Қоныс тойға арналған тілектер
«Отан – отбасынан, отбасы – ошақ қасынан басталады» деген екен бабаларымыз. Ал сол ошақтың иесі - әйел, ал отбасының иесі – сол үйдің ері. «Еркек – шаңырақтың иесі әрі асыраушысы» - деп бекер айтпаған ғой.
Бүгін міне, жаңа үйге қоныс аударып, «Қоныс тойын» жасап жатырсыңдар. Олай болса үй иелеріне тілерім: өздерің табалдырығын жаңа аттаған жаңа үйлерің берекелі, ырыс мол, қыдыр қонған үлкен үйге айналсын. Шаңырақтарыңда тек қана той болсын дегім келеді.
Бір данышпан «Керемет үй болмайды, үйді керемет ететін – сол үйдің әйелі. Ал үйдің шатыры – еркек. Өйткені ол сол баспананы ыстықтан, суықтан, жаңбырдан, қардан, селден қорғап тұрады» деген екен.
Құрметті үй иелері, мынау жаңа қоныстарың – баспаналарың құтты болсын!
Бірің – қорғаны, бірің – жылуы болып, қонақ үзілмейтін құтты шаңыраққа айналып, ақ дастархандарың тек қана тойға жайыла берсін! Қоныс тойларың құтты болсын!
***
Көптен күткен үміттерің ақталып, жаңа үйге қол жеткізіпсіңдер, құтты болсын! Қуаныштарыңа ортақтасу үшін жиналып отырған мына қауымның сендерге айтар тілегі мол. Жаңа үйлеріңнің іргетасы мықты, керегесі кең, шаңырағы биік болсын! Ішінде тек қана татулық пен береке, қуаныш пен бақыт, құт пен ырыс салтанат құрсын! Өз бастарыңа бақ-береке дарып, бала-шағаларың өсіп-өне берсін, қызығын көріңдер! Шаңырақтарыңда қуанышты тойлайтын жиын көп болсын! Қайғы-мұңдарың жоқ болсын!
***
ТЕРМЕ
Ақылды адам байыса,
Рахатын көріп еңбектің,
Өмірін көркем гүл етер –
Дүние-байлықты құл етер!
Ақымақ-қарау байыса,
Туысын теуіп кеудеден,
Көңілін қара құл етер –
Дүниесі оны құл етер!