Мұхаммед Хайдар Дулат мұрасы мен жерленген жерін зерттеудегі келелі мəселелер

Oinet.kz 08-09-2020 700

Елбасы Н.Ə.Назарбаев 2008 жылғы 13 маусымдағы «Мəдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының қоғамдық кеңесінің кеңейтілген отырысында оны іске асыруды тапсырғандығын айта келе, еліміздің мəдени мұрасы орны толмас құнды рухани, мəдени, экономикалық жəне əлеуметтік қазына екендігін, осы арқылы əлемдік ғылыми ой-сананың, мəдениет пен əдебиеттің үздік жетістіктері негізінде гуманитарлық білімнің мемлекеттік тілдегі толыққанды қорын құру  жөнінде өте қомақты нəтижелерге қол жеткізілгендігін, ол елдегі жəне шетелдік зиялы қауым тарапынан жоғары бағаға жəне өзінің əрі қарай іске асырылу құқығына ие болғандығын атап көрсетті.


Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Білім жəне ғылым министрлігінің Ғылым комитетінің Ш.Ш.Уəлиханов атындағы Тарих жəне этнология институтының ұсынысы бойынша Мұхаммед Хайдар Дулаттың жерленген жері жəне ғылыми мұрасына қатысты іс-шаралар 2008–2009 жж. ЮНЕСКО-ның жоспарына енгізіліп, 2010–2011 жылдарда «Мəдени мұра» ұлттық стратегиялық жоба есебінен зерттеу жұмыстарын жүргізуге арнайы қаражат бөлініп отыр.


Сондықтан бұл мақалада Қазақстан тарихы мен тарихшыларының қара шаңырағы Ш.Ш.Уəлиханов атындағы Тарих жəне этнология институтының соңғы жылдарда жүргізген зерттеу жұмыстары Һақында арнайы мəлімет бергенді жөн деп санаймыз. Біз тек үш нəрсеге көңіл аударайық.


Бірінші. 2006 жылдың қазан айында аталған Институт пен Кашмир университетінің Орталық Азияны зерттеу орталығы арасында меморандумға қол койылып, бірқатар тарих саласындағы, соның ішінде зерттеуге Мұхаммед Хайдар Дулаттың жерленген жері жəне ғылыми мұрасына қатысты мəселелерді ғылыми тұрғыдан жəне заңды негізде зерттеуге мүмкіндік ашылды. Аталған келісім- шартқа қол қояр алдында, яғни қыркүйек айында, Кашмирде болып, алғашқы рет «Мазар-и Салатиндегі» Мұхаммед Хайдар Дулаттың, оның айналасындағы жатқан адамдардың зират құлпытастарын көріп, арнайы Құран бағыштадық. Оларды таспаға түсіріп, елге қайтқан соң Институттың ғылыми кеңесінде баяндама жасалған еді. Сол сапарда бірнеше  Үндістан ғалымдарымен сұхбаттасып, М.Х.Дулат жөнінде арнайы зерттеулер қажеттілігіне көзіміз жетті.


Алыс шетелдердегі қазақ халқының тарихи-мəдени мұраларының ішінен Мұхаммед Хайдар Дулат мұраларының алатын орны ерекше. Тəуелсіздік таңы атысымен-ақ академик М.Қ.Қозыбаев оны тұңғыш қазақтың тарихнамашысы, ал профессор Əбсаттар Дербісəлі қажы оған қазақ тарихының Геродоты деген атақ берді. Ол дулат руынан шыққан, Кашмир жерінде өмір сүріп, оның билеушісі болды. Оның денесі қазіргі заманғы Кашмир территориясы орналасқан жерге берілді. Бірнеше жыл бұрын оның жерленген жері туралы мəселенің қозғалуына хазрет Əбсаттар Дербісəлі күш салды. Бірақ соңғы жылдардың зерттеу жұмысы бұл мəселенің күрделі екендігін көрсетті. Сондықтан да арнаулы ғылыми зерттеулер, М.Х.Дулаттың нақты жерленген жерін анықтау жəне қосымша мəліметтер алу, жаңа деректер мен құжаттар табу мақсатында, Үндістанға экспедициялық сапарлар жасалуы қажеттілгі бірінші орында тұрды.


Институттағы «Қазақстанның тарихи өткені мен келешегінің ұлттық идеясы» ғылыми- қолданбалы зерттеу аясында 2008 жылдың 10–18 қазаны аралығында Мұхаммед Хайдар Дулаттың жерленген жерін іздестіру жəне белгілеу бойынша Сринагар қаласына (Кашмир, Үндістан) жалпы шолу мақсатында ғылыми экспедиция жасалынды. Экспедицияға осы мəселе төңірегінде айналысатын мамандар, сол сияқты арнаулы аудармашы жəне режиссер-оператор қатысты. Экспедиция материалдары алдыңғы белгілі мəліметтер жүйесін кеңейтуге  мүмкіншілік берді. Төменде белгілі антрополог, академик Оразақ Смағұловтың жасаған есебінен үзінді келтіре кетуді жөн санадық.


«Жалпы шолу мақсатындағы экспедиция. Экспедиция конференция жұмысымен ұштасты. Сринагар қаласындағы саяси жəне діни ахуалдың тұрақсыздығына орай, оны жүзеге асыру оңайға соқпады жəне Мырза Хайдар Дулати жерленген жерге зиярат ету де, қақтығыстарға байланысты қиыншылықтарды болдырмау мақсатында, профессор Муштак Кау басшылығындағы Орталық Азия зерттеу орталығы мен университет ректоры Риаз Пенджаби біздің қауіпсіздігіміз бен қысқа уақыт ішінде М.Х.Дулатидың жерленген орнымен танысуымыз үшін қажетті шараларды жасады. Біз жоғарыда аталған мекеме басшылығына зор ризашылығымызды білдіреміз. Сонымен қатар айта кететін ерекше жайт, Кашмир ғалымдары арасында үлкен сенім мен беделге ие болған біздің Институтымыздың директоры, профессор С.Ф.Мажитовтың белсенді ғылыми қызметін атап айту қажет. Біздің Мырза Хайдар Дулатидың жатқан жерімен танысып, көруге рұқсат  алуымыздың себебін осылай түсіндіруге болады. Экспедиция құрамындағы 5 адам (С.Ф.Мажитов, О.Исмағұлов, З.Қинаятұлы, Г.Атабаева, О.Шуппо) 2008 ж. 17 қазанында зиратқа бардық. Онда ХІV ғасырда Зайн- ул Абединнің анасының құрметіне салынған «Бадшах ханум» деп аталатын тамаша архитектуралық мавзолей орналасқан. Жалпы зираттардың кейбір түрлері мен Мырза Хайдар Дулатидің жерленген зиратына бейнетүсірілім жасадық. Себебі бұл жалпы шолу мақсатындағы экспедициясында зираттың төбеден қарағандағы құрылысының нақты өлшеу жұмыстарын жүзеге асыра алмадық. Бірақ өзім бейнетүсірілімдер жасадым, осы уақытта О.Шуппо бейне үнтаспаларға түсірсе, З.Қинаятұлы тас тақтадағы жазба мəтінін жазып алумен айналысты, Г.Атабаева ұйымдастыру жұмыстарын басшылыққа алды. Сонымен қатар Мырза Хайдар Дулатидің жерленген орнынан қазақстандық жерлестерімізге естелік ретінде бір уыс топырақ алдық. Жалпы, менің ойымша, біздің жалпы бағдарлау мақсатындағы экспедициямыз сəтті болды жəне Хайдар Дулатидің өмірі мен қызметін зерттеуде жақсы бастама қызметінің қалыптасуына негіз болды. Барлық жинақталған мəліметтерді Тарих жəне этнология институтынан табуға болады».


Бұл жерде айта кететін бір жағдай, ол аталған ғалымдардың Мұхаммед Хайдар Дулаттың тұрған жеріне барғандығы. Ол жер бір мəліметерде «Индеркол», екіншісінде «Индракот» деп аталады.    Сол жерге барғанымызда бабамыздың аяғы басқан жерде көптеген жер үйлер тұрғызылып, үйіліп жатқан тастарды ғана көрдік. Ал жергілікті адамдарды сұрастырай келе, олардың көмегімен бір мешіттің қасына бардық. Оның сыртқы жағында, яғни артқы қабырғасында, тас дуалмен қоршалған жер бар екен. Ішіне қарай кіргенде көргеніміз тек аласа бойлы ағаштар мен жапырақсыз шыбықтар. Жергілікті жас тарихшы бұл жерде Мұхаммед Хайдар Дулат қаза тапқан шайқасқа қатысқан адамдардың сүйегі жерленген деді. Сонымен қатар сол жерде басқа адамдардың ауызынан Мұхаммед Хайдар Дулаттың өзі мүмкін осы, əлде басқа жерде жерленген деген екіталай пікірлер айтылды.


Екінші. Жүргізілген экспедициямен бір мезгілде 2008 жылдың жазынан 2009 жылдың сəуір айына дейін Ш.Ш.Уəлиханов атындағы Тарих жəне этнология институты əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен жəне Қазақстан мұсылмандарының рухани басқармасымен біріге отырып, «Мырза Мұхаммед Хайдар Дулат парсы деректерінде» деген үндістандық профессор, осы мəжілісімізге қатысып отырған белгілі ғалым Мансура Хайдардың даярлаған кітабына аударма жасалынды. Жалпы бұл жобаның идеясының авторы жəне кітаптің бас редакторы — еліміздің Бас муфтиі, филология ғылымдарының докторы, профессор Əбсаттар Дəрбісəлі. Жұмыс орыс тілінде орындалғандықтан, оған осы мақала авторы орысша мəтіннің редакторы болды. Ал парсы тіліндегі, яғни арнайы тарихи мəліметтердің редакторы қызметін атқарған белгілі ортағасырлар тарихы маманы, үстіміздегі жылы 75 жасқа толып отырған біздің Институтттың қызметкері Пищулина Клавдия Антоновна.


Профессор Мансура Хайдар өз еңбегінің кіріспесінде: «Қазақтар Мирза Мухаммад Хайдар Дулатты өздерінің ұлттық тарихнамашысы ретінде мойындағанша жəне оның барлық жетістіктерін көрсетіп, оның (енді) ұмытылмас есімінің даңққын шығарғанша ол белгісіз болып, ұзақ уақыт бойы Моғолстан ханзадаларының бірі болып қала берді. Енді бұл туралы айтудың қажеттілігі жоқ; сөзсіз, мерзімінен кешігіп айтылса да қазақтың ұлы қайраткерлерінің өкілі ретінде Мирза Хайдар өзінің отандастары тарапынан құрмет пен мақтауға əбден лайықты. Сондықтан да қазақ достарымның Хайдар Дулаттың өмірі мен шығармашылығын зерттеудегі ерекше қызығушылық ынталары менің өзімнің қазақ достарым үшін (оның) заманына тең жəне кейінгі үнді-парсы деректерінен алынған алғашқы мəліметтерді жинауыма жəне құрастыруыма себеп болды. Мəтіндердің үзінділері дерек ретінде жəне аударма түрі ретінде де көрсетілді. Кейбір қажет деген тұстарына өзгерістер енгізіліп, аудармасы қайта жасалынды. Ағылшын тілінде қысқа ғана мазмұндалған кейбір еңбектер бұрын аударылмаған. Бұл жұмыста түзетуді қажет етпейтін аудармалар да берілді», — деп жазады [1].


Үшінші. Аталмыш мəселеге байланысты ерекше жетістік — ол үстіміздегі жылдың маусым айында Қалиеқова Манзура Əбсаттарқызының «Мұхаммед Хайдар Дулатидің өмірі мен шығармашылығы: тарихнамалық талдау (XVI ғ. ортасы — XXI ғ. басы)» 07.00.09 — «Тарихнама, деректану жəне зерттеу əдістері» мамандығы бойынша тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дəрежесін алу үшін дайындаған диссертациясын қорғауы. Бұл əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеттің қабырғасында орындалған жұмыс бүгінгі Қазақстан тарихнамасының шын мəнінде үлкен оқиғасына айналып, дулаттанудың ілгері жылжуына қосылған қомақты үлес деп айтуға толық негіз бар. Себебі сол диссертацияға бірінші оппонент болуыма байланысты, қорғау алдында онымен өте мұқият танысып, жан-жақты талдауға тура келді.


Ұлтымыздың тарихы мен мəдениетін жаңғыртуда, халқымыздың тарихи-мəдени мұрасының өзіндік құндылықтарын қайта екшелеп, жүйелеуде тарихнамалық зерттеулер ерекше маңыздылық танытып отыратындығы баршамызға аян. Сондықтан тарихнамалық талдау тұрғысынан жазылған, яғни XIII–XVI ғасырлардағы дереккөздерін ұпайлап, оларға қажетті баға беруге арналған диссертациялық жұмыстың дүниеге келуі, сөзсіз, маңызды да, мəнді. Жəне де бұл қазіргі кездегі М.Х.Дулат туралы ең жаңа жұмыс болғандықтан, оған арнайы тоқталғанды жөн көріп отырмын.


Бүгінгі таңда қоғамда жүріп жатқан көптеген өзгерістерге дұрыс баға беру үшін жəне де мемлекетіміздің болашақ əлеуметтік дамуына болжау жасау жолында өткен тарихымызға жиі үңілген жөн. Біздің тарихи санамыздың түптамыры қайда жатқанын, шыққан тегімізді сездіретін тарихи тұлғалардың бірі ұлы ойшыл, тарихшы, стратег, ғалым, түркітанушы Мұхаммед Хайдар Дулат (1499– 1551). Қазақ хандығының қай кезде пайда болғандығын «бір Аллаһ біледі!..» жазған бұл ғұлама, сол сөзімен ол түркілік этникалық бастауымызда жатыр деген сезімді қалдыра білді, оны дəлелдеді [2].


Жоғарыда айтылған мəселелер төңірегінде талданып отырған диссертацияның тақырыбы мен оның қажеттілігі қазіргі кездегі ғылым мен қоғамның дамуына сəйкес келетіндігі сөзсіз. Екіншіден, талданып отырған диссертацияның тақырыбы ғылыми зерттелуі жағынан, тарихнамада бұл тақырыпта жазылған еңбектердің сапасы тұрғысынан, көпшілікке жарияланған тарихи фактілер мен ақиқаттың   құндылығы   деңгейінен   алғанда,   қорғауға   ұсынылып  отырған  бір   ғана  енбекпен де шектелуі мүмкін емес. Аталып отырған диссертацияның тақырыбы көпшіліктің, оның ішінде мемлекетіміздің тарихшылар мен қоғамтанушылар алдына қоятын талаптарынан туып отырғаны бірден байқалады [3: 3–9].


Талданып отырған диссертацияның тақырыбы ортағасырлық Қазақстан жəне оның Орта Азия тарихындағы ірі тұлғамен байланысы, сондай-ақ басқа да бірқатар проблемаларды тарихнамалық тұрғыдан қарастыру мақсаттарымен ғана шектелмейді, олардың пайда болуын жəне зерттелу үрдісіндегі ерекшеліктердің негізін қалпына келтіруді көздейді. Бұл негіз қоғамдық санада тарихи мұраларды халықты біріктіру символы, ел бүтіндігінің жəне ұлттық танымды нығайтудың факторы ретінде қалыптастыру болып табылады. Сондықтан зерттеу тақырыбы жəне автордың ұсынып отырған ой-пікірлері еліміздің тұрақты даму стратегиясының маңызды факторларымен үндесіп, ізденушінің өзіндік жасаған қадамдарының бірі болып табылады.


Зерттеу жұмысы — Қазақстан тарихының өзекті жəне келелі мəселелеріне сай жазылған еңбек. Қазіргі қоғамдық ғылымдар саласында кеңінен қолданысқа енген зерттеу тəсілдерін пайдалана жазылған жұмыстың құрылымдық қойылымы да тиянақты орындалған.


Мазмұны жағынан алғанда ізденуші диссертацияда Мұхаммед Хайдар Дулаттың өмірі мен шығармашылығына байланысты XVI ғ. ортасы — XXI ғ. басындағы тарихнамалық зерттеу үрдісінің талдауының дамуына жататын бірқатар мəселелерді қарастырғаны анық көрінеді [3; 34–137].


Диссертацияны жазу барысында автор ортағасырлар тарихындағы құбылыстарды талдауға мүмкіндік беретін отандық тарихнама мен тарихи ғылымда қалыптасқан бірқатар  əдіснамалық зерттеу тəжірибесін пайдаланып, олардың ішкі мазмұны жағынан тұтас болып келетін, жаңа ғылыми туындының жарық көруіне себеп болғаны көзге бірден түседі.


Зерттеу мазмұнын толығымен ашуда қолданысқа енген деректердің тұжырымдық сипаты диссертацияның сапалы орындалуына өз əсерін тигізген [3; 34–54]. Ғылыми ізденіс барысында тарих ғылымдарының кандидаты дəрежесін алу үшін дайындаған диссертацияның авторы төмендегі нəтижелерге жеткен.


Мырза Мұхаммед Хайдар Дулаттың шығармашылық мұрасы оның өмірі жəне қызметі арқылы салыстырмалы түрде зерттелген. Осыған орай диссертант зерттеліп отырған тақырыпқа объективті көзқараспен, яғни тарихи тұлғаға ғылыми баға беруге тырысқан. Диссертацияның 22 бетінде автор былай деп жазады: «Мырза Хайдар өте адал, өнегелі, парасатты жəне де өте діни адам болған. Əрине, жұмыр басты пенде болған соң қателесуі де тəн. Оның қателері мен игі істерін таразыға салып өлшеуге де болмайды. Өйткені ізгі істерінің көптігі оларды таразылауға келмейді. «Тарих-и Рашидиді» оқып отырып, Мырзаның қаншама діни кісілермен кездесіп, əрдайым олардан кеңес сұрап отырғанын, оларға құрметпен бас иетінін көресің».


М.Ə.Қалиеқова Мырза Мұхаммед Хайдар Дулаттың мемлекеттік қайраткер жəне тарихнамашы бола тұрып, өзіндік азаматтық қағидаларынан бас тартпағандығын, ғылыми түрде дəлелдеу білген. Орта Азияда орын алған таққа талас, өзге жерлерді жаулап алу үшін жүргізілген соғыстар басты кейіпкерді алаңдатып қана қоймай, оның ғылыми ұстанымдарының элиталық биіктікте сақталуына себеп болған. «Мырза Хайдар парасатты адам болғандықтан, негізінен өзі куəсі болған оқиғаларды суреттеп қана қоймай, оларға өз ойын, пікірін, көзқарасын білдіріп те отырған... Саид ханның ұлы Əбдірашид хан мен патша сарайындағы өзге де Мырза Хайдардың талантына іштарлық жасаушылардың зұлымдық істері имансыздық болса да, үлкен жүректі Мырза Хайдар кітабында оларға жаулық етпейді, дұшпандық ойларға берілмейді» [3; 28, 30].


Аталмыш диссертация авторы осы күнге дейін тарихнамада жəне тарихта бағалануы біржақты болып жүрген Мырза Мұхаммед Хайдар Дулаттың Кашмирді жаулап алу себептерін деректерге сүйене отырып, жан-жақты, яғни сын көзбен қарастырып, оған өзіндік баға берген [3; 24–33,   55–82].


«Мырза Хайдар Кашмирді өзі үшін жаулап алған жоқ. Не істесе де ол халық үшін, болашақ үшін жасады. Оның сенімі мықты болды. Сондықтан да алға қойылған жаңа мақсат — Кашмирді жаулап алуға Мырза Хайдар батыл аттанып, ойдағысын жүзеге асырды... Кашмирді ол бейбіт жолмен алды жəне де сол аймақта өмірінің соңғы жылдары өтті. Кашмир өлкесін де, халқын да Мырза Хайдар жақсы көрді. Кашмирді ол гүлдендірді, түрлі мəдениет салаларын дамытты. Дінді насихаттады. Бар білімін, өмір тəжірибесін игілікке жұмсады. Мырза Хайдар пəк пиғылды, үлкен жүректі гуманист адам болғандықтан, моғолдарға қалай қызмет етсе, кашмирліктерге де солай қызмет жасады. Мырза Хайдар Кашмир шииттерінің Сринагардағы өзі салған əдемі ғимараттарды өртесе де, ол ашуға бой алдырып, адамдық қасиетін жоғалтпайды. Өйткені ол досқа да, дұшпанға да кешірімшіл еді» [3; 31, 32].


Қарастырылып отырған тарихи деректер негізінде диссертант «Тарих-и Рашидидің» ғылыми енбек    екенін    дəлелдеп,    Мырза    Хайдардың    тиянақты    тарихшы-ғалым,    тарихнамашы жəне деректанушы екені жөнінде тұжырым жасаған [3; 34–55]. «Мырза Хайдар «Тарих-и Рашидиде» 36 автордың еңбектерін пайдаланған. Жалпы шығармалардың саны жетпістен асады. Яғни ол өзі өмір сүрген ғасырға дейін болған, өзі көрмеген, білмеген оқиғаларды сөз еткенде ғана оларға сенімді дерек көздері ретінде сүйенген» [3; 55].


Диссертацияда тұңғыш рет Үндістан жəне парсы тілді Орта Азиялық тарихшылардың ғалымдарының М.Х.Дулат хақындағы пікірлері салыстырмалы түрде қарастырылып, олар жөнінде: «Мырза Хайдарға деген көзқарастарының қазіргі үндістан тарихшыларының ортағасырлық тарихшылардың көзқарастарынан шықпайтынын айқын көре алдық. Ғасырдан ғасырға, жылдардан жылдарға тарихшылардың тарихты талдамай, жаңа деректерді іздемегендеріне көз жеткіздік» жəне «Ұлы кемеңгер шығармасының парсы тілді тарихшылардың еңбектеріне орасан зор ықпал жасағанын атап өткіміз келеді» деген түйін жасалынған [3; 55–83, 83–90].


Отандық тарихнамада ТМД елдері жəне Қазақстан ғалымдарының М.Х Дулат пен оның «Тарих- и Рашидиі» туралы зерттеулері алғашқы рет жүйелі түрде топталып, оларға ғылыми талдау жасалынып, мəселені болашақта зерттеу жолдары көрсетілген. Мұхаммед Хайдар Дулаттың «Тарих-и Рашидиі» тек тарихшылардың ғана емес, сонымен қатар еліміздің географ, философ, филолог, психолог-ғалымдарының еңбектерінде де орын алып арнайы айтылғаны туралы сараланған [3; 91– 113, 113–137].

Диссертант «Мұхаммед Хайдар Дулати» деп атағанынан гөрі, «Дулат» деп жазғаны жөн сияқты. Өйткені «и» жалғауы əдетте топоним, жергілікті орынды атағанда қолданылады. Мысалы, Махмұд Кашгари, яғни «Қашғарда туған Махмұд», «Қашғардың Махмұды» деген ұғым береді. Ал адамның руға немесе тайпаға жататындығы туралы сөз болғанда немесе этникалық шығу-тегі жөнінде айтылса, мұндайда «и» жалғауы қолданылмайды.


Жалпы айтқанда, Мырза Хайдар Дулаттың заманындағы тарихи тұжырымдамаларға баға беру, тарихи ой-пікірдің əрбір бағытына тəн əдістемелік қағидаларды зерделеу, «Тарих-и-Рашидидің» деректік негізін талдауға байланысты түйіндері, т.б.с.с. автордың пікірлері өз жариялануын ғасырлар бойы күткен.


Жоғарыда аталынған мəселелерге байланысты келесіде мынадай міндеттерді шешу қажеттілігі туып отыр:


Мұхаммед Хайдар Дулат қорының қасынан анайы Кеңес құрып, оның аясында мамандарды топтастырып, болашақ жүйелі зерттеу жұмыстарын жүргізу жоспарын жасап, олардың сапалы орындалу жолдарын іздестіру;

М.Х.Дулаттың жерленген жері мен зираты жөнінде ортақ пікір қалыптастыру;

Ортағасырлардағы қазақтар мен Үндістан арасындағы тарихи байланыстарды нақтылауды жүзеге асыру;

жаңа деректер мен құжаттық материалдарды көпшілікке жеткізу;

болашақ ғылыми экспедициялардың жоспарын құру жəне табылған деректер мен құжаттар қорытындыларын басып шығару.

Дегенмен осы жəне бұдан да бөлек мақсаттарды жүзеге асыру үшін Египетте Сұлтан Бейбарыс мешіті мен Дамаскідегі əл-Фарабиді қайта өңдеуге байланысты «Мəдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жасалғандай, Қазақстан мен Үндістан арасында мемлекетаралық келісім жасау мəселесін қою қажет.


 Əдебиеттер тізімі


 Mirza Haidar Dughlat as depicted in Persian Original text, translated and introduced by Mansura Haidar. — New Delhi: Manohar, 2002. — P. 7.

Мұхаммед Хайдар Дулати. Тарих-и Рашиди. — Алматы: Тұран, 2003. — 616-б.

Қалиеқова М.Ə. «Мұхаммед Хайдар Дулатидің өмірі мен шығармашылығы: тарихнамалық талдау (XVI ғ. ортасы — XXI ғ. басы)». 00.09 — «Тарихнама, деректану жəне зерттеу əдістері» мамандығы бойынша тарих ғыл. канд. ...дис. автореф. — Алматы, 2009.

Реферат: Қазақстанның қалаларындағы діни жағдай
Реферат: 1921 жылғы Қарқаралыдағы қайғылы оқиға
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу