Балаларды қорғау күні. Шығарма
Бала – өміріміздің жалғасы, көзқуанышымыз. Ұлттың ертеңі. Сенімді тірегі. Бейбіт елде қашанда баланың риясыз сыңғырлаған күлкісі естіледі. Сәбидің сыңғыр күлкісі әлемді жамандық атаулыдан қорғап, шуақты нұрын шашады.
1950 жылы 1 маусымда бірінші рет Халықаралық балалар күні жарияланып, осы уақыттан бастап бұл мереке жыл сайын аталып өтіледі 1 маусым – балалық шақтың басты мерекесі – жаздың алғашқы күні.
Бұл күннің басты мақсаты - қоғамда балаларға ерекше қамқорлық көрсетіп, әркез мейірім мен махаббатқа бөлеп өсіру. Бейбітшілікте шад-шадыман күн кешіп жүрген әрбір баланың келешегі жарқын болары анық. Баланы махаббатпен тәрбиелеп, өсіру оның келешегіне тікелей әсер етеді. Балалық шағы қызық әрі көңілді өткен баланың өмірге деген көзқарасы өзгеше әрі жарқын болады.
Бала – біздің болашағымыз. Оған көрсеткен мейіріміз бен махаббатымыз оның келешегінің іргетасын қалайды. Жақсылықты көріп өскен бала есейгенде өзіде өзгелерге жақсылық жасап, жанашырлық танытып, көмектесетін ұлтжанды бала болып өсері анық. Сол себепті де үлкендер әркез баланың маңдайын сипап, қолдау көрсетіп, жанынан табылғаны дұрыс. Бала үшін ата-ананың махаббаты аса маңызды. Әлемде махаббаттан асқан ұлы сезім жоқ. Әсіресе, бала мен ата-ана арасындағы риясыз махаббат.