Филология. Эпостық жырлардағы топонимдер: аңыз бен ақиқат
Мақалада жырда батыр Қараспан тауын мекендеген қалың қыпшақ елімен қош айтысып, арқадағы Атасу мен Манащыдан, Шалқар көл мен Мұғаджар тауынан басталатын Жем (Ембі) өзенінен, содан соң Темір өзенінен өтеді. Фольклорлық туындыларда ерте кезеңдегі белгілі бір тарихи оқиғалардың негізінде туындаған шиеленіскен оқиғалар желісі, көркем образдар, бейнелі суреттер берілуімен қоса сол әдеби ауызекі тараған шығармаларды тудырған халықтың өмір тіршілігінен де мағлұмат беріледі.
Жырда бірталай жер-cу аттары кездеседі. Мысалы, Тайбурыл тұлпардың шабысын суреттейтін тұстарда Күлтөбе, Қазды көл, Қулы көл, Қызды көл, Шалқар көл, Желді көл, Құмыра көл, Қотан көл, Күдер, Барлы тау, Қарлы тау, Ала тау, Иір тау, Сүйір тау, Атасу, Манащы, Қампай-құмпай, Жем, Қалбағайлы шөл, Нұра, тағы басқа көптеген жергілікті атаулар аталады . Сондай-ақ, Қобыланды батырдың жауға шапқан сапарында небір түрлі жерлерден өткендігін көрсету үшін бірталай жер-су атауларын атаумен бірге, сан-салалы жер бедерін бейнелейтін сөз қолданыстарын пайдаланған.
«Әрбір халықтың болмысы, оның жер бетіндегі өмір – тіршілігі сөзбен таңбаланады. Халық тіліндегі осындай дәйекті де деректі атаулардың күрделі бір саласы – топонимдер, яғни, жер – судың, туған – өскен өлкенің атаулары, әр алуан географиялық объектілерге тағылған тілдік айырым белгілер болып табылады, деп жазады тілшіғалым А.Жұбанов [2, 49].
Көркем шығармаларда берілген топонимикалық мәліметтер нақты бір географиялық атаулар болғандықтан «тіл ішінде өз алдына сұрыпталған лексикалық қабат түрінде өмір сүреді». Жазу-сызу дамыған бүгінгі таңда белгілі бір аймақтар мен өлкелердің, елді мекендердің атаулары географиялық карталарда, арнайы анықтамалықтарда нақтыланып беріледі. Ал, жазу өнері дамымаған ерте кезеңдердегі жер-су атаулары халық ауыз әдебиетінің үлгілерінде көрініс тапқан. Ол туралы А.Жұбанов: «ежелгі дәуір топонимдері, сонымен бірге, халықтың этнографиялық, қоғамдық – әлеуметтік жай – күйінен, өткендегі тіршілік қалыбынан әрқилы мәлімет беретін аңыз – әңгімелерінде, жыр – дастандарында, ертегілік сюжеттерінде де бірқыдыру сақталады. Әрине, ондай деректердің бәрі тарихи шындық тұрғысынан аса дәлелді болмағанымен, белгілі бір өлкені мекен еткен жұрттың, бұқара көпшіліктің ой – арманын, кәсібі мен характерін танытатын елеулі тілдік әдебиеттік кепілдеме ретінде сөздік қорымыздың құрамынан тиісінше үлес алады»,деп өз пікірін білдіреді.
Олай болса, фольклорлық туындыларда ерте кезеңдегі белгілі бір тарихи оқиғалардың негізінде туындаған шиеленіскен оқиғалар желісі, көркем образдар, бейнелі суреттер берілумен қоса сол әдеби ауызекі тараған шығармаларды тудырған халықтың өмір тіршілігінен де мәлімет беріледі. Ауызекі туындылардағы осындай деректі ұғымдардың бір саласы – сол фольклорлық үлгіні әр тудырушысы, әрі оның кейіпкері ретінде саналатын ру-тайпа, немесе этностың өмір сүрген мекені, жер-су атаулары тәрізді деректер. Мысалы, фольклорлық туындылардың бір саласы – батырлар жыры, оның ішіндегі «Қобыланды батыр» жырындағы:
Қара қыпшақ Қобыланды, Атасы мұның Тоқтарбай. Көздікөлді жайлаған, Қалың қыпшақ жағалай. Қыс қыстауы – Қараспан, Әліп таңба қыпшақтың Атағы озған алаштан,- деген үзінді туралы А.Жұбанов: «Осы азғантай үзіндінің өзінде қаншама мәлімет жатқандығына көз жүгіртсек, бұдан, біріншіден, батырдың аты Қобыланды, әкесінің аты Тоқтарбай екенін, оның руы қыпшақ, оның ішінде – қара қыпшақ екенін, жаз жайлауы Көздікөл, қыс қыстауы – Қараспан тауы болғандығын, Қараспанның биіктігі аспанмен таласатынын, қара қыпшақтардың атағы алаштан озған қалың жұрт екенін, олардың рулық белгісі, яғни, гербі – Әліп таңбалы болып келетінін көреміз», деп жазады [2, 94].
Шағын хабарлама түріндегі бұл үзіндідегі деректерді зерттеген тілші-ғалымдар Көздікөл атауын көл деген географиялық терминнің көмегімен жасалған микротопонимге жатқызса, Қараспанды – таудың атына байланысты аталған елді мекенге жатқызады.
Мақаламыздың көлемі шағын болғандықта бір ғана «Қобыланды батыр» жырын аласақ, аталмыш жырда бірталай жер – cу аттары кездеседі. Мысалы, Тайбурыл тұлпардың шабысын суреттейтін тұстарда Күлтөбе, Қазды көл, Қулы көл, Қызды көл, Шалқар көл, Желді көл, Құмыра көл, Қотан көл, Күдер, Барлы тау, Қарлы тау, Ала тау, Иір тау, Сүйір тау, Атасу, Манащы, Қампай-құмпай, Жем, Қалбағайлы шөл, Нұра, тағы басқа көптеген жергілікті атаулар аталады. Сондай-ақ, Қобыланды батырдың жауға шапқан сапарында небір түрлі жерлерден өткендігін көрсету үшін бірталай жер-су атауларын атаумен бірге, сан-салалы жер бедерін бейнелейтін сөз қолданыстарын пайдаланған.
Жырда батыр Қараспан тауын мекендеген қалың қыпшақ елімен қош айтысып, арқадағы Атасу мен Манащыдан, Шалқар көл мен Мұғаджар тауынан басталатын Жем (Ембі) өзенінен, содан соң Темір өзенінен өтеді. Алғашында Қобыланды Қазан ханның жылқысын қуып алып, Сырлы қаланы шауып алады. Қаланың қасындағы Қасқарлық тауға шығып Қырлы қаланы қоршап тұрған Қараман батырды көреді. Жырда аталған осы мекен атаулары шындыққа жанаса ма, жоқ жыршы қиялынан туған аңыз атаулар ма? Бұл туралы зерттеуші-ғалымдар түрлі пікірлер білдіреді. М.Ғабдуллин: «Батырлар жырында кездесіп отыратын жер-су, қала аттарына қарап, белгілі бір тарихи дәуірді үнемі белгілей беруге болмайды. Мұндай жерсу, қала аттары, батырлар жырының қандай әлеуметтік-тарихи жағдайларға байланысты туғандығын көрсетерлік ғылыми дәлел болмайтындығы және ондай әдіс әдеби мұраларды тексерудің әрқашан да ғылыми дұрыс жолы еместігі мәлім. ...Рас батырлар жырының әңгімелері өмір шындығынан алынады, бұл шындықты жыршылар топшылап жырлайды, әдебиеттік образдар жасайды. ...Сондықтан да батырлар жырында кездесетін жер-су, қала аттарына сүйеніп, халықтың әлеуметтік өмірін, тарихын белгілеуге үнемі бола бермейді», деп жазады[6, 115]. Ал А.Жұбанов мен Е.Жұбанов өз зерттеу еңбектерінде: «Әрине халық ауыз әдебиетінің туындыларында әйгілі этнотопонимдердің ұшыраса беретіндігі даусыз, олай болмайынша оқиға шындығы тиісті көркемдік шешімін таба алмас та еді. Әңгіме тек сол топонимиялық деректердің табиғатына, яғни, олардың белгілі бір сюжетке орынды, не орынсыз қатысуларына байланысты демекпіз. Басқаша айтқанда, жыршының дүниетану деңгейінің шектеулі болатыны себепті фольклор шығармаларындағы деректер кейбір жағдайларда жаңсақ пайымдаулар да туғызады. Соның салдарынан жалаң социологиялық талдауларға бой ұрған зерттеуші, тіпті, ертегілік, аңыздық желімен өрбитін ауызекі сөз өнерінен болжамды тарихи дәуірді, кезеңді, өткен күндердің елеулі оқиғаларын, сондай-ақ, кейіпкерлердің «күні кеше» жүрген жерін, белгілі бір географиялық аймақты нақпа-нақ атап бермекші де болады. Алайда фольклор дәстүріне тән анахронизмді ескере отырып, тарихи шындықты ауыз әдебиетінің көркемдік шындығынан айырып қарай білсек, ол секілді қайшы түсініктер мен жадағай болжамдардың төркінін саралап тану қажеттігі айқын сезіледі», дейді [2, 50]
Бүгінгі таңға дейін осы мәселені зерттеген ғалымдардың негіздеуінше, тарихи шындықты жыршылардың жете меңгермегендігі сол жырдың идеялық мазмұнын тыңдаушылардың дұрыс қабылдамауына әкеліп соғады. Мысалы, «Қобыланды батыр» жырындағы Қазан есімін Еділ бойындағы Қазан қаласына қатыстырып түсінуден жырдағы кейіпкерлердің іс-әрекеті «Еділ-Жайық үшін тартысқа айналып кеткен». Жырда Қобыланды батырдың ел-жұртының мекені ретінде Алатау, Көздікөл, Қараспан, Арыс, Азулы, Айнакөл, Қараша тау сияқты жер-су аттары кездеседі. Сондай-ақ, жоғарыда айтып өткен Қазан шаһары, Сырлы қала, Қырлы қала, Қасқарлық тауы, Құба көл, Сары өзен, Сары бел, Ақсай, Ортөбе, Алтынды тау тәрізді топонимдер де ұшырасады [5, 48-62].
Сондай-ақ, осы жырдың сюжетіне тікелей қатысты емес, бірақ Қазақстан аймағында орын алған Арқа, Есіл, Жайық, Елек тәрізді топонимдер де бар.
Отандық ономастиканың антропоөзектік парадигмада зерттелу деңгейіне тоқталған Э.Орынбетова қазақ ономастикасының ғылыми-теориялық негізін салушылар Т.Жанұзақов, Ә.Әбдірахманов, Е.Қойшыбаев, Ғ.Қоңқашбаев, В.Н.Попова, Е. Керімбаев тағы басқалардың зерттеу жұмыстарында қазақ лингвистикасындағы жалқы есімдерге жалпылама кешенді түрде тілдік талдаулар жүргізгендігін айтады [3, 101].
Э.Орынбетова қазақ ономастикасына қатысты антропоөзектік парадигмадағы зерттеу жұмыстарының ішінде Б.Тілеубердиевтің зерттеуіне айырықша мән береді. Ғалым бұл жұмысты қазақ ономастикасын лингвокогнитивтік тұрғыда зерттеген сүбелі зерттеулердің бірі деп бағалайды. Б.Тілеубердиевтің: «Қазақ ономастикасының жеке тілдік аспектілерін зерттеуде онимнің тілдік мағынасы, антропонимдер мен топонимдердің лексика-семантикалық топтары, номинациялау принциптері, онимдердің этимологиясы, өзге тілдерден енген қабаттар т.б. қазақ жалқы есімдері жүйелі дәстүрлі тұрғыда зерттелсе, енді қазақ онимдерін антропоөзектік тұрғыда қарастыру негізінде лингвомәдениеттану, этнолингвистика, семиотика және когнитивтік лингвистика тұрғысынан зерттеу нәтижелі болмақ» – деген пікірін, сондай-ақ, Ә.Қайдардың, Қ.Рысбергеннің, Ж.. Манкееваның, В.А. Маслованың теориялық қағидаларына сүйене келе, онимдердің аясын, түрлері мен жіктелуін қазақ ұлтының таным деңгейіне сәйкес когнитивтік құрылым тұрғысынан қарастырады.
Э.Орынбетова абстрактілі концептілермен заттық мәдени концепттің айырмашылығын нақтылауда осы мәселені зерттеген бірнеше ғалымдардың пікіріне шолу жасайды [3, 92].
Ғалым Э.Орынбетова Су концептісінің өзін «теңіз», «мұхит», «көл», «өзен», «бұлақ», «тау суы» деп жүйелеп қарастырады. Ғалым осы тұста Қ.Рысбергеннің судың ұлттық тұрғыға сай концептілік құрылымын жіктеген тұжырымдамасына сүйенеді. Нақты тоқталар болсақ: «1. Өзен – басын биік таулардан, не жер астынан атқылап жатқан қайнар бұлақ, тұма, бастаулардан алып, жер ыңғайына қарай өз арнасын тауып, белгілі арнамен ағатын және теңізге, мұхитқа келіп құятын немесе шөл даланың топырағына сіңіп кететін сулар. 2. Теңіз – бір шеті құрлықпен жалғасып жатқан ащы тұзды суы бар бүкіл әлемдік мұхиттың бір бөлімі немесе әлемдік мұхит айдынынан бұғаздар арқылы бөлініп жататын көлемді, ауқымды су алқабы. Қазақстанда екі теңіз бар: Каспий теңізі, Арал теңізі. 3. Көл – айналасы тұйықталған су тоспасы. Қазақстанда мыңдаған көлдер мен көл атаулары кездеседі.
Бұлақ – басы бастаулардан басталып, баяу ағатын кішігірім су. Бұлақ түрлері қайнар, бастау, тұма (тыма), жылға т.б. Тұма, қайнар жерасты суларының көтеріліп, бұрқақтап шығып жатқан түрі десе болады. 5. Құдық – жердің су шығатын қабатына дейін қазылып, су шыққан жер, тік шұңқыр. Жасанды су көзіне жатады. Құдық түрлері қазу технологиясына қарай бөлінеді: жарма құдық, жайпақ құдық, қауға құдық, өрме құдық, қима құдық, қосқұдық, шегенқұдық, шыңырау құдық, орпа (құдық) т.б.».
Түйіндей келгенде, біз бұл еңбегімізде топоним деректерінің жырды құрайтын поэтикалық жүйеге қаншалықты қатысты екенін анықтауды мақсат ете отырып, «Қобыланды батыр» жырында кездесетін жер-су атауларына тоқтадық. Ондағы ақиқат пен аңыз мәселесіне көңіл бөлдік. Дегенмен, еңбектің көлемі шектеулі болғандықтан бұл мәселені толықтай аша алдық дей алмаймыз. Бұл болашақта үлкен ізденісті қажет ететін мәселе деп ойлаймыз.
Әдебиеттер
Қазақ ономастикасының мәселелері. – Алматы: Ғылым, 1986. – 136 б.
А.Жұбанов, Қолданбалы тіл білімінің мәселелері. – Алматы: Арыс, 2008. – 49, 50, 53 бб.
Орынбетова Э. М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының ономастикалық кеңіс тігінің лингвомәдени сипаты. ф.ғ.к. дисс: 10.02.02. – Алматы, 2010. – 119 б.
Жанұзақов Т. Қазақ тіліндегі жалқы есімдер. – Алматы: Ғылым, 1965. – 224 б.
Қобыланды батыр жыры.
Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. – Алматы: Мектеп, 1974. – 320 б.