Шілдеханаға арналған тілектер

Oinet.kz 11-11-2019 3469

Дүниеде тұңғыш перзенттің келуі әрбір отбасы үшін үлкен қуаныш. Өмірге жаңа келген сәби – кеше ғана үйлену тойын өткізген жас-жұбайларды «әке-шеше», ал олардың ата-анасын «ата-әже» атандырып, осы бір шаңыраққа ерекше бір мейірімділіктің нұрын сыйлайды.
Олай болса өмірге келген жас сәбидің әке-шешесіне, атасы мен әжесіне мықты денсаулық тілеп, тұңғыштарыңыздың бауы берік болсын дейміз. Ал жас сәбиге тілеріміз: ата-анасының үмітін ақтайтын маңдай жарқыраған ұл болып ер жетсін! Өмірлі болсын!

сәби.jpg   

Қазақта «балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деген сөз бар. Дүниеге сәбидің келуі - өмірдің бір ғанибет – ғажабы деуге болады.
   Достым, сені әке болуыңмен, ал жарыңды ана болуымен құттықтаймыз. Сендердің шаңырақтарыңды қуанышқа бөлеген дүниеге келген сәбидің бауы берік болсын, өмір жасы ұзақ болсын. тезірек ер жетіп, сендердің қолқанаттарыңа айналсын. Артынан іні-қарындастарын ерте берсін! Ендеше осы кішкентай өмірдің жалғасы және оны дүниеге келтірген ата-анасы үшін!
   Ұлы ғұламалар «әрбір адам дүниеге келгенде аспанда жаңа бір жұлдыз жанады» деп айтқан екен.
   Міне, дәл қазір түнгі аспанға нұрын шашып тұратын жұлдыздардың саны біреуге көбейді. Жарық дүние есігін жаңа ашқан мынау періштеміз де сол жұлдыздай жарқырап ортамызға қуаныш алып келді.
   Өмірге келген сәбиімізге Алла тағалам мықты денсаулық, бақыт, ұзақ өмір берсін. Аман-есен ер жетіп, елінің айтулы азаматы болсын!

***
   Қадірлі қонақтар!
   Бүгінгі қуаныштың қымбатты иелері!
   Осы ақ дастархан басына адал ниетпен жиналып отырған қонақжай халқым, бүгінгі тойдың қандай той екені баршаңызға мәлім. Сондықтан мынау заманның,бейбіт елдің ақ көгершіні болып өмірге іңгәлап келген жас нәрестенің шілдехана тойы құтты болсын!

***
  Бала – адамның бауыр еті. Бірін бірі жақсы көретін екі адамның жаны мен тәнінен жаралған бала ерекше ыстық. Отбасы мүшелерінің тату-тәтті өмір сүріп, бір-біріне  мейіріммен қарауына негіз жасайтын алғы шарттардың бірі – олардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі болса, екінші шарт – перзент. Сондықтан атамыз қазақ  «балалы үй – базар» деп орынды айтқан. Адамның бір қызығы – баланы мейірлене иіскеу үлкен бақыт болса, сол бақытқа міне, бүгін сендер де жетіп отырсыңдар.
   Сол себепті мен сендерге тойларың тойға ұлассын, өмірдегі көретін қызықтарың көбейе берсін демекпін.
  Менің осы айтқаным той – тілегім үшін дастархандағы дәмнен алып отырыңдар!

***
   Көк аспандағы жұлдыздарға жаңа бір жұлдыз, жердегі адамзат қатарына тағы бір адам қосылды. Өмірге шекесі торсықтай сәби келді!
   Бейбіт елдің ақ көгершіні болып дүние есігін ашқан сәбиіміздің бауы берік болсын!
   Маңдайы жарқыраған ұл болып ер жетіп, ата-анасының ғана емес, бүкіл елінің мақтаныш етер Азаматына айналсын!
   Қуаныш құтты болсын, ұзағынан сүйіндірсін!
   Әрбір басқан қадамы оңғарылып, Қыдыр ата қолдап жүрсін.

Сәби туылғанда айтылатын тілектер
Ананың бөбегіне тілегі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу