Бата түрлері

Oinet.kz 23-10-2019 2223

Screenshot_7.jpg

Қазақ халқы бата-тілектерді өзіндік берілу жағдайына қарай мынадай түрлерге бөлген. 

1.Ықылас батасы

Қалыптасқан дəстүр бойынша, ақсақалдар мен үлкен кісілер өздерін сыйлап, құрметтеп, бір шыны қара шайы болса да қабақ шытпай беріп, ықылас-бата сұраған адамдардан адал ниетімен ықылас батасын аямаған. Алайда, ықылас батасы үй иесінің кісілігі, мақсат-мұ рат, талап-тілегені бойынша əр алуан мазмұн, түрлерде беріле береді. Мысалы, үй иесі жас сəбилері үшін бата сұраса, онда батагөй қария лар:

Балаларыңның жасы ұзын болсын,

Жолдасы Қызыр болсын,

Өнері тасып-толсын,

Басына бақыт қонсын!

Басты болсын,

Малды болсын,

Өз құрбысының алды болсын!

Тілді болсын,

Жақты болсын,

Ел мақтайтын жақсы болсын! – деген мазмұндарда бата береді. Егер жаңа үйленіп, жас отау көтергеназаматтар болса, онда:

Басты болыңдар,

Малды болыңдар.

Өз құрбыларыңның алды болыңдар!

Кейінгілерге аға болыңдар,

Тоңдырмайтын жаға болыңдар,

Қиналғанда пана болыңдар!

Ақ сақалды, сары тісті,

Болашақта дана болыңдар! –деп бата береді. Ал, ұзақ жыл перзент көре алмағандар бата тілесе,онда оларға:

– Балалы-шағалы болыңдар,

Ағалы-жағалы болыңдар.

Немере-шөберелі болыңдар,

Туажат-неменелі болыңдар!

Пейілдерің тарылмасын,

Есіктерің жабылмасын.

Асыр салып ұл-қызың,

Күндіз-түні дабырласын! –деп ықылас білдіреді. Ойда-жоқта келген құдайы қонақтарға бір малын көлденең тартып: «Əумин» деген ізгі ниетті, жомарт жандарға батагөй кісілер:

Малың семіз болсын!

Төлің егіз болсын!

Бізге бірді сойсаң,

Орнына тоғыз болсын!

Далақтатар даудан сақтасын,

Жалақтаған жаудан сақтасын,

Ашыққан бөріден сақтасын,

Ашынған ұрыдан сақтасын!

Артқаның түйе болсын!

Сауғаның бие болсын!

Дастарқаның берекелі болсын!

Отбасың мерекелі болсын!

Мəртебең асып тұрсын,

Бақ-дəулетің тасып тұрсын,

Біз секілді сыйлы қонақтар,

Күнде үйіңде басып тұрсын! – деп игі тілек пен ықылас батасын жаңбырша жаудырады.

2.Ақ бата

Ақ бата – ата-ана мен ақсақалдардың, сондай-ақ, ел ағаларының ұрпақтарына білдірген жүрекжарды тілегі мен елі үшін еңбек сіңірген азаматтарына ақтарыла айтқан алғысы, яғни, ата-анасының ризашылығын алған перзенттер мен жас талаптарға, жорыққа, бітімге аттанғандарға, игілікті іс бастаған азаматтарға, құдалық жəне достық салтына, өнер қуған, ел тізгінін жаңа ұстаған талапты жастарға, жас отаулар мен «батаңызды беріңіз» деп өтінген адамдарға берілетін ықыластың бір түрі. Ол түрлі орта жəне нақты жағдайға қарай əр алуан мазмұнда жасала береді. Мысалы:көп үшін еселі еңбек етіп, үлкен қызмет көрсеткен жастарға:

Ел-жұртыңның гүлі бол,

Шам-шырағы, нұры бол,

Көп жасай бер, қарағым!

Болашақта ірі бол,

Ірілердің пірі бол!

Батырлардай санды бол,

Сал-серідей сəнді бол,

Бақ-дəулетті, малды бол,

Өз құрбыңның алды бол! – деген мазмұнда бата берсе, ал ата-анасының ризашылығын алған адал, арлы, кісілігі жоғары перзенттерге:

Көзімнің нұры бол,

Көңілімнің жыры бол!

Бақ құшып,

Бал жұтып,

Бабырдай ұлы бол!

Балдай бала бол,

Нардай дара бол,

Таудай талапты,

Фарабидей дана бол!

Майқыдай сыйлы бол,

Қорқыттай күйлі бол!

Асандай ақылды,

Бұқардай жырлы бол!

Аллаһу акбар! –деп, ақ батасын ақ жаңбырдай жаудырады.

 3.Ас батасы

Ас батасы (дастарқан батасы деп те аталады) – алдыға дастарқан жайылып, ас келгенде немесе тамақтанып болып, дас тар қан ды жияр кезде жасалатын ықылас. Міне, бұл «ас батасы» деп аталады. «Азған елде бата болмайды, тозған елде мата болмайды» деп біл ген қазақ халқы, асқа (дастарқанға) бата жасамауды азғындықтың бел гі сі, сондай-ақ, көргенсіздік, тəрбиесіздік санап, дастарқан жайып, ас іш кен сайын қол жайып, «асқа адалдық, денге саулық бер» деп бата жасап, тілек тілеп отыруды өздерінің адамдық парызы деп білген. Қа зақ ұғымында астан ұлы, дастарқаннан қасиетті ешнəрсе жоқ. Себебі, ас – адамның арқауы, тіршіліктің кепілі жəне тірегі. Əдетте ас баталары да үй иелерінің ынта-ықыласы, əуесі, тілегіне қарай əртүрлі жасала береді. Мысалы:

Астарыңа адалдық берсін,

Бастарыңа амандық берсін!

Бала-шағаң бақ құшып,

Отбасыларыңа жақсылық енсін!

Дастарқандарың мол болсын,

Абыройларың зор болсын!

Көре алмаған дұшпаның,

Көрге кіріп жер болсын!

Дəмдеріңе дəм қосылсын,

Əндеріңе əн қосылсын,

Сəндеріңе сəн қосылсын,

Сан-санақсыз мол қосылсын!

Көк жайлауды жайласаң,

Тай-құлынды байласаң,

Сабаң толсын қымызға,

Шараң толсын уызға,

Өрісіңе мал толсын,

Ақ тілеуің жар болсын!

Аллаһуакбар! –дейді 

4.Алғыс батасы

Алғыс бата – ақсақалдар мен беделді кісілердің аза маттардың аса игілікті істері, ерен қызметі мен ел-жұртқа көрсеткен ең бектеріне деген ризалығы əрі ықыласы. Мысалы, ондай азаматтарға:

Өмір-жасың ұзақ болсын,

Жүрген жерің шуақ болсын,

Құдай өзі қуат берсін,

Сарқылмайтын суат берсін!

Жандарыңа жамандық бермесін,

Бастарыңа қам-қайғы келмесін,

Қойын-қоныштарың ақты болсын,

Ұрпақтарың бақытты болсын! – деп алғыс баталарын жаудырса, ал кісілік, кішілік көрсетіп, қолдарына су құйып, қолтықтарынан демеп аттандырыпжатқан жастарға:

Бақ-дəулетті, малды бол,

Өз құрбыңның алды бол!

Жаратқан ием жебесін,

Басыңа жамандық келмесін,

Аллаһу акбар! –деп ықылас білдіреді. 

5.Игі бастамаларға берілетін бата

Қазақ халқы бір игі істі бастау үшін, ауылдағы ақсақалды қария лар мен аузы дуалы білікті кісілерді шақырып, міндетті түрде баталарын алады. Бұл аузы дуалы қариялардың айтқаны айнымай келіп, ісім сəтті, шаруам табысты болса екен дегені. Ондай кезде қариялар:

Істеріңе сəт болсын,

Бастарыңа бақ қонсын!

Ата-баба аруағы

Жебей берсін, жақ болсын!

Құдай өзі оңдасын,

Қызыр келіп қолдасын!

Сəтті болып бастама,

Бақыт-байлық мол болсын!

Ашық болсын күндерің,

Бассын ісің ілгері.

Талаптанған тайларың,

Болсын мəңгі жүлделі!

Аллаһу акбар! – деп ағынан ақтарылады.

6.Мереке батасы

Бейбіт күнге жаны құштар, əр таңым арайлап атып, əн-күй, мереке-мейрам, дыр-думанмен өтсе екен деп аңсайтын қазақ халқы, мереке-мейрам, айт-наурыз күндері мəре-сəре қуанып, күліп-ойнап, бір жасап қалады əрі ондай мерекелік бас қосуларда мынадай бата-тілектер беріледі:

Мереке – мерекеге ұлассын,

Береке – берекеге ұлассын,

Қуаныш-күлкі тынбасын,

Бұлт баспасын шың басын!

Ұзағынан қуантсын,

Ұзағынан күлдірсін,

Ұзағынан сүйінтсін,

Ұзағынан сүйдірсін!

Жаратқаным жақ болсын,

Халқымызға бақ қонсын!

Кетпей бастан бейбіт күн,

Ел-жұрт мəңгі шат болсын!

Аллаһу акбар! –деп ықылас білдіреді.

7.Сапар-жорық батасы

Жат жұрттан теперішті көп көріп, əккі жау, айлалы дұшпаны аяғынан көп шалған қазақ халқы сапарға, жорыққа аттанар алдында бауыр-туыс, ел-жұртын жиып, ақсақалдары мен аузы дуалы білікті кісілерінен міндетті түрде бата алуды дағдыға айналдырған. Бұл сол қариялардың айтқаны келіп, сапарым оң, жорығым сəтті болса екен деген игі тілек негізінде қалыптасқан. Мұндайда батагөй қариялар:

– Жортқанда жолың болсын,

Сапардың оңын берсін,

Тұлпардың тоғын берсін,

Жігердің шоғын берсін!

Бет алдың оң болсын,

Мəртебең зор болсын,

Дұшпаның қор болып,

Алды-арты ор болсын!

Жолың ашық болсын,

Жауың қашық болсын,

Мерейің тасып-толсын,

Аман-есен қауышу

Барымызға нəсіп болсын!

Аллаһу акбар! –деп бата береді.

 8.Наурыз батасы

Наурыз мерекесі күні кəрі-жас, ер-əйел, бала-шаға үй-үйді қыдырып жүріп «наурыз көже» ішіп, бір-бірімен кездескенде: «Жасыңыз құтты болсын! Өмір-жасың ұзақ болсын! Көктем көңілді, ұрпақтар өмірлі болсын! Ұлыс береке берсін, пəле-жала жерге енсін!» деген сияқты игі тілектер айтысып, бір-бірлерін құттықтап, əр үйге кіріп көже ішіп, дастарқан жиярда:

– Басымызға бас қосылсын,

Жасымызға жас қосылсын,

Жанымызға жан қосылсын,

Малымызға мал қосылсын!

Ұлыс – шуақ болсын,

Құдай қуат берсін,

Маңайымыз суат болсын,

Жайқалған құрақ болсын!

Жылымыз қызырлы болсын,

Мерекеміз дүбірлі болсын!

Жылқымыз үйірлі болсын,

Сиырларымыз бүйірлі болсын,

Қойларымыз қоралы болсын,

Көлдеріміз қоғалы болсын,

Ұрпақтарымыз бағалы болсын,

Мəртебелері жоғары болсын!

Өрісіміз көкті болсын,

Ұлдарымыз отты болсын,

Қыздарымыз текті болсын,

Беделді, бетті болсын!

Аллаһуакбар! – деп наурыз батасын жасайды.

9.Той батасы

Той батасы тойға жəне тойға сойылатын малға жасалады. Мысалы:

Той тойға ұлассын,

Тойдан кенде қылмасын!

Өлең-жыр боп күндіз-түн,

Ауыл-аймақ жырғасын!

Құтты болып қуаныш,

Еш жамандық болмасын!

Қызыр дарып, бақ қонып,

Құдай өзі қолдасын!

Болсын тойың торқалы,

Қуандырсын баршаны.

Қарық болсын кəрі-жас,

Өлең айтып, əн салып!

Көрген досың сүйінсін,

Көре алмаған күйінсін!

Берекелі тойыңа,

Игі жақсы жиылсын!

Аллаһу акбар!

10.Ас-нəзір батасы

Әдетте, ас-нəзірге сойылатын малға бата жасалмайды, тек мойнына немесе жалына ақтық байлап, Құран оқып, мал сояды, əрі дастарқан жайылған сайын марқұмға арнап Құран оқылып отырады да, дастарқан жиярда:

Марқұмның арты той болсын,

Ұрпақтары бай болсын!

Қам-қайғысыз күн кешіп,

Көңілдері жай болсын!

Ат тұяғын тай бассын,

Төңірегін жайнатсын!

Ата-баба дəстүрі,

Мəңгі үзілмей жалғассын!

Аллаһу акбар! – деп тілек айтады.

11.Қарияларға берілетін бата

Қазақта бата-тілекті тек жастар ғана ала бермеген. Кей кездері жетпіс-сексенге келген ақ сақалды аталар мен ақ самайлы əжейлер де өздері ұнатқан қадірлі, аузы дуалы кісілерді шақырып баталарын алып, оны өздеріне рухани азық етіп, көңілдерін көтеріп, жігерлерін шыңдап отырған.

Əдетте қарияларға берілетін бата мынадай болып келеді:

– Уа, қария, күйлі болыңыздар,

Ел-жұрттарыңызға сыйлы болыңыздар!

Немере, шөбере, шөпшек көріп,

Тоқсан отау үйлі болыңыздар!

Түндеріңіз тыныш болсын,

Үйлеріңізге ырыс толсын!

Ұлдарыңыз десті болсын,

Келіндеріңіз есті болсын!

Орындарыңыз төр болсын,

Мəртебелеріңіз зор болсын,

Ел-жұрттарыңыз тоқ болсын,

Қатарларыңыз көп болсын,

Қам-қайғыларыңыз жоқ болсын!

Аллаһуакбар! –дейді.

12.Сəбилерге берілетін бата

Қазақ халқында «батамен ер көгереді» деп, көпті көрген білікті қариялардан, сондай-ақ, