Реферат: 1921 жылғы Қарқаралыдағы қайғылы оқиға

Oinet.kz 08-09-2020 971

1917 жылғы Қазан төңкерісінің жеңісі құлатылған бұрынғы билеушілердің үнемі қарсылығын тудырып отырғаны тарихымыздан белгілі. Сонымен бірге жаңа үкіметтің де жүргізген солақай саясаты алғашқы күндерден-ақ қоғамның барлық əлеуметтік топтарының наразылығына əкеле берді. Мысалы, 1919–1921 жж. «Əскери коммунизм» саясаты бойынша астықты тартып алу, азық-түлік отрядтарының жүгенсіздіктері, шаруалардың наразылығын күшейтіп, олар ашық көтерілістерге əкеп соқты. Осы солақай саясаттың кесірінен бүкіл Одақ көлемінде жаппай ашаршылықтың етек алуы, халық тұрмысының күйзелуі жер-жерде «бандылардың» пайда болуын тездетті. Бұл бандылар ең алдымен Ресей құрамасында бой көтеріп, оның оты бүкіл Одақты шарпыды. Татар, Башқұрт, Коми, Закавказье, Грузия, Дағыстан Республикалары мен Алтай өлкесін, 5 округті, 31 губернияны, Петербор, Мəскеу, Тамбов, Воронеж, тағы басқа көптеген облыстар мен уездерді қамтыды, бүкіл Одақ көлемін шарпыған бандылардың қарулы күшін басу, оларды жою оңайға түспейтін болды. Ол үлкен күшті, көп қаржыны, шұғыл шараларды қажет етті. Сол үшін Одақ көлемінде Петербор, Мəскеу, Батыс, Орлов, Украина, Қырым, Солтүстік Кавказ, Еділ, Орал бойы жəне Сібір, Түркістан əскери округтері құрылды. Мұндай əскери округтерді құрмасқа Коммунистік партия мен Кеңес үкіметінің шарасы болмады. Мəселен, бір ғана Алтай өңірінде əрқайсысында 500–1500 аралығында қарулы əскері бар Кайгородов, Тырышкин, Санников, Семенюк, Шуберков, Колесников сияқты 20- дан астам банды отрядтары кеңес үкіметіне қарсы күресті. Оның үстіне бұл өлке шекарасына жақын Қытай жағынан əскерлер (қытай хунхуздары — қарақшылары) келіп, өздеріне сəтті кезеңді күтіп тұрды. Олар ара-тұра бандылармен қосылып Кеңес үкіметіне қарсы шабуылдарға қатысып жүрді. Царицын губерниясында Рогачев, Золотарев, Линченко, Смирнов секілді ондаған банды отрядтары бүлік шығарды [1].


Аталған кезеңде Сібір мен Қазақстанда да ірі шаруалар көтерілістері болып жатты. Бұл Кеңес үкіметіне қарсы ұлт-азаттық күрестермен сабақтасып тұрды. Шаруалар көтерілістерінде большевиктердің диктатурасын жою, əділ сайлау өткізу туралы саяси ұрандар пайда болды. Бұл көтірілістерді ұйымдастырушылар  жəне оған қатысқан əр  түрлі əлеуметтік топтар  да   тарихымызда «бандалар», немесе «басмашылар», деген атаққа ие болған. Олар пролетариатқа, Кеңес үкіметіне, коммунистік партияның саясатына қастандық жасаушылардың əрекеті деп теріс түсіндіріп, ұғындырылды. Нақты жағдайды халықтың санасынан шығарды, деректерді бұрмалады.


Солай болса да бұлардың ішінде сол кездегі Коммунистік партия мен Кеңес үкіметінің саясатына, елдегі коғамдық-саяси өмірге, халықтың мұқтаждарына, ауыр халіне əбден көздері жетіп, қарулы көтеріліске саналы түрде шыққандары да қаншама. Ал кезінде банды деп танылған казактар арасында   да   өздерін   «коммунизмге   қарсы   күресетін   партизан   отряды»   деп   аталғандары  да, «Коммунистер мен совет үкіметі жойылсын!» деп ұран көтергендері де болды. Қалай дегенмен Қазақстандағы 1920–1930 жылдардағы ашаршылыққа, коммунистік саясатқа қарсылықтың бəрін бандының ісі деп теріс баға берілді. Бүгінде бұлардың ара-жігі, ақ-қарасы ашылатын мезгіл жеткен сияқты. Осы көтерілістердің барлығын Қызыл Армия ірі əскери операциялар арқылы басып тастады. Көптеген деректерге қарағанда, көтерілісшілерге қарсы күресте М.Тухачевский мен С.Буденный басқарған жазалаушы əскерлер ерекше қаталдықтарымен көзге түскен екен [2]. Əрине, Кеңес үкіметіне қарсы ашық қарулы қарсылыққа барғандар жеткілікті болды. Мысалы, 1921 жылы алғашында кеңестік, кейін көрші мемлекеттердің территориясынан (мысалы, Қытайдан) үнемі үлкенді-кішілі бөлім, топтармен күрес майданына шыққандар ішінде атақты ақтар қозғалысының генералдары Б.В.Анненков, А.Н.Дутов жəне А.С.Бакичтердің, тағы басқалардың болғаны тарихтан мəлім.


Сол кездегі оқиғалардың бір көрінісі 1921 жылғы Кеңес үкіметінің жаңа экономикалық саясатқа өту кезеңіндегі, бұрынғы «əскери коммунизм» саясатының кесірін өз мүдделеріне оңды пайдалана білген Қазақстанның орталық, солтүстік аудандарын қамтыған, Есіл-Петропавл өңірінің Белов бастаған бандалардың (1921 ж. ақпанда Солтүстік Қазақстанда 25 мың бүлікшілерді басқарған бұрынғы патшалық армияның полковнигі Николаев пен есаул Токаревтің құрамында болған) қанды жорықтары айнала жұртқа қатты бата бастады. Қызылжар, Көкшетау, Ақмола төңірегіндегі халықты аяусыз соққыға ұшыратқан қалың жау жолдағы елді қырып-жоя отырып, Қытайға қарай жөңкілді. Мұнда əсіресе өзінің қатыгездігімен, озбырлығымен көзге түскен осы Токаревтің бандасы болды. Осы топ жол-жөнекей, сəуірдің бас кезінде Қарқаралы жолына түсті. Жолшыбай банда «Цвет жизни» коммунасы шаруашылығының ойран-топырын шығарып, Миньковка селосында үш адамды, Санников (қазіргі Бұқаржырау) селосында он үш адамды, Пролетар селосында коммунист А.В.Пискуновты айуандықпен азаптап өлтіріп, сəуірдің 6-сында құрамындағы 2500 адамы, 700 арбасымен кешке қарай Қарқаралыға жасырын кірді. Захар Червеев, Сергей Мокринский сияқты опасыздардың сатқындығы салдарынан жауға қарсы жіберілген шолғыншылар хабарсыз жоғалып кетті. Ал, уездік милиция бастығының орынбасары Семененконың бастауымен ақ бандаға қарсы жіберілген отряд қарақшыларға қарсы табан тіресе соғысудың, қалада қалғандарға хабар берудің орнына, Баянауылға қарай шегініп, ұры-қарақшыларға жол ашты. Оларға мықтап сенген уезд, қала басшылары қамсыз отырған-ды. Ал тау қолтығында орналасқан бейбіт қаланың алаңсыз тұрғындары шоқы-шоқының арасымен бұқпантайлап кірген жауды сезбей де қалды. Банда 12 сəуірге дейін айуандықпен ойран салды. Қызыл Армияның отрядтары келуден 2 күн бұрын олар қаланы тастап кетті.


Банданы ізінше соңынан қуғындауды Степан Разин атындағы 435-ші кавалериялық полкінің жауынгерлеріне жүктелді. Командирі К.К.Галето жəне комисары А.И.Зубов, сонымен бірге оған А.Крокстың басшылығымен Ақмоланың коммунистік отряды мен павлодарлық еріктілер тобы (550 мылтықты жауынгер, 70 қылышты жауынгер) қатысты. 1921 жылдың 23 сəуірінде Қарқаралының оңтүстік-шығысында 180 километр жерде ұрыс болды, бүлікшілер жеңіліп Қытайға қашты. 1921 жылы күзде Қытай өкіметінен келісім алған Қызыл Армияның 13-кавалериялық дивизиясы Қытай шекарасынан өтіп Токарев бандасын толық талқандады, біраз адамдарын тұтқынға алды. 1922 жылдың мамыр айында Красноярскіде банданың басшылары сотталып, революциялық əскери трибуналының үкімі бойынша оларға ату жазасы берілді [3; 4]. Қарқаралы трагедиясы жəне сол оқиғаның құрбандарының жалпы саны жайлы мұрағаттардағы құжаттар бүгінге дейін əр түрлі айтылады. Осы жағдайларды жəне мұрағаттық құжаттарды тексере келе бұрын 78 адам деп жазып жүрген құрбандардың санын бүгіндер біздер 120 адам деп көрсетіп жүрміз [5].


1921 жылғы 6–12 сəуірдегі Қарқаралы трагедиясы жəне сол оқиғаның құрбандары жайлы алғашқы зерттеу жұмыстары, мақалалар өткен ғасырдың 20-шы жылдарында-ақ қолға алына бастаған еді. Алғашқылары Семей облыстық газеттері «Юный степняк» жəне «Степная правда» беттерінде жарық көрді. 14 мамыр 1921 ж. «Юный степняк» газеті (Семей РКЖҰ губкомы органы) Иосиф Малаховты еске түсіру жайлы некрологты жария етсе, 16 мамыр 1923 ж. «Степная правда» газеті Н.А.Блошицынның    «Идеи    бессмертны»    атты    мақаласын    шығарды.    Бұл    мақалада     автор Қарқаралының партия ұйымы 1921 ж. құрбан болғандарды туысқандар зиратының басында өткен митингімен атап өткенін хабарлайды. Осы газетте оқиғаның куəгері болған В.А.Алферовтың естелігі де бар. Ол 1919 жылдың 26 желтоқсанынан Қарқаралы ревкомының экономикалық бөлімінің жалпы бөлімшесінің меңгерушісі, кейін уисполкомда қызмет жасаған еді. 1926 жылы ол коммунарлардың қайтыс болғанына 5 жыл толуына байланысты «Черный кошмар» [6], ал 1930 жылы «Пир стервятников» [7] жəне тағы басқа мақалаларын жария етті. Тағы бір куəгер Д.Степняк (мүмкін, бұл автордың бүркеншек аты болар) 1926 ж. В.А.Алферовтың мақаласы шыққан «Степная правда» газетінде өзінің осы қайғылы оқиға жайлы ойын айтып, себептерін іздегендей болады. И.Кумач жəне Ф.Калюта екеуі бірігіп шығарған «В акмолинских степях» [8] атты кітабында азамат соғысы жылдарындағы оқиғалармен бірге Қарқаралы трагедиясы да баяндалады.


Ұлы Отан соғысы жылдарында бұл мəселемен шұғылдануға ешқандай мүмкіндік болмады. Жаңа ізденіс жұмыстары тек Кеңес үкіметінің 40 жəне 50 жылдық мерейтойларына байланысты қайта өрбіді. Мысалы, А.Дубовицкий [9], журналист Ш.А.Мезгілбаев, Қарағанды облыстық тарихи- өлкетану мұражайының қызметкерлері А.Ф.Семенов жəне Э.В.Сейтвалиевалар [10] 1921 ж. құрбан болғандар жайлы алғаш биографиялық мəліметтер жинастыруға кірісті.


1965 ж. Қарқаралы мен Қарағанды қалаларына арнаулы ғылыми жолсапармен Қазақстан КП ОК-нің Партия тарихы институтының аға ғылыми қызметкері Сүлеймен Құлбаев келді. Мақсат — 1921 ж. оқиғаны зерттеу. Нəтижесінде Қарағанды облыстық мұрағатының құжаттары зерттеліп, қайтыс болғандар жайлы биографиялық қысқаша мəліметтер жинақталды. Алайда бұл жұмыстардың қорытындысы белгісіз себептермен жарияланбай қалды.


Сол жылдары Қарқаралы аудандық партия комитеті де жоспарлы түрде қайтыс болғандар жайлы мəліметтер жинауға кірісті. Осы жұмысты атқарған арнаулы топ Семей қаласының партиялық жəне облыстық мұрағаттарынан арнайы сұраныспен алдырған құжаттармен жұмыстар жүргізді. Жұмыс барысында қайтыс болғандардың кейбіреуінің туыстары табылып, олардан қосымша мəліметтер алынды. Олардың ішінде М.И.Черепанов, А.Н.Мусин, А.А.Леонов-Блошицын, Н.А.Блошицын т.б. бар. Сонымен бірге Қарқаралыда көп жылдар тұрған К.П.Ботов, Б.А.Спирин жəне Блошицындер отбасында сақталған қайтыс болғандардың тізімдері белгілі болды. 1967 жылдың қарашасында қаланың ортасында Кеңес үкіметін орнатуда құрбан болғандарға арналған ескерткіш ашылды. Туысқандар зиратында сол жылдардан бүгінгі күнге дейінгі тізімде 78 адамның аты қашалып көрсетілді [11].


1960–1985 жж. зерттеу жұмыстарды кең түрде жүргізген журналист Ш.А.Мезгілбаев еді. Осы мəселеге ол өз өмірінде қазақша жəне орысша дайындалған біраз мақалаларын арнады [12]. 1968 жылы «Индустриальная Караганда» газетінде қарт большевик Н.А.Блошицын өзінің қысқаша естеліктерін жазды [13].


1921 жылы болған трагедияға арналған тағы бір мақаланың авторы — журналист Жүніс Ыбыраев. Оның «Орталық Қазақстанға» шыққан «Қарқаралы құпиясы» атты очеркі біраз дəлелді құнды деректерді жарыққа шығарды [14]. Жалпы, 1921 ж. Қарқаралыдағы қанды оқиға үнемі зерттеушілердің қаламындағы маңызды тақырыптардың бірі болып қала берді. Кейінгі жылдары да осы мəселемен əдебиетшілер, журналистер, тарихшылар, өлкетанушылар, т.б. шұғылданумен келеді.


Сараптай келе, жоғарыда көрсетілген зерттеулердің ортақ кемшіліктерін де көрсеткен дұрыс сияқты. Бұл мақалалар мен еңбектердегі 1921 жылғы оқиға жайлы мəліметтерді бергенде, авторлар көпшілігінде жекелеген құрбандардың өмірі жайлы биографиялық хабарламаларды ұсынады. Оның өзінде олардың туған жылдарын, мекен жайларын, қызметтері мен қайтыс болған жерлерін т.б. көрсеткенде сəйкессіздік үнемі байқалады. Болашақ зерттеушілердің алдындағы басты бір міндет осы бағыттағы олқылықтарды жою болып табылады.


1980 жж. осы мəселе бойынша жарық көрген құнды зерттеу еңбектің бірі Қазақстан КП ОК-нің партия тарихы институтының қызметкері В.К.Григорьевтің «Разгром мелкобуржуазной контрреволюции в Казахстане (1920–1922 гг.)», (Алма-Ата: Казахстан, 1984, С. 176), атты монографиясы. Автор бұл еңбекте өте бай мұрағаттық деректерге сүйене отырып, 1920 жылғы Солтүстік Қазақстандағы эсер-кулактардың жасырын ұйымдарының іс-əрекеттеріне жəне олар ұйымдастырған бүліктердің зардаптарына тоқталады. Осы бүліктің барысында болған Қарқаралыдағы қырғын окиға баяндалады. Ал оның «Вопросы истории КПСС» (Алма-Ата, 1974, вып. ІІ) журналында шыққан «О Каркаралинской трагедии» атты мақаласы осы оқиғаға кең түрде ғылыми бағасын берді.


Қарқаралы трагедиясы жəне сол оқиғаның құрбандарының жалпы саны жайлы мұрағаттардағы құжаттар жинақталған орталықтар:


Қарағанды облыстық мемлекеттік мұрағаты (ҚОММ), Қарқаралы бөлімі бойынша. 68-қ., 1-т., 247-іс, 47–52-б. Бұл құжаттардағы қайтыс болғандар саны — 78 адам.

Шығыс Қазақстан облысының жаңа тарих құжаттары орталығы (ШҚО ЖТҚО. Семей қаласы) 1-қ., 1-т., 6-б., 74-іс, 3-б. Құжаттағы қайтыс болғандар саны — 70 адам (оның 12-сі — партияда жоқтар), сонымен бірге бандамен бірге кеткендері — 5-еу.

Қазақстан Республикасының Президенті мұрағаты (ҚРПМ). 17-қ., 1-т., 475-іс, 14–15-б. Бұл құжатардағы қайтыс болғандар саны — 69 адам.

К.П.Ботовтың жеке құжаттарындағы тізім бойынша 78 адам.

Б.А.Спириннің жеке құжаттарындағы тізім бойынша 71 адам (бұл банданың қолынан қаза тапқан Спирин Андрей Ивановичтің баласы).

И.Костюковтың жеке құжаттарындағы тізім бойынша 78 адам (Қазақстан КП ОК-нің облыстық саяси ағарту бөлімі қызметкері).

Н.А.Блошицынның жеке құжаттарындағы тізім бойынша 80 адам.

Осы құжаттар бойынша И.Костюковтың жасаған тізімі мен Қарқаралы қаласындағы 1967 ж. қойылған ескерткіштегі тізімдер (кейбір адамдардың фамилиясы мен аттарындағы əріп қателіктері болмаса) бірдей болып тұр. Ол сол жылдары Қазан революциясының 50 жылдығына байланысты Қазақстан КП Облыстық комитетінің саяси бөлімінің кеңесшісі ретінде 1921 жылғы құрбан болғандар тізімін жасауға тікелей басшылық жасаған. Сондықтан бұл тізім жоғарыдан нұсқау арқылы бекітілген тапсырысты орындау барысындағы істелген жұмыс сияқты. Қайтыс болғандардың нақты тізімін анықтау бүгіндері үлкен қиындықтармен ұштасады. Оның нақты себептері:


бүлік барысында қайтыс болғандардың көпшілігі келімсектерден тұрған. Яғни олардың көпшілігі Қарқаралыға жолсапармен уақытша келгендер. Жерлеу кезінде оларды көпшілік танымай, фамилияларын жазғанда көп қате жіберген;

уездегі мекемелердің мүшелері мен қызметкерлерінің біразы Қарқаралы қаласынан тысқары жерлерінде бандылармен болған қақтығыстар кезінде қайтыс болғандар. Олардың кейбіреуінің аттары ескерткіште көрсетілсе, енді біреулерінің аттары анықталмай, кейін көмескіленіп жоғалған;

сол кезде Қарқаралыда бұрынғы атаман Дутовтың əскерінен əр түрлі себептерімен бөлініп қалған офицерлер мен солдаттар болған еді. Оның 90-ы бүлікшілермен бірге кеткен. Сонымен бірге бүлікшілер кеңестік қызметкерлердің бірнешеуін күшпен өздерімен алып кеткен деген жорамалдар да бар. Қытайға өтерде жəне жолда олардың көпшілігі өлтірілген.

Осындай себептерге байланысты кеңестік ресми ұйымдардың берген тізімдері мен мұрағаттардағы, жеке адамдардың қолдарында сақталған мəліметтер арасында сəйкессіздік үнемі байқалады. Мысалы, тірі қалған Леонов деген партия мүшесі 1921 ж. 22 сəуірде Семейге берген мəлімдемесінде «Өлгендердің барлық саны 40 адам. Оның 20-сы партияда бары, 11-і партияда жоқтары, ал қалғандары бейбіт тұрғындар, 37 адам бүлікшілермен бірге кетті», — дейді [15].


Кейінірек укомның жауапты хатшысы А.Г.Рязанцев жаңа тізімге қол қойған. Ол тізім бойынша 70 адам, оның 12-сі партияда жоқтары. Қазіргі Президент мұрағатындағы (бұрынғы Орталық партия мұрағаты) құжаттардағы сақталған тізімде 58 коммунистің, 11 партияда жоқтардың есімдері беріледі [16]. 1967 ж. ескерткіш алғаш ашылғанда 72 адамның аты көрсетілсе, кейін Қарқаралы аудандық КП комитетінің тікелей араласуымен тағы 6 адамның аты-жөні қосылды. Сонымен, қазір  айтылып жүрген тізімде 78 адамның аты аталады.


Бірақ содан бері қанша жылдар өтсе де осы тізім төңірегіндегі пікірталас аяқталған емес. Н.А.Блошицын жеке құжаттарындағы тізім бойынша 80 адамды көрсете отырып, қайтыс болғандар саны 120 дегеннен бір тайған емес. Ал, банданың соңына түсіп оны жоюға  жəне қайтыс болғандардың жерлеуіне қатысқан қызыл комиссар В.Д.Лойко өзінің естелігінде 123 адам  деп жазады. Осы тізімді сол оқиғаның куəгерлері болған Пасеков пен Плескач та растайды [17].


Осы жағдайларды жəне мұрағаттық құжаттарды тексере келе, біз жалпы 120 адамның тізімін жасадық. Оның ішінде нақты қате кіргізілген адамдардың фамилияларын анықтағандай  болдық. Олар:


Мей В.В., ол 1921 ж. ақпанда Семей губревкомының жарлығымен Семейге ауысқан.

Бубенков М.Я., тірі қалған.

Варганов, 1920 ж. Белоруссияға кеткен.

Капустин М.И., Қарқаралыға 1921 ж. ақпанда келген, тірі қалған.

Абдурахимов А., тірі қалған. 1937 ж. Шет ауданында қызмет жасап жүргенде сотталған.

Зорбаев (дұрысы Жолтаев), аудандық партия комитеті хатшысы, 1935 ж. аң аулап жүріп қайтыс болған.

Бедрин Г.А., 1931 ж. қайтыс болған.

Трунов Н., кейбір коммунистердің өліміне себепкер сатқын.

Черняев Н.Н., көптеген куəлердің айтуынша, коммунистерді ұстап берген сатқын [18].

Зерттеушілердің ойынша, Матеренко Андрейдің дұрыс фамилиясы Матвиенко  А.М., Спириденко Андрей — Спирин А.И., Липин — Ляпин И.Ф., өйткені алдынғы фамилиялар зерттелген мұрағат құжаттарында, куəгерлердің естеліктерінде, Кеңес қызметкерлерінің, Қарқаралы тұрғындарының есінде ондай фамилиялар жоқ.


Қаза болғандардың ескерткішке аттары жазылмағандары да бар. Мұрағат құжаттарын зерттегенде Қарқаралыда осындай фамилиялы адамдар тұрған. Қарқаралы уезінің  1920–1921 жж. жəне мұрағат құжаттарында олар бар жəне, оқиға куəгерлерінің естеліктеріне қарағанда, бандылардың қолынан қаза тапқан. Атап айтсақ:


Калинин Герасим, Қарқаралы батальонының қызыл əскері. Куəгер А.А.Козьминаның хатында былай жазылған: «…Калинин менің есімде. Банда оғынан жаралы болған ол қансырап бір үйге келіп тығылды. Кімнің үйі екені есімде жоқ. Үй иесі əйел үйге кірісімен оны ұстап берді, сол жерде оны жау ұстап алып азаптап өлтірді» [17 жəне өлкетанушы Ю.Г.Поповтың мұрағатынан].

Каменев Григорий Маркович, коммунист, 1921 жылдың ақпанында Семейден былғары шеберхананың меңгерушісі болып келген.

Бирюков Павел Васильевич, 1894 жылы туған, қызыл əскер, 1920 жылы Павлодар уезінен келген.

Герасимов Николай Васильевич, 1894 жылы туған, қызыл əскер, батальонның наубайханасында жұмыс істеген. Қарқаралы партия комитетінің 1967 жылғы тексеруіндегі Герасимов Максим Андреевич Госбанктің қызметкері деп қателік кеткен, Герасимов Николай Васильевич, қызыл əскер, тізімде қаза тапқаны жазылған.

Санкевич? Коммунист, азық-түлік басқармасының қызметкері, мемориалда жазылған Матвей Станкевичпен бірге қаза болған.

Медведев Василий Николаевич, қызыл əскер.

Никифоров Александр Степанович, белсенді Карбышовка селосының тұрғыны.

Еситаев? қызыл əскер, есімінің кім екені белгісіз.

Троицкий Александр Федорович 1896 жылы туған, Орынбордан уездік военкоматта жұмыс істеген.

Ярковой Игнатий Федорович (тізімде Ярков), уездік военкоматтың азық-түлік бөлімінің қызметкері.

Перелыгин Василий Иванович, 1895 жылғы, рота командирінің көмекшісі.

Жасанов Андрей, ЧК қызметкері.

Петруненко Гавриил (тізімде əр түрлі Петруховский, Петуховский), қызыл əскер.

Қаза болғандардың тізімінде бірнеше адамның фамилиясы көрсетілгенмен, олар мұрағат құжаттарымен анықталмады. Олар: Самойлов Матвей; Дорошенко Иван Иванович; Страусов; Мамедов; Бейсеков; Норкин; Нордин Федор Степанович; Пеньков; Чирков; Иордин Михаил Иванович; Кисленко; Кожухов; Шульгин Николай; Рожков; Даньков; Ужегова Аграфена (барлығы 16 адам). Бұл фамилиялар əлі де болса зерттеуді қажет етеді.


Сонымен, 5 адам (Мей В.В., Вагранов, Бубенков В.Я., Абдурахимов А., Капустин М.И.) тірі қалған; Зорбаев (Жолтаев) пен Бедрин 30-шы жылдары қаза болғандар, Трунов Н. жəне Червев   Н.Н. коммунистердің қаза болуына себепкерлер, қисық жазылған фамилияларды: Матеренко, Спириденко, Липиндерді тізімнен шығарсақ, тізімде 109 адам қалады. Осылардың 1920–1921 жж. Қарқаралының Кеңес мекемелерінде қызмет істегендерін мұрағат құжаттары 84 адамның фамилиясын растайды, ал 15-ін əлі де болса зерттеп, дəлелдеу керек.


Ескерткішке жазылған 78 фамилиядан басқа, мұрағат құжаттарымен, оқиғаны көргендердің естеліктерін ескеріп, қаза болған тағы 8 адамның фамилияларын қосып жазған дұрыс дейміз. Олар: Калинин Герасим; Каменев Григорий Маркович; Бирюков Иван Васильевич 1898 ж.т.; Герасимов Николай Васильевич 1898 ж.т.; Сенкевич; Медведев Василий Николаевич; Никифоров Александр Степанович 1873 ж.т.; Еситаев.


Мына адамдардың қаза болғанын, əлде болмағаннын əлі де зерттеп, дəлелдеу керек. Олар: Троицкий А.Ф., Ярковой И.Ф., Перелыгин В.И., Петруненко Г.Ф., Русанов И. Өте терең зерттеуді қажет ететін адам бандылар өлтірген коммунист, ЧК-ның қызметкері Жасанов Андрей. Көз көрген куəгерлер естеліктерінде, ол Кеңес өкіметіне өте берілген, нағыз коммунист болған адам.


Қарқаралы аудандық партия комитетінің комиссиясының зерттеулерінде Жасанов (кейбіреулерде Жеранов А.) атақты Мəди Бəпиұлын атып өлтіруші деп көрсетілген. Сол себептен ескерткіштегі қаза болғандар тізімінен шығарылған.

Сонымен ескерткішке 87 адамның аты-жөнін жазуға болады деп есептейміз. Өйткені Ужегова Аграфена мен Леонова Аграпина — екеуі екі адам, оларды қосқанда 87 адам [17; 18] жəне Ю.Г.Поповтың мұрағаты мəліметтерінен көруге болады.


1921 ж. Қарқаралыдағы қайғылы оқиға тек қаланың ішіндегі қырғынмен шектелмегені белгілі. Сол күндері-ақ банданың қолынан қаза болғандардың ішінде уездің алыс ауылдарының тұрғындары да көп зардап шегіп, шығынға ұшыраған. Мысалы, мұрағат құжаттары Карбышовка (бүгін Көктас болып атауы өзгерген) мен Комиссаровка селоларының біраз тұрғындарының қарақшылар қолынан қаза тапқанын көрсетеді. Комиссаровка селосында кімдер қаза болғанын құжаттар нақты көрсетпесе, ал Карбышовкада құрбан болғандар жайлы біраз мəліметтер бар. 1967 ж. Карбышовканың ақсақалдары М.К.Сиденко мен Қоңырат Аманжолов 1921 ж. банданың қолынан қаза тапқандардың ауылдың сыртында жерленген жерін көрсеткен. Ол кішкене томпиған жер, ешқандай ескерткіш белгі қойылмаған. М.К.Сиденко қайтыс болғандардың екеуінің фамилиясын айтқан, олар: Александр Артемович Столбов жəне Булочников (немесе А.С.Никифоров). 75 жасар Қоңырат Аманжолов ақсақал өз сөзінде «Қарқаралыдан екі милиционер қазақ жігіттері менің үйімде сол күні қонып, ертеңінде олар жəне осы жердің коммунисі Темірбек Жылқыбаев бандалар қолына түсіп қалып, қылышпен шапқылап өлтірілді. Оларды мұсылман бейітінде жерлеген өзім едім, екеуінің жасы 25– 30-дар шамасында, ал Темірбек 50-лерге келген ел азаматы еді» дейді.


Кейінірек Александр Столбовтың ағалары Яков пен Петр жəне А.С.Никифоровтың қызы Надежда Александровна Булгаковалар табылып өздерінің хаттарын жолдаған болатын. Столбовтардың айтуынша, Карбышовкада қайтыс болғандар саны жеті адам, 4-уі қазақ, 3-уі орыс. Н.А.Булгакова болса алты адам деп көрсеткен [17].


Сонымен бірге 1960 жылдары өлкетанушы Л.Ф.Семенов 1921 жылдың куəгерлері Хорошевск селосының тұрғыны Н.С.Джура мен Пролетар селосы тұрғыны И.К.Ивановтан бір-біріне ұқсас төмендегідей мəлімет алған. Олар Карбышовкада Столбов, Никифоров жəне үш милиционердің, Пролетар селосында үш адамның өлтірілгенін айтады. Оның екеуінің фамилиялары Қарқаралыдағы ескерткіш тақтада көрсетілген Н.Иванова мен Н.К.Никитин. 1879 ж. туған А.В.Пискунов Пролетар селосында жерленген.


Сол 1921 ж., қарттардың айтуынша, Ақмолаға жолсапармен бара жатқанда банданың қолынан Қарқаралы уездік жер бөлімінің қызметкері 1873 ж. туған Сатылған Сабатаев қаза болған [өлкетанушы Ю.Г.Поповтың жеке мұрағатынан].


Сол күндері Қарқаралы қаласының азалы халқы қаланы азат етушілерді қуана да, күрсіне қарсы алғаны белгілі. Құрбан болғандарды Халық үйіне жақын жердегі алаңға əкеліп, қаралы жерлеу жиыны ұйымдастырылды. Алаң күңіренген күйге толып, жан тебірентерлік қаралы марш ойналды. Адамдардың денелері жатқан табыттар ұзынша етіп қазылған үш қабірге қатар-қатар қойылды. Халықтың сол ардагер перзенттерінің ішінде революцияны өз қолымен бірге əзірлесіп, адамгершілік қасиеттердің ең асылдарын бойға жиған жас батырлар да бар еді. Содан бері 88 жылдай уақыт өтіпті. Бір кездегі қаралы алаң бұл күндері тым айбынды. Туысқандар бейіті содан бері төрт рет жаңарып, 1967 жылы бүгінгідей жаңа қалыпқа түсті. 2009 жылы облыстық, аймақтық «Мəдени мұра» бағдарламасы аясында осы ескерткіш қайта жөнделіп, тағы да жаңартылды. Бүгінде ол биік дуал, болат шарбақпен қоршалған. Дəл жанында ұлы достықты, ұлттар бірлігін паш ететін алып мүсіндер тобы мен ұлы ерліктің куəсі мұнара тұрғызылған. Ол жерде бүгіндер ізбасар-балғындар еккен қызыл- жасылды гүл жайқала жетіліп, жасөспірім тал шоқтары жапырағымен желпиді. Баяғыда қаралы митингі өткен жерде бүгінде мəңгілік мінбе бар. Арнаулы тастарда құрбан болғандардың аты-жөні берілген. Бұл тізімдерде көрсетілген адамдардың барлығы дерлік жастардан тұрады.


Алайда олар сол өткен ғасырдың 20 жылдарындағы азамат соғысының от-жалынында шыныққан, болашақтан зор үміт күткен қарқаралылық жерлестеріміз еді. Сол аласапыран оқиғалардың құрбандары,  көпшілігінің жасы жиырмаға жетпей қиылған жерлестерімізді еске алу, ескерткіш орнына гүл қою, бүгінгі күннің заңды құбылысы болып табылады. Өткенге тағзым ету арқылы біз тарихымызға құрмет көрсете аламыз.


 


Əдебиеттер тізімі


Ижанов З. Бандылар // Егемен Қазақстан. — 2001. — 31 қазан. — 12-б.

Адамбеков Б.К. ХХ ғасырдағы Ресей империясы, Кеңес мемлекеті жəне ТМД тарихы: Оқу құралы. — Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2005. — 344-б.

Қарағанды. Қарағанды облысы / Редкол.: Р.Н.Нұрғалиев, Ж.А.Адаев, Ж.Н.Əбішев т.б. — Алматы: Қаз. Сов. энцикл., 1990. — 351–352-б.

Жалынды, жаралы жиырмасыншы жылдар жаңғырығы // Орталық Қазақстан. — 1990. — № 159. — 11 шілде.

Тарихи тұлға тағылымы: Қазақ халқының композиторы, əншісі, ақыны Мəди Бəпиұлының туғанына — 125 жыл: Аймақтық ғыл.-практ. конф. материалдары. — Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2005. — 102–126-б.

Алферов В.А. Черный кошмар // Степная правда. — 1926. — 6 апр.

Алферов В.А. Пир стервятников // Октябрь в Казахстане: Изд. Центр. Совета КазССР. —1930. — С. 203–208.

Кумач И., Калюта Ф. В акмолинских степях. — Алма-Ата: Наука, 1936. — С. 80–81.

Дубовицкий А. Домик лесника // Социалистическая Караганда. — 1961. — 26 авг.; Соныкі. Из летописи Каркаралинска// Советтік Қарағанды. — 1957. — 31 мамыр.

Семенов А.Ф. Древняя Каркаралы // Центральный Казахстан. — 1963. — 26 нояб.; Соныкі. Каркаралинская трагедия // Заря коммунизма. — 1960. — 9 июня.

Борцам за власть Советов // Индустриальная Караганда. — 1967. — 26 нояб.

Мезгильбаев Ш.А. Молодость Каркаралы // Индустриальная Караганда. — 1967. — 3 нояб.; Соныкі. Из искры возгорелось пламя // Индустриальная Караганда. — 1977. — 6 марта.

Блошицын Н.А. Семь дней мужества // Индустриальная Караганда. — 1968. — 29 дек.

Ыбыраев Ж. Қарқаралы құпиясы // Орталық Қазақстан. — 1978. — № 237–240. — 12 қазан.

Шығыс Қазақстан облысының жаңа тарих құжаттары орталығы (ШҚО ЖТҚО. Семей қаласы). — 72-қ. — 1-т. — 6-б. — 13-іс. — 269-б.

Қазақстан Республикасының Президенті мұрағаты (ҚРПМ). — 17-қ. — 13-т. — 475-іс. — 14–15-б.

Қарағанды облыстық мемлекеттік мұрағаты (ҚОММ). — 197-қ. — 1-т. — 1-іс.

Қарқаралыға — 180 жыл: Тарих толқыныңда: Аймақтық ғыл.-практ. конф. материалдары. — Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2004. — 118-б.

Мұхаммед Хайдар Дулат мұрасы мен жерленген жерін зерттеудегі келелі мəселелер
«Отбасылық альбомның кейіпкері» (соғыстың ызғары маңдайына тиген отбасы мүшелері туралы әңіме)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу