзі қадағалайды, өзіне ыңғайлы уақытында өзі байланыс жасап, ақпарат жібере алады [2, 2]. Осы жақтарынан алғанда, қашықтықтан оқыту – білім берудің өзгертілген түрі. Қашықтықтан оқыту 1970 жылдары бастау алған үрдіс. Жеке компьютердің техникалық және дидактикалық мүмкіндіктері (дыбысты қосу-өшіру, жауапты дискіге микрофон арқыл жазу, мәтінді жоғары-төмен, оңға-солға жылжыту, CD-ROM негізінде мультимедиялық құралдар арқылы мәтінді, дыбысты, графиканы, мультипликация мен бейнені біріктіру және т.б.) мәдениетаралық қатынастардың тиімділігін арттыратыны анық.

Қашықтықтан оқыту үрдісінде кеңінен қолданылатын оқытуға арналған программалық құрал –компьютерлік оқыту жүйесі. Ол төмендегі әрекеттерге мүмкіндік береді:

  • тілді меңгеру үрдісін жекешелендіру;

  • тілді меңгеру деңгейін өзін-өзі бақылаумен қамтамасыз ету;

  • компьютерде жұмыс істеу арқылы тілді үйрену уақытын үнемдеу;

  • ойын элементтерін пайдалану арқылы тіл үйренуге қызығушылықтарын арттыру;

  • әр түрлі материалдар арқылы танымдық мәдениетін қалыптастыру [3, 81].

Компьютердің әдістемелік қызметтері-қатысымдық, ұйымдастырушылық-қызықтырушылық, ақпарат берушілік, жаттықтырушылық, бақылаушылық.

Осыған сәйкес компьютердің әдістемелік қызметін айқындайтын болсақ;

Қатысымдық: чат арқылы тілдесуге болады; Ұйымдастырушылық – қызықтырушылық: қазіргі уақытта комьютер адамды қатты қызықтырады, осының өзі жағымды фактор болып саналады;

Ақпарат берушілік: компьютердің ең тиімді жағы ақпаратты сақтауға және оны өндеуге мүмкіндік беруі. Сондықтан компьютер тіл үйренуге ақпараттық жүйе ретінде пайдаланылады;

Жаттықтырушы: компьютер арқылы тіл үйренуде оқушының тілдік материалдарды жаттап алуы үшін бірнеше рет қайталануына мүмкіндік болдады;

Бақылаушылық түзету: ағымдық және қорытынды бақылау жұмыстарын тексеруге, тексерудің объективті, яғни шынайы болуына, оқытушының бақылау жұмысын тексеруге уақытын бөлмеуге, бақылау жұмысының қорытындысын жасауға қолайлы [4, 6].

Интернет желісі студенттердің тілді үйренуіне онды әсер етеді. Себебі, студенттерге ақпарат көзі жылдам жеткізіледі, әрі олар бұл желі арқылы жан-жақты қосымша мәлімет те ала алады. Бұл тұргыда Билл Гейтстің пікіріне сүйенсек: «Оқытушылар мен оқушыларға жеке компьютердің кез келген интеллектуалды еңбек адамдарынан қарағанда, берері анағұрлым мол. Мен өмірдің өз стилі қалыптасып келе жатқанын айтқанымдай, студент немесе оқушы таза интеллектуалдық еңбек өкілдері, себебі оқыту толығымен білімді басқаға жеткізуден тұрады. Оқытушы Internet-ті әріптестерімен араласу үшін және өз қамқорлығындағы оқушы – студентке пәнді оқыдудың мүлдем жаңа тәсілдерін ашу үшін де қолдана алады. Жеке компьютер білім алу мен білім беру саласындағы өзара оқыту, сыни ойлауды дамытуға, өмір бойы білімділік деңгейін жоғарылатып отыруға деген көзқарас қалыптастыруда катализатор болып табылады» [5, 118].

Қорытындылай келгенде, қашықтықтан оқытудағы оқу қызметінің басты элементі – өз бетімен жұмыс істей білу. Ал, әдістемесінің ерекшелігі – тіл үйренуші қалай болғанда да, тапсырманы өз бетімен орындайды және кез-келген сәтте мұғалімнен қажет көмегін ала алады. Тіл үйренуші оқушы – оқушы «дүниежүзілік өрмектегі» кезкелген анықтамалық әдебиетті пайдалана алады. Оқу үрдісінде бір деңгейден екінші деңгейге бақылау тестін тапсырып, көше алады.


Әдебиеттер

  1. Dobson J.M. Effective techniques for English Conversation group. US Information Agency. – Washington D.C., 1997.

  2. Ерназарова З.Ш. Қазақ тілін оқытудың төрт деңгейлік бағдарламасы. Қазақ тілі: Әдістеме. Республикалық ғылымиәдістемелік. – К. 4. – 2007. – 2 б.

  3. Воровщиков С.Г. Учебно-позновательная компетентность школьников // Управление современной школы. – 2007. – №6. – С. 81.

  4. Әтежанов Г. Психологиялық-педагогикалық құзырлықты қалыптастырудағы жаңа формация мұғалімінің рөлі // Қазақ тілі. – 2008. – №4. – Б. 6.

  5. Жамашева Ж. Қашықтықтан оқыту – ақпаратты тиімді таратудың жаңа нысандарының бірі // Қазақ тілі мен әдебиеті. – 2007. – №8. – Б. 118.

Филология. Реферат. Функционалды грамматиканың негізгі ұғымдары
Филология. Реферат. Қазақ тілін меңгертудегі сөйлеу жағдаяттарының түрлері
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу