Toyota Alphard немесе Әзірейіл такси
24-07-2022
Кіріспе
Қазақ елінің тəуелсіздігін өз өмірінің басты мақсаты мен мəні еткен, Алаштың арысы Халел Досмұхамедовтың 130 жылдық мерейтойы қарсаңында оның қазіргі ұрпаққа өнеге болатын қоғамдық-саяси өмірі жайында əңгіме қозғауды жөн көрдік.
Сан ғасырлық тарихымыздың ең жарқын беттерінің бірі — Алаш қозғалысы. Ол қазақ баласының даму жолын жаңа арнаға бұрып, ендігі тұста ұлт ретінде дербес өмір сүруге, өзгелермен терезесі тең халық ретінде күн кешуге болатындығына əлеуметті сендіре отыра жаңа жол көрсетті. Айрықша күрделілігімен, сансыз оқиғаларының сапырылысымен, ұлттық сананың оянуымен ерекшеленген осы кезде, Алаш ұранын көтеріп, исі қазақ баласын азаттыққа бастаған шоғыр «Үркердей озық шағын топ» ой-пікірлері мен іс-əрекеттері тоғысқан жағдайда ұлтының қамы үшін ең бір есте қаларлық тағылымы мол жұмыстарды атқаруға белдерін бекем буған болатын.
Ұлт зиялыларының елінің ертеңі үшін аянбай еңбек еткен көрнекті өкілдерінің бірі де бірегейі XX ғасыр басындағы дүрбелеңнің бел ортасында жүріп, туған халқының көкірегіне сəуле құюды армандаған, ел көсегесінің көгеруін басты мақсат тұтқан қазақ халқының асыл перзенті, зерделі өкілі Халел Досмұхамедов жұртына көп жұмыс істеп, еңбек сіңірген біртуар азаматтарымыздың бірі [1; 275]. Мамандығы дəрігер бола тұрса да, ол қоғам өмірінің сан салалы мəселелеріне араласқан көп қырлы дарын: саяси жəне қоғам қайраткері, тарихшы, табиғаттанушы, тілтанушы, əдебиетші, ауыз əдебиетінің сирек үлгілерін жинап, насихаттаушы, шебер аудармашы.
Х.Досмұхамедұлының өмірі мен шығармашылығын зерттеушілер XX ғасырдың бас кезіндегі қазақтың демократиялық интеллигенциясының көрнекті өкілінің, ғұлама ғалымның бар болғаны 56 жыл ғұмыр кешкен өмір жолын төрт кезеңге бөліп қарастыруды ұсынады [2]:
Тұлғалану жылдары (1916 жылға дейін).
Ат үстінде өткен күрес жылдары (1916–1919).
Ғылыми-шығармашылық һəм қоғамдық-педагогикалық қызметі (1920–1929).
Қуғын-сүргінге ұшыраған азапты жылдары (1930–1939).
Жас дарынның тұлғалану жылдары (1916 жылға дейін)
X.Досмұхамедов 1883 жылы көктемде қазіргі Атырау облысы, Қызылқоға ауданындағы Тайсойған құмында дүниеге келді.
Халелдің өзін санамағанда бесінші атасы Алдар Ерназарұлы қара қылды қақ жаратын, əділдікпен аты шыққан би болыпты. Одан кейінгілер де осал емес тəрізді. Оны Зімбіл ақыннан қалған мына бір өлең жолдары дəлелдей түседі:
Арғы бір атам — бай Байнақ,
Мыңғырған жылқы айдаған.
Бергі бір атам — би Машақ,
Бұлбұлдай топта сайраған.
Ақынның мұндағы Байнақ деп отырғаны — Алдар бидің баласының бірі, Тілекеден туған ұл. Ол 1779–1855 жылдары өмір сүрген. Байнақтың баласы Машақ та (1835–1889) төңірегіне тіреу, жарлыға сүйеу болған айтулы би деседі. Олардан өрбіген балалар Дəулетүмбет, Ізмағанбет, Досмұхамедтер де оқыған, тоқыған, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар болған. Досмұхамед 1850 жылы туған. Отыз үш жасында зайыбы Əйкен жарық дүниеге ұл əкеліп, есімін Халел қояды [3].
Ол он балалы отағасының жетінші болып көрген қызығы еді. Кішкентайынан ауыл молдасынан сауат ашып, одан сон ағасы Дəулетмұхамед Машақұлы оны жергілікті орыс-қазақ мектебінде оқуға береді. Ол заманда да орысша білуге ұмтылып, оқу қуған казақ балалары аз болған жоқ. Бірақ солардың арасында ең алғырлары ғана жиған білімдерін пайдаға жарата білді немесе патша əкімшіліктерінде шенеунік болып, шен тақты. 1894 жылы Халел Орал (Теке) қаласындағы əскери- реалдық училищенің дайындық курсына қабылданып, оны 1902 жылы үздік бітіріп шығады. 1903 жылы өнер-білімге құмар жас Санкт-Петербургтегі Императорлық Əскери-медициналық академиясына латын тілінен қосымша емтихан тапсырып түседі.
Академияда оқып жүргенде студенттерге аты əлемге əйгілі, Нобель сыйлығының лауреаты академик Иван Петрович Павлов, Санкт-Петербург ғылым академиясының академигі В.В.Радлов, қазақ лингвистика мектебінің негізін салушы, профессор Бодуэн де Куртэнэ, шығыстанушы-ғалым, академик В.В.Бартольдт, тағы басқа ғұламалар дəріс оқығанын көптеген тарихи құжаттар дəлелдейді. Бір қызығы, сол кездегі қалыптасқан тəртіп бойынша, Халел академия бастығының 1908 жылғы 10 желтоқсандағы рұқсатымен Тоқтыбаева Сағира Жұмағалиқызына үйленеді [4; 20].
Халел Досмұхамедовтың қоғамдық-саяси қайраткерлік қадамы Санкт-Петербургте оқыған жылдардан басталды. Ол Əскери-медициналық академияда оқыған кезінде бүкіл Ресейде болған, өз кезегінде дүниені дүр сілкіндірген 1905–1907 жылдардағы төңкерісті көзімен көрді. Бұқара халықтың ашу-ызасы, қанды қақтығыстар жəне жеңілістің ащы сабақтары болашақ қайраткердің рухани дүниетанымының өсіп-жетілуіне, идеялық жағынан қалыптасуына игі əсерін тигізді. Бұған оның 1931 жылғы 14 қыркүйекте ОГПУ-дің тергеушісіне өз қолымен жазып берген мəлімдемесі дəлел болады:
«Мен, — деп жазды осы мəлімдемесінде Халел Досмұхамедов, — Петербургке бірінші орыс революциясының қарсаңында келдім. Бұл кезде демократиялық күштер, оның ішінде студенттер кауымы да, жиі-жиі наразылық білдіріп жататын. Қым-қиғаш студенттік өмірге араласумен қатар саяси білімімді жетілдіруге кірістім. Əр түрлі саяси партиялардың бағдарламаларымен... таныстым... Мені жəне басқа қазақ студенттерін ешбір саяси партияның бағдарламалары қанағаттандырмады. Со- циал-демократтар тек қана жұмысшылар туралы айтса, социалист-революционерлер шаруалар жөнінде сөйлеп жатады. Кадеттер орыс халқының ұлылығы жөнінде сайрап, басқа халықтар туралы жұмған ауыздарын ашпайды, ал оңшылдар болса орыс емес халықтарды жамандап, оларды қудалаумен болатын. Сол кезде жолдастарыммен бірге бір митингіге кездейсоқ тап болғанымызда, сонда сөйлеген Милюковтың (кадеттердің жетекшісі) айтқан сөздерін осы күнге дейін ұмытқан жоқпын. Ол «патша үкіметі орыс емес халықтарды аса дөрекілікпен жəне ұятсыздықпен қанап отыр» деп еді...» [5].
Халқымыздың біртуар перзентінің қазақ халқын патшалық империясының аяусыз қанап, тонап отырғанына көзі жете бастайды. Сондықтан ол осы жылдары ел ішінде үгіт-насихат жүргізіп, жергілікті «Фикр» (Пікір), «Уральский листок» газеттерінде мақалалар жазып, саяси толқулардың мəн-жайын халыққа түсіндіріп отырады.
1905 жылы Теке қаласында қорғансыз елдің теңдігі үшін басты қауіп-қатерге тігіп, бес облыстан жиналған қазақтың зиялы азаматтары Ресей кадет партиясының үлгісімен саяси ұйым құруға əрекеттенеді. Олардың арасында студент Халел де бар болатын.
Х.Досмұхамедұлы 1909 жылы академияны үздік дəрежелі дəрігер атағымен, Алтын медальмен бітіріп, офицер ретінде кесімді мерзімдегі əскери міндетін өтеуге жіберіледі. Алдымен Пермь губерниясына қарасты Чердынь уезіндегі Морчань бөлімшесінде жəне бөлімшенің қабылдау бөлімінде екі бірдей жұмысты атқарады. Сол 1909 жылдың аяғында Халел Досмұхамедов Түркістанға оралып, сонда дəрігер болып 1910 жылдың сəуіріне дейін істейді. Оралға ауысып, Орал казак-орыстарын емдейтін Ілбішін, Калмыков қамалдарындағы ауруханада кіші дəрігер, кейін аға дəрігер болып қызмет етеді.
1913 жылы Орал облысының вице-губернаторы берген № 6618 куəлікпен əскери борышын өтеуден босап, Орал облысы Темір уезіне бөлімшелік дəрігер болып орналасады [1; 275].
1912, 1913 жəне 1915 жылдары Халел оба індетіне қарсы күрес ісіне қатысқаны белгілі. Бұл еңбектері үшін Императорлық қола медальмен марапатталған.
Ол осы кезден бастап «Орал», «Пікір», «Қазақ» газеттеріне мақалалар жазады. Мəселен, «Қазақ» газетіндегі «Жұқпалы аурулар» (1914) мақаласында «Сынықтан басқаның бəрі жұғады» дейтін қазақ мəтелін эпиграфқа алып əр түрлі жұқпалы ауруларға анықтама береді. Олардың шығу тегін, таралуын, пайда болу себептерін айта келе, ел ішінде көп тарағандарына назар аударады. Халық тарихында оның бұрын қалай емделгені, қайсысы пайдалы, қайсысы зиянды екені жайында түбегейлі жазады.
Ел үшін қажет болған нұсқаулар мен мақалалардың дер кезінде шығуы өте маңызды еді. Оба ауруының елді қырғынға ұшыратқанын өз көзімен көрген, өз басымен күреске қатынасқан Халелдің санитарлық-ағарту мақсатпен дайындалып, 48 тараудан тұратын «Қырғыз халқының жеріндегі оба ауруымен қалай күресуге болады?» («Как бороться с чумой среди киргизского народа?») деген терең де, жан-жақты жазылған ғылыми еңбегі халқын шексіз сүйгенін, оның тағдырына ашына атсалысқанын көрсетеді. 1916 жылы жарық көрген бұл кітап өз кезеңінде оба індетіне қарсы күрестің əдіс-тəсілдерін түгел қамтыған еңбек болды [6].
Ғасыр басындағы отаршыл Ресей империясының қоғамдық өмірінде орын алған əлеуметтік толқулар мен саяси төңкерістер қазақ көгіне азаттықтың үміт сəулесін себелеп, төге бастады. Осы кезде Халел Досмұхамедов те саяси белсенділік танытып, түрлі бағыттағы жұмыстарға араласа бастайды.
Халелдің ат үстінде өткен күрес жылдары (1916–1919)
Х.Досмұхамедов — Алаш партиясы, Алашорда үкіметін құруда, оның жемісті еңбек етуіне ерекше үлес қосқан басшыларының бірі.
Ақпан төңкерісінен соң ұлтжанды азамат ретінде Халел де туған халқының болашағы үшін саяси күреске араласады. Ол дəрігерлік қызметін тастап, біржола Алаш қозғалысының белсенді көсемдерінің бірі болады.
1917 жылдың сəуір айында 800-ден аса делегаттың қатысуымен өткен Орал облысының қазақ съезінде Жанша Досмұхамедовпен бірге «Орал облысының далалық бөлігін басқарудың уақытша ережелері» атты жергілікті жəне облыстық деңгейдегі басқару жүйесін толық қамтыған заң жобасын ұсынады. Оған делегаттар бір ауыздан дауыс береді.
1917 жылы мамыр айында өткен Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне қатысады. 1917 жылы шілдеде өткен жалпы қазақ съезінде Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылады.
Сол жылғы желтоқсанда өткен жалпықазақтық съезде Алашорда үкіметінің мүшелігіне Орал облысы атынан сайланады. Алаш қайраткерлерімен бірге бірінші кезекте халықты бүліншіліктен корғайтын ұлттық əскер, халық милициясын жасақтауға, Алаш қорын құруға, елден алым-салық, қаражат жинау ісіне күш салады.
1918 жылғы наурыз айында Жанша Досмұхамедовпен бірге Кеңес үкіметінің басшысы В.И.Ленин жəне И.В.Сталинмен кезігіп, келіссөз жүргізіп, олардың алдына біршама талаптар қойып, біраз ақшалай жəрдем алуға қол жеткізеді [4; 21].
Большевиктер Кеңес үкіметін толық мойындап, сөзсіз бағынуды талап етсе, олар (Халел жəне Жанша (Жаһанша) Досмұхамедовтер) Алашордаға ішінара билік беру (заң шығару, атқарушы билік, сот жүргізу, өз əскері болу), қазақтар шоғырланған жерлерді түгел қазақтарға қайтару, əр жерде Кеңес органдары тұтқындаған Алаш қайраткерлерін түрмеден босату, оларды қудалауды тоқтату, қаржылай көмек беру сияқты маңызды мəселелерді өткір қоя білді.
1918 жылдың мамыр айында Жаһанша екеуі Оралда съез ашып, онда «Ойыл уалаятының уақытша үкіметін» жариялайды. Əскер жасақтайды. Кіші əскери мамандықтарын даярлайтын оқу орнын ұйымдастырады. Қазақ жасақшыларына қару-жарақ алуға, банк ашуға, баспахана ұйымдастырып, газет шығаруға көп еңбек сіңіреді. 1918 жылы қыркүйек айында Уфа қаласында өткен Алаш басшыларының жиналысында «Жер шалғайлығы мен жол қатынастарының нашарлығынан бүкіл елді бір орталықтан басқару қиындығын» ескеріп, «Ойыл уалаяты» ресми түрде мойындалады. Оған «Алаш Орданың Батыс бөлімшесі» деген ат беріледі.
Сөйтіп, саяси күреске түгелдей берілген Халел Досмұхамедов Алашорданың өзге қайраткерлерімен бірге Алаш партиясы жұмысына, Алаш автономиясын жариялау ісіне белсене қатынаса отырып, оның басшыларының бірі болды.
Халел Досмұхамедовтың жиырмасыншы жылдарда заман талабына сай кеңестік құрылыс ісіне араласуы
Кеңес үкіметінің 1920 жылы (5 наурыздағы Қаулысы) Алашорда мүшелеріне кешірім жасауы мен ақталуынан кейін Халелдің туған халқына аянбай адал еңбек еткен жылдары Ташкент кезеңі екенін ерекше атаған жөн.
Алашорда үкіметінің Батыс бөлімшесі ресми таратылғаннан кейін оның белсенді басшылары халықтан алыстатыла басталды. Олардың көпшілігі қазақ даласынан оқшау жерлерге қызметке тағайындалды. Халел мен Жаһанша Досмұхамедовтер Мəскеуге жіберілді. 1920 жылдың жазында Х.Досмұхамедұлы Түркістан Автономиялы Республикасының орталығы Ташкентке келеді. Осында Т.Рысқұлов, С.Қожанов, Н.Төреқұлов, М.Жұмабаев, М.Əуезов, Ж.Аймауытов, М.Тынышпаев, Қ.Кемеңгерұлы сынды Алаш азаматтарымен бас қосады.
Ташкентте өткізген жылдарында Халел Қазақстан мен Орта Азияда денсаулық сақтау жүйесінің алғашқы ұйымдастырушысының бірі болды. Табиғат берген дарынының арқасында өз халқына оқу- ағарту, ғылыми-ұйымдастырушылық салаларында білек сыбана қызмет етуге кірісті.
Алдымен ол Түркістан Республикасы Халық ағарту комиссариаты жанынан Түркістан халықтарының оқу-ағарту, мəдени һəм ғылыми мұқтаждарын өтеу үшін арнайы ұйымдастырылған Білім комиссиясының мүшелігіне, кейін төрағалығына сайланды. 1920–1921 жылдары Ташкенттегі Физикалық əдіспен емдеу институтының ординаторы, Орта Азия (Түркістан) университеті медицина факультетінің хирургиялық емханасында ординатор болды.
1922–1924 жылдары Түркістан Денсаулық сақтау халық комиссариаты алқасының мүшесі жəне Емдеу-санитарлық бөлімінің меңгерушісі болды. 1923 жылы Орта Азия мемлекеттік баспа коллегиясының, кейін Қазақ мемлекеттік баспасы Шығыс бөлімінің меңгерушісі, 1926 жылы Қазақ мемлекеттік баспасы басқармасының мүшесі жəне меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарды.
Республика үкіметі алдына жоғарғы педагогикалық оқу орнын ашу туралы мəселе алғаш қойылған күннен бастап, Халел Досмұхамедов осы істердің басы-қасында болып оны ұйымдастыруда ерекше еңбек сіңірді. 1926 жылы қазіргі Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетін (бұрынғы ҚазПИ) құру жөніндегі комиссияның төрағасы болды [7].
1927 жылы Қазақ педагогика институтының доценті болып бекітілді, Қазақ мемлекеттік университетін ұйымдастыру жөніндегі комиссияның төрағасы болып тағайындалды. 1928 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің əкімшілік-шаруашылық бөлімін басқарды. 1929 жылы осы университеттің профессоры болып бекітілді жəне Қазақ педагогика институтының проректорлығына тағайындалды. Х.Досмұхамедовтың бүкіл ғылыми еңбектері осы кезеңде дүниеге келді.
Ғұлама ғалымның шығармашылық жолында жемісті еңбек еткен жылдары (1920–1929)
«Кеңес үкіметі соңына түсіп, ғылыми еңбектеріне қатаң тыйым салған Алаш зиялысы қандай ғалым болды екен?» деген сауал бүгін біз үшін өте маңызды.
Х.Досмұхамедұлының еңбектерін саралай келе, оның жан-жақты біліміне таң қаласыз. Жауапты қызметтер атқара жүріп, ол отандық ғылымның дамуына мол үлес қосты. 1922–1928 жылдар аралығында негізгі еңбектері жарық көрді: «Табиғаттану», «Жануарлар» (екеуі де 1922); «Оқушылардың саулығын сақтау» (Ташкент, 1925); «Адамның тəн тірлігі» (Қызылорда-Мəскеу, 1927); «Жануарлар: сүйектілер туралы» (1928), тағы басқа еңбектері.
Алаш ғалымдары мемлекеттікті лауазым үшін емес, керісінше, елге қызмет ету деп қазаққа қажетті істердің басында болған. Х.Досмұхамедовтың қажетті ғылыми еңбек ретінде Ю.Вагнердің«Дене бітімі мен оның жұмысы туралы əңгімелерін», «Өсімдіктердің жаратылысы мен тіршілігі туралы əңгімелерін» қазақ тіліне дер кезінде аударуы да осы ірі ғылыми мақсаттан туындайды. Бұл аударма сол кездегі А.Байтұрсынұлы мен Т.Шонанұлының «Оқу құралына» молымен енгізілген [2; 337].
X.Досмұхамедұлы — латын, араб, парсы, түрік, орыс, неміс жəне француз тілдерін меңгерген ғалым. Сондықтан ол тілтанушы, тарихшы, этнограф, аудармашы, əдебиеттанушы болған.
Əсіресе Халелдің ауыз əдебиетін жинастырып, баспа бетіне шығарудағы еңбегі зор. Махамбет, Мұрат ақынның жырларын, Шернияз бен Ығылманның толғауларын жинастыруда өшпес еңбек етті.
«Мұрат Мөңкеұлы», «Шернияз-шешен», «Қарасай-Қази», «Қыз Жібек», «Кенесары–Наурызбай» сияқты кітаптардың кейбіреуіне өзі алғысөз жазып шығарды. Абай, Мағжан, Шернияз ақындардың шығармаларының баспа көруіне себепші болды. «Алаш не сөз», «Кенесарының соңғы күндері», «Қазақ əдебиетінің тарихы» сияқты, тағы басқа ғылыми-теориялық еңбектер жазып қалдырды.
«Мұрат ақын сөзі» (1924), «Исатай–Махамбет» (1925), «Аламан» (1926) жинақтарын шығарды. 1924 жылы Ресей ҒА-ның Орталық өлкетану бюросының корреспондент мүшесі болып сайланды. Осы жылы Түркістан Халық ағарту комиссариаты атынан Орынборда өткен қазақ білімпаздарының, Мəскеуде өткен Бүкілресейлік денсаулық сақтау қызметкерлерінің съездеріне қатысты.
Ғалымның 1920–1929 жылдары жарық көрген ондаған мақалалары мен кітаптары қазақ тарихы мен əдебиетіне өлшеусіз үлес қосты. Оның фольклортану саласындағы еңбектерінің ішінде оқшау тұратыны 1928 жылы жазылған «Қазақ халық əдебиеті» очеркі [8; 14–37].
Бұл еңбегінде Халел ауыз əдебиетінің түрлерін жіктеуді мақсат еткен. Халық əдебиетінің мазмұны туралы айтқанда шілдехана, бесік жырларының тəрбиелік мəніне тоқтала келіп, «Қазақ баласының шыр етіп жерге түскеннен бастап кəмелетке толғанға дейінгі тыныс-тіршілігі əн-жырдың құшағында өтеді. Əдетте оның ең бірінші еститін үні — анасы айтқан бесік жырының əуені. Балалар ойындарының басым көпшілігінің үстінде түрлі тақпақтар қоса айтылса, ал бозбалалық шақтағы өмірі ғашықтық жырларға толы.
Қазақ баласын тəрбиелеуде дыбыстық ырғақтардың басты орынға шығуына, сірə, халық əдебиеті мен халық əндерінің кең таралып, дамуы жəне қазақтардың өмірдің кез келген жағдайында өлең шығарып, əн айтуы бір себеп болса керек» [8; 16], — дейді.
Ғалым мұнан кейін ғашықтық жырлардың шығу тарихы мен тəлім-тəрбиелік мəнін сөз ете келіп, жар-жар, тойбастар, беташар жырларына ерекше тоқталады: «Үйлену той жырларының келесі түрі — беташар. Ұзатылған беті жабулы қыз күйеу жігіттің үйіне келгеннен кейін той үстінде беті ашылады, келін жиналғандармен, жиналғандар келінмен арнайы өлең арқылы таныстырылады. Бұл жырларда негізінен келінге қатысты əдептілік ережелері жəне қайын атаға, қайын енеге, күйеу жігіттің өзге де туыстарына мінездеме (кейде күлдіру үшін əзіл-қалжыңға сүйей) беріледі» [8; 17], — деп тұрмыс- салт жырларының тəрбиелік жағын сөз етеді.
Автор түс жору, болжам өлеңдерінің мəн-мағынасына да тоқталып, бұлардың көшпелі тұрмыс жағдайында қолданылу аясын ашып көрсетеді. Ғалымның терме-нақыл өлеңдерге берген бағасы, жақсы əйел, тəрбиелі ұл, көргенді қыз, əдепті келін, бай, батыр, кедей, мырза, тағы басқа əлеуметтік топтардың бойында қандай қасиеттер болуы керектігі жайлы айтқандары тəлімдік жағынан өте құнды деректер.
Халел қазақтың салт-дəстүрлеріне байланысты ырымдардың діни наным-сенімдерімен байланысты туу себебін аша келе, «қайсыбір ырымдарды бұлжытпай орындап отыру тəрбиелікті, көргендікті көрсетеді жəне міндетті түрде атқарылуға тиісті əдеп-жоралғыларын сақтау болып табылады» [8; 29] деп бұлардың тəлімдік мəнін арнайы сөз етеді.
Осы шығармасында Х.Досмұхамедов халқымыздың шаруашылық кəсібі, тұрмыс тіршілігі, аңшылық өмірі, киіз үйі мен оның барша жиһазы, ұлттық киімдері, əсіресе қыздар тағатын алтын- күміс, сырға-шолпы, теңге, қамқа тон, бес қару мен ер-тұрман, т.б. тізбектей келіп, осылардың жас буынды еңбекке, кəсіпшілдікке, ерлікке, əсемдікке, сыпайылыққа, адамгершілік қасиеттерге баулып тəрбиелеуде маңызы зор екендігін нақтылы деректер келтіріп, дəлелдейді [9].
Халелдің ғылым, білім, тіл жайында айтқан ой-тұжырымдарына қарап, оны тəлім-тəрбие ғылымының да білгірі деп əбден айтуымызға болады. Бұл айтқанымызға оның 1924 жылы жарық көрген «Қазақ-қырғыз білім комиссиясынан» атты мақаласының төмендегі жолдары жақсы айғақ:
«Білім оңайлықпен қолға түспейді. Білім алуға көп еңбек керек. Аса сабыр керек. Білім мысқылдап кіреді. Білімді болу үшін көп сарғаю керек... Білім алудың жолы көп, жолдың ішіндегі ең төтесі жақсы мектеп, білімді мұғалім, мұнан қалса, ел ішінде көпке түсінікті болып жазылған білім кітаптары» [8; 48].
Ғалымның тіл мəселесі жөнінде айтқан пікірлері көңіл аударарлықтай. Ол «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы» деген еңбегінде тіл, сөйлеу — адам психологиясының басты белгілерінің бірі екендігін айтады: «Əдебиет тілінің қаруы — баспа мен мектеп. Баспа мен мектеп деген адам шошынарлық өте қайратты қару. Баспа мен мектепте қолданған тіл елге ақырында сіңбей қалмайды.
Мектеп пен баспаның тілі дұрыс тіл болса, елдің тілін көркейтіп, байытып, гүлдендіреді; мектеп пен баспадан қолданған тіл шатасқан тіл болса, ол ел — сорлы ел, мұндай елдің тілі бұзылмай қалмайды...
Бөтенше жақсы сөйлеймін деп мақтану керек емес, ойлаңқырау керек.
Ана тілін жақсы біліп тұрып бөтенше жақсы сөйлесең — бұл сүйініш, ана тілін білмей тұрып бөтенше жақсы сөйлесең — бұл күйініш» [8; 91, 99].
«Аламан» атты туындысында Х.Досмұхамедов тілмен қатар əдебиетіміздің де ұлт психологиясының айнасы екендігіне көңіл аударды: «Халықтың құлқы, мінезі, ойы заманындағы əдебиетінен білінеді. Əдебиет — халықтың түрлі қимылдарының айнасы. Жиырмасыншы ғасырға дейін қазақта жазба əдебиет жарытып болмады. Бірақ халық арасындағы ауыз əдебиет қазақта бай болды. Ауыз əдебиетінің көбі — он тоғызыншы ғасырдың мирасы. Арғы əдебиеттен қалған жұрнақ аз...
Осы əдебиетті тексеріп отырсақ, қазақтың өткендегі құлқы, мінезі, заманындағы күйініші, сүйініші, арасында болған түрлі əлеумет қимылдары анық сезіледі. Заманымыздағы түрлі қимылдардың, жаман-жақсы мінездердің құр өз-өзінен пайда болмай, өткен заманмен тамырласып жатқаны байқалады.
Бұрынғы əдебиетпен танысқанда қазақтың бойына біткен мінездің бірнеше түрі орасан адырайып тұр...» [8; 147].
Ғұлама ғалымның психологиялық тұрғыдан ерекше назар аудартар ендігі бір түйіні — ұлттық психологияның қалыптасуына қоғамдық ортаның, əсіресе ондағы əлеуметтік тəрбиенің ықпалы жайлы мəселе: «Ұлт мемлекетін жасап, қазақ арасынан əлеуметшілік туғызамыз деген дəуірде тұрмыз.
Жаңа əлеуметшілікті тура жолмен жасау үшін елдің бұрынғы, соңғы əлеумет мінездерін тексеру керек.
Қазақ əлеуметшілігінің өткенін жөндеп түсініп, қазіргі қалпын анық көріп, кемісін болжай білу — көп қазаққа көз болған, мəдениет жолына көшбасшы болған «молдаға оқып тəрбие алған, ордаға кіріп жол көрген» оқыған зиялыларымыздың міндеті.
Біздің жұмысымыз ел əдебиетінде бадырайып көрініп тұрған «өткен əлеуметшіліктің» бір бұтағын көпке көрсету. Оңды əлеуметшілік құру үшін елдің өткен-кеткен тұрмысын, бұрынғы болған əлеумет қимылдарын тану керек» [8; 150,151].
Бұл түйіндерден Досмұхамедұлының ұлт (этнос) психологиясының қызықты, іргелі мəселелеріне көңіл аударғанын байқаймыз.
Халелдің қаламы жүйрік журналист болғанын жиырмасыншы жылдарда қазақ тілінде шығып тұрған «Шолпан», «Ақ жол», «Еңбекші қазақ», «Сəуле» сияқты газет-журнал беттерінде жарияланған мақалаларынан айқын көруге болады. Ол сонымен бірге Қазақ-қырғыз білім комиссиясы жанынан «Сана» деген атпен тəлім-тəрбие журналын шығаруға араласады [10].
Х.Досмұхамедов 1922–1925 жылдары мəдениетті көркейту мақсатында құрылып, жұмыс жасаған «Талап» қауымының басқармасына төрағалық етті. «Талап» қоғамының бағдарламасы 1923 жылы «Сана» журналының бірінші санында жарияланды. Қоғамның басты мақсаттары — қазақ халқының əдеби тілін зерттеу, ғылыми терминология қалыптастыру, ұлттық өнерді, халықтың салт- дəстүрін зерттеу жəне насихаттау, мектеп жұмыстарына көмектесу болды [11].
«Талаптың» мүшелері көпшілік алдында дəріс оқып, баяндамалар жасап, түрлі көрмелер ұйымдастырып, өнердің неше түрлі үлгілерін, кітаптар мен қолжазбалар шығарып, кітапхана жəне оқу залын ашады. «Талап» қоғамы көздеген мақсатына жетпесе де, ұлт мəдениетін өркендетуге өзінің қомақты үлесін қосты.
Досмұхамедұлының қазақ тарихына қатысты еңбектерінің ғылыми құндылығы
Халел Досмұхамедов — Алаш қайраткерлерінің арасынан қазақ тарихы туралы құнды еңбектер қалдырған айрықша тұлғалардың бірі. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында қазақтың этнографиялық тарихын зерттеуге ықыласын пайдалана отырып, өз халқы тарихының дала қойнауларында тұншығып жатқан маңызды деректерін жарыққа шығаруы өте құптарлық іс болды. Өйткені қазақ тарихын зерттеу тек орыс ұлтынан шыққан зерттеушілердің еншісінде болғанын ескерсек, Х.Досмұхамедұлының өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында жарияланған еңбектері қазақ тарихының жарқын беттерін ашуға ықпал етті. Мысалы, Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған шаруалар көтерілісінің тарихы Х.Досмұхамедов деректері негізінде жазылды [12].
Ол Қазақ халқының өзі сайлаған соңғы ханы Кенесары туралы жан-жақты зерттеу жүргізген. 1923 жылы көптеген түсініктерді қоса отырып, «Кенесары–Наурызбай» атты кітапты жарыққа шығарған. Оның алғы сөзінде Халекең былай деп жазады: «... а) Мектептерде оқылатын ана тілі үшін тарихи поэманың жақсы үлгісін беру; б) Ел əдебиетінен алынған сөздерді қалай етіп шығару туралы қолдан келгенше үлгі көрсетіп жол салу» [8; 100].
Халекең сондай-ақ патша əкімшілігіне қарсы Қазақстанның батыс өлкесінде жиі тұтанып тұрған халық көтерілістерінің себептеріне де тоқталады. «Кіші жүз қазақтары сонау XVIII ғасырдың 30-шы жылдарында-ақ өз еркімен патшалық Ресейдің қол астына кірді» деп кеңес тарихшылары осы уақытқа дейін кең көлемде айтып та, оны мерекелеп, салтанатты түрде тойлап та келді. Ал Халел осынау дақпырт, негізсіз құбылысты сонау 20-шы жылдары-ақ дəлелді түрде нақты мəліметтермен жоққа шығарған болатын [13].
Х.Досмұхамедов қазақтан шыққан алғашқы түркітанушы. Ол 1923 жылы «Шолпан» журналының 7-санында «Диуани лұғат ат-түрік» атты мақала жариялады. Осы мақаласы арқылы қазақ қоғамын алғаш рет ұлы сөздікпен таныстырып, Махмұд Қашқаридің тарихтағы орнын белгілеп берді.
Аталмыш мақаласында «Кітаптың шығарушысы Махмұдтың туған, кіндік кесіп, кір жуған жері, ата қонысы Ыстықкөл жағасы Барсхан шаһарында болды. Махмұд Қашқари Азиядағы түрік бектерінен, əскерінен, ғалым, шайырларының алдыңғы қатарынан болған» — дей келіп, Махмұдтың тегін саралап таныстырады. Халел «Диуани» 1073 жылы жазылған деп ғылыми тұжырым жасайды. Махмұд Қашқаридің замандасы болған Йусуф Хас Хажибтың «Құтадғу білік» есімді кітабы 462 жылы тауық (1069–1070 қыс күні) жылы жазылған. Осылайша Махмұд Қашқари кітабы мен Йусуф Хас Хажибтың кітабы жазылуының арасы екі-үш жыл уақыт болады деп тұжырымдайды [14].
Халелдің көрнекті тарихшы-өлкетанушы болғандығы белгілі. Оның тарихи өлкетану саласындағы зерттеу еңбектерінің негізгі бағыты — Кіші жүз шежіресін жинақтап бастыруы. Ол Кіші жүз руларының шежіресін жинақтаумен əскери-дəрігерлік қызметтен босағаннан кейін айналыса бастаған. Ғалым шежіре арқылы белгілі бір аймақтағы халықтың шығуына, таралуына үлкен мəн береді.
Ол «Кіші жүздің рулары» [8; 105–106] атты тарихи-этнографиялық бағытта жазылған мақаласында мынандай құнды деректер келтіреді: «Кіші жүз үлкен үш бөлімге бөлінеді: 1) Əлім (əлімұлы), 2) Байұлы, 3) Жетіру болып. Бұлардың үшеуі бірігіп, Алшын болып аталады. Кейбіреулер Жетіруды Алшынға қоспайды, бірақ ел «Үш алшын» деп сөйлейді.
Жетіру мынадай жеті руға бөлінеді:
1) кердері, 2) табын, 3) тама, 4) жағалбайлы, 5) рамадан, 6) кереит, 7) телеу.
