Алдағы 4 жылда 26 мың пәтер салынады
01-09-2021
Сауаттылық диктант.
Орман іші.
Қыркүйек айы. Күздің басы. Аспан жиі бұлттанып, жел тұрады. Күн көзінің қызуы азаяды. Мектеп оқушылары орманға серуенге барды. Оқушыларды табиғаттану пәнінің мұғалімі Дина Үкітаева алып барды. Орманда қайың, терек, қарағаш, шырша өсіп тұр. Терек пен қайыңның жапырақтары сарғая бастаған.
Ағаштың бұтақтарында түрлі құстар ұшып – қонып жүр. Оқушылар құстардың, ағаштардың атын дәптеріне жазып алды.
Бақылау диктант.
Құс – бақтың досы.
Егіндіктің қасында үлкен бақ бар. Бақтың шетінде биік теректер, аппақ қайыңдар өсіп тұр. Бақта алма, алмұрт, өрік, шие ағаштары бар. Күзде жемістер пісіп, адамдар жинауға келеді. Жаздыгүні біздің жерімізде құстар көп болды. Бақ ішіндегі құстар зиянды құрт – құмырсқаларды, көбелектерді жейді. Құстар бақтарды зиянды жәндіктерден сақтайды. Құстарға тимеу керек. Оларға ұя жасап, қамқорлыққа алған жөн. Олар қыстыгүні ашығады. Балалар қыста жем беріп, оларды аштықтан құтқарады.
Тапсырма:
1. Мәтінде қанша сөйлем бар? Жай сөйлемдерді тап. Қанша екенін жазып қой.
2. Алғашқы екі сөйлемдегі зат есімдерді тап. Астын сыз.
Сауаттылық диктант.
Орманда.
Күн суық. Сарышымшықтар топ – топ болып ұшып жүр. Олар ашығып, бүріскелі біраз болды. Орман ішінде тоқылдақтың тоқылы ғана естіледі. Тоқылдақ бір үлкен қарағайға келіп қонады. Оның қабығын тесті. Үңгіп жеп жатқан құртты, шыбын – шіркейлерді суырып ала бастады. Онымен қоректенеді. Тоқылдақтың шұқып түсірген қоңыздары мен құрттары қар бетін қаптады. Мұны көрген сарышымшықтар жетіп келеді. Жердегі дайын олжаны теріп, жей бастады. Осылайша күн ұзаққа тоқылдақтың соңынан қалмады. Әбден тойды.
Бақылау диктант.
Құлын.
Азамат қалада тұрады. Күндіз балабақшаға барады. Қалған уақытта әжесінің қасында жүреді. Әжесі оған қызық ертегілер айтып береді. Өлең айтуды үйретеді. Ол бәрін құмарта тыңдайды.
Өткен жазда Азамат әжесімен ауылға барды. Ауылда бәрі оған қызық сияқты. Үйдің сыртында бие байлаулы тұр еді. Қасында құлыны бар екен. Тұлымшағы желпілдеген құлынды жақсы көрмеу мүмкін емес. Азамат әжесінің ылғи «құлыным» деп өзін жақсы көретінін енді түсінгендей болды. Мен де осындай «құлынмын» деп ойлады.
Тапсырма:
1. Мәтінде қанша сөйлем бар?
2. Оқушы деген сөзді үш жақта жікте.
Сауаттылық диктант.
Найзағай.
Біздер, жеті – сегіз бала, жаздыгүні тоғайға бардық. Тоғай таудың етегінде, ағашы қалың, іші көлеңкелі екен. Ағаш көлеңкесінде отырып дем алдық. Күннің қызуы күшейе түсті. Шөлдеген соң, жиде теріп жедік. Кенет тоғай іші қара көлеңке болып кетті. Аспанды қалың қара бұлт бүркеді. Жел тұрды. Найзағай жарқылдап, күн қатты күркіреді. Жаңбыр басталды. Біздер бір биік ағаштың түбін паналадық. Жаңбыр шелектеп құйды. Киімдеріміз су болып қалды. Көп ұзамай бұлдырап, жаңбыр басылды. Күннің көзі көрінді. Киімдерімізді сығып, кептіріп алдық. Содан кейін үйді - үйімізге қайттық.
Бақылау диктант.
Менің қарлығашым.
Жазғытұрым біздің босағаға бір қарлығаш ұя салды. Ол ұядан он алты балапан ұшырды. Күзге қарай құстар жылы жаққа ұшып кете бастады. Менің қарлығашым да дайындалды. Келесі жылы ол қайтып келер ме екен деп ойладым. Кешке қарлығашты ұстап алып, аяғына мықты жіп байладым.
Қыс өтіп, көктем келді. Құстар жылы жақтан ұшып келе бастады. Олардың ішінде қарлығаштар да болды. Оларды көрген сайын мен қарлығашымды ойладым.
Бір күні біздің қораға екі қарлығаш келіп қонды. Біреуі менің қарлығашым екен. Оған қатты қуандым.
Тапсырма:
1. Жіктеу есімдіктерін теріп жаз. Қай септікте тұрғанын көрсет.
2. Қарлығаш сөзін үш жақта жекеше, көпше түрде тәуелде.
Сауаттылық диктант.
Электр балта.
Еліміздегі алуан түрлі құрылыстарға көптеген ағаш түрлері қажет. Ормандағы ағашты кесу жұмыстары техниканың ең алдыңғы қатарлы құралдармен жүргізіледі. Ағашты кесіп құлататын электр аралары көп уақыттан бері қолданылып келеді. Өнер тапқыштар қазіргі кезде электр балта ойлап шығарды.
Электр балтамен ағаш бұтау бұрынғы әдістерге ұқсамайды. Бұл балтаны жұмысшының жоғары көтеріп ағашқа екпінмен соғуының қажет жоқ. Ол жүргізулі электр балтаны бір қолымен ыңғайлы тұтқасынан ұстап, екінші қолымен жүзін бұтаққа туралайды. Содан кейін балтаны бұтаққа тақап басу керек. Электр балта бұтақтарды бірден қырқып түседі.
Бақылау диктант.
Шекарада.
Қараңғы түн. Қалың орман. Ағынды өзен. Шекара. Оның маңында шекарашы қас қақпай күзетеді. Шекарашының жанында Арлан деген иті бар. Ол қыбыр етпейді. Арлан қараңғыға қарап, құлағын сергек қозғап қояды. Кенет ол елең етіп, жоғары қарай қарады. Иесінің етегінен тістей тарта бастады. Дұшпан жақындай түскендей болды. Шекарашы Арланды мойнындағы қарғысымен босатып жіберді. Ит қараңғыға сүңгіп кетті. Арлан шекара бұзушының ту сыртынан бас салды. Шекарашылар жүгіріп жетті. Арлан шекара бұзушыны ұстап алыпты. Олар жау барлаушысын шекара бекетіне алып кетті.
Тапсырма:
1. Үстеулердің астын сыз.
2. Шекара сөзіне фонетикалық талдау жаса.
Жылдық диктант.
Шипалы су.
Бір топ бала жазғы демалыста тауға серуенге шықты. Олар тау етегіндегі шоқ ағашқа келіп демалды. Осы кезде Мұқан мен Кәкімжан ағаш ішін аралап кетті. Екеуі мөлдір бұлақтың үстінен шықты.
Екі бала бұлақтың бойын қуалай жоғары өрледі. Көп ұзамай – ақ бұлақтың көзін тапты. Олар судың дәмін қайта – қайта татып көріп, тамсана түсіп, біраз отырды. Бұлақтың басына серуендеп жүрген балалар да келді. Судың дәмін бәрі де татып көріп, түрлі - түрлі пікірлер айтты.
Бұл су асқазан ауруын емдейтін шипалы су болып шықты. Осы суды ішіп талай адам жазылды.
Тапсырма:
1. Шылауларды теріп жаз.
2. Бала сөзін үш жақта жекеше, көпше түрде жіктеп жаз