Сыныптастар туралы шығарма. Сыныптастарым ардақтыларым
Әр адамның өмір жолында сыныптас достарынын алар орны ерекше. Оларды әркез іздеп, сағынып жүреміз. Өйткені біздің жастық шағымызға, бұзықтық пен еркеліктерімізге, мектептегі қызықты кездерімізге, алғашқы махаббат пен риясыз сезімдерімізге куә болған жандар. Олар әркез жүрегімізде.
Оқушылық кезең адам өміріндегі ең ғажап уақыт емес пе? Ал ұмытылмас естеліктер сыныптастармен тікелей байланысты. Кейде сыныптастарымызды көру үшін, олармен ойнау үшін ауырып тұрсақта мектептен қалғымыз келмейді. Сыныпта көп қызықтар болады. Бірге сабақ оқимыз, кейде сабақтан бәріміз бірге қашамыз, апайдан бірге ұрыс естиміз. Бақылау жұмысы кезінде есептерді, үй тапсырмасын да бір-бірімізден көшіреміз. Әрқилы мерекелерде концерттер ұйымдастырып, пәндік жарыстарға сыныптастармен бірге дайындаламыз. Мұнын бәрі ұмытылмас сәттер. Балалық шақта бәрі риясыз. Күлкіміз, ойындарымыз, сезімдеріміз. Ешқандай қызғанушылық пен көреалмаушылық болмайды. Мектеп бітірген соң 10-20 жылдық кездесу кештерін ұйымдастырып, ұмытылмас сәттерін еске алып, күліп отырады. Бұл уақытта баяғы партада отыратын кішкентай оқушылар әр салада өзіндік орнын қалыптастырға жеке тұлғалар. Сыныптастар арасындағы достық кейіннен өмірлік, отбасылық достыққа ұласады.