Ашық сабақ. Мен қазақпын. Отан туралы. Отанды сүю. Туған жер
Тақырыбы:» Қазақпын деп жасқанбай айта аламын!»
Мақсаты : Ел тарихы туралы түсінік беру,оқушыларды Отанын сүюге, елді, жерді құрметтеуге үйрету. Өткен тарихымызды ұмытпау, тарихқа деген зор құрметін ояту. Ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздікке қалай келгенімізді оқушы санасына құю.
Түрі: ашық тәрбие сағаты
Көрнекіліктер: слайд, Елбасына арналған бұрыш. Т.б
1-бастауыш: Құрметті қонақтар! «Қазақпын деп жасқанбай айта аламын!» деп аталатын ашық тәрбие сағатымызды бастаймыз.
Әнұран орындалады.
Аспандарыңыз ашық, жұлдыздарыңыз жарық болсын. Кең байтақ Қазақстан- менің туған өлкем, оның асқар таулары мен айдын көлдері, жайқалған орманы мен жасыл жайлауы менің ақ бесігім.
2-бастауыш: Отан, Отан!
Сен болмасаң, не етер ем,
Мәңгілікке бақытсыз боп өтер ем,
Өмірден өксуменен кетер ем.
1-бастауыш: Көшеде тулар самғаған,
Көктемнің әсем гүліндей.
Қазақстан тойын қарсы алам
Өзімнің туған күнімдей.
(Ақырын басып шыққан қарт орындыққа келіп отырады. Осы кезде жүгіріп немересі шығады. )
Немересі: Ата, не ойлап отырсыз?
Атасы: Балам, атаң не ойламайды дейсің? Сенің, еліміздің болашағы, өткен өмір жайлы ойлаймын.
Немересі: Ата, өткен өмір деген не?
Атасы: Балам, өткен өмір деген сонау ежелгі ата-бабаларымыздың ерте кезден бергі өткен өмірі жалпы тарихы емес пе?
Немересі: Ал, ол қандай болған?
Атасы: Ендеше тыңда балам, атаң бір сөйлесін.
Болмаса да оқыған тарихшы атым,
Жинадым ескілердің тарих хатын,
Мақсатым, кейінгі ұрпақ ұмытпаса,
Айтылған аталардың аманатын.
Сондықтан балам, сен де өз тарихыңды білуге тиіссің. Сонау ерте кезде біздің ата- бабаларымыз 29 қазақ руының басын қосып, халық болып қалыптасуынан басталады бұл тарих.
1- Оқушы: 15- ғасырда қуатты қазақ хандығын құрдық. Алайда тәуелсіз қазақ мемлекеті бейбіт өмір сүре алмады. Ұлан-байтақ елімізге жан-жақтан көз тігіп, ойран салушылар көбейді.
2- Оқушы: Қазақ жері- қонақжай төрдің жері,
Қазақ елі – қас сақтай ердің елі.
Елі кедей болмаған жері байтақ,
Едігедей, Бабырдай шерлер жері.
3- Оқушы: 1723 жыл. Ел жайлауға көшіп қаннен-қаперсіз күн көріп жатқан елімізге жоңғар тұтқиылдан шабуыл жасады. Қалың жұртты қан жылатты. Дүрліккен ел шұбыра қашып, ақ табан шұбырынды болды. Жұрт Алакөлге аялдап, қасиетті Қаратауға бас сауғалады.
Ән «Елім-ай» тыңдалады.
4-оқушы: Қазақ жері көп шеккен қасіретті,
Қазақ ері өнерлі, өсиетті.
Египетті билеген Бейбарыстың,
Елі текті, киелі, қасиетті.
5-оқушы: Қаратаудың баурайында қалың қазақ бас қосып, елдің ерлігін, ердің ерлігін соңғы рет сынайтын күн туды. Жұртты аман алып қалу үшін данышпан ата Төле би батырларды батылдыққа, елді бірлікке шақырды.
6- оқушы: 1923- 1933 жылдары адам айтса нанғысыз ашаршылықта 6 миллиондай адамның 2,2 миллионы опат болды.
7- оқушы: Қырылмаса аштықта бауырларым,
Жазықсыз құрбан қылып шыбын жанын.
Қазақ деген қандай ел болар едік,
Көркейткен байлығымен әлем санын.
8-оқушы: 1941-1945 жылдары адамзат тарихында болмаған алапат соғыста қазақ батырлары ерекше ерлік көрсетті. Жүзге тарта халық қаһармандарына Кеңе Одағының Батыры деген абыройлы атақ берілді.
1-бастауыш ; Ән «Ағаларым»
9-оқушы: Бауыржандар Мәсекуді қорғап қалған,
Бауырмалдар жауға елді қорлатпаған.
Жатыр бүгін жалын боп алыптарым,
Батырлығы бағым боп орнап қалған.
Атасы: Бұған да тәуба! Егемендік алып, әлем таныды ғой елімізді.
Немересі: Ата, «Егемендік» деген не?
Атасы: Егемендік «иесі мен» деген сөз,
Естілетін құлаққа бір еренсіз.
Екі тізгін, бір шылбыр өзі алған,
Көркем жігіт жігіт болып өссе көген көз.
Егемендік ел болудың белгісі,
Басқа жұртпен тең жұлдызы, тең күші
«Егемендік» деген сөзден естілер
Ата жұрттың арғысы мен бергісі.
Міне, егемендік деген осы. Желбіреген көкбайрағымыз, айбынды Әнұранымыз, еңселі Елтаңбамыз төрімізде ілулі тұр. Егеменді еліміздің келешегін өзің сияқты ұрпақтарыма тарих етіп баяндап аталарың тұр. Ұмытпаңдар, айналайын ұрпағым!
Немере: Атыңнан айналайын, қазақ дегн,
Қазағым қайсарлығың ғажап дер ем.
Сақтапсың елдігіңді сағың сынбай,
Көрсең де көресіні азаппенен.
Бір болсын қайда жүрсек тілегіміз,
«Бірлік барда тіршілік бар» деген бабам,
«Бірлік» деп бірге соқсын жүрегіміз!
1-оқушы: Мен қазақпын- мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мың тіліммен.
Жылағанда жүрегім күн тұтылып,
Қуанғанда күлкіммен түн түрілген.
2- оқушы: Шуақ шашқан арайлы көгінде күн,
Самалыңмен жайқалған жерінде егін.
Қия шыңға талпынған бала,
Қазақстан- киелі елім менің.
2- бастауыш: Атаның 21 – ғасырға ақ тілек батасы:
Басшыларымыз алысты көрсін,
Жекешелеріміз табысты болсын.
Қыздарымыз саналы, сұлу,
Ұлдарымыз намысты болсын!
Қалада , мейлі қырда болсын,
Келген, кеткен ырза болсын.
«Жолдастан» жеріп, «Мырзаны» теліп,
Алғандар нағыз мырза болсын!
Теңге теңдік сақтайтын болсын,
Баға қалтаны қақпайтын болсын!
Халқымыз ғасыр табалдырығын
Қазхақша сөйлеп аттайтын болсын! Әумин!
1- Бастауыш: Қазақстанда бейбітшілік, елімізде тыныштық болып, Егеменді еліміз ұзағынан болсын!
2- Бастауыш: Ел тарихы, жер тарихы өзіміз,
Болашақтың қасиетті көзіміз.
Барлық ұлтпен бауырласып жетеміз,
Ақ, қараны тіліп тұрса сөзіміз!
Хор: «Елім менің» әні.