Ашық сабақ. Ұлыстың ұлы күні. Наурыз мейрамы. Наурыз мерекесі туралы

Oinet.kz 01-10-2019 1550

 

 

Жыл басы – Наурыз,

Мол болсын дәм – тұз

І-жүргізуші: 

Қазақ халқы «Ұлыстың ұлы күні» деп аса қадірлейтін бұл күн, яғни 22 наурыз бүкіл  Шығыс халықтарының бас мерекесі. Наурыз – жаңа жыл тойы, көктем мерекесі, күн мен түннің теңесу сәті, халықтардың ынтымақ  күні.

Наурыз мейрам жүректерге нұр сепкен,

Маңдайымнан сүйіп жатыр күн көктем.

Жарығыңмен, шуағыңмен Күн-Ана,

Алып келдің жер бетіне гүл көктем.

ІІ-жүргізуші:

Наурызды біздің қазақтың мейрам етуі айрықша сыйымды, артықша дәлелді. Неге десеңіз, наурыздың 22-сінде күн мен түн теңеледі, қыс өтіп жаз жетіп, шаруа кенеледі. Қыс бойы ақ кебінін жамылып, өлім төсегінде жатқан табиғаттың, жанды жансыздың тірілуі кімнің болса да көңіліне шаттық беретіні анық болса, тіршілік жағынан қыстың өтуіне, жаздың жетуіне қазақтан артық тілектес, қазақтан артық қуанатын ел жоқ деуге сыяды.

Жыр сыйлаған, нұр сыйлаған тірлікте,

Қастерледік, қадіріңді білдік те.

Құтты болсын, Ұлыс күн жұмылдырған,

Бәрімізді ынтымақ пен бірлікке.

Ән: «Наурыз - думан». Орындайтын: Мешитбаева Үмит

І-жүргізуші:

Біз қазақ халқы әулет дәстүрін қастерлеп, дәстүрлік мұраларды насихаттап жүрген халықпыз.

Құрметті қонақтар, армысыздар,

Бәріңіз де есен-сау бармысыздар.

Тұсау кесіп, той жасау – ата-дәстүр, салтымыз,

Жақсылықты тілейміз тойға келген жалпымыз.

Думанды тойын жасап дүбірлетіп,

Салт-дәстүрді ежелден қастерлеген халқымыз.

 

Дәстүрдің озығы бар, жазығы бар,

Өткеннен бізге жеткен асылы бар.

Сәбидің кейбір кезін қызықтайтын,

Қазақта «Тұсау кесер» рәсімі бар.

ІІ-жүргізуші:

Тұсау кесу дегеніміз 1 жасқа толып, еркін жүре бастаған балбөбектің басқан қадамы құтты болып, одан әрі жаны жамандық көрмей, жүріп кетуіне тілек білдіретін салт. Тұсаукесер - әр бала үшін міндетті түрде орындалатын салт.

Күлгенің де той сенің,

Жүргенің де той сенің.

Қызықтасын халайық,

Тұсау кескен бұл күнің

Есте қалсын, жарқыным.

І-жүргізуші:

Әлбетте, баланың тұсауы ала жіппен, қойдың майлы шегімен немесе өрілген көк шөппен кесіледі: Ала жіп ақтық пен адалдыққа жол ашады, майлы шек байлыққа, тоқтыққа жетелейді, көк шөп көбеюге, өсуге, өнуге шақырады.

Бүгінгі күні Зере әже өзінің немересі Наурызәлінің «Тұсау кесер» тойын Ұлыстың ұлы күні наурыз мерекесімен тұтастырып, қалың жұрттан бата алу мақсатында осы жерде «Тұсау кесер» тойын өткізбекші.

Әжелер «Дедім – ай ау!» әнін орындайды.

Зере  әже:

Алғашқы немерем Наурызәлі жер-Анаға алғаш аяқ басып, үлкен өмір көшіне ермек, із тастамақ. Сол құлынымның тұсауын кесуге өзімнің аяғы жеңіл, жүрісі шапшаң, ақкөңіл, елімізге сыйлы, ардақты ана, сүйікті әже, Анар құрбыма немеремнің тұсауын кестіремін.

Ал, келін балам, кішкентай Наурызәліні ортаға әкеліп, Анар әжесіне табыс ет.

(Осы кезде ақ жайма жайылып, тұсау кесуге қажетті заттар ортаға қойылады.)

Келін бала (Камшат):

 (баланы көтеріп келе жатып айтатын өлеңі:)

Тәй-тәй балам, тәй балам,

Шақырып тұр айналаң,

Жүруге алғаш талпындық

Құтақандай жан балам,

Қаз-қаз тұрып талпындың,

Қуантасың, күлесің.

Аман болсаң аз-ақ күнде

Алшаң басып жүресің.

Анар:

Айналайын балам, өзің қандай сүйкімді едің. Тіл көзім тасқа, тфа – тфа.

Бөпеміз қаз тұрыпты,

Алға қадам басуға,

Тәй-тәй болып жүріпті,

Асулардан асуға.

Маған тұсау кестіріп,

Жатқандардан бұйрық сол;

Мені жүйрік депті жұрт

Менен асқан жүйрік бол.

(Анар әже қолына ала жіпті алып жатып)

Ала жіппен тұсайын

Наурызәлінің аяғын

Тұсау жібін кесейін

Жасап баба ырымын.

Сағат сайын есейіп,

Шапқыласын құлыным

Аяқтары талмасын

Айналайын, алтыным.

(аяғын байлайды. Қолына қайшысын алып, тұсауын кеседі.)

Қаз-қаз бала, қаз балам.

Қадам бассаң мәз болам.

Қаз баса ғой, қарағым,

Құтты болсын қадамың.

Алға қарай баса бер,

Асулардан аса бер.

(Наурызәліні жетектеп жүргізеді.)

Зере әже:

Ал, келіншектер, тәй-тәй-лап

Әлдиді алға бастаңдар.

Шошытпаңдар, айқайлап,

Жалғыз тастап қашпаңдар.

Немеремнің жолына мол ғып шашу шашыңдар

Із қалдырсын соңына,

Алдын кең ғып ашындар!

( Ақ жайманың алдын кең ғып ашып баласына жол ашады, шашу шашылады, құттықтаулар айтылады.)

Ләззәт:

Зере әжемнің немересінің «Тұсау кесер» тойының құрметіне ән-шашу арнайын.

Ән: Халық әні.

Зере әже:

Рахмет, айналайын, өркенің өссін. Саған да осындай той жұғысты болсын.

Зере  әже:

Әкеліңдер ана сандықты ортаға «Ақ түйенің қарыны жарылған күн» бүгін. Бұл жиған-тергенімді бүгін бермегенде қашан беремін. Осы сый-сыяпатыма риза болыңдар, қадамдарыңа гүл бітсін.

 (әже қонақтарына сый-сыяпатын көрсетеді.)

Ән. «Қазақы дастархан» дастархан басындағы қонақтармен бірге шырқалады.

Ата, ақсақалды, қадірлі қарияны құрмет тұту, олардың ақ батасын алу – сәбидің келешегіне, жалпы өмір жолына зор бақыт, мол жақсылық әкеледі.

Ата менен немере – аяқталмас бір дастан,

Екеуіне керегі – ашық болсын нұрлы аспан!

- Балаңнан тәтті дейді немере,

Маған ақы сен өмірде төлеме.

Гүл сияқты алақанмен аялап,

Күн сиқты көтеремін төбеме.

Бата беру:  Тұсауың кесілді – құлама,

Тізеңді жаралап, жылама.

Құлындай құлдырап жүгірші

Қанеки өзіңді сына да!

Секірсең, құздардан сүрінбе,

Шың-құзға шыққанша бүгілме,

Болаттай қабырғаң қатайсын,

От ұшқын ойнасын түріңде.

Ұзақ боп иншалла, өмірің,

Тасысын шаттықтан көңілің.

Жарқырап күн санап өсе бер

Жарқылдап семсердей сенімнің

Әумин!

Қазақ биі. «Ерке сылқым».

Қорытындылау.

Дастарханы халқымның тола берсін,
Бақыт құсы қолыңа қона берсін.
Ұлы тойдың төресі – наурыз тойы,
Жылдан-жылға құт тойы бола берсін!
Деп, бүгінгі Наурыз мерекесіне арналған тәрбие сағатымызды аяқтаймыз

Ашық сабақ: Көлемнің өлшем бірліктері
Ашық сабақ. Мен қазақпын. Отан туралы. Отанды сүю. Туған жер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу