Сценарий. 8 наурыз. «Ана алақанының аясы, ақ шынардың саясы»

Oinet.kz 06-08-2020 831

Мақсаты:

1. Ұстаздар қауымын, ата - аналарды, оқушы қыздарымызды мерекесімен құттықтау, көтеріңкі көңіл - күй сыйлау.
2. Халқымыздың ата - бабадан келе жатқан салты қыз баланы сыйлау, ананы құрметтеу, нәзік жанды, ізгілік қалыптастырушы ұстаз - аналарымызды дәріптеу.
3. Қазіргі ата - ана тек жанұя ұйтқысы ғана емес, қоғамда жақсылықты, мейірімділікті, сұлулық пен бірлікті нығайтушы, қоғам тірегі екендігін баса айту.

Сахнада оркестр «Балбырауын күйі»

1 - жүргізуші: Армысыздар, құрметті ұстаздар, қыздар!
Міне, жыл аралатып көктемнің алғашқы күндерімен келетін 8 наурыз халықаралық әйелдер күні де келіп жетті. Жер - ана бусанып, тіршілік атаулыға жаңаша нәр беріп, қар астынан бәйшешек қылтиып, көктем лебі сезіліп, айнала нұрға бөленген шақта жер бетіндегі тіршіліктің өзегін келешекке жалғаған аналар мерекесі қатар келіп, көңілдерге қуаныш сыйлауда.

2 - жүргізуші: Әр уақытта небір ұшқыр қиялдар мен нәзік сезімдер әйел атымен астарласып жүреді. Әйел – бұл қоғамдағы тыныштық пен береке, мейірімділік пен жанұяның жылуы.
1 - жүргізуші: Әйел – бұл пәктік пен жан байлығы, шынайы махаббат пен аналық құдірет. Осы жарқын мейрам қарсаңында қоғамның әдемі бөлігінің сұлулығы мен көркемдігіне, шыдамы мен сеніміне, өмірге құштарлығы мен қайсарлығына бас иеміз.

2 - жүргізуші: Иә, бүгін мақтасақ барлығын жеңетін тіршіліктің бұлағы әйел - ананы мақтайық! Ажал оның алдында бас иетін, нағыз күшті әйел ананы мақтайық! Эпостағы Гүлбаршын мен Құртқа, Ақжүніс пен Назым, тарихтағы Домалақ ана, Айша бибі, Абақ - ана, Абайды туған Ұлжан, бәрі - бәрі бір ғана атқа ие. Ол – ана!
Гүлдей құлпырған абзал аналарға, нәзік жанды әпке-сіңлілеріміздің құрметіне «Ақ мамам» әнін тарту етеміз! Қабыл алыңыздар!

1 - жүргізуші:............., қалай ойлайсың? Дүниедегі ең сұлу, ең ақылды, ең мейірімді кім?
2 - жүргізуші: Ол, әрине, қазақ әйелі.
Қазақ әйелі – бар мұратын отбасының игілігіне жұмсайтын, әлемдегі ізгі адам. М. Әуезов айтқандай: «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетуші жандар».
Қазақ әйелі – бар бақытын некелі ерінің талайынан күткен, әлемдегі ең адал жар, ұрпақтың анасы, ұлттың ұйтқысы, қоғамның тірегі.

1 - жүргізуші: Олай болса, алғашқы құттықтау сөз кезегін бар өмірін мектепке, бала тәрбиесіне арнаған, білікті басшы, аяулы ана мектебіміздің директоры............................... ортаға шақырамыз.

1 - жүргізуші: Теңіздей тербетіліп көл бетінде,
Бишілер билеп кетті тербетіле.
Аққудай қалықтаған теңіздегі,
Бишілер өнерлерін көрсетуде.
Би үйірмесінің жетекшісі.................... өзінің қағылез шәкірті................... сынып оқушысы.................................. бірге қарсы алайық.

2 - жүргізуші: Десек те уақытпен жарыспайды,
Қиялға қиялменен қарыштайды.
Шәкірттер шын жүректен тебіреніп,
Өнерлерін аналарға бағыштайды.
1 - сынып оқушыларының балғын тілектерін бірге тыңдайық.

2 - жүргізуші: Анам менің, асылым, лағыл әнім,
Кең кеудеңе гүл болып тағыламын,
Жұлдызындай көгінде жағыламын.
Алыс кетсем аңсаймын, сағынамын,
Анам менің, асылым, лағыл әнім,
........................ орындауында «Анашым» әнің қабыл алайық.

1 - жүргізуші: Қазірет пайғамбарға бір адам келіп:
- Мен бір зор күнә істедім. Енді мен үшін тәубе ету мүмкін бе? – деп сұрайды.
Сонда пайғамбар:
- Анаң бар ма? – деп сұрайды.
- Бар, - дейді әлгі адам.
- Онда анаңа қызмет көрсет – деген екен пайғамбар.

2 - жүргізуші: Мұхаммед пайғамбарымыз хадисінде:
«Жәннәт – аналардың аяғының астында деп, ислам діні әйелдерді ерекше құрметтеп, егер де бір үйде қыз бала дүниеге келсе, береке, молшылық, бейбітшілік болады, ата - анасына қуаныш әкеледі дейді».

1 - жүргізуші: Сондай - ақ, «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, қарызыңнан құтыла алмайсың» деген ұлы ғұлама сөзі ана алдындағы парызымызды шегелей түспек.

Қазақ биі

2 - жүргізуші: Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев: «Шығыс халықтарының арасында, жалпы мұсылман әлемінде әйел затын ерекше бағалайтын, қарындасты қатты қадірлейтін халықтың бірі де бірегейі де біздің қазақ».
Бүгінгі айтылатын ақ тілек, жылы сөз, күмбірлеген күй, шырқалатын ән сіздерге арналмақ.

1 - жүргізуші:
Халықта батыр да өткен, бағлан да өткен,
Ел елдік ата текті мақтан еткен.
Жеті атасын білген ер азамат деп.
Бабалар өсиет қып айтып кеткен.
Бұл пәниден жақсы да, жаман да өткен.
Жиын той болмап па еді бізде көптен.
Қол соғып ел - жұртым демеп отыр.
Сөз қозғайық аналарға ізгі ниетпен – дей келе, мерекемен құттықтау үшін сөз кезегін бір жанұяның ұйтқысы, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған өнерлі жан,....................... пәнінің мұғалімі...................... апайға береміз.

2 - жүргізуші: Жанұяның жылуын суытпай, тал бесікті тербей отырып, тебірене толғар бесік жыры арқылы аңыз ертегілері мен жақұт жырлары арқылы ұрпағының бойына адамдық қасиеттерді дарытып отырған аналардың құдіретті сезімдеріне арналған әсем әнді қабыл алыңыздар.
Алдарыңызға әнші қыздарыңыз.............................. орындауындағы «Мереке күніңмен!» атты әнін қошаметпен қарсы алыңыздар.

1 - жүргізуші: «Отбасы – шағын мемлекет». Ынтымағы келіскен, түтіні түзу ұшқан әрбір шаңырақ мемлекеттің құт берекесі. Әйел - ана – отбасы жылуын сақтаушы, қоғамның ертеңі болашақ балаларды тәрбиелеуші.
Хор

2 - жүргізуші: Қыз қызғалдақ, әйел – ана, әйел – өмір, тіршілік өзегі. Бүгінгі күн – жер бетінде барлық аналардың қуаныш, шаттық мерекесі. Ана баласының ер жетіп, адам болуын қалайды. Анаға одан артық тартудың қажеті жоқ.
Адам бар ма ана сүтін татпаған,
Алуан - алуан ауыр сынды аттаған.
Адалдықты, ар - намысты сақтаған
Мен ананың сонысына мақтанам - дей келе, келесі кезекті әр түрлі жарыстарда бағы жанып жүрген көркемсөз, мәнерлеп оқу сайыстарының жеңімпаздарын шақырамыз.

1 - жүргізуші:
Бүкіл әлем аналардың ақ сүтінен нәр алған,
Бүкіл әлем аналардың үмітінен таралған.
Әлемде сен болмасаң осылайша
Туар ма еді, жүрегімде биік мақсат, игі арман.

Ән шашу..................................

2 - жүргізуші: Ана – өмір тірегі, жылылық пен нәзіктіктің үйлесімі, бар жақсылықтың жаршысы. Олар – еңбек озаттары, қайраткерлер, өнер жұлдыздары.
Әр түрлі салада сан қырлы қызметте шыңдалып, замана көшін жалғастырушы, ізгіліктің бастаушысы да біздің ару қыздарымыз бен аналарымыз.

2 - жүргізуші:
Тотыдай таранған, жібектей сызылған, аяулы аруларымызды, жаны шуақ ұстаз - аналарымызды құттықтау кезегі ер - азаматтарымызға да келіп қалды. Жасырары жоқ, бала тәрбиесіне ер - азаматтарымыздың 30% ғана білек сыбана кірісіп, өз үлестерін қосуда.
Мерекемен құттықтау сөзді жігіттерімізге берейік.

1 - жүргізуші: Арулар – аяулылар, ардақтылар,
Өмірдің жылуы боп қалмақ бұлар.
Арулар – тіршілікке күретамыр,
Өмірді бір - бірімен жалғап тұрар
2 - жүргізуші:
Көңілің Алатаудың ақ қарындай,
Мейірімің күннің шуақ шақтарындай.
Қалайша аяулы ана тына алармын.
Ән болып сағыныштан ақтарылмай – деп, абзал аналарымыз бен аруларымыздың құрметіне..................................................... орындауындағы «Анашым» атты әнін қабыл алыңыздар.
1 - жүргізуші: Халқымызға билік айтар даналар,
Даналардың өзі анадан жаралар.
Жүрегінің бір бөлшегі бала үшін
Сізден жақын адам бар ма аналар?!
Барша ана құтты болсын мерекеңіз,
Әрқашанда ана сізбен берекеміз.
Ақтасақ ақ сүтіңді, асыл анам,
Сонда біз кісілікке теңесеміз, - алтын ұя мектебіміздің қанат қаққалы отырған, білімді елдің білікті ұландарына сөз береміз
1 - жүргізуші:
Бойыңа бар сұлулық жиналғандай,
Мүсінің ақ мәрмәрдан құйылғандай.
Жарқ етіп шыға келген ел алдында,
Биші қыз ғажап еді биің қандай!

Би:......................................

Ана – перзент тәрбиелеуші.
Ана - қызметкер.
Ана – ғалым.
Ана - тіршіліктің гүлі.
Анаға арналар ән ешқашан толастамақ емес. Бүгінгі шуақты мерекеде дендеріңізге сайлық, жанұяларыңызға жақсылық, береке, бірлік тілейміз! Мерекелеріңіз мерекеге ұлассын!

Алматы қаласы, Алмалы ауданы,
№147 гимназия география пәні мұғалімі
Керимшеева Береке Рысказиевна

Ашық сабақ. Қазақ тілі. Құрмалас сөйлем
Ашық сабақ. Қазақ тілі. Сөз тіркестерін құрастыру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу