Реферат: Қазақстанның қалаларындағы діни жағдай

Oinet.kz 08-09-2020 867

Исламның Қазақ даласына енуі мен таралуы, орта ғасырлардағы жергілікті қоғам үрдісінің қалыптасуы — қазіргі уақытқа дейін шешілмей отырған үлкен мəселе. Қазіргі таңда бұл тарихи кезеңді зерттеуге үлкен мəн беріліп отыр. Ұлы қазақ даласының орта ғасырлардағы жергілікті ислам тарихының болмысын зерттеп-зерделеуге кедергі болып отырған бірінші тосқауыл — деректердің тапшылығы. Ал сол заман еншісіне тиесілі уақытта жазылған деректердің орта ғасырлардағы көне қалаларымыз жəне көрші өңірлердегі жергілікті қоғамның қарапайым тұрғындарынан бастап, ғұлама- ғалымдар, мемлекет қайраткерлері, хан-сұлтандар, олардың ұстанған діни бағыттары, мəдени көзқарастары, əлеуметтік жəне саяси хал-ахуалдарынан мол мəліметтер беруде маңызы жоғары.


Кіріспе

Қазақ топырағынан шыққан Али ибн Мухаммад əл-Исбиджабидің (535/1141 қ.б.ж.) ислам құқығы (фиқһ) саласында жазған шығармасы «Шарх Мухтасар ат-Тахауи» бүгінде анықталған жаңа дерек болып отыр. Бұл дереккөз Қазақстанның ХІ–ХІІ ғғ. орын алған тарихи оқиғаларын қамтымай кеткен, басқа да деректердің орнын толықтырмақ. Əл-Исбиджабидің ғасыры Қарахан (382–607/992– 1211) мемлекетінің билік еткен уақытына дəл келеді. Ал Қазақстан тарихының Қарахан кезеңі бойынша деректер өте аз, саусақпен санарлық. Сондықтан Исбиджаб жəне оған көрші өңірлердегі исламның жергілікті тарихи болмысын зерттеуде аталмыш дереккөз үлкен маңызға ие. Осы мақала жазудағы басты мақсатымыз жаңадан табылған деректі ғылыми айналымға енгізу болып отыр.


Біз жариялап отырған зерттеуімізде Оңтүстік Қазақстан жəне оған көрші өңірлердегі исламның жергілікті тарихи болмысына тікелей қатысты əлі жарық көрмеген, тың қолжазба нұсқаларымен жұмыс жасауда, тарихи-филологиялық əдіс пен арнайы шығыс қолжазбаларына қолданылатын палеографиялық жəне кодикологиялық тəсілдерді қолдандық.


Шығарманың құраушысы


Біз қарастырып отырған дереккөз авторы, ханафи мəзһабының өкілі, ислам заңгері (фақиһ) ʻАли ибн Мухаммад ибн Исмаʻил əл-Исбиджаби. Қазақстанның қазіргі Сайрам, байырғы Исбиджаб қаласынын шыққан бірегей тұлға. Əл-Исбиджабидің есіміне қатысты «табақат» жəне «тараджим» жанрындағы тарихи дереккөз кітаптарында оның есімін бір ауыздан: Əбу-л-Хасан ʻАли ибн Мухаммад ибн Исмаʻил ибн ʻАли ибн Ахмад ибн Мухаммад ибн Исхақ ас-Самарқанди əл-Исбиджаби деп берген [1; 570]. Сонымен, ғұламаның туған жəне тұрған жерлеріне қарай əл-Исбиджаби, ас- Самарқанди, есімімен танымал болған.


Əл-Исбиджабидің дүниеге келген кезеңі жөнінде тарихи-биографиялық деректер анық мəлімет береді. Оның замандасы Наджм əд-дин ʻУмар ибн Мухаммад ан-Насафи (537/1142 ж.қ.б.) «əл-Қанд фи зикр ʻуламаʼ Самарқанд» шығармасында оның 454/1062 жылы дүниеге келгендігін баяндайды [1; 570].


Əл-Исбиджабидің қайтыс болған уақыты 535/1141 жыл екендігін кесіп айта аламыз. Себебі тарихи дереккөз кітаптарында 535/1141 жылға қатысты тартыстар мен келіспеушіліктер жоқ. Ғұлама Самарқан қаласында дүние салды. Əбу Саʻд ʻАбд əл-Карим ибн Мухаммад ас-Самʻани ал-Марвази аш-Шафиʻи (563/1167 қ.б.ж.) дің айтуынша: «Мауараннаһр жерінде Əбу Ханифа мəзһабын одан жақсы білетін тұлға болмаған. Білім беру жолында ұзақ өмір сүрді», — деген [2; 213]. Ол Қарахан қағаны Махмуд (451–467/1059–1074) Исбиджабқа билігін жүргізіп тұрғанда дүниеге келіп, сондағы ғалымдардан білім алған. Умар (467/1074–1075) жəне Хасан (467–496/1075–1103), əсіресе Хасанның билік тұсында Исбиджаптан батыс қағанатының астанасына өткен. Махмуд І (490–492/1097–1099) Джибраʼил (492–495/1099–1102) жəне Мухаммад ІІ (495–523/1102–1129) билік тұсында оның  Самарқанға келуімен қайраткерлігінің бірінші қадамы (ұстаздықтан) басталды. Əл-Исбиджаби Самарқанды билеген Наср ІІ (523/1129), Ахмад ІІ (523–524/1129–1130), Хасан (524–526/1130–1132), Ибраһим ІІ (526/1132) жəне Махмуд ІІ (526–535/1132–1141) қарахандарының билік тұсында Шейх əл- ислам атағынмен құрметтеліп, шаһарда муфти қызметін атқарған, өмірінің көп бөлігін білімге арнаған тұлға [3; 2-т., 591].


Əл-Исбиджабидің ханафи фиқһындағы орнын оның шəкірттерінің ішінде бірінші нөмірлі, алдынғы қатарда болған ізбасарларынан Əбу Саʻд əс-Самʻани жəне Бурхан əд-дин əл- Марғинанилардан (593/1197 қ.б.ж.) білеміз [2; 213]. Тарихи-биографиялық деректер ғұламаның шығармаларынан «əл-Фатауа» жəне «Шарх Мухтасар ат-Тахауи» еңбектерін атаған. Зерттеу нəтижесінде біз əл-Исбиджабидің бір еңбегі ғана сақталған деп қорытындылаймыз, ол — «Шарх Мухтасар ат-Тахауи».


Шығарма


Əл-Исбиджабидің «Шарх Мухтасар ат-Тахауи» еңбегі қолданбалы ислам құқығы (фуру̒ əл- фиқһ) мəселелеріне арналған. Ғұлама Самарқан жерінде өзінің еңбегін дүниеге келтірген. Бұл еңбек жергілікті Самарқан ғылым ортасына бейтаныс, сонау Мысыр жерінің ханафи ғұламасы Əбу Джаʻфар ат-Тахауидың (321–933 ж.қ.б.) «Мухтасар ат-Тахауи» атты еңбегін таңдап, ондағы мəтінге түсіндірме (шарх) түрінде жазып шықты. Біз зерттеп отырған еңбектің сол кездегі бөлек ханафи шығармаларынан басқа бір ерекшелігі, оның тек ханафи ғалымдарының ой пікірлерімен шектелместен, басқа да мəзһаб ғалымдарының ойлары мен тұжырымдарын молынан келтіруінде. Төрт мəзһаб иелерін жəне олардың өкілдерінің пікірлері мен дəлелдерін сөз ету арқылы бұл шығарма салыстырмалы құқық (фиқһ муқаран) жанрына да тиісті екенін көреміз.


Бұл шығарманың жазылу тарихы туралы Имам əл-Исбиджабидің  өзі былай мəлімет береді:


«Мухтасар ат-Тахауи» еңбегін [Самарқан халқының арасына бірінші болып] таратқан Имам ʻАли ибн Əби Бəкр болды, алайда ол бұл еңбек[тің түсіндірмесін] жазып, қағаз бетіне түсірген емес. Бұл кісіден кейін Əбу Наср Ахмад ибн Мансур əз-Зафари (484/1091)1 бұл еңбекті тым егжей-тегжейлі етіп жазып, ұзақ [түсіндірген]. Бұл еңбек пайдалы жəне жақсы жазылған. Алайда Əбу Насрдың жазған еңбегі жаңадан білім алып келе жатқан талапкерге ауыр. Талаба бұл еңбекті меңгере алмайтын болғандықтан, мен (ʻАли ибн Мухаммад əл-Исбиджаби) бұл еңбекті жаңартып жаздым. Жақсы істер ортасы деп, жалықтырып жіберетін тым ұзақ да емес, пайдалары аз тым қысқа да еместей етіп өзгерттім. «Ғибадат» бабын қысқарттым. Ал «Му̒амалат» бабы мен «Буйуʻ» бабын кеңейтіп жаздым» [4; 25]. Дəл осы əл-Исбиджаби еңбегінен алынған үзіндіні (цитата) қолымыздағы тарихи- биографиялық əдебиет ескерткіштерінің тек екеуінде ғана келтірілген. Ол əл-Қурашидің (775/1373– 1374 ж.қ.б.) «əл-Джавахир əл-мудийа» жəне Хаджи Халифаның (1068/1657 ж.қ.б.) «Кəшф аз-зунун» еңбектері. Алайда əл-Қурашидің еңбегінде бұл мəтінді Ахмад ибн Мансур Əбу Наср əл-Исбиджаби реттеген деген жаңылыс пікір ғылымда кең жайылып кеткен [3; 1-т., 336]. Бұның нəтижесінде жалғыз мəтіннің екі авторы туралы өтірік пікір тарай бастаған. Əлем кітапханаларындағы фишкаларда қолжазбалардың аттары жəне оның авторларының есімдері бекітіліп, қай нөмірмен сақталғандығы туралы мəліметтер жазылған2. Осы фишкаларда берілген мəліметтердегі бір шығарманың авторы əр түрлі есімдермен берілгенін көре аламыз. Алайда дұрысы: бір шығарма бір ғана автор. 2- жəне 3- нөмірлі фишалардағы кісі есімдері бір адамға тиесілі, алайда əр түрлі етіп жазылған. 1-нөмірде берілген кісі есімі қате жазылған, шығарма ол кісіге тиесілі емес. Қорытындылап айтқанда, біз қолжазба қорларындағы «Шарх Мухтасар ат-Тахауи» нұсқаларымен танысу нəтижесінде түрлі кітапхана қорларындағы фишка мəліметтеріндегі шығарма авторы əр түрлі кісілерге тағылғандығын анықтауға қатысты атрибуция жасадық. Біріншіден, шығарма мəтіні жалғыз біреу ғана екенін анықтадық. Екіншіден, бұл шығарма мəтіні əл-Исбиджабидің қаламына тиісті екеніне сенімді болдық.


1 Самарқандағы «Чакар-диза» зиратында жүргізілген қазба жұмыстарының нəтижесінде ол жерден көк тас табылған. Тас мəтіні куфи жазуымен орындалған. Тастың төменгі жағы аздап сынған. Көк тастың палеографиялық белгілерінен Самани дəуіріне жатқызуға болады. Тас мəтіні: «Бұл қабырда шейх, фақиһ, имам əл-Хафиз Əбу Наср Ахмад ибн Мансур аз-Зафари əл-Исбиджаби 484/1091–1092 жылдың джумада І айының сегізі сəрсенбіде жерленген, Алла оның қабырын нұрландырсын». 2 Қолжазба фишкаларынан мысал. Бірінші қолжазба: H. Hüsnü Paşa 433 көрсетілген: Şerhu Muhtasarit-Tahavi/Ahmed b. Mansur el-Muzaffari el-Hanafi el-Isbicabi. Екінші қолжазба: Feyzullah Efendi 803 көрсетілген: Şerhu Muhtasar it-Tahavi/Isbicabi Bahaeddin Ali b. Muhammed. Үшінші қолжазбада: Şehid Ali Paşa 816 көрсетілген: Şerhu Muhtasarit-Tahavi/Alaüddin Ali b. Muhammed b. Ismail el-Hanafi el-Isbicabi.


 Шығарманың нұсқалары


Біздің 2013 ж. бастаған зерттеулеріміздің нəтижесінде Түркия Республикасы (Стамбул, «Süleymaniye Devlet Kütübhanesi», «Beyazıt Devlet Kütübhanesi»), Сауд Арабиясы патшалығы (Медина, «Шейх əл-ислам ʻАриф Хикмат»), Ирак Республикасы (Бағдад, «Диуан əл-уақф ас-сунни», «Дəр əл-махтутат»), Сирия Республикасының (Дамаск, «Мəктабат əл-Əсад») кітапханаларында сақталған шығарманың он нұсқасын анықтадық. Бұл нұсқалар «Шарх Мухтасар ат-Тахауи» мəтіні жəне оның редакцияларымен қоса, қолжазба бойындағы түрлі бейнедегі ескертпелер, есімдер, колофонындағы мағлұматтар, жазылған қала, ел атаулары, парақ жиектеріндегі мəлімдемелер, уақф немесе жеке тұлғаларға қатысты мөрлер, форзац, нахзац парақтарыдағы мəліметтер, фронтиспис, қолжазба тарихы, оны оқыған тұлғалар жəне т.б. көптеген мəліметтер мол деректер береді.


І. Süleymaniye Devlet Kütübhanesi кітапханасының қолжазбасы «Hekimoğlu» қорында 344- нөмірімен сақталған. Қолжазба кітап 360 парақтан құралған. Бір бетте 31 жол бар. Нұсқа «Шарх Мухтасар ат-Тахауидің» бірінші бөлімін (джуз’) («ат-Тахарат» бабынан «əл-Карахийа» бабына дейін) қамтиды [5, п. 1б–360а]. Көшірілген мерзімі – бейсенбі күні 538/1143–1144 ж.


Қағазы ашық ақ түсті, сиясы қара, «насх» жазуымен шебер жазылған. Шығармада мұқаба парағы жоқ, бірден үш форзац парағымен басталған. Онда мазмұны (фиһрист) берілген [5; бб. 01а–02а]. Титул бетінде кітап иесінің есімі жазылған: Фадл Мухаммад [5; б. 1а]. Осы жерде шығарманың аталуы:


«Шарх Мухтасар ат-Тахауидің» бірінші бөлімі (джузʼ) деп, автордың есімі келтірілген: əл-имам əл- ʻалим əл-ʻаллама Имам əл-Исбиджаби. Шығарма атауының сол жақ астында «əл-Лəйс ибн Саʻд ханафи мəзһабында болған» деген жазу бар. Жеке мөрлер (экслибрис) екі рет басылған [5; п. 1б, 360а]. Уақф мөрлері де екі жерден қойылған [5; пп. 1б, 360а]. Мəтін соңында екі колофон берілген: 1) Бірінші колофонда осы нұсқаның көшірілген мерзімі: бейсенбі күні 538/1143–1144 ж. көрсетілген. 2) Екінші колофонда бұл нұсқа мəтіні басқа нұсқа мəтінімен салыстырылып (муқабала), тексерілгені туралы баяндалған жəне оның орындалған мерзімі көрсетілген: жексенбі, 25-шəууал 552/1157 ж. 29-қараша [5; п. 360а].


Шығарма құрылым жағынан 66 бөлімнен (кітаб) тұрады. Əрбір «кітаб» сөзі қара сиямен, үлкен əріптермен, анық көрсетіліп, жазылған. Бөлімдер бірнеше бөлімшелерден (баб) құралған. Бірақ кейбір бөлімдер бөлімшелерге ажыратылмаған. Бөлімдер мен бөлімшелердің көлемі оларда қаралған мəселелердің санына байланысты, ұзын немесе қысқа болып келеді. Əт-Тахауидің тірек мəтіні «Ол айтты» (қала) деген сөйлеммен басталады. Əт-Тахауидің қозғаған мəселесі аяқталғасын, тірек мəтінге түсінік беруші Əл-Исбиджабидің сөзі беріледі. Нұсқадағы негізгі мəтін отыз бен қырық пайыз көлемінде (ол «Мухтасар əт-Тахауиға» тиесілі), ал қалған алпыс немесе жетпіс пайызы Əл- Исбиджабидің шығармасына тиесілі. Қолжазбаның мəтіні көшірілген парақ жиектерінде, оған қатысты, толықтыру мен ескертулер жазылған.


ІІ. Süleymaniye Devlet Kütübhanesi кітапханасының қолжазбасы, «Sehid Ali Paşa» қорында 816- нөмірімен сақталған. Қолжазба кітап 208 парақтан құралған. Бір бетте 27 жол бар. Нұсқа «Шарх Мухтасар ат-Тахауидің» екінші бөлімін (джуз’) («əл-Хауала мен əл-Кафала» бабынан «əл-Карахийа» бабына дейін) қамтиды [6; пп. 1б–208б]. Көшірілген мерзімі — 552 ж. шаʻбан айының соңғы оң күні/1157 ж. 26 қараша – 6 желтоқсан арасында.


Қағазы ақшыл түсті, сиясы қара, «насх» жазуымен шебер жазылған. Қолжазба кітаптің мұқабасы жоқ. Кітап екі форзац парақтарымен басталып, онда мазмұны (фиһрист) берілген [6; п. 01а-б]. Титул бетінде кітап иелерінің есімідері жазылған: 1) шəйх əл-фақир Мухаммад; 2) əл-фақир ʻАбд əл-Бақи [6; п. 1а]. Осы жерде кітап иелерінің екі мөрі үш рет соғылған. Жəне уақф мөрі екі рет ұрылған: уəзір Шəхид ʻАли Паша. Мөр мəтінінде кітап медреседен сыртқа шықпауы керек! деген шарт қойылған [6; пп. 1а, 208а]. Уақф мөрінің оң жағында аталмыш кітапті көшірген кісі есімі аталған: ʻƏли ибн Əби Бəкр ибн Мухаммад Нур əд-дин. Осы мөрдің үстінгі жағында баяндау үшін алынған тректі шығарманың аты: «Мухтасар ат-Тахауи» жəне бұл нұсқа оның екінші бөлімін (джузʼ) қамтиды деген сөздер, шығармаға жазылған баяндаманың авторы — əл-Исбиджаби есімі келтірілген [6; п. 1а]. Мəтін соңында үш колофон берілген (6; п. 206а): 1. Бірінші колофонда шығарманы көшіріп жазған: ʻАли ибн Əби Бəкр ибн Мухаммад əл-Ханафи екені; ол 552 ж. шаʻбан айының соңғы оң күн ішіндегі сейсенбіде/1157 ж. 26 қараша — 6 желтоқсан аралығындағы күндердің бірінде, шығарманы жазып аяқтағаны мəлімделеді. 2. Екінші колофонда бұл нұсқа мəтіні, басқа нұсқа мəтінімен салыстырылып (муқабала), тексерілгені туралы баяндалған. Бұл жұмыс 553 ж. шаʻбан айының 25-күні, жексенбіде/1158 ж. 23 қыркүйекте аяқталғаны мəлімделеді. 3. Үшінші колофонның мазмұны екінші колофон сияқты — салыстыру (муқабала) жұмысы атқарылғаны туралы мəлімет береді. Жаңа қосымша салыстыру (муқабала) жұмысы 553 ж. шаʻбан айының 24-күні/1158 ж. 23-қыркүйекте аяқталған. Үшінші колофон мəтіні қазақ тіліне төмендегідей аударылды: «Əш-шəйх əл-əдиб əл- əмджад əл-Мағриби өз қолымен жазған осы нұсқаны, шəйх, имам ʻАла əд-диннің жазған түпнұсқасымен салыстыру жұмысын аяқтаған».


Нұсқада шығарма 79 бөлімнен (кітаб) тұрады. Əрбір «кітаб» сөзі қара сиямен, үлкен əріптермен, ерекшеленіп, анық көрсетіліп жазылған. Бір бөлімшенің (баб) көлемі үш, кейде төрт бетті қамтиды [мысалы, 6, пп. 1а–5а].


