Әңгіме. Жаман жолдас
Екі дос кісі жолда келе жатып, бір аюға ұшырапты. Бұл екі кісінің біреуі әлсіз, ауру екен. Екіншісі мықты, жас жігіт, аюды көрген соң, бұл жігіт ауру жолдасын тастап, өзі бір үлкен ағаштың басына шығып кетті деседі. Ауру байғұс ағашқа шығуға дәрмені жоқ, жерге құлады да, созылып өлген кісі болды да жатты. Естуі бар еді, «аю өлген кісіге тимейді» деп. Аю бұл жатқан кісінің қасына келіп иіскелеп тұрды да, дыбысы біліндеген соң, тастап жөніне кетті. Мұнан соң манағы жолдасы ағаштан түсіп, аурудан сұрапты: - Достым, аю құлағыңа не деп сыбырлап кетті?
Ауру айтты дейді: - Аю құлағыма ақыл сыбырлады: «Екінші рет тар жерде жолдасын тастап қашатын адаммен жолдас болма» деді, - дейді.