Қойдың жаралуы (аңыз-әңгіме)
21-12-2019
Мақалада редакциялаудың әдіс-тәсілдері, оның шығу, қалыптасу негіздері жөнінде түсінік беріледі. Түрлі әдебиеттерді редакциялаудың негізінде олардың көркемдік, мәтіндік, стилдік сапасын жетілдіру мәселелері қамтылған. Сонымен бірге, аударма шығармаларын редакциялау тұжырымдары да сөз болады. Әдеби өңдеудің сипаты жағынан қолданбалылығы, мақсаты жағынан тәжірибелік, құрылымы бойынша кешенді пән екендігін айқындау арқылы редакциялаудың техникасы мен технологиясы таныстырылады. Газеттікпублицистикалық, ғылыми-техникалық, ғылыми-көпшілік әдебиеттерін редакциялаудың өзіндік ерекшелігі түсіндіріледі. Редакциялау ісінің газет-журналдарда, баспаларда өзара алмасып тұратын шығармашылық үдеріс екендігі және әрбір шығарманы оқып, талдап, тексеріп редакциялаудың материалдың сапасына тигізер ықпалы тұжырымдалады. Түпнұсқа мен аударманы өзара салыстыру жүйесінде сөйлемдердің синтаксистік, грамматикалық, стилистикалық, логикалық құрылымдарын сақтау, автор стилін дәл, баламалы, мәнерлі жеткізе білудің аудару ісіндегі қажеттілігі анықталады. Жазу өнеріндегі редакциялау тәжірибелерінің көркем шығарманың композициясын және автор идеясы мен стилін жетілдіруге үлкен септігі тиетінін ескере келе, классиктердің жазу және әдеби өңдеу ізденістерін негізге алу қағидаттары пайымдалады. Әдеби қызметкерге, редакторға, аударма редакторына редакциялау ісін меңгеруге қатысты басты талаптарды білу қажеттілігі талданып, түсіндіріледі. Редакциялаудың, негізінен, әдеби, ғылыми және басқа да стиль түрлерін қамтитындықтан, редактордың, аударма редакторының лингвистикалық қабілетінің мықты болуы және энциклопедиялық білімді жинақтау ерекшелігі атап көрсетіледі.
Редакциялау термині – (латынша – “redactus” – сөздерді түзету, ретке келтіру) деген мағынаны береді. Редакциялау жұмысы баспа және бұқаралық-ақпарат құралдары мен қоғамдықәдеби, ғылыми шығармашылық салаларында, идеология қызметінде, аударма ісінде кеңінен қолданылады. Редакциялау ғылыми-әдеби шығармашылықтың негізгі бөлігі болып табылады. Редакциялау сонау антик дәуірден қалыптасқан деуге негіз бар. Өйткені, Аристотельдің “Поэтикасындағы” сөз мағынасының айқын болуы басты қүндылығы саналса, “Риторикасы” әдемі жазу туралы тұжырымдарды, стильдің түрлері мен қолданылу ерекшеліктерін атап өтумен маңызды. Плутарх: “ Қалай дегенде қысқалау, немесе қалай дегенде тартымдылау” жазуды ұсынады. Ежелгі жазу өнерінде гректің ұлы драматургі Аристофанның “Бақалар” драмасындағы кейіпкерлер әңгімесінде де қатені түзету жолдары қамтылған. Демек, бұл редакциялау-дың алғашқы нышандары.
Дионис. Ал, қане? Қате таптың ба? Еврипид. Бірден он екісін.
Дионис. Мұнда бар болғаны үш-ақ өлең ғой.
Еврипид. Әрбір жолында жиырмаға жуық жаңсақтық бар.
Еврипид. “Көрінді де оралды” – мұның айырмашылығы қайсы.
Эсхил. Жалған айтпа, мылжыңым. Мұнда қажетті сөздер дұрыс таңдалынбаған.
Міне, осылайша антик классиктері жазу мәдениетін, сөздерді орынды қолдану, ойды жүйелі жеткізуді әрдайым есте сақтаған. Гораций де “Жазғаныңды жиі сызып тұр (түзет), сондай-ақ өз шығармаңды мұқият өңдеп шық” деп, редакциялаудың қажеттілігін өз ойымен дәлелдейді. Нақтылай айтқанда, стильді қайта қарап, ретке келтіруді ұсынады. Бұлар – редакциялаудың бастапқы үлгілері.
Редакциялау сөзінің мағынасы негізінде редактор термині қалыптасқан. Редактор атауының кәсіби түрде қолданылуы – орыстың алғашқы баспагері, кітап бастырушы Иван Федоровтың есімінен ұштастырылады. Ол өзінің уақытына қайшы келсе де, қасиетті “Апостол” кітабын редакциялауға талпыныс жасады. Ол кітаптың тілі мен стиліне ерекше көңіл бөледі. Редакциялау туралы алғашқы маңызды еңбектерінің бірі – М.В.Ломоносовтың 1755 жылы Амстердам ғылыми журналында басылған “Журналистердің міндеттерін талқылау туралы” мақаласы. Әдеби өңдеуге байланысты кезінде Ломоносовтың ұсынысымен Ресей ғылым академиясында “Ежемесячное сочинение” деген уақытша басылым шығарылған. Ломоносовтың редакциялау туралы мақаласы әлі күнге дейін ғылыми маңызын жойған жоқ. Сондағы бір мәтінде журналист терминінің мағынасы астарында “рецензент”, “редактор” ұғымдары қатар аталады.
Рецензия – белгілі-бір шығарма туралы ойпікір білдіру, сын айту, ал редакциялау немесе мәтінді әдеби өңдеу – бұл бірыңғай шығармашылық үдеріс. Ол шығарманың тақырыбын, композициясын бағалау, мәтіндегі қателіктер анықтап дұрыс құрылымын жасау, стилистикалық түзету, мағыналық жақсарту үдерістерінен тұрады. Түзету негізінен идеологиялық және фактілік сипатта (ғылыми, техникалық арнайы білім салалары бойынша) жүргізіледі. Көркем әдебиетте және аудармада мәтінді әдеби өңдеу ұғымы кеңінен мәлім. Жалпы редакциялау термині қандай да бір мәтінді талдау мен түзету, оны біржолата өңдеу ұғымын білдіреді. Редакциялау – үлкен шығармашылық өнер.
Орыс классиктері А.С.Пушкин, И.А.Крылов, В.Г.Белинский, Н.А.Добролюбов, А.П.Чехов, Н.Т.Чернышевский, В.Г.Короленко және А.А.Фадеев, С.Я.Маршак т.б. тамаша редакторлар ретінде танылған. Қазақ әдебиетінің классиктері М.Әуезов, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Қ.Шаңғытбаев т.б. сөз өнерінің зергерлері ретінде белгілі. Кейбір шетелдерде, ТМД мемлекеттерінде редактор мамандығына арнайы дайындайды. Кеңестік жылдары украина полиграфилық институтында алдымен, ғылыми-техникалық әдебиет редакторларын әзірлеп, кейіннен ғылыми, техникалық және ақпараттық әдебиеттер редакторы мамандығына әзірлеген.
Енді кейбір жазу өнеріндегі есте ерекше ұстайтын, іс-тәжірибеде қолданатын маңызды, мағыналы тұжырымдамаларға тоқталайық. А.С.Пушкин “Дәлдік пен ұтымдылық – міне прозаның алғашқы құндылықтары. Ол ой талап етеді – онсыз жарқын айтылған сөздер ештеңкеге қызмет етпейді” деген. Л.Н.Толстойдың жас әдебиетшілерге берген кеңесі: “Ең бастысы жазуға асықпаған жөн, түзетуден жалықпау керек, 10, 20 рет қайта оны жөндей бер. Түзетпей жазамын дегенді әркез мүлде естен шығарып таста. 3, 4 рет түзет, тіпті оның өзі де аз болуы керек”. Жазушы “Соғыс және бейбітшілік” эпопеясын 7 рет қайта жазып шыққан. “Анна Каренинаны” 11 рет, “Арылуды” 6 рет редакциялаған. “Арылу” романындағы Катюша Маслова портретінің соңғы редакциясындағы 16 жол 20 рет қайта жөнделген. Жан Жак Руссо да редакциялаудың шебері болған. М.Әуезов “Абай жолы” эпопеясын жазу барысында әрбір сөйлемнен бөлек, әр сөзді құлпыртып жеткізуге ұмтылған.
Н.Г.Чернышевский жазғанды қайта түзету қажеттілігі туралы “Қаламұш ойға жиі ілесіп үлгере алмайды, жазған кезде кейбір шалағайлықтар, айналымнан шығып кететін олқылықтар ұшырасуы мүмкін. Сондықтан да жазушы жазылған шығармаға қайта және тағы да қайта оралып, сызып түзетуі керек, барынша кең ауқымда түзету мен дәлелдеуге қажеттінің бәрін жасауы тиіс” дейді. А.Некрасов: “Ережені табанды түрде қадағала, сөздерде қуаттылық, ойларда кеңдік болсын” деген тұжырым түйеді, Н.Г.Чернышевский ойды аз сөзбен жеткізуге, әр сөздің өз орнын тауып қолданылуына айрықша көңіл бөлген.
«Ықшамдылықсыз–көркемдік жоқ. Ықшамдылық – шығарманың эстетикалық құндылығының бірінші шарты» деп анықтама береді. Л.Н.Толстой әдебиетке сілтеме жасай келе: “Қалай айтсақ та, ғылымға қарағанда көркемдік анағұрлым үлкен дәлдікті талап етеді” дейді.
Жазушының дербес шығармашылық ізденісін, талантын қалыптасқан өзіндік мәнерлі әдемі стилі танытады. Дж.Свифт анықтамасы:
«Қажетті сөз тиісті орында тұрса, міне, стильдің анағұрлым дәл анықтамасы осы». Сөз өнерінің байлығы мен сұлулығы автор стилінде көрінумен бірге, әр сөздің өз орнында дәл қолданылуы жазу өнерінде өзіндік рөл атқарады. Аз сөзге көп мағына сыйғызу, әр сөзді ретті, орынды қолдану қай уақытта да жазу талабы болған. Осыған байланысты Шекспир: «Қай жерде сөз аз, сол жерде оның салмағы бар» деп тұжырымдаса, француз жазушысы Ж.Жубер: «Барлық дәлдік – қысқалықта» деп, сөзді ұқыпты, ұтымды қолдану талантты суреткерлерге тән ерекшелік деп біледі.
Ағылшынның ұлы философ-материалисі Френсис Бэкон: “Оқу адамды білімдар, әңгіме тапқыр жасаса, ал жазуға дағдылану-дәлдікті қалыптастырады” деген ой айтады. Араб тарихшысы, философ, саяхатшы Абу аль Хасан Әли ибн Хусейн Масуди: “Тек түсінікті болу үшін ғана емес, қажет жағдайда жазылғанды басқаша талдау жасамайтындай жазу керек” деп тұжырымдайды.
Француз математигі Жюль Пуанкере: “Бір ғана ұтымды таңдаған сөз қандай орасан зор ойларды үнемдеуді жүзеге асырады дегенге сенудің өзі де қиын”-десе, француз қаламгері Жюль Ренардың қалжың ескертпесі: “Дәл сөз. Дәл сөз. Егерде заң ойларын дәл жеткізуді жазушыларға міндеттейтін болса, қаншама қағазды сақтап қалуға болар еді”. Гете пайымдауы “Оқырмандар алдында қаншалықты айқын әрі дәл болудың соншалықты қажеттілігіне жетуге сену қиын”. Р.Эскарли “Кітаптар әлеміндегі революция” деген еңбегінде “Европаны айналып шығу үшін” “Құдіретті комедияға” 400 жылдан астам уақыт жұмсалса, “Дон-Кихотқа” бар болғаны 20 жыл, ал “Жас Вертерге” 5 жыл жеткілікті болды” деп жазған. Осының өзі құнды классикалық мұралардың қандай зор еңбекпен, талант қуатымен келгенін айқындайды. “Сөз өнері” дертпен тең” деген ұлы Абайдың көрегенділік ойы шығармашылықтың азабы мен ауыртпалығын айқындайды. Шығармашылық еңбектің қиындығы сюжеттер мен оқиғаларды, кейіпкерлер жүйесі мен ішкі, сыртқы тартыстарды, көркемдік, психологиялық элементтерді шынайы жеткізуімен ұтымды. Бір жағынан, туындының биік көркемдік деңгейі жазылу шеберлігіне қатысты. Алайда әдеби өңдеудің де өз ықпалы бар.
Әдеби өңдеу – өзінің сипаты жағынан қолданбалы, мақсаты жөнінен тәжірибелік, құрылымы бойынша кешенді (комплексті) пән. Оның (филология) тіл-әдебиеті пәнінің қолданбалы түріне енетін өзіндік заңдылығы бар пән. Әрине ол түрлі әдіс-тәсілдерді қолдану, тәжірибелік тұрғыдан іздену, теориялық негізде үйрену, зерттеп жүйелеу арқылы біртіндеп қалыптасып, дамыған. Ұзақ жылдар әдеби өңдеуге деген көз-қарас қарапайым тәжірибелік түсінік пен мәтін-дегі қатені түзету ұғымында ғана қалыптасты.
Әдеби өңдеу – ең алдымен жеке шығарманы аударманы, автордың шығармасын газет-журналға жариялауға, баспадан кітап етіп шығаруға даярлау жұмысы. Бұл – автордың жеке шығармашылығына аса қажет әрі пайдалы. Пайдалы болатыны, жазылған туындыны сын көзімен қарап, талдап, шынайы, әділ бағалауға дағдыланасың. Әдеби өңдеуді білу әрбір журналистке, әдебиетшіге, аудармашыға, кез-келген ғылым саласының маманына, жалпы шығармашылықпен айналысатын әр адамға аса қажет.
Редакциялау – газет-журналдарда, баспаларда өзара алмасып тұратын үдеріс. Мәселен, бүгін сен біреудің шығармасын қарап, тексеріп өңдеп, редактор болсаң, ертең сенің қолжазбаң басқа бір әдеби қызметкер қолынан әзірленеді. Сондықтан, әдеби өңдеу жауапкершілігі зор, жан-жақты жазу өнерін меңгеру қабілетін, білімділікті, шеберлікті, талант пен тәжірибені ұштастырады.
Редакциялау – бұл баспа және баспасөз жүйесі бойнша әдеби қызметкер немесе редактор арқылы орындалатын авторлық қолжаз-
баны басылымға әзірлеу, шығарма мазмұнын талдап, бағалау, мәтіннің құрылымы мен стиліндегі қателіктерді түзету.
Аударма мәтінін түпнұсқаға сәйкестендіре, мағынасын баламалы беру, артық сөздерден, шұбалаңқылықтан арылту, қисынсыз, ойлардан арылту, сөйлемді өзара жүйелі байланыстыру – әдеби өңдеу үдерістері.
Газеттік-публицистикалық, ғылыми-көпшілік және көркем әдебиет мәтіндерін редакциялау аса сезімталдықты, ұқыптылықты қажет етеді. Редактор автор ой тұжырымдарын, сөйлем құру ерекшелігін қатаң сақтайды. Ол автордың жаңа сөзжасамына енгізген терминінің дұрыстығына назар аударады. Техникалық әдебиеттерді редакциялауда ондағы ақпараттар мен мәліметтердің және сандардың дәлдігіне, нақтылығына мән беріледі.
Редактор авторлық мәтіннің қалай туындағанын талдай біліп, оны оқырманның қалай қабылдайтындығына сезімталдықпен көз жеткізуі тиіс. Шығарма мазмұны оның түрі арқылы айқындалады, ал түрді жетілдіру әдеби өңдеудің басты тұжырымы. Көркем шығарманың стиліне айрықша назар аударылады, өйткені мұнда сөздің эстетикалық сипатына ерекше мән беріледі.
Автор стилі – шығармашылық дербес ерекшелік. М.Горький көркем шығармада сөзбен бейнелейтін нәрселерді адам келбетін, пейзажды, жағдайларды жалпы, әлеуметтік тұрмыс құбылыстарын жеткізуде тілдің анағұрлым қарапайым да майдалылығына, суреттілігіне мән беруді, барынша жоғары білімділікке жету үшін неғұрлым аз сөз жұмсауға дағдылануды, ойды сипаттауда сөздің әуезділігі мен үйлесімділігіне, қысқалылығы мен ықшамдылығына жіті жеңіл бөлуді ескертеді. Жазушы: «Қолжазбамды екі, үш рет түзетемін. Ақтық редакциясында тұтас беттерді, көріністерді де алып тастаймын» деп редакциялау тәжірибесін ұсынады.
Әдеби өңдеу, редакциялау – ойды дамыту, құлпырту, сөзді дәл қолдану, дұрыс құру, мәтінді айшықтау, ажарлау. Демек, редакциялау негізі – шығарманың мәтінін сын тұрғысынан талдау, оны дұрыс бағалау және оқырмандар мен қоғам қызығушылығын туғызу үшін мазмұны мен түрін жетілдіруге авторға көмектесу мақсатын көздейді. Мұндағы ең басты нышан – мәтінге түзету жасау, өңдеу, жүйеге ретке келтіру. Әдеби редактор (әдеби қызметкер) қолжазба жазылған саланы, ғылым мен техника, өндіріс, мәдениет саласынан хабардар болып қана қоймай, оны жетік біліп, жақсы меңгеруі тиіс. Редакциялау – шығармашылық үдеріс.
Әдеби қызметкерге (редакторға), аударма редакторына осы саланы меңгеруі үшін не қажет? Басты міндеттер мыналар: 1) Дұрыс ойлау жүйесін қалыптастыру, логикалық терең білім, логика заңдары мен ережелерін жетік білу, логикалық ойлардың жоғарғы мәдениетіне жету. 2) Әр кітаптың пән бойынша, ғылыми салаға сәйкес ерекшеліктерін білу, онымен өзара байланыстағы тұтас пәндер тобын білу. 3) Лингвистиканың барлық саласы бойынша жан-жақты және тереңдетілген білім, әдеби дарын, сезімталдық.
Әдеби қызметкерге (редакторға), аударма редакторына осы саланы меңгеруі үшін не қажет? Басты міндеттер мыналар: 1) Дұрыс ойлау жүйесін қалыптастыру, логикалық терең білім, логика заңдары мен ережелерін жетік білу, логикалық ойлардың жоғарғы мәдениетіне жету. 2) Әр кітаптың пән бойынша, ғылыми салаға сәйкес ерекшеліктерін білу, онымен өзара байланыстағы тұтас пәндер тобын білу.
Лингвистиканың барлық саласы бойынша жан-жақты және тереңдетілген білім, әдеби дарын, сезімталдық.
Тіл – әдебиеттің бірінші элементі екенін ескеру. А.Н.Толстойша айтқанда: “Тіл – ұлттың жаны. Тіл идеяның, сезімнің, ойдың жанды көрінісі” ұлттық тіл байлығы – редакциялау кезінде ұстанатын айқын бағдар. “Сөз өнерінің сұлулығынан халықтың жан сұлулығы айқындалады”. (К.Д.Ушинский). 4) Жан-жақты кәсіби салалық бағдарлы білім, үлкен мәдениет, мамандыққа деген қабілет әрі шығармашылық іске деген жауапкершілік, сүйіспеншілік. 5) Сыншылдық көзқарас, өзіндік көркем елестету. Сонымен ұсыныс айту, білу, талап қою, алғырлық, шеберлік, автормен тіл табыса білу, кез-келген қателесуді айқын сезіну, кемшілікті сыпайы түрде түсіндіріп, талдап, дәлелдеу, әрбір талас тудырған мәселені дәйекті түрде көрсету, ойды нақты да қысқа жеткізу, байыпты жауап беру, қызмет әдебін сақтау т.б.
Аударма редакторлығына қажеттілік–ойлау жүйесінің тереңдігі, аударманың жетістігі мен кемшілігін дәл саралай білу, аудармашыға түзету жолдарын нұсқау, бағыт бағдар беру, іс жүзінде дәлелдеп, көрсете білу. С.Я.Маршак редакторлықты “қазына “іздеушіге” теңестіреді. Редакциялауда оқырманның талап-талғамы ескеріледі. Әрбір тіркес, сөйлем астарынан автор ойын аңғара білу, сөз қолданылу жүйесін, орын тәртібін жетік меңгеру – редакциялау міндеті.
Редакциялау – ой еңбегі болғандықтан ойлау жүйесі мен жазу машығы ұштастырыла жүргізіледі. Кез келген шығарма мейлі аударма болсын, автор мен оқырманды жалғастырып жатқан рухани ізгі құндылық. Автор мәтініндегі, ойлау жүйесіндегі қателіктерді түзету, яғни автордың айтуға тиіс ой-пікірін ұғынып, дәл жеткізе білу – редактор міндеті. Редактор өте сезімтал, байқампаз, қабілетті, жан-жақты білімді, батыл, байсалды, кемшілігін көзге тура айтып, жетістігін бағалай білетін шығармашылық әділ де әдепті тұлға.
Редактор алдымен автор қолжазбасын немесе аударма шығармасын мұқият оқып шығады. Автордың жеткізе алмаған ойларын, кейбір жүйесіз құрылған сөйлемдерді, өз орнын таппаған сөздерді, атаулардың бұрыстығын, кеткен кемшіліктерді анықтап, көрсетіп, белгілеп отырады. Аудармамен жұмыс барысында кемшіліктерді анағұрлым батыл, анық және тура көрсете білгені жөн. Шығарманы автордың көзімен оқу арқылы ол автор деңгейіндегі шығармашылық тұлғаға жақындайды. Оқудың осы түрі арқылы қолжазбадағы тіркестер мен сөздердің мазмұндық мәні айқындалады. Бұл редакторлық жұмыстың бір қыры болса, тағы бір қыры редактор өзін оқырман санап, мәтінді оқырманның қабылдау дәрежесі, ой-түсінігі, талғам-талабына сай қарастырады. Бұл оқырман деңгейіндегі оқу деп аталады. Іс-тәжірибеде де оқырман ретіндегі оқу мен редакторлық оқу бір уақытта өтеді.
Автор немесе аудармашыға шығармашылық өнерде өзімен тілегі ортақ, мақсаттас тұлға – редактор. Редактор мен авторды, аудармашыны өмірлік ұстанымдардың, эстетикалық көзқарастардың жалпылама ортақтығы біріктіреді. Әр редактор үшін автор, аудармашы шығармашылық жеке тұлға. Бұл шығармашылық іске деген сүйіспеншілік, жазу өнерімен жұмыс істей білу қабілеті, ортақ тіл табыса алу мүмкіндігі, яғни мыңдаған миллиондаған адамдар алдында шексіз қызмет ету бақытына ие болу. Жақсы редактор өзінің жеке басын ойлап, өз мүддесіне жұмыс істемейді, автордың шынайы ақылшысы, көмекшісі бола алады. Әдеби өңдеудің нормасын қатаң сақтайды. Әдетте редакцияларға қолжазба оқырмандардан кейде шимайланып, түзетуге қиындық туғызатын күйде келеді. Компьютерге басылған қолжазбаның өзі де көңілдегідей шықпайды. Мұндайда оны әдеби өңдеуден бойды аулақ салмау керек. Мүлде түсініксіз, оқуға қиындық туғызатын жағдайда ғана дұрыстап қайта жазуға кеңес берген жөн. Қолжазбаны толық оқып, мұқият танысып, жариялауға келетініне көз жеткізбей тұрып, нашар деуге, немесе автордан құтылу үшін “жарамайды” деп бірден кесіп айту жараспайды.
Қазіргі заманда журналистер, баспа редакторлары көбінесе компьютермен бастырылған дайын дүниелермен жұмыс істейді. Алайда, газет-журналға алыс ауылдан түсетін қолжазбалар аз емес. Мұндай қолжазбаларға немқұрайды қарауға болмайды. Әр хатта ой, толғаныс, мәселе, жағдай бар. Сондықтан, редакциялау ұғымының астарында автормен, адамдармен жұмыс және әдеп нормаларын сақтау, адам құқығын қорғау, адамгершілік қарым-қатынас бар.
Әдебиеттер
Накорякова К.М. Литературное редактирование материалов массовой информации: Уч. пос. – М.: Издательство МГУ, 1994. – 189 с.
Накорякова К.М. Редакторское мастерство в России XVI-ХІХ вв. Опыт и проблемы. – М., 1973.
Сикорский Н.М. Редактирование отдельных видов литературы: Книга,1987. – 396 с.
Сикорский Н.М. Теория и практика редактирования: Учебник. 2-е изд., испр. и доп. – М., 1980. – 328 с.
Мучник Б.С. Основы стилистики и редактирования. – М, 1997.
Рахманин С.В, Стилистика деловой речи и редактирования служебных документов. – М, 1998.
Солганик Г.Я. Стилистика текста: Учебное пособие. – М, 1999.
Рудакова Н.А. Стилистика художественного произведения. – М, 1970.
Рудакова Н.А. Исследование по стилистике. – Уральск, 1976.