Шыңғыс Мұқан: Мәдениетке бөлінген 1 пайызға жетпейтін қаржыны көп көрдіңіздер ме?
Кешелі бері Шымкент қаласында Наурыз мерекесін тойлауға бөлінген қаржы көлемі шу тудыруда. Бір мерекеге 572 млн (кей деректерде - 565 млн теңге) теңгедей қаржы жұмсалғаны көпшілікті ашуландырды. "Індет өршіп тұрған кезде той тойлауға 565 млн теңге жұмсаған дарақылық қой. Бұл ақшаға үй-күйсіз жүргендерге пәтер алып бермей ме, үй салып бермей ме?" деген сарындағы қаржыны альтернативті игеру жолдарына қатысты пікірлерге қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен баспасөз мәслихатында түсініктеме берді деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
- Мемлекеттің саясаты бар. Әлеуметтік тұрмыс деңгейі төмен отбасыларға қарасып отыр. Оларды үй кезегіне қойып, жыл сайын 500 мыңдай пәтер таратып отыр. Сондықтан да мына нәрсені түсінбеймін: "Барлығын қоя салып, мына нәрсені істейік" деген. Әрқайсысының өз реті бар емес пе?! Былтыр Шымкенттің бюджеті 456 млрд теңге болды. Ал Мәдениетке 3 млрд теңге ғана бөлінді. Былай қарасаңыз, Мәдениет саласына бөлінген ақша 1 пайызға да жетпейді.
Онда Мәдениетке қатысты кітапхана, театрдың бәрі жауып тастайық та, басқа салаға салайық. Наурызды тойлауға кеткен 200 млннан аса теңге кетті дейсіздер. Бұл 200 млн теңге бір шақырым жол салуға да жетпейді. Сонда қаланың Мәдениетін дамытуға бөлінген 1 пайызға жетпейтін қаржыны көп көрдіңіздер ме? - деп Шыңғыс Мұқан қаланың Мәдениет саласына шүйліккендерге деген ренішін білдірді.
Еске сала кетейік, соңғы бірер күнде қоғамда Шымкенттегі Наурыз мерекесін тойлауға бөлінген 565 млн теңге қатты талқыланып жатыр. Осы шуға қатысты брифингте біраз жайттар белгілі болды. Мерекені тойлауға 572 млн теңге емес, 213 млн теңге жұмсалғаны айтылды. 213 млн теңгеге Шымкентте 10 күн ішінде 103 іс-шара өткізіліпті. Ал 572 млн теңге деген цифр қалада жыл бойы мәдени іс-шаралар ұйымдастыруға мәслихат депутаттарының шешімімен қарастырылған.