Диктанттар жинағы. Бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған. 2 сынып
Сауаттылық диктант. №1
Күз.
Күз түсті. Күн көзінің қызуы азайды. Ауа райы да суыта бастады. Жан – жануарлар қысқа дайындық жасауда. Құмырсқалар індеріне дән тасып жүр. Құмырсқа – еңбекқор жәндік. Олар қысқы азығын жаз бойы жинап алады.
Бақылау диктант. №2
Тиін.
Тиін орманда, тоғайда болады. Ол секіруге икемді. Бұтақтан – бұтаққа, ағаштан – ағашқа секіріп жүреді. Жыртықш аңдардан бұтаққа секіріп жүріп қорғанады. Тиін бүр, саңырауқұлақ және жаңғақпен қоректенеді. Тиінді көрсең тиме. Оны қорғап жүр.
Сауаттылық диктант. №2
Шаңырақ.
Қазақтың өмірінде шаңырақтың маңызы өте зор. Ұл бала әке шаңырағының иесі болып саналады. Киіз үйдің басқа сүйектері ескірсе жаңартуға болады. Ал, шаңырақ жаңартылмайды. Шаңырақты үй иесі деп есептелетін ер адам ған көтереді.
Бақылау диктант.
Ақсары.
Құстардың түрі өте көп. Сен, Ақсарыны білесің бе? Ақсары бүркітке ұқсамай ма? Ұқсайды. Оны неліктен Ақсары деп атайды? Өйткені оның аузы да, аяғы да балапандар сияқты сап – сары. Ақсары – жыртқыш құс. Ол тышқан, қояндармен қоректенеді.
Сауаттылық диктант.
Саршұнақ.
Саршұнақ – кеміруші жәндік. Ол інін егіс маңына жақын жерден қазады. Астық дәндерімен қоректенеді. Кейбір құстар саршұнақты аулайды. Соның бірі – қарақұс.
Саршұнақтың іні құстардан сақтануға ыңғайлы. Ол інінен алысқа кетпейді. Інінен шықса болды, жыртқыш құстар сап ете қалады.
Бақылау диктант.
Киіз үй.
Киіз үй малшыларға өте қолайлы. Оны жылдам құрастырып, тез жинауға болады. Оның қыста жылы, жазда салқын болатынын айтсаңшы! Көлеміне және сыртқы кейпіне қарай әр түрлі болып келеді. Киіз үйлер төрт, алты, он екі қанатты болады.
Сауаттылық диктант.
Қаңтар.
Қаңтар – жыл басы, қыстың қақ ортасы. Қаңтар айында сақылдаған сары аязды күндер көп болады. Суық күндер бет, қол, аяқ үсу жиі кездеседі. Терезенің әйнектері, ағаштар, су бетіндегі мұздар жарылып кетеді. Малшылар малды қорада күтеді. Балалар мен қарттар үйде отырады.
Бақылау диктант.
Түйе.
Адамдар түйені ертеден бері көлік ретінде пайдаланады. Ол шөл даланың ең төзімді көлігі. Түйе алыс жолдарға өте шыдамды. Көп уақыт су ішпей жүре береді. Түйемен адамдар жүктерін тасиды. Оның сүті қою болады. Түйенің сүтінен шұбат жасап ішеді