ІІІ. Beyazıt Devlet Kütübhanesi кітапханасында 18868-нөмірмен сақталған. Қолжазба кітап 385 парақтан құралған. Бір парақта 25 жол бар. Нұсқа «Шарх Мухтасар ат-Тахауидің» бірінші жəне екінші бөлімдерін (джуз’) («ат-Тахарат» бабынан «əл-Карахийа» бабына дейін) қамтиды [7, п. 1б–385б]. Көшірілген мерзімі 803 ж. сафар айының он бесі/1400 ж. 6-қараша [7; п. 385б].


Қағазы ашық сары түсті, сиясы қара, «насх» жазуымен шебер жазылған. Шығарма мұқабасы қоңыр-қара түсті, ортасында домалақша ою бар. Бірден форзац парағы орналасқан, онда қызыл сиямен кітапханада сақталған нөмірі берілген [7; п. 01а]. Титул бетінде кітап иелерінің есімідері жазылған: 1) есім титулдың жоғарғы орта жақ тұсында болған, ол өшірілген; 2) əл-фақир Хусам. Бірінші кітап иесінің атын өшірген, осы Хусам болуы керек; 3) əл-фақир маула ʻАли ибн Əмрулла ибн Мухаммад. Кітап иелері есімдерінің арасында бұл шығарма жазу стилінен өзгеше қолтаңбамен:


«əл-имам Қавам əд-дин əл-Итқанидің (685–758/1286–1357) өз қолымен жазғаны» деген нұсқау мəлімдемесі кездеседі [7; п. 1а]. Дəл осы титул бетінде: Имам əл-Исбиджабидің «Шарх Мухтасар ат- Тахауи» еңбегінің бірінші жəне екінші бөлімдері (джуз’) деп, тура орта тұстан жазылған. Тақырыптың сол жақ астыңғы тұсынан шығарма авторы «Мухаммад ибн Ахмад əл-Худжанди, ал ол əл-Исбиджаби есімімен танылған» деген жазу тағы да келтірілген. Жəне осы жерде шығарма мазмұны (фихрист) ықшамдатылып жазылған (мазмұны толық емес). Мазмұнның астынғы жағында он жолға жуық шұмақ өлең жолдары берілген [7; п. 1а]. Уақф мөрлері титулда жəне келесі беттерде қойылған. Мөр титулды беттен бастап, əрбір 10-, 20-парақ сайын басылған [7; пп. 1а,7а,29а,43а–385б]. Мөрде: мəртебелі уəзір Мұстафа Паша уақф кітаптарының құрамынан делінген [7; п. 1а]. Мəтін соңында колофон берілген. Онда кітап 803 ж. сафар айының он бесі/1400 ж. 06-қарашада аяқталғаны мəлімделеді. Бұл кітап нұсқасы ілгеріректе 504 ж. 26-мухаррам/1110 ж. 16-тамыз күні жасалынған нұсқадан көшірілгені баяндалған [7; п. 385б].

Бұл шығарма құрылымы жағынан негізгі бөлімдерден (кітаб) тұрады. Əрбір «кiтаб» жəне «баб» сөздері қызыл сиямен, ерекшеленіп, үлкен əріптермен, анық көрсетіліп жазылған. Бөлімшелер көлемі біркелкі емес, мəселенің санына қарай бір беттен бастап, кейде он екі бетке дейін созылады [7; пп. 1а–20а]. Мəтінге қатысы бар маңызды сөздер, парақ жиегіне қызыл сиямен ерекше етіп жазылған. Сонымен қатар мəтіннің парақ жиектерінде толықтыру мен ескертулер берілген. Осындай ескерту мен толықтырулардың бірінде келесідей мəлімдеме беріледі: əл-Исбиджаби оны (жалға алу мəселесінің мерзімін) қате деп есептеген, (осы Əл-Исбиджабидің сөзін) қазақ жерінен шыққан ханафи фақиһ ғалымы əл-Итқани өзінің шығармасында келтірген жəне оның шешімімен келіскен [7; п. 229а]. Шығармада «əт-Тахарат» сөзі ғана бөлім болып жазылған, қалған бөлімдер бөлімше (баб) сөзімен берілген [7; п. 1а–20а].


ІV. Медина қаласындағы «Шейх əл-Ислам ʻАриф Хикмат» кітапханасында 3601-нөмірмен сақталған. Қолжазба кітап 301 парақтан құралған. Бір парақта 31 жол бар. Нұсқа толық мəтінді («ат-Тахарат» бабынан «əл-Карахийа» бабына дейін) қамтиды [8; пп. 1б–301а]. Көшірілген мерзімі — 954 ж.15-шəууал дүйсенбі/1547 ж. 30-қараша.


Қағазы ашық ақ түсті, сиясы қара, «насх» жазуымен шебер жазылған. Мəтін соңында колофон берілген. Көшірген кісі – Мухаммад ибн Исмаʻил ибн ʻАли бин Ахмад əл-Əнбаби əл-Əзхари. Ол 954 ж. 15-шəууал, дүйсенбі/1547 ж. қарашаның 30-күні кітапті аяқтаған. Уақф мөрі титул жəне колофон беттерінде қойылған: «Ахмад ʻАриф Хикматулла ибн ʻИсматулла əл-Хусайни уақфы. Кітап Медине қаласындағы кітапханадан сыртқа шықпасын, бұл еңбек мүмінге аманат» делінген [8; п. 301а].


Шығарма құрылымы жағынан негізгі бөлімдерден (кітаб), негізді бөлімдер бөлімшелерден (баб) тұрады.


V. Ирақ Араб Республикасының Бағдад қаласындағы «Диуан əл-уақф ас-сунни» кітапханасында 1538-нөмірмен сақталған. Қолжазба кітап 322 парақтан құралған. Бір парақта 35 жол бар. Нұсқа «Шарх Мухтасар ат-Тахауидің» бірінші бөлімін (джуз’) («ат-Тахарат» бабынан «əл-Карахийа» бабына дейін) [9; пп. 1б–332а] қамтиды. Көшірілген мерзімі — 1139 ж. рабиʻ І айының 20-күні, жұма таңертеңгісін/1726 ж. 17-қараша күні.


Қағазы ашық ақ түсті, сиясы қара, «насх» жазуымен шебер жазылған. Шығарма нұсқасында мұқаба жоқ, бірден екі форзац парақтарымен басталып, онда мазмұны (фихрист) [9; пп. 1а–01б]. Мəтін соңында колофон кездеседі. Онда көшірген кісі есімі мен аяқталған уақыты көрсетілген: əл-муфти ʻАбд əр-Рахман Мухаммад əл-Мударрис. 1139 ж. 20 рабиʻ I жұма таңертеңгісін/1726 ж. 17 қараша күні жазылған. Титул бетінде кітап иелерінің есімдері жазылған:1) Мустафа əл-Хумайди ибн Мухаммад Рауиш. Ол Əл-Исбиджабидің «Шарх Мухтасар əт-Тахауи» кітабін 1186/1772–1773 ж. Меккеден сатып алған. Кейінірек кітапті одан Азат əскері тартып алғандықтан, оны екінші рет қайта сатып алған; 2) ʻАбд əр-Рахман Мухаммад əл-Мударрис [9; п. 322а]. Уақф мөрлері титулда жəне колофон беттерінде қойылған: «мəңгілік Сулейман Паша уақфына тиесілі, Сулеймания медресесінен сыртқа шықпасын, сатылмасын, силанбасын, мирас етілмесін» делінген.


Шығарма құрылымы жағынан негізгі бөлімдерден (кітаб), негізді бөлімдер бөлімшелерден (баб) тұрады.


VІ. Millet Kütübhanesi кітапханасының қолжазбасы, «Feyzullah Efendi» қорында 803-нөмірмен сақталған. Қолжазба кітап 370 парақтан құралған. Бір парақта 31 жол бар. Нұсқа «Шарх Мухтасар ат- Тахауидің» толық мəтінін («ат-Тахарат» бабынан əл-«Карахийа» бабына дейін) қамтиды [4; пп. 1б–370а]. Нұсқада көшірілген мерзім мəлімделмеген. Жəрдемші мəлімет арқылы оның шамамен көшірілген мерзімін анықтаса болады: уақф мөріндегі мерзім — 1112/1700–1701 ж.


Қағазы ақшыл түсті, сиясы қара, «насх» жазуымен шебер жазылған. Қолжазба кітапта мұқаба сақталмаған, бірден форзац парағымен басталады. Онда мазмұны (фихрист) көрсетілген [4; п. 01б]. Титул бетінде кітап иелерінің есімідері жазылған: 1) Саййид Али ибн əл-Мауаби. Оған кітап мирас етілген, бұл кісі Стамбулдағы «Қаландар-хана» медресесінің ұстазы болған; 2) Ахмад əл-Макмур;


3) Сəййид Файда əл-Муғни [4; п. 1а]. Титул парағының ортасында шығарманың аты берілген — «Шарх Мухтасар ат-Тахауи» жəне шығарма авторының есімі мен қайтыс болған жылдары көрсетілген: əш-шейх əл-имам əл-ʻалим əл-ʻаллама Бəһа’ əд-дин ʻАли ибн Мухаммад əл-Исбиджаби, 535/1141 ж. қайтыс болған [4; п. 1а]. Уақф мөрлері титулда жəне колофон беттерінде қойылған, онда «уақф шейх əл-ислам əс-сəйид Файзулла Əфəнди, шарт, бұл еңбек Константинопілде салынған медреседен сыртқа шықпауы керек делінген. Мөр астында 1112/1700–1701 ж. көрсетілген [10; пп. 1б, 370б]. Мəтін соңында колофон берілген. Онда «Шарх Мухтасар ат-Тахауи» еңбегіне қатысты мағлұматтар жазылған. Онда бұл қолжазба кітабын Исбиджабилердің қайсысы бірінші жазған, кім кімнен көшіргендігі туралы бір бетке жуық мəлімет келтірілген.


Нұсқада шығарма құрылымы 63 бөлімнен (кітаб) тұрады. Əрбір «кітаб» сөзі қара сиямен, үлкен əріптермен, ерекшеленіп, анық көрсетіліп жазылған. Бір бөлім көлемі 10, кейде 12 бетті қамтиды [мысалы, 4; пп. 1а–12а]. Бір бөлімде екі немесе үш бөлімше (баб) бар. Қолжазбаның мəтіні көшірілген парақ жиектерінде, оған қатысты толықтыру мен ескертулер жазылған.


VІІ. Süleymaniye Devlet Kütübhanesi қолжазбасы, «Yeni Cami» қорында 458-нөмірмен сақталған. Қолжазба кітап 701 парақтан құралған. Бір парақта 19 жол бар. Нұсқа «Шарх Мухтасар ат-Тахауидің» толық мəтінін («ат-Тахарат» бабынан «əл-Карахийа» бабына дейін) қамтиды [10; пп. 1б–701а]. Осы нұсқа парақ саны жағынан ең ұзыны болғанымен, ықшамдатылып жазылған. Нұсқада көшірілген мерзім мəлімделмеген. Жəрдемші мəлімет арқылы оның шамамен көшірілген мерзімін анықтаса болады: уақф мөрінде мерзімі берілген — 1137/1724–1725 ж.


Қағазы ақшыл түсті, сиясы қара, «насх» жазуымен шебер жазылған. Шығармада мұқаба жоқ, бірден форзац парағымен басталып, онда мазмұны (фихрист) көрсетілген [10; п. 1а]. Титул бетінде кітап иесінің есімі жазылған: əл-ʻабд əл-фақир ʻАбд əл-Бақи Файдулла. Ол кітапты, біріншіден, өзі үшін, кейін өзгелердің барлығына арнап жаздырған. Кітап Эдирне қаласында жазылған. Осы парақтың ортасында жеке мөр (экслибрис) басылған. Онда мөр иесінің есімі жазылған: ‘Абд əл-Бақи. Мөрдің жоғарғы жағында, шығарманың аты берілген: «Шарх Мухтасар ат-Тахауи» [10; п. 1а]. Мəтін соңында колофон берілген. Нұсқада көшірілген мерзім мəлімделмеген. Жəрдемші мəлімет арқылы оның шамамен көшірілген мерзімін анықтаса болады: Уақф мөрлері титулда жəне колофон беттерінде қойылған. Мөрдегі жазу: уақф Султан Ахмад хан ибн Ғази Султан Мухаммад хан (1115–1143/1703–1730). Мөрдің астыңғы жағында мерзімі көрсетілген: 1137/1724–1725 жылы [10; п. 1а, 701б].


Шығарма құрылым жағынан 54 бөлімнен (кітаб) тұрады. Əрбір «кітаб» сөзі қара сиямен ерекшеленіп, үлкен əріптермен, анық көрсетіліп жазылған. Бір бөлімнің көлемі үш, кейде төрт бетке дейін жетеді [10; п. 1а–5а].


VІІІ. Süleymaniye Devlet Kütübhanesi қолжазбасы, «Yeni Cami» қорында 457-нөмірмен сақталған. Қолжазба 352 парақтан құралған. Бір бетте 35 жол бар. Нұсқа «Шарх Мухтасар ат-Тахауидің» бірінші бөлімін (джуз’) («ат-Тахарат» бабынан «əл-Карахийа» бабына дейін) қамтиды [11; пп. 1б–352а]. Нұсқада көшірілген мерзім мəлімделмеген. Жəрдемші мəлімет арқылы оның шамамен көшірілген мерзімін анықтаса болады. Уақф мөрінде мерзімі жазылған — 1137/1724–1725 ж.


Қағазы ашық ақ түсті, сиясы қара, «насх» жазуымен шебер жазылған. Қолжазба кітаптың мұқабасы сақталмаған, бірден үш форзац парақтарымен басталып, онда мазмұны (фихрист) жазылған [11; п. 01а–03б]. Титул бетінде шығарманың аты берілген: «Шарх Мухтасар ат-Тахауи» бірінші бөлімі (джуз’). Онда шығарма авторының есімі көрсетілген: əл-Имам əл-Исбиджаби [11; п. 1а]. Нұсқада көшірілген мерзім мəлімделмеген. Жəрдемші мəлімет арқылы оның шамамен көшірілген мерзімін анықтаса болады: Уақф мөрлері мəтіннің басында жəне соңғы бетінде қойылған. Мөрдегі жазу: уақф Султан Ахмад хан ибн Ғази Султан Мухаммад хан. Мөрдің астыңғы жағында мерзімі көрсетілген: 1137/1724–1725 ж. [11; п. 1а, 352б].


Шығарма құрылым жағынан 43 бөлімнен (кітаб) тұрады. Əрбір «кітаб» сөзі қара сиямен ерекшеленіп, үлкен əріптермен, анық көрсетіліп жазылған. Бөлімдер бірнеше бөлімшелерден (баб) құралған.


ІХ. Ирак Араб Республикасының Бағдад қаласындағы «Дар əл-Махтутат» кітапханасында 1467- нөмірмен сақталған. Микрофильмінен алынған нөмірі 347. Бір парақта 29 жол бар. Бұл нұсқа ақаулы (дефекті) мəтінді қамтиды: тек үш беттен тұрады. Мəтін «насх» жазуымен жазылған [12; п. 1б].


Х. Сирия Араб Республикасының Дамаск қаласыдағы бұрынғы «əз-Заһирийа» қазіргі «Мактабат əл-Əсад» кітапханасында 12178-нөмірмен сақталған. Бір парақта 27 жол бар. Бұл нұсқа ақаулы (дефекті) мəтінді қамтиды, тек сегіз беттен құралған. Мəтін «насх» жазуымен жазылған [13; п. 1б].


Біз жоғарыдағы келтірілген он нұсқаның ішінен зерттеу жұмысын жүргізуде, тіректі нұсқа ретінде Beyazıt Devlet Kütübhanesi кітапханасындағы 18868-нөмірлі қолжазба нұсқасын таңдадық. Бұл нұсқаның басқаларынан өзгешелігі, оның мəтіні анық жазылған, бөлімшелері мен қажетті нұсқаулары қызыл сиямен ерекшеленіп, өте мұқият жəне таза орындалған. Қолжазба нұсқасы зерттеу жұмыстарын жүргізгенге өте қолайлығына аса мəн бердік. Бұған қоса, зерттеу барысында қалған нұсқаларды қосымша ретінде пайдаландық.


Шығарманың таралу ауқымы


Əл-Исбиджабидің қолжазба нұсқаларына сипаттама жүргізу барысында шығарманың таралу деңгейін айқындайтын келесідей мағлұматтар анықталды. Нұсқалардың көшірілген жеріне келетін болсақ, тек бір нұсқада оның көшірілген жері көрсетілген. Ол «Yeni Cami» қорында 458 нөмірлі қолжазба нұсқасы, Осман империясының (680–1342/1281–1924) екінші астанасы Эдирне (Адрианополь) қаласында көшірілгендігін көре аламыз [10; п. 1а]. Келесі «Диуан əл-уақф ас-сунни» 1538-нөмірлі колжазба нұсқасында келесідей мəлімет келтірілген. Бұл нұсқаның иесі мен көшірушісі бір кісі — Мустафа əл-Хумайди ибн Мухаммад Рауиш. Ол Əл-Исбиджабидің «Шарх Мухтасар əт- Тахауи» кітабін 1186/1772–1773 ж. Меккеден сатып алған. Кейінрек кітапті одан «Азат» əскері тартып алғандықтан, кітапті екінші рет қайта сатып алғандығын мəлімдейді [9; п. 322а]. Бұл қолжазба нұсқасын Рауиш кезінде Меккеде тұтынғанымен, бүгінде Бағдад қаласындағы кітапхана қорында сақтаулы тұрғанын көреміз. Сонымен қатар Əл-Исбиджабидің осы ханафи шығармасы «Шарх Мухтасар ат-Тахауи» сонау Медине уақфында сақталған. Ал Медина сынды мұсылман əлемінің қасиетті қалаларының жергілікті тұрғындарының көпшілігі ханбали мəзһабын ұстанғаны мəлім. Егер Əл-Исбиджабидің ханафи шығармасы «Шарх Мухтасар ат-Тахауи» сонау ханбалилердің орталығында сақталуының сыры неде?! Араб түбегі «Хиджаз» ХVІІІ ғ. Осман империясының билігінде еді. Ал онда қызмет атқарған Осман империясының басшы султандары мен олардың қарамағындағы би-болыстар ханафи мəзһаб мектебін берік ұстанатын болған. Шығарма сол аумақтардағы медреселерде сақталғанын Медина уақф мөріндегі мəлімдемеден көре аламыз:


«Кітап Медине қаласындағы кітапханадан сыртқа шықпасын! Бұл еңбек мүмінге аманат болсын» делінген [9; п. 301а]. Бұдан шығатын қорытындыға келсек, Осман империясының аумағына қарасты əкімшіліктердегі қызметкерлер мен басшылық лауазымындағы азаматтарға əл-Исбиджабидің еңбегі белсенді түрде оқытылатын болған. Бұл мəліметтерден ғұламаның шығармасы Самарқан жерінде жазылғанымен, таралу бағыты халықаралық деңгейде дамып, оның нұсқалары əлемнің түпкір- түпкіріндегі мұсылмандардың қолдарымен көшіріліп, таралғанын осы нұсқалардағы мəлімдемелерден көріп отырмыз.


Түркия Республикасының Beyazıt Devlet Kütübhanesi» кітапханасында 18868-нөмірмен сақталған мына бір қолжазба нұсқасының титулындағы мəліметке назар салсақ. (Кітап иелері есімдерінің арасында бұл шығарма жазу стилінен өзгеше қолтаңбамен «Əл-имам Қавам əд-дин əл-Итқанидің өз қолымен жазғаны» деген нұсқау мəлімдемесі мен ерекшеленеді) [7; п. 1а]. Сонымен қатар осы қолжазба нұсқасының құрлымына қатысты мəтінді зерттеу барысында мəтіннің парақ жиектеріндегі толықтырулар мен ескертулерді оқу кезінде келесідей мəлімет анықталды. Мəтін қазақ тіліне төмендегідей етіп аударылды. «əл-Исбиджаби оны (мəселені) қате деп есептеген, (осы Əл- Исбиджабидің сөзін қазақ жерінен шыққан ханафи фақиһ ғалымы) əл-Итқани өзінің шығармасында келтірген жəне оның шешімімен келіскен» [7; п. 229а]. Біз бұл мəлімдемелерден Қазақстан жерінен шыққан ғұлама Қавам ад-дин əл-Итқани əл-Исбиджабидің «Шарх Мухтасар əт-Тахауи» шығармасымен жақсы танысып, бұл еңбектен пайдаланғанын кітап денесінде сақталған куəлігінен көре аламыз. Ол əл-Исбиджабидің кітабінде келтірілген мəтінді, өз еңбегінде қолданған. Бұл дегеніміз — қазақ жерінен шыққан атақты ғұлама, əл-имам Қавам əд-дин əл-Итқанидің өзі аталмыш еңбекке сілтеме беру арқылы, əл-Исбиджабидің фиқһ саласындағы орнын, оның көзқарастарын ерекше бағалайтындығын, олармен санасатындығын біздерге баяндап тұр. Бұл мəліметтерден ғұламаның жазған шығармасы «Шарх Мухтасар ат-Тахауи» ХІ–ХІІ ғғ. салыстырмалы фиқһ мəтіндерін өзінің бойында қамтығандықтан, сол кезеңдегі күрделі мəселелерге жауап қайтарған, фиқһ муқаран бойынша тіректі еңбек болып есептелген. Қолжазба нұсқаларындағы мəліметтерден біз келесідей тұжырым жасадық. Осман империясы мұсылмандық білім беру үрдісінде шығарманы мемлекеттік оқыту жүйесіне енгізген. Сонымен қатар шығарма «шейх əл-ислам» орталарында да белсенді түрде оқылатын болған.


Шығарманы жазу стилі


Əл-Исбиджаби ат-Тахауи мəтінін түсіндіріп, баяндауы келесідей: Əт-Тахауидің тірек мəтіні «Ол айтты» (қала) деген сөйлеммен басталады. Автор Əл-Исбиджабидің сөзі арнайы ат-Тахауидің сөзіндей (қала) сөзімен басталмаған. Өзгеше сия түстерін қолданумен де ерекшеленбеген. Автордың сөзін аңғару үшін «Мухтасар ат-Тахауидің» кітап мəтінімен салыстыру нəтижесінде анықтауға болады немесе нұсқаны мұқият оқу керек [14; 15]. Нəтижесінде Əт-Тахауидің қозғаған мəселесі аяқталғасын, тірек мəтінге түсінік беруші (шарх) əл-Исбиджаби өзінің сөзін келтіреді. Шығармада əт- Тахауиге тиісті бөлік отыз бен қырық пайыз көлемінде, əл-Исфиджабидің шығармасының мəтіні алпыс немесе жетпіс пайызын құрайтынын анықтадық. Əл-Исбиджаби өз шығармасында бірінші орынға Əбу Ханифаның фатуаларын, əрі қарай оның екі шəкірті — Əбу Йусуфпен (182–798 ж.қ.б.) əш-Шəйбани (189/804–805 ж.қ.б.) фатуаларын келтіреді. Əл-Исбиджаби көтерілетін мəселелерді көбінесе өмірмен үштастырып отыруға тырысқан. Сол себепті Самарқанд сияқты қалаларда дамыған ауыл шаруашылығы (бидай, арпа, жеміс-жидектер т.б.), мал шаруашылығы (қойдың сатылуы, сүтті ірі мал т.б.), сауда-саттық (үй сату, үйді жалға беру т.б.) көптеген мəселелерді кеңінен ашып, егжей- тегжейлі сөйлеген. Осындай сол кездегі өмірмен тығыз байланысы бар фиқһи мəселелерді талқылағанда оқушыға түсінікті болу үшін, өзінің тұрып жатқан немесе туылған жері сияқты жергілікті халыққа мəлім болған Исбиджаб, Самарқанд, Бұхара сынды қалаларды мысалға келтіріп жазған [7; п. 184б].


Шығармадағы тіректі дереккөздер


Ол ханафилердің классикалық жолын ұстанған. Шығармада ханафилердің ережелерін баяндау жолында ислам дінінің тіректері Құран, хадис жəне фатваларға негізделген: əл-Исбиджаби шығармада ханафи мəзһаб ғалымдарымен жазба деректерден ханафи мəзхһабының негізін құраған Мухаммад ибн əл-Хасан аш-Шайбанидің (189/804–805 ж. қ.б.) «Захир ар-риуайа» сын, оған кіретін («əл-Мабсут», «əл-Джами‘ ас- сағир», «əл-Джами‘ əл-кабир», «əз-Зийадат», «Китаб ас-сийар əл- кабир» жəне «Китаб ас-сийар ас-сағир») еңбектеріне молынан жүгінген. Сонымен қатар Əбу əл-Лəйс Наср ибн Мухаммад ас-Самарқандидің (373/983–984 ж. қ.б.) «əл-‘Уйун» жəне ‘Убайдулла ибн Хусейн əл-Кархидің (340/951–952 ж. қ.б.) «Мухтасар əл-Кархи» сынды еңбектерін де молынан қолданған. Араб тілі мен əдебиеті салаларында Исма‘ил ибн Харун əл-Қали əл-Бағдадидің (356/966– 967 ж.қ.б.) «əл-Əмали» шығармасын да пайдаланған. Ханафи мəзһаб ғалымдарының сенімді деген əлусул (негізгі) жəне фуру‘ (қосымша) еңбектеріне сүйенген. Əбу Ханифадан бастап, ханафи ғұламаларының иджмаʻ3 негізіндегі фəтваларында сөйленбей кеткен мəселелер болса, салыстырмалы қийас4 тəсілдерін қолданады. Кейбір фатвалардың жергілікті өлкенің əдет-ғұрыпы, саяси ұстанымы жəне басқа да əлеуметтік мəселелеріне қарама-қайшылық танытқан кезде, фатваларды өзгертіп жаңа фатва шығару арқылы истихсан5 тəсілдерін қолданған. Сонымен қатар ханафи ғұламаларының негіздерімен шектелместен, басқа мəзһаб ғалымдарының айтқан дəлелдерін де молынан келтірген.


Қорытынды


Əл-Исбиджабидің шығармасын зерттеу барысында келесідей қорытындылар жасадық:


Əл-Исбиджаби ХІ ғ. 60-жж. қазақтың Исбиджаб қаласында дүниеге келген. Оның өмірі толығымен Қарахан сұлтандарымен тығыз байланыста өтті. Қарахан басшыларының он бірін басынан өткерген ғұлама ұзақ өмір сүріп, ХІІ ғ. орта тұсында 79 жасты толтырып, Самарқанд шəһарында дүние салды.


«Шарх Мухтасар ат-Тахауи» шығармасы екі кісі есімімен танылып келді. Бұл қате пікірді əл- Қураши таратқан. Шығарманы Исбиджабтың өкілі Əбу Наср Ахмад ибн Мансурға тиесілі еткен. Алайда біз қолымыздағы шығарма нұсқаларына атрибуция жасау нəтижесінде шығарма авторына қатысты қателікті анықтадық. Шындығында, шығарма мəтіні біреу жəне ол ‘Али ибн Мухаммад əл- Исбиджабиға тиесілі екенін анықтадық.


Шығарманың сақталған он нұсқасы белгілі. Оларға тарихи-филологиялық, шығыс қолжазбаларына қолданылатын палеографиялық жəне кодикологиялық тəсілдерді қолдану арқылы оның Орталық Азиядан Кіші Азия бағытында Осман империясының ортағасырлық кеңестігіне таралғанын анықтадық. Шығарма патша сарайларында сақталып, Осман мемлекетінің медреселерінде оқу құралы ретінде оқытылған. Бұл мəліметтерді шығармадағы жеке экслибристер мен уақф мөрлерінің мəтіні арқылы анықтап отырмыз.


Əл-Исбиджаби шығармасының басқа фиқһ еңбектерінің қасындағы бірегей ерекшелігі — оның салыстырмалы құқық (фиқһ муқаран) жанрында жазылуында. Ғұламаның бұл еңбекті жазудағы жаңа шыл тəсілдері мен ойлары, ‘Ала’ ад-дин əл-Касани жəне Бурхан əд-дин əл-Марғинани сынды беделді тұлғаларға ықпал еткенін көреміз. Əл-Исбиджабидің аталмыш жаңа тəсіл-əдістерін Қазақ жерінен шыққан ғұлама əл-Итқани жоғары бағалаған. Оның осындай новаторлығын негізге ала отырып, ХVІ ғ. Оман империясының өкілі Ибн Камал-Паша (940/1534 жаңашылдығын қ.б.) ‘Али ибн Мухаммад əл- Исбиджабиге «муджтахид» атағын берген.


Қазақстан ғұламасының аталмыш шығармасы Исбиджаб жəне оның айналасындағы өңірлердегі ортағасырлық мəдениет, əлеуметтік өмірі, оның экономикасы, саяси жəне діни өмір болмысындағы фактілерді қамтыған.


Əдебиеттер тізімі


Наджм əд-дин ‘Умар ибн Мухаммад ибн Ахмад ан-Насафи. əл-Қанд фи зикр ‘улама‘ Самарқанд (Сахарная книга в упоминании улемов-богословов Самарканда) / Йусуф əл-Һади. — Тихран, 1420/1999. — 864 б.

Абу-л-‘Адл Зайн ад-дин Қасим ибн Қутлубуға. Тадж ат-тараджим фи табақат əл-ханафийа. — Бейрут: Дар ал-Ма‘мун ли-т-турас, 1992. — 419 б.

Ибн Əби-л-Вафа‘ əл-Қураши əл-Ханафи. əл-Джавахир əл-мудийа фи табақат əл-ханафййа: 5 т. / ‘Абд əл-Фаттах Мухаммад əл-Хулв/Хилв. эр-Рияд: Дар əл-Ихйа‘, 1413/1993.

‘Али ибн Мухаммад əл-Исбиджаби. Шарх Мухтасар ат-Тахауи. Millet Genel Kütübhanesi кітапханасының қолжазбасы. — «Feyzullah Efendi» қоры. — № 803. — 370 п.

‘Али ибн Мухаммад əл-Исбиджаби. Шарх Мухтасар ат-Тахауи (түсіндірмелер мухтасар ат-Тахауи). Süleymaniye Devlet Kütübhanesi кітапханасының қолжазбасы. — «Hekimoğlu» қоры. — № 344. — 360 п.

‘Али ибн Мухаммад əл-Исбиджаби. Шарх Мухтасар ат-Тахауи. Süleymaniye Devlet Kütübhanesi кітапханасының қолжазбасы. — «Şehid Ali Paşa» қоры. — № 816. — 208 п.

‘Али ибн Мухаммад əл-Исбиджаби. Шарх Мухтасар ат-Тахауи. Beyazıt Devlet Kütübhanesi кітапханасының қолжазбасы. — № 18868. — 386 п.

3 Ханафи мəзһабындағы ғалымдардың құран мен сүннетте келемеген мəселелерге бір ауыздан келісіп үкім шығаруы.

4 Құран, сүннет жəне иджма‘та келмеген фиқһи мəселелердегі ұқсастықтар турасында (аналогия), мұсылман ғалымдарының бірігіп берген үкімі.

5 Шариғи үкім беруші мəтіндер болмаған жағдайда үкім табушы (шығарушы) құрал.

‘Али ибн Мухаммад əл-Исбиджаби. Шарх Мухтасар ат-Тахауи. «Шейх əл-Ислам ‘Ариф Хикмат» кітапханасының қолжазбасы. — № 3601. — 301 п.

‘Али ибн Мухаммад əл-Исбиджаби. Шарх Мухтасар ат-Тахауи. «Диван əл-уақф ас-сунни» кітапханасының қолжазбасы. — № 1538. — 322 п.

‘Али ибн Мухаммад əл-Исбиджаби. Шарх Мухтасар ат-Тахауи. Süleymaniye Devlet Kütübhanesi кітапханасының қолжазбасы. — «Yeni Cami» қоры. — № 458. — 701 п.

‘Али ибн Мухаммад əл-Исбиджаби. Шарх Мухтасар ат-Тахауи. Süleymaniye Devlet Kütübhanesi кітапханасының қолжазбасы. — «Yeni Cami» қоры. — № 457. — 351 п.

‘Али ибн Мухаммад əл-Исбиджаби. Шарх Мухтасар ат-Тахауи. Дар əл-Махтутат» кітапханасының қолжазбасы. —№ 1467. — 280 п.

‘Али ибн Мухаммад əл-Исбиджаби. Шарх Мухтасар ат-Тахауи. Мактабат əл-Əсад» кітапханасының қолжазбасы. —№ 12178. — 300 п.

Ахмад ибн Мухаммад ибн Салама ат-Тахауи. Мухтасар ат-Тахауи / Əбу-л-Вафа’ əл-Афғани. — Бейрут, 1406/1986. — 478 б. 

Ашық сабақ. Қазақстан атрихы. Тоғас хан туралы деректер
Мұхаммед Хайдар Дулат мұрасы мен жерленген жерін зерттеудегі келелі мəселелер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу