Диктанттар жинағы. Бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған. 3 сынып
Сауаттылық диктант.
Аңқау күшік.
Біздің Мойнақ деген күшігіміз бар. Мойнақты шеңберден қарғытып өткізбек болдық. Күшік шеңберден қарғымады. Сонан соң қағазға мысықтың суретін салдық. Оны шеңберге жапсырдық. Мойнақ суретті көрді. Аңқау күшік суретті тірі мысық екен деп, оған оқтай атылды. Сөйтіп, мойнақ шеңберден қарғуды үйренді.
Бақылау диктант.
Күз.
Қыркүйек. Күздің алғашқы айы. Аспан бұлттанды. Күннің қызуы азаяды. Күн салқындай бастайды. Ағаштың жапырақтары сарғая бастады. Терек пен қайың жасыл жапырағынан айырылды. Айнала сары ала түске боялды. Шық осы айда түседі. Құстар да жылы жаққа ұшып кетеді. Аңдар қысқы тіршіліктеріне кіріседі.
Тапсырма:
1. Мәтіндегі сөйлем санын цифрмен жақша ішіне жаз.
2. Қыркүйек сөзіне дыбыстық талдау жаса.
Сауаттылық диктант.
Зейінді оқушы.
Шоқан он жасында әскери мектепке оқуға түсті. Мектепке келгенде орыс тілін білмейтін. Ол аз күнде орыс тілін үйренді. Шоқан өт е зейінді оқушы болды. Ол саяхат туралы кітапты қызығып оқыды. Саяхатшы болуды арман етті. Шоқан суретті де жақсы салды. Ол мектепті алтын алқамен бітірді.
Бақылау диктант.
Құмырадағы су.
Қорада құмыра тұр. Оның ішінде суы бар. Бір кезде қара қарға құмыраның қасына келіп қонды. Оның су ішкісі келді. Құмыра биік.
Қарғаның тұмсығы құмырадағы суға жетпеді. Қарға жерде жатқан тастарды көрді. Ол тастарды тұмсығымен тістеп, құмыраға тастай бастады. Су көтерілді. Қарға құмырадан су ішті.
Тапсырма:
1. Тұмсығымен сөзіне дыбыстық, буындық талдау жаса.
2. Соңғы сөйлемдегі сөздердің байланысын сызбамен көрсет.
Сауаттылық диктант.
Бозторғай.
Омар атам үй сыртындағы бақшаны аралап келе жатты. Түні бойы суық жаңбыр жауды. Жер саз. Атай жусанның ығында бүрісіп отырған кішкентай құсты көрді. Ұшуға жарап қалған бозторғайдың балапаны екен. Тұмсығының жиектері сап - сары. Өзіне әбден жаңбыр өткен. Екі қанаты салбырап, дір – дір етеді.
Бақылау диктант.
Қосаяқ.
Қосаяқ – кішкентай кеміргіш аң. Шөлді, жазық жерлерді мекендейді. Ол – өте секіргіш аң. Басына төнген қауіптен қашқанда бірнеше метр жерге оңай секіреді. Қосаяқ – құс сүйекті жануар. Күні бойы інінде ұйықтап жатады. Кешке қарай жем іздеуге шығады. Дән және шөптердің тамырымен қоректенеді. Қосаяқтар – түнде қоректенетін жануар.
Тапсырма:
1. Соңғы екі сөйлемнен қатаң дауыссыз дыбыстардың астын сыз.
2. Мекендейді, қоректенеді сөздерін буынға бөліп жаз.
Сауаттылық диктант.
Ою.
Жанар жасынан әсемдікке үйір болды. Әсіресе түрлі оюларға қызықты. Оның әжесі ауылдағы атақты оюшы болатын. Сырмақ, текеметке ою салатын. Жанар әжесінен ою оюды үйретуін өтінді. Әжесі келісті. Жанар қуанды. Әжесінің айтқанын бұлжытпай орындап жүрді. Көп кешікпей Жанар бұл өнерді игеріп алды. Ол да атақты оюшы болды.
Бақылау диктант.
Балық аулаған балалар.
Күн жылы еді. Балалар өзенге келді. Біраздан соң қатты жел тұрды. Аспанды бұлт қаптады. Сіркіреп жауын жауды. Аздан соң жаңбыр құйып кетті. Балалардың үсті су болды. Олар ағаштардың арасына тығылды. Жауын басылды. Күн шықты. Балалар қайтадан өзенге келді. Қармақ салды. Балық ұстады. Кешке үйге қайтты.
Тапсырма:
1. Жалаң сөйлемдердің астын сыз.
2. Бастауышты бір сызықпен, баяндауышты екі сызықпен сыз.
Жылдық диктант.
Сауысқанның белгісі.
Орман ішімен түлкі келе жатты. Алаңқайлардан жүгіріп өтті. Қалың ағаштардың арасынан ептеп жүреді. Бір бұтаға да соқтықпайды. Кенет ол жер бауырлап жата қалды. Балапандарын ертіп бөдене келе жатыр екен. Сол арада сауысқан шық ете қалды. Бөдене мен балапандар пыр етіп ұша жөнелді. Түлкінің әрекеті зая кетті.
Тапсырма:
1. Балапандарын, ағаштардың деген сөздерді құрамына талда, белгіле.
2. Ептеп, зая сөздерін басқаша қалай айтуға болады