Байұлы он екі атаға бөлінеді:
1) шеркеш, 2) ысық, 3) тана, 4) байбақты, 5) масқар, 6) қызылқұрт, 7) алаша, 8) адай, 9) беріш, 10) таз, 11) жаппас, 12) есентемір.
Алдыңғы жетеуі үш сиық болып атанады: шеркеш — қыдыр сиық; ысық — бақты сиық; тана, байбақты, қызылқұрт, масқар, алаша — сұлтан сиық: Бұл жетеуі үш сиық болып, бір топ болады. Байұлының ішінде алтын деген бір ру бар. Алтын қатынның аты екен. Алтыннан өрбіген тұқым алтын атанса да, жаппасқа кіреді. Алтын жаппас болып атанады деп қарттар айтысады.
Əлім алты ата болады жəне əлімге шөмен (шөмекей), кете, ожырай деген рулар қосылады.
Бұлардың бəрі əліммен бірге қаракесек болып атанады.
Шекті, назар, шүрен, тілеу, қабақ, қарасақал Əлімнен бөлінеді. Кете, ожырай, шөмен əлімнен шықпаса да, əлімге қосылып, жоғарғы рулармен бірігіп, əлімұлы деп аталады».
Халел осы шығармасында Кіші жүз руларының ұрандарына үлкен көңіл аударады. Ол жинақтаған Кіші жүз руларының шежіресі М.Тынышпаевтың кітабына енген [15].
Халелдің қай еңбегінде болсын Кіші жүз руларының шежіресі шебер пайдаланылады. Оған дəлел ретінде «Самарқанд шаһарындағы «Тіллə-Қари» жəне «Ширдар» медреселерін салдырушы Жалаңтөс батырдың шежіресі» атты мақаласын [8; 40–44] алуға болады. Мұнда Самарқанд қаласындағы атақты Регистан алаңында салынған екі медресені тұрғызушы Жалаңтөс батырдың кім екендігін шежіреге сүйене отырып, көрсетеді. Ғалымның зерттеуіне қарағанда, Жалаңтөс батыр — белгілі тарихи тұлға, Кіші жүздің Əлімұлы бұтағынан тарайтын Төртқара руынан. Ол — атақты Əйтеке бидің үлкен атасы. «Оның тікелей ұрпақтары қазіргі кезде Сырдария губерниясының Қазалы уезінде тұрады» деп көрсетеді. Мақалада Кіші жүз қазағы Жалаңтөс қалайша Самарқандқа əмір болды деген сұраққа былай жауап береді: тарихи деректерге қарағанда, Түркістанды жаулаушылардың ішінде Əлім руының қазақтары да болған. Жалаңтөс өмір сүрген мезгілде (1578– 1656) Бұхарада 1608–1644 жылдары астрахандық Иманқұл хан болған. Ал Жалаңтөс батыр Иманқұл ханның əскер басшысы еді. Кейін Жалаңтөс Самарқандтың əмірі болады. Ол 1616–1656 жылдар аралығында Самарқандта жоғарыда айтылған екі медресені салдыртқан. Жалаңтөс батырдың денесі Самарқандтан 12 шақырым жердегі қорымда жерленген.
Х.Досмұхамедұлы «Бұхарадағы Көгілташ медресесінің салынуы туралы əпсана» деген мақаласында [8; 44–47] Кіші жүздің тама руынан (Жетіру) Көге деген адамның Бұхара қаласында медресе салдыру тарихы əңгімеленеді. Сол сияқты «Тайманұлы Исатайдың қозғалысы туралы қысқаша мағлұмат» атты мақаласында [8; 51–79] да Исатай батырдың ата-бабаларын шежіреге түсірген. Осыдан шығатын қорытынды: профессор Х.Досмұхамедұлы тарихшы-этнограф, үлкен шежіреші, ғалым болған.
Алаш қайраткерінің қуғын-сүргінге ұшыраған азапты жылдары (1930–1939)
1937–1939 жылдары ұлтқа жасалған қанды қырғын Алаш жетекшілерін арман-мақсаттарына жеткізбеді. Қасапшы қол, сталиндік саясат тамаша идеяларды көкөрім шағында турап тастады.
Репрессия кезінде жазықсыз қазақ зиялыларының ішінде Қазақстан жоғары мектебі мен ғылымы, мəдениеті саласындағы көптеген көрнекті ғылым, мəдениет қайраткерлері сталиндік жендеттердің қолынан қаза тапты. Сталиндік жендеттердің қанды шеңгеліне ілінгендердің ішінде Х.Досмұхамедов та болды.
1930 жылы Алашорда құрамында болғандығы үшін оған саяси айып тағылып, жұмысынан босатылды. 1932 жылы 20 сəуірде ОГПУ үштігінің шешімімен Воронеж қаласына бес жылға жер аударылды. Онда жүріп Денсаулық сақтау жəне гигиена институтында бөлім меңгерушісі, балаларды емдеу-сақтандыру амбулаториясы меңгерушісінің орынбасары, Оңтүстік-Шығыс темір жол санитарлық бөлімшесінің дəрігер-эпидемиологі болып қызмет істеді.
Воронежде Халелмен бірге Əбдіхамит пен Жақып Ақбайұлдары, Əшім Омарұлы, Жанша Досмұхамедұлы, Сейдəзім Қадырбайұлы, Кəрім Тоқтабайұлы, Мұхаметжан Тынышпайұлы, Жұмақан Күдеріұлы, Мұхтар Мурзиндер жəне басқа бір топ қазақ зиялылары болды. Оларға 1935 жылы мерзімді уақыты біткен соң елге оралуына рұқсат берілді [8; 11].
Халел осы қалада жұмысын жалғастыра береді. 1938 жылы 26 шілдеде жалған саяси айыппен екінші рет тұтқынға алынып Мəскеуге, кейін Алматыға жіберіледі. Соңынан іздеп келген жұбайы Сағираға кездесуге рұқсат берілмейді.
1939 жылы 24 сəуірде əскери трибуналдың үкімімен ату жазасына кесіледі. Сол жылғы 19 тамызда түрме ауруханасында өкпе ауруынан қайтыс болады.
«Халқыма қызмет етуден артық бақыт жоқ» деп бар мағыналы өмірін осы жолға арнаған аяулы азамат осылайша зұлымдықтың құрбаны болды. Оның ісі тек 1958 жылы 28 ақпанда Қазақ КСР Жоғарғы Сотының Қылмыстық істер коллегиясында қайта қаралып ақталды.
Түйін
1958 жылы ақталғанымен ұзақ жылдар бойына Халелдің есімі аталмай, еңбектері жарияланбай келді. Өйткені XX ғасырда 30-жылдардың басынан 80-жылдардың соңына дейін Алаш пен Алашорда тарихын зерттеуге ресми түрде тыйым салынды. Осы қозғалысқа қатысқан қайраткерлер 20–30- жылдары «контрреволюционерлер», «ұлтшылдар», «халық жауы» деп жалған жаламен айыпталып, сотталды, айдалды, атылды. Сондықтан, Алаш жөнінде, оның қатарында болған Досмұхамедов жетекшілік еткен қайраткерлер туралы да шындық айтылмайтын болды. Бұл тақырып жабық күйінде қалды. Мысалы, 1984 жылы «Қазақстан» баспасынан жарық көрген «Алғашқы қазақ дəрігерлері» атты шағын кітапша Алашорда қозғалысының басшыларының бірі болған Х.Досмұхамедовтың аты- жөнін атағаны үшін жиналып алынып, жойылып жіберілді [16].
Тек тəуелсіз ел болған тұста ғана Досмұхамедұлының еңбектері мен есімі халқымен қайта қауышты. 1994 жылы 23 мамырда Министрлер Кабинетінің шешімімен Атырау мемлекеттік университетіне Халел Досмұхамедұлы есімінің берілуі оның жерлестерінің ғана емес иісі қазақтың өміріндегі айтулы оқиға болды. Білім ордасы қабырғасында арнайы «Халелтану» курсы оқылады, зертхана жұмыс жасайды. Университет алдына Алаш ардақтысының ескерткіші қойылды. Алматы жəне Атырау қаласындағы көшелерге оның есімі берілді. Атырау облысы Миялы кентінде (туған жері) оған ескерткіш орнатылды.
Соңғы жылдары елі үшін аянбай еңбек еткен қоғам қайраткерінің, ғұлама ғалымның мұралары зерттеле бастады. Өмірі мен шығармашылығы туралы еңбектер жарық көрді. 1998 жылы таңдамалы шығармаларының жинағы басылды [17].
Сөз соңында айтарымыз, Х.Досмұхамедов XX ғасырдың отызыншы жылдары орын алған зорлық-зомбылықтың, заңдылықты бұзудың кінəсіз құрбаны болып, жазықсыз жазаға ұшырап, кейін ақталған қазақ зиялыларының қыруар қайраткерлері қатарындағы ірі тұлғалардың бірі. Ол аса көрнекті мемлекет, қоғамдық-саяси қайраткер, үлкен ғалым жəне профессор. Халел Досмұхамедовтың қайраткерлігіне жəне еңбегіне баға беру болашақ жас ұрпақты рухани жəне саяси тұрғыдан тəрбиелеу үшін керек. Алдағы жылдарда ұлт ардақтысының халқы үшін жасаған еңбектерін зерттеу-зерделеу жалғасын таба бермек.
Әдебиеттер тізімі:
The national encyclopedia. The third volume /Editor-in-chief A.Nysanbaev. — Almaty: the Main edition «Kazakh encyclopedia», 2001. — 720 р.
Ismakova A. Literaturovedenie «Alasha». — Almaty: Mektep, 2009. — P.
Zhanabajly Halel truly served the people // The Three-copecks piece the Horde. — № 17 (431). — April, 24–30th. — 2008. — Р. 28,29.
Eskendiruly (Abdeshev) Ministry «Alash of the Horde». — Almaty: Open Company «Printing house of the operative press», 2008. — 114 р.
Nurpeisov K. Politicheskij dejatel Halel // Zhalyn. — 2009. — № 7. — Р. 30–35.
Asylbekova A. Halel Dosmuhamedov // Kazakh. — № 30–31 (431–432). — July, 23–30rd. — 2010. — Р.
Slyamova The outstanding representative of «Alasha» — Halal Dosmuhamedov // History of Kazakhstan. — 2010. — № 2 (101). — Р. 16.
Dosmuhameduly A. — Almaty: Ana tili, 1991. — 176 р.
Jaricbaev К., Kaliev S. Educational work of Kazakhs: the Manual. — Almaty: Sanat, 1995. — P.
Togisbaev B., Sushikova A. Historical figures. The informative edition. — Almaty: Almatykitap, 2006. — P.
Rasheva Vklad in a science of educators from Turkestan // History of Kazakhstan. — 2010. — № 4 (103). — Р. 73–74.
Jumabaeva A historical science of Kazakhstan: teoretiko-methodical bases and directions of researches // History of Kazakhstan. — 2010. — № 5 (104). — Р. 20–22.
Otenias S. Issledovatel of history // Jalin. — 2009. — № 7. — Р. 42–43.
Sabyr Halel Dosmuhamedov and questions of knowledge of Turkis // Kazakh. — № 41 (502). — on October, 18th. — 2010. — Р. 6.
Tynyshbaiuly M. Materialy, concerning stories of the Kazakh people /a family tree of Kazakhs (the collection, condition from three heads). — Tselinograd: Publishing association «KALAMGER», 1991. — P. 31–39.
Kazakbaeva Halel Dosmuhamedov — the outstanding son of the people // Нistory of Kazakhstan. — 2006. — № 6. — Р. 107.
Dosmuhameduly Х. The selected works. — Almaty: Ana tili, 1998. — 384 р.