Әліпбидің жаңа нұсқасы көңілден шықты ма?
01-02-2021
Фонетика гректің фоне деген сөзі негізінде қолданысқа еніп қалыптасқан. Фонеманың мағынасы – дыбыс, үн, дауыс. Фонетика – тіл ғылымының, тілдердің дыбыстық жүйесін зерттейтін саласы. Ол тіл дыбыстарын, олардың құрамын, тілдегі дыбыстардың өзгеру заңдылықтарын зерттейді. Тілдегі лексикалық және грамматикалық құбылыстар тіл дыбыстарымен, тілдің дыбыстық жүйесіндегі фонетикалық заңдылықтармен байланыста, қарым-қатынаста болады.
Қазақ тілінде дыбыс деген сөздің мағынасы әр түрлі. Дыбыс деген ұғым тек тіл дыбыстарына ғана айтылмайды, бізді қоршаған ортаға тән құбылыс. Жалпы дыбыс болу үшін мынадай үш түрлі шарт керек: 1) дыбыс шығаратын дене; 2) дыбыс шығаратын денені қозғалысқа келтіретін күш; 3) ауа толқырлық кеңістік. Сөйлеу тілінің дыбыстарының пайда болуына да осындай үш түрлі шарт керек: 1) дыбыс шығаратын дене- сөйлеу мүшелері, 2) қозғалысқа келтіретін күш - өкпеден шығатын ауа, 3) кеңістік – тыныс мүшелері, тамақ, ұуыс мүшелері. Тіл дыбыстарының тілдік емес дыбыстардан негізгі айырмашылығы – олардың адамның сөйлеу мүшелері арқылы жасалатындығында.
Сөйлеу мүшелері дегеніміз – тіл дыбыстарын жасауға қатысатын дыбыстау мүшелері. Тіл дыбыстары дыбыстау мүшелері арқылы жасалады. Сөйлеу дыбыстарын жасаудағы дыбыстау мүшелерінің қызметін артикуляция дейміз. Сөйлеу мүшелері – сөйлеу органы немесе дыбыстау аппараты деп те атала береді. Сөйлеу мүшелерінің тіл дыбыстарын жасау қызметі адам жаратылысында, туа пайда болатын биологиялық қасиет емес, ұзақ мерзімдік жаттығу нәтижесінде, өзін қоршаған ортадан, өмірден үйренетін қосымша қызметі. Адамның сөйлеу органы үш бөліктен тұрады. 1. тыныстау аппараты; 2. көмей (тамақ, желбезек) дауыс шымылдығы деп те аталады; 3. мұрын қуысы мен ауыз қуысы.