Ертегі. «Үш қыз»
4 класс
(«Балалар кітабы» апталығында өткізілген ертегілік қойылым)
Үш қыз
Қатысатындар:
Автор: Қуандық Тұр - Мұхаммед
Әйел:
1 - қыз:
2 - қыз:
3 - қыз:
1 - жігіт:
2 - жігіт:
3 - жігіт:
Бақа:
Өрмекші:
Тиін:
Бал арасы:
Автор: Бір кедей әйелдің үш қызы болыпты. Солардың қарнын тойдырып, киіндіріп, қатарынан кем қылмай өсіру үшін әйел күндіз - түні тыным таппай еңбектеніпті. Қарлығаштың балапанындай қауырсындары қатып, қыздар бой жетеді. Бір күні әйел қыздарын қасына шақырып былай дейді.
Әйел: Қыздарым менің. Бүгінгі күні міне бойжетіп, тұрмыс құратын жасқа жеттіңдер. Мен сендерді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірдім. Сендер үшін түн демей, күн демей еңбек еттім. Ал енді өз теңдеріңді тапсаңдар, ақ батамды беремін. Менің көзімнің тірісінде тұрмыс құрыңдар.
Автор: Деді әйел. Ай жүзді аруларға елдің көзі түспей қойсын ба? Бірінен соң біріне құда түсіп, бірінші үлкен қызы, екінші ортаншы қызы, үшінші кенже қызы ұшқан ұясын тастап, әрқайсысы өз алдына тұрмыс құрады. Әйел де қартайып, босағасында жалғыз қалады. Ермегі - елгезек тиін ғана. Көңілін қайғы басса, шер тарқатып, әңгімелесетіні де сол тиін екен. Осылай күн артынан күндер өтеді. Бірде кемпір науқастанып, төсек тартып жатып қалады.
Әйел: Досым, тиін, сен қыздарыма хабар жеткіз. Көзімнің тірісінде бақұлдасып қалайын.
Автор: Дейді кемпір. Тиін ең алдымен, кемпірдің үлкен қызына келіп, оның тілегін жеткізеді.
Тиін: Армысың үлкен қыз. Мені саған анаң жіберді. Ол қатты науқастанып қалды. Қыздарыма хабар бер, көзімнің тірісінде бақұлдасып қалайын деді. Сізді анаңыз шақырып жатыр.
1 - қыз: Қап, барар едім. Бірақ мына қазанымды тазалап жатыр едім.
Автор: Дейді үлкен қызы қолы тимей, мұрнынан тіреліп жатқандай кейи сөйлеп.
Тиін: Сен қазаныңды тазалап алайын дейсің бе? Онда мәңгі бақи солардан айырылмай өт.
Автор: Осыны айтқанда, қыздың қолындағы қазан жерге түсіп қызға тиіп кетеді де, қыз үлкен тасбақаға айналып кетеді. Тиін енді ортаншы қызға жетіп, анасының хабарын айтады.
Тиін: Армысың ортаншы қыз. Мені саған анаң жіберді. Ол қатты науқастанып қалды. Қыздарыма хабар бер, көзімнің тірісінде бақұлдасып қалайын деді. Сізді анаңыз шақырып жатыр.
2 - қыз: Ойпырмай, анама қазір - ақ шауып жетер едім - ау. Бірақ, жәрмеңкеге мата тоқып апаруға үлгіре алмай жатқаным.
Автор: Деп күйінген сыңай танытады. Тиін ызаға булығып:
Тиін: Мата тоқып жатыр едім дейсің бе? Онда мәңгі бақи соны тоқып өт!
Автор: Дейді де, жүріп кетеді. Ортаншы қыз өрмекшіге айналады да, жорғалай жөнеледі. Тиін асығып кемпірдің кенже қызына келеді. Ол қамыр илеп жатыр екен.
Тиін: Армысың кенже қыз. Мені саған анаң жіберді. Ол қатты науқастанып қалды. Қыздарыма хабар бер, көзімнің тірісінде бақұлдасып қалайын деді. Сізді анаңыз шақырып жатыр.
Автор: Қайғылы хабарды естіген қыз ләм - мим демей, қолының қамырын да тазаламастан, жан ұшырып анасына жүгіреді.
3 - қыз: Анашым, сізге не болды? Өзіңізді неге күтпейсіз? Осыншама өзіңізді неге қинайсыз? Бізді ертерек шақырмадыңыз ба? Әпкелерім қайда? Олар неге келмеген. Тиінжан сен оларға хабар бердің бе?
Тиін: Ия, кенже қыз. Бірақ олар енді келгілері келмейтінін айтты.
3 - қыз: Анашым, ештеңе уайымдамаңыз. Мен сізді емдеп, жазамын. Әпкелерім де келіп қалар, қолдары тимей жатқан болар. Бәрі жақсы болады.
Автор: Деп кенже қыз анасына дәрі - дәрмек береді. Анасының көзінің тірісінде жеткен кенже қыз науқас кемпірдің ақырғы сәттерін қуанышқа бөлейді.
Әйел: Ақылыңнан сенің. Сені көріп бір марқайып қалдым ғой.
Тиін: Менің қадірлім, алтыным, адамзатқа әрдайым қуаныш әкелуші бол. Сонда адамдар сені, сенің немере, шөбереңді, ұрпағыңды ардақтайды.
Автор: Шындығында, солай болып, кіші қыз көп жасап, оны барлық адам қастерлеп, сүйіп өтіпті.
Күндердің күнінде кіші қыздың да өмірмен қоштасар мезгілі жетіп, ол бал арасына айналыпты.
(Осы кезде бал арасы сайран салып жүреді)
Аралар бүкіл жаз бойына тыным таппай, адам баласы үшін бал жинаумен әлек. Қай уақытта қарасаң да, оның алдыңғы екі аяғы тәтті қамырға малулы. Ал қыс айында айналадағы барлық жәндік ғайып болғанда, ара омартаға - жылы ұяға кіріп алып, жан рақатын табады, оянса бал мен қант жейді екен.