Тесік құмыра туралы аңыз
28-06-2022
Ышқынтып сыбызғыны, дабылды ұрып,
Екеуін қоя берді шабындырып.
Алысты арс-ұрс етіп екі арыстан,
Таласты , бірін-бірі алып-жұлып.
Сарыны өшіктіре, жауықтыра,
Арсаңдап омыраулады алып қара.
Түспеді ол допша қарғып, мысықша ырғып,
Дегендей: «Күшің болса алып қара!», — деген өлең жолдары әйгілі Жансүгіровтың «Құлагер» поэмасынан алынған үзінді. Осы бір-екі шумақтың өзінен-ақ күрес өнерінің қай заманда болмасын адамды еліктіріп әкетер күшке ие екендігін байқауға болады. Қазақта «күрес», орыста «борьба», өзбекте «кураш», грузиндерде «чидаоба», молдавандарда «трынта» аталатын осы бір спорт түрі адамдарды несімен қызықтырады? Ол қай кездерден бастау алады? Маңыздылығы неде?
Қай ел, қай ұлт болмасын өз күшін, өз мықтысын өзгелерге, жауларына көз қылып мақтан еткісі келеді. Күш сынасу арқылы өзінің мықтылығын паш етпек. Жеңуге ұмтылу, екі палуанды салыстыру, мықтыны анықтау бұл адамзаттың әу бастан-ақ жаратылысында бар нәрсе. Күресу өнері ежелден келе жатқан спорт түрі екенін қола дәуіріне жататын Орталық Қазақстан аумағынан табылған таңбалардан аңғаруға болады. Сол замандардан бері күрес өнері халқымызбен бірге жасап келе жатыр.
Кеңес Одағы құрылғанға дейін қазақ арасында күресетін балуандар салмақ дәрежесіне немесе жас ерекшелігіне қарамаған, қай елде не қай руда қандай балуаны бар әр тарап өз балуанын ортаға шығарып белдестірген. Белгілі бір ортақ ереже болмағандықтан, өзара келісілген ауызша шарттар бойынша күреске шығатын болған. Қандай ережемен белдесетіндері балуандардың өзара келісімдеріне қарай шешілген. Сонымен қатар, күресудің әдістерін балуандар өзара ақылдаса келе, алдын-ала айтып отырған. Негізгі тәртіптер «ит жығыс» немесе «бастан аттау» арқылы шешілген. » Ит жығыс» деп екі балуан бірін-бірі жеңе алмаған жағдайда күресті тоқтатуды немесе екеуі бірдей құлаған жағдайда қайта күрестіруді атаған. Ал «бастан аттау» нағыз жеңімпаздың жеңілген балуанның басынан аттауы арқылы анықталған. Қазақ халқы өнерге беріктік ретінде күрес ережелерін қатаң түрде сақтауға тырысқан. Тілімізде әлі күнге дейін айтылатын «түйе балуан, өгіз балуан» сөзі сондай құрметке ие балуандардың болғандығының куәсі іспеттес.
Кеңес Одағы тұсында қазақ күресі жаңаша қолдау тапты. 1952 жылы Ашхабад қаласында Орта Азия мен Қазақстан Республикасы спортшылары арасындағы спартакиада ойындарының бағдарламасына бәріне ортақ ұлттық күресті енгізу мәселесі қолға алынды. Осы спартакида қарсаңында бес елдің білікті мамандары өзара ақылдасып, ұлттық күрестің негізгі ережесі етіп қазақ күресі тәсілдерін алуға келісті. Себебі, қазақ күресінің ережелері классикалық күрестердің табиғатына жақын еді, сондықтан бұл күрес түрінің болашағы зор екендігі анық болатын.
Қазақ күресінің негізгі артықшылығы: табан тіреп ұстасқан бойда тобықтан қағуға, шалуға рұқсат етіледі, ал ұстасқан бетте қолмен аяқтан алуға рұқсат етілмейді. Қазақ күресін жақсы меңгерген спортшы өзге халықтардың күресін де жақсы игеріп кете алады. Қазақ күресінің кей әдістері күрестің классикалық түрлерімен сәйкес келеді. Және бір ерекше тұсы — бұл күресте төрттағандату (партер) жоқ. Спорт өнерін зерттеуші Елемес Әлімхановтың «Қазақтың балуандық өнері» атты кітабында қазақ күресінде кездесетін біршама әдіс түрлері көрсетілген. Осы еңбектегі анықтамасы берілген әдістерге үңілсек, күрес үстінде балуандар — тұрып күресу, ұстау, аттас ұстау, тікею, оң жақта тұрып күресу, сол жақта тұрып күресу, еңкею, шалқаю, айналу , жұлқу, итеру, тарту, бұру, қауіп төндіру, адымын айқастыру, аудару, отыра лақтыру, қарсы аттау, арқадан асыра лақтыру, шалу әдісі, қағу әдісі, ілу әдісі,бөктеріп лақтыру, «қырқа» шалу сияқты көптеген әдістерді қолданады екен.
Қазақ күресін бұл күнде әлем елдері танып білді. Қазақ күресінен өткізілетін жарыстар республикалық дәрежеде ғана емес, Азия және Әлем біріншіліктері деңгейінде өткізіліп келеді. 2005 жылдан бері қарай қазақша күрес бойынша алты әлем чемпионаты, он бір Азия чемпионаты, үш Әлем кубогі, үш Еуропа чемпионаты, Африка чемпионаты өткізіліп, оған 50 ел қатысқан көрінеді. 2015 жылы қазақ күресі United World Wrestling құрамына енді. Биылғы жылдың сүйінші хабары –Ашхабад қаласында өтетін Жабық ғимараттағы Азия ойындарының бағдарламасына қазақ күресі де еніп отыр! Үш салмақ бойынша — 70 кг, 90 кг және +90 кг салмақ дәрежелері бойынша қазақ күресі кіргені анықталды.
Қазақ күресінің әр түрлі елдер арасында жақсы насихатталуының арқасында бұл күнде жақсы нәтижелерге жеткені анық. Бірақ осы абыройымызды одан әрі қарай қалай сақтап қаламыз деген келелі мәселелер көп алдымызда. Жыл сайын өткізіліп келе жатқан «Қазақстан барысы» турнирінің көптеген жас жеткіншектерді қызықтырып, осы спорт түріне жетелеп жатқаны мақтанарлық іс. Алдағы уақытта да жастарды көптеп тарту үшін аудандық, облыстық деңгейдегі турнирлер ұйымдастырылып тұрса құба-құп болар еді.