Қазақстан тарихы. Есік обасы

Oinet.kz 05-09-2020 1373

Есік обасы — сақ дәуірінен сақталған ескерткіш. (б.з.б. 5 — 4 ғасырлар) Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының орталығы Есік қаласының маңында, Есік өзенінің жағалауында орналасқан. 1969 — 70 жылдары Жетісу археологиялық экспедициясы (жетекшісі К.Ақышев, мүшелері Б.Нұрмұханбетов, А.Г. Максимовалар) зерттеген. Бұл маңдағы сақ дәуірінен сақталған обалар бірнеше топқа бөлінеді. Мұның ішінде ең көрнектісі — үлкен Есік қорымы. Қорым құрамында солтүстіктен оңтүстікке созыла ауданы 3 км2 жерді алып жатқан 45 топырақ (диаметрі 30 — 90 м, биіктігі 4 — 15 м) оба бар. Арасынан алты үлкен оба қазылды, бұлардың қатты тоналған үшеуінен заттай дерек кездеспеген. Төртіншісінен үлкен төртбұрышты қабір ішіне басын батысқа қарата бірге жерленген екі адамның мүрдесі, темір түйреуіш, көптеген алтын жапсырмалар табылды. Есік обасы біздің заманымыздан бұрын V-IV ғасырларда өмір сүрген сақ тайпаларының тарихы мен мәдениетінен хабар беретін аса көрнекті ескерткіш. Обадан табылған 4 мыңнан астам бұйымдардың көбі алтыннан жасалған.

Ал алтыншы оба — әлемдік маңызы бар “Алтын адамның” табылуы себепті ғылым мен мәдениетке “Есік обасы” деген атпен енді. Сақ ханзадасы диаметрі 60 м, биіктігі 6 м обаның астындағы шырша бөренелерден жасалған ағаш қабірге қойылған. Мұның өзі бүйірдегі қосымша қабір, ал негізгі қабір толығынан тоналып кеткені анықталды. Ханзада 4 мың алтын әшекей тағылған киімімен, қару-жарақ, ыдыс-аяғымен жерленген. Күміс тостағанға түсірілген 26 таңбалы жазу қазір “Есік жазба ескерткіші” деген атпен белгілі және мұның әліпбилік жазу екендігіне күмән келтірілмейді. Бұдан солтүстік-батысқа таман орналасқан тағы бір обаның диаметрі 58 м, биіктігі 4,5 м. Қазу барысында обаның бірнеше рет кезектесіп қаланған тас және топырақ қабаттарынан тұратыны, сондай-ақ, тоналғандығы да анықталды. Үлкен қабірдің аумағы 5,1х2,3 м, тереңдігі 1,8 м. Тонау кезінде біршама бүлінген қабір ішінен кішірек жұқа алтын жапсырмалар, күміс сырға, қыш ыдыстар және қоладан құйылған ғұрыптық ыдыс табылды. Сирек кездесетін мұндай ыдыс Жетісуда тұңғыш рет кездесті, ол конус пішіндес аласа тұғыр мен жайпақ тостағаннан тұрады. Ғұрыптық жораларды өткізу кезінде сақтар осындай ыдысқа хош иіс шығаратын заттарды жағып түтіндетіп қоятын болған. Есік обасы сақ кезеңінің әлеуметтік-экономикалық деңгейін көрсететін ерекше ескерткіштерге жатады.


Ашық сабақ. Қазақ әдебиеті. Қозоқ адабиётининг ёрқин юлдузи
Ашық сабақ. Информатика. 6 сынып. Мәтіндік процессоры жайлы жалпы мағлұмат
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу