Кенесары қырғыздарға неге барды?
06-11-2023
Академик Нығмет Сауранбаев – қазақ тілі білімінің барлық салаларында қалам тартып, оның негізгі теориялық бағыт-бағдарын анықтап, іргетасын қалыптастыруға үлес қосқан санаулы ғалымның бірі. Бүгінгі таңда ғалымның есімі тарих қойнауында. Ал Н.Сауранбаевтың зерттеулері қазақ тілінің бүгінгі дамуы мен оның өзекті мәселелерін шешуге әлі де ғылыми-теориялық құндылығын жоймаған, жолбасшы ретінде пайдаланылып келеді. Бұл – ғалымның теориялық білімінің тереңдігінің, өміршілдігінің, өрістілігінің куәсі.
Қазіргі қазақ тілі құрмалас сөйлемдер жүйесінің өткені мен бүгінгі жай күйін, көкейтесті мәселелерін танып білуде академик Н.Сауранбаевтың теориялық тұжырымдарын зерттеудің маңызы зор. Н.Сауранбаевтың ғылыми зерттеулері - құрмалас сөйлемдердің негізгі теориялық бағыт-бағдарын, негізін анықтауда бағдарламалық мәні бар, қазіргі қазақ тілі құрмалас сөйлем синтаксисінің бүгінгі дамуы мен оның өзекті мәселелерін шешуде баға жетпес мұра. Бүгінде ғалымның еңбектері, соның ішінде құрмалас сөйлемдер жөніндегі зерттеулері ғылыми бағасын әлі де толық алған жоқ. Сондықтан ғалым тұжырымдарының қалыптасуының теориялық негіздерін анықтау, бүгінгі күнгі тұжырымдармен салыстырып, жан-жақты талдауды қажет етеді.
Н.Т.Сауранбаев өз шығармашылығының нағыз шарықтау кезеңінде құрмалас сөйлем синтаксисі мәселелерін зерттеумен шұғылданады. Ғалым құрмалас сөйлемдердің табиғатын танып, тарихына көз жүгіртумен бірге, ішкі-сыртқы заңдылықтары мен ерекшеліктерін, жасалу жолдары мен жұмсалуын қарастырып, синтаксистік қызметін саралады.
Құрмалас сөйлемдерді зерттеуде даулы мәселелердің бірі – жай сөйлем мен құрмалас сөйлемдерді айырудың критерийлері қандай деген мәселе. Бұл мәселе жөнінде ғалым «жай сөйлем мен құрмалас сөйлемнің арасындағы айырмашылық: жай сөйлем жеке сөздерден, сөз тіркестерінен құралса, құрмалас сөйлемдер бірнеше жай сөйлемдерден (синтаксистік компоненттер- ден) құралады. Яғни, әрқайсысының өзіне тән дербес бастауышы, баяндауышы және тұрлаусыз мүшелері бар, әр сөйлем бөлек тұрған қалпында бөлек-бөлек ойды білдіре алады».[18;251-бет] Н.Сауранбаев қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдердің негізгі белгілері ретінде мыналарды береді:
1) Құрмаластағы синтаксистік компоненттерде айтылатын ойдың дербестігі;
2) Компонентте дербес бастауышпен баяндауыштың болуы;
3) Құрмаластағы әрбір компоненттердің интонациялық жігі айқын болуы;
Құрмалас сөйлемде берілген ой бірнеше оқиға, құбылыстар көлемінде құрылып, олар бір-бірімен ұштасып, логикалық жағынан бір-біріне ұласа айтылады. Ғалымның пікірінше, компоненттердегі бірнеше ойдың дербестігін компоненттің тұлғалық дербестігімен шатастырмау керек. Құрмаластағы жай сөйлемдер өзінің тұлғалық дербестігін сақтауы да, сақтамауы да мүмкін. Н.Сауранбаев құрмалас сөйлемдер жай сөйлемдерден құралатындықтан, ондағы синтаксистік компоненттерде бастауыш пен баяндауыштың болуы құрмалас сөйлем деп танудың басты критерийі деп таниды. Бірақ бұл жерде бастауыш пен баяндауыш құрмалас сөйлемнің негізгі критерийі болғанымен, ғалым бұл екі мүшенің синтаксистік рөлі бірдей еместігін, бастауыштан баяндауыштың рөлі басым екендігін, сондықтан құрмалас сөйлем компоненттерінің бастауыштары кейде ортақ болып, тіпті болмауы мүмкіндігін көрсетеді. Мәселен, ғалым «Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас, қардың суы секілді тез суалар» деген сөйлемінің мағыналық жағын басшылыққа алған болу керек. Өйткені берілген сөйлем себептік қатынасқа құралған.
Көптеген түркітанушылар (Н.Дмитриев, Ш.Ширалиев,т.б.) құрмалас сөйлемнің компоненттерінің баяндауыштары жақтасуын басты шарт деп есептесе, ал Н.Сауранбаев құрмалас сөйлемнің синтаксистік компоненттерін-де баяндауышпен жақтасып, тиянақты қалыпта тұруы, қазақ тілі үшін де, жалпы түркі тілдері үшін де шартты емес. Ғалымның бұл пікірімен келіспеуге болмайды.
Н.Сауранбаев құрмалас сөйлемдегі синтаксистік компоненттердің ара жігі бірнеше тәсілдерімен ажыратылады деген қорытындыға келеді. Олар: интонация, баяндауыштың тиянақты формасы, жалғаулықтар, септеуліктер немесе солардың қызметін атқаратын жалғаулық сөздер. Сондықтан «сабақтастарда компоненттердің жігін көрсетуші көбінесе интонация болады да, ал салаластарда үш тәсіл (баяндауыштың тиянақты формасы, жалғаулық, демеулік, интонация) бірдей қолданылады» деп, әрқайсысына талдау жасаған.[18;510-бет] Бұл – түркологияда бұрын-соңды айтылмаған пікір.
Ғалым тұжырымдарын 1939 жылы С.Аманжоловпен бірігіп жариялаған «Қазақ тілі грамматикасының» синтаксис бөлімінде толықтырып, жетілдіре түседі. Құрмалас сөйлемдер жөнінде осы күні айтылып жүрген негізгі ұғымдар осы еңбекте берілген. Құрмалас сөйлемдер салалас, сабақтас және аралас деп үш топқа бөліп, аралас құрмалас сөйлемдер жеке зерттеу нысанасы ретінде алынған. Салалас жалғаулықты және жалғаулықсыз салаластар деп екіге бөлінгенде, жалғаулықты салалас жеті түрге жіктелген: тіркесті, қарсылықты, үдетпелі, талғаулы, себепті, кезектес, бейтарап салалас сөйлемдер. Ал сабақтас құрмалас сөйлемдер: себеп-салдар, мезгіл мәнді, шартты мәнді, салыстырмалы, мақсатты, қарсылықты, нұсқаулы, іргелес, аяулы, сілтеулі сабақтастар деп бөлінген. Қазіргі грамматикада «үдетпелі салалас» пен «тіркесті салалас» - ыңғайлас салалас, «бейтарап салалас» - талғаулы салалас деген атаулармен бірлесе, «іргелес салалас» сабақтас құрмалас сөйлемдер қатарынан «үлектес сабақтас» деп танылған. Ал сабақтастардың ішінде «нұсқаулы сабақтас», «аяулы сабақтас», «сілтеулі сабақтас» дегендерден басқасының барлығы қолданылып жүр.