Ананың бөбегіне тілегі
Болады деп келешегім-мақтаным,
Сен едің ғой күткен алдан ақ таңым,
Ұмытылар ма жүректерге үміт боп,
Құп-құйттай боп құрсағымда жатқаның.
Сені ойлап қиялыма үңілдім,
Тіршілікте тек сені ойлап бүгілдім.
Мен тыңдаған әнді сен де тыңдадың,
Мен оқыған жырды сен де сіңірдің.
Ал бүгінгі айтылатын жыр басқа,
Ұлым менің келді өйткені бір жасқа.
Айналады бір күні өсіп сырласқа,
Деймін солай құрбы менен құрдасқа.
Әулетіңе боларсың ба мақтан ұл,
Жетерміз-ау сондай шаттық шаққа бір.
Әкең сені мұрагерім дейді ылғи,
Дейді үнемі: "әкесіне тартқан ұл!"
Бүгін менің перзентімнің көктемі,
Туған күні бөбегімнің өйткені.
Қуанады тәтелер де сен үшін,
Көкелер де қылмас сені өкпелі.
Қылығыңа,болар,бәлкім,тамсанар,
Анаң бүгін тек сен үшін ән салар.
Күлімдейді күн де бүгін сен болып,
Желпиді анық күлкің болып таң самал.
Әрбір сәтің көз алдымда тұрар-ау,
Анаң мүмкiн әнші емес те шығар-ау,
Жүрегімнен айтылатын ол әнді
Ана болған жандар ғана ұғар-ау.
Сен де ұғарсың Анасының көктемі,
Алғашқы әншің мен едім ғой өйткені.
Ақының да мен едім жыр оқыған,
Оның бәрі емес,жаным,өтпелі.
Сен өсесің,көп нәрсе бар таң қалар,
Болашақта сен түсетін жол да бар.
Сол бір шақта анаң айтқан жырды оқып,
Құлағыңда анаң айтқан ән қалар.
Дейді маған сендіреді бүгінгі ой,
Келешегің-жаңа әнім,жырым ғой.
Ал бүгін күн шаттанайық,өйткені,
Бүгінгі күн-сенің туған күнің ғой!
/Ғабиден Қожахмет/