Бүгінгі ұрпақ Қыдыр атаға сене ме?

Oinet.kz 03-03-2022 638

Screenshot_3.jpg

«Мен ел қыдырып жүретін құдыретпін. 

Ал жерде іздейтін адамдарды мен тек осында қабылдаймын». 

Шымкент қаласының аумағына кіретін, сансыз баптардың мекені саналатын Сайрам ауылындағы Қожа Салық кесенесінің кіре берісінде осындай жазу бар. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл сөз Сайрамның тарихы туралы жазылған көне кітаптардан алынған. Аңыз бойынша Қыдыр ата Сайрамда дүниеге келген. Қожа Салық оның әкесі.  Ол әр жұма күні таң ата Сайрамдағы ата-анасының кесенесіне зиярат ететін көрінеді.  

Яғни, Қыдыр атаның іздесеңіз, Сайрамға келіңіз.

 Қыдыр ата туралы ел аузында таралған сөздер, оған қатысты таным-түсініктер көп. Қыдыр немесе Қызыр ата Ұлыстың Ұлы күнінде ел аралап, адамдарға құт-береке сыйлайды, бата береді. Бұл күні Қызыр бабаға арналып әр үйдiң төрiнде қос шырақ жағылатын болған.  Қазақта «Қырықтың бірі Қыдыр», «Қыдыр қонған», «Қыдыр дарығын» деген сөздер  бар. Адамға Қызыр ата өмірінде кем дегенде үш рет көрінеді екен. Ол алғашқыда жиырма жеті жастағы жігіт, екіншісінде қырық жеті жастағы жігіт ағасы, ал үшіншісінде алпыс жеті жастағы қария кейпінде жолығады-мыс. Оның «Қызыр» аталу себебі – ол отырған жердің түсі әп-сәтте жасылға айналады екен. Жасыл түс пен жер дүниенің көктеп, гүлдеуін араб тілінде «хезра» деген. 

Қыдыр атаға қатысты әдеп-ғұрыптар түркі халықтарында ықылым замандардан бері кездеседі. Мәселен гагауз халқында Хыдырлез деп аталатын мереке бар. Бұл мереке бидайға алғаш рет масақ байлаған кезде атап өтіледі және ол мамыр айының алғашқы жұмасына сәйкес келеді. Бұл кезеңді «тепреч» деп атайды. Хыдырлез түнін  гагауздар ән айтып, түрлі жарыстармен, мол дастарханмен қарсы алады. Хыдырлез сөзінің ұғымын ғалымдар Қыдыр мен Ильяс пайғамбарлардың атымен байланыстырады. Оның алғашқысы Ильяс су мен үй жануларының қорғаушысы болса, Қыдыр адамдардың жебеушісі саналған. Хыдырлез мерекесі қырым татарларында да кездеседі. Бұл күні олар үйлерін тазалап, түрлі тағамдар пісіреді. Кешкісін алау жағып, жастар жағы оның үстінен секіреді. Сөнген оттың күлін кейін көміп тастайды. 

Қасиетті Құранның «Кәһф» сүресінде Қыдыр ата туралы жазылған. Онда Қыдырдың Мұса пайғамбармен кездескені,  Алла тағаланың оны Мұса пайғамбарға тағылым үйрету үшін арнайы жібергені баяндалады. Бұдан Қыдыр атаның Мұса пайғамбардың заманында, яғни ислам мен  христиан дініне дейін өмір сүргені байқалады. Кейбірлер Қыдыр атаның өлмейтінін, жерде оның қабірінің жоқтығын айтса, кейбіреулер Қыдыр атаның қайтыс болғандығын хабарлайды. «Кувейттің Филикия деген аралында Хыдырдың (Қыдыр ата) қабірі бар» деген мағлұматтар кездеседі. Әзірбайжандағы әйгілі Бешбармақ тауының етегінде Қызыр Зинда деп аталатын кесене бар. Қызырға қатысты нысандарды әлемнің әр түкпірінен жолықтыруға болады. Құдыс қаласында Қыдыр күмбезі, Самарқанда Хазіреті Қызыр мешіті бар.

Ал Сайрамда Қыдыр атаға қатысты бір емес үш бірдей нысан аталады. Оның біріншісі, Қызыр мұнарасы. Шымкент қалалық әкімдігінің мәліметінше, бұл нысан «Қазақстанның киелі жерлерінің» картасына республикалық маңызы бар ескерткіш ретінде енген. Ерте замандарда осы мұнараның қасында Қызыр мешіті болған. Бүгінде оның тек қалдықтары ғана сақталған.   

Ал үшіншісі, жоғарыда айтқан Қыдыр атаның әкесі деп есептелетін Қожа Салық кесенесі. Бұл нысан бүгінгі Сайрамның орталығына жақын жерде, Мәртөбеге баратын жолдың бойында жатыр. Қожа Салық кесенесі Сайрамдағы көне ғимараттардың бірі болып есептеледі. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, әулиенің басына алғашқы ғимаратты Сұлтан Мансұр тұрғызған. Кірпіштен салынған, нысанның ішінде жоғары көтерілетін баспалдағы бар. Кесене төрт қырлы. Алғашқы кесене 6-ыншы, енді бір деректерде 11 ғасырда салынса керек. Бірақ тарихшылар қазіргі ғимарат 19 ғасырда ортасында тұрғызылған дейді. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында кесенеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сексеніші жылдары ол мемлекет қорғауына алынған. Тоқсаныншы жылдары кесенеге қалпына келтіру жұмыстары қайта жүргізілген. Соңғы жылдары әулиеге Ергеш деген ақсақал шырақшылық етті. Ол қайтыс болғаннан кейін бұл қызметті оның кемпірі Хабиба апа жалғастырды. Хабиба апа 2020 жылы о дүниелік болған. Содан бергі аралықта кесенені күтіп ұстау жұмыстарымен оның ұлы Толқын айналысады. 

 Толқын Исрайыловтың айтуынша, кесенеге 2010 жылы экс-сенатор Өмірбек Байгелді күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген. Кесененің ауласы кеңейтіліп, ғимараттың сырты шығыстың ою-өрнектерімен әрленген. 

-Күрделі жөндеу жұмыстарын Өзбекстаннан әкелінген ұсталар жүргізді. Оған ғылым кандидаты атағы бар азамат жетекшілік жасады,-дейді Т.Исрайылов.  Алайда арада бір-екі жыл өткен соң жаңбыр мен қардың салдарынан кесененің сыртындағы ою-өрнектері түсе бастаған. Осыдан кейін кесененің төбесіне металл жабындысы қойылған. Жан жағы полиэтилен материалдармен қоршалған. Кесененің қазіргі ахуалы міне, осындай. Нысанға енді қайта жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. 

Жоғарыда нысанның мемлекет қорғауына алынған республикалық маңызы бар ескерткіштердің тізіміне енгізілгенін атап өттік. Мұндай нысанға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу оның тарихи құндылығына қаншалықты әсер етті? Күрделі жөндеу жүргізу үшін тиісті орындардан рұқсаттары алынды ма? Бұл туралы және дәл қазіргі уақытта кесененің кімнің иелігінде екендігі туралы ешқандай мәліметтерді таба алмадық. Толқын Исрайылов та бұл туралы ештеңе білмейді. Кесененің мемлекет қорғауына алынғаны туралы да ешқандай жазу жоқ. 

-Кесененің айналасын күтіп тазалау жұмыстарымен қазір жұбайымыз екеуіміз айналысамыз. Жақында ауыл тұрғындары нысанның төбесіне қойылған клиенкаларды ауыстырып кетті. Бәрі сауап үшін жасалып жатыр. Дегенмен тұрақты түрде қызмет ететін шырақшы қажет,-деді Т. Исрайылов. 

Соңғы жылдары кесенеге келіп зиярат ететін азаматтардың  қатары күрт сиреген. Неге? Шамасы бұған «әулиеге зиярат ету, әулиеден сұрау ширк» деген түсініктер әсер ететін сияқты. 

Жалпы Сайрам өңірінің тарихы аңыз-әпсаналармен астасып жатыр. Жергілікті халықтың қолында сақталып қалған шежірелерде Сайрамның негізін Ыдырыс пайғамбардың қалағаны жазылған. Халық арасындағы түсінік бойынша Мұса пайғамбардың замандасы Юша пайғамбардың моласы Сайрамға жақын жерде жатыр. Нұқ пайғамбардың кемесі тоқтаған Қазығұрт тауы да осы арадан алыс емес. Бірақ бүгінгі ұрпақ ғасырлардан ғасырларға жалғасып келе жатқан осындай аңыз-әңгімелерге, Қыдыр атадан даритын құт-берекеге, қасиетке сене ме?

Наурыз Бата
Әлемдегі ең таңғажайып аурулар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу