Тышқан туралы ертегілер

Oinet.kz 21-12-2019 3416

Мысық пен тышқан

Мысық пен тышқан дос болыпты. Бір күні екі дос келе жатып, бір құмыра май тауып алыпты.

Мысық білгірсініп:

— Құмырадағы майды қыста жейік, – деп, шұңқыр қазып, көміп тастапты. Күндер өте береді. Қыс келеді. Аяз қысып, қарны ашып жатқан мысықтың есіне өзі көміп қойған құмырадағы май түсіпті. Енді мысық сылтауратып:

— Тышқан, менің апам ұл тауыпты, соған той жасайды екен, мені шақырып кетті, – дейді де кетіп қалады. Сонан соң құмырадағы майдың төбесін ғана ойып жеп қайтады. Алдынан тышқан шығады.

— Бөбектің атын кім қойдыңдар? – деп сұрайды.

— Төбелше қойдық, – дейді мысық.

Келесі күні мысықтың тағы да қарны ашады. Құмырадағы май есіне түседі. Тышқанға келіп:

 — Менің тағы бір апам ұл тауыпты, тойға шақыртыпты, барайын, – деп, кетіп қалған мысық майды орталай жеп алады. Тышқан тағы да алдынан шығады.

— Е, бөбектің атын кім қойдыңдар? – деп сұрайды.

— Белдемше қойдық, – дей салады мысық. Бірнеше күннен кейін мысықтың тағы да қарны ашып, құмырадағы майға бармақ болып, тышқанға келеді:

— Менің тағы бір апам бар еді, сол ұл тапқан екен, шақыртыпты, – деп, кетіп қалады. Мысық құмырадағы майдың қалғанын жеп келе жатады. Алдынан тышқан шығады:

— Е, бөбектің атын кім қойдыңдар? – деп сұрайды.

— Қалдықша қойдық, – дейді мысық.

Бір күні қысқы аяз қысады. Далаға шығуға дәттері шыдамайды. Тышқан мен мысықтың қарны ашады, ашыға бастайды. Сол кезде тышқанның есіне өздері тығып қойған құмырадағы май түсіп, мысыққа айтады.

Мысық пен тышқан көмген майларына келсе, құмырадағы майдың жұғыны да қалмапты. Сонда тышқан:

 — Ім-м... білдім, білдім, – дейді ренжіп, – сен үш рет үйден шығып кетіп едің. Бірінші келгенде, төбесін жеп, Төбелше, екіншісінде ортасын жеп, Белдемше, үшіншісінде қалғанын жеп, Қалдықша дедің ғой, ә? – дейді.

Өз қулығын тышқан біліп қойған соң, дойыр мысық ашуға булығып, тышқанды бас салып талайды. Тышқан бір тесікке кіріп кетіп әрең құтылады. Мысық пен тышқанның достығы сонымен біткен екен.

Тышқан туралы.jpg


Тышқандар

Қамбаға бас сұқса-ақ мысық бас салып, ажалға тап бола берген соң, тышқандар оңаша бір қуысқа жиналыпты да кеңес құрыпты.

– Жауыз мысықтан қалай құтыламыз? – депті, мәжілісті басқарып отырған тышқан. Бәрі үнсіз ойласып, амал іздей бастапты. Әрі ойлап, бері ойлап, ешқандай шара ойларына түспепті.

Сөйтіп дал болып отырғанда:

– Мысықтың мойнына қоңырау тағып қоялық, – депті бір тышқан білгішсініп. – Сонда оның келе жатқаны алыстан естіледі. Біз дыбысын ести сала, тығылып үлгереміз.

Бұл кеңеске бір кәрі тышқан мысқылдай күліп, былай депті:

– Жарайды, солай-ақ істейік.

Дал болған тышқандар амал табылғанына қуанып:

– Солай істейік! – деп дауыстап жіберіпті. Бұлардан кәрі тышқан:

– Сонда мысықтың мойнына қайсың барып қоңырау тағасың? – деп сұрапты.

Тышқандар не айтарын білмей, үрпиісіп қалыпты.

Сөйтіп, тышқандар күні бүгінге дейін мысықтан құтылудың амалын таба алмай келеді екен.


Арыстан мен тышқан

Ерте ерте ертеде орман патшасы арыстан тоғайдың қалың беделінде ұйықтап жатады. Бір тышқан ойнақтап, үстінен жорғалап жүргенін сезіпті. Арыстан

ұйқысынан ызаланып оянып, тышқанды ұстап алып, өлтірмекші болғанда тышқан жалбарынып:

- Тақсыр, мені өлтірмеңізші, бір жолға кешіре көріңіз. Бір күні мен де бір қызметіңізге жарармын, - депті.

Арыстан оның сөзіне күліп:

- Сен өзің кішкентай бір тышқансың, менің қандай қызметіме жарамақсың,- деп жаны ашып, тышқанды қоя беріпті. Тышқан байғұс қуанып, «арыстан досым»,- деп, жүгіріп ойнап кете беріпті.

Күндердің күнінде арыстан жортып ойнап жүріп, аңшылардың құрған тұзағына түсіп қалыпты. Шарқ ұрып тыпырлап, ақырып-бақырып жатса да тұзақтан құтыла алмапты.

Сол жерден өтіп бара жатқан тышқан арыстанның бұл халін көріп, қасына келіп қарап тұрса, сонда арыстан тышқанға қарап:

- Лажың бар ма бұған қылар? – депті. Тышқан дереу тістерімен тұзақтың жіптерін кеміріп қиып кеп жіберіп, арыстанды тұзақтан құтқарыпты. Тышқан арыстанға:

- Мені кішкентайсың,- деп мән бермеуші едің. Міне сені бір ажалдан алып қалдым, - депті. Осылайша арыстан жасалған жақсылықтың қайтарымы болатынын жақсы түсініпті.

1 мамыр «Ынтымақ пен бірлік» күніне арналған құттықтаулар
Тышқан туралы мақалдар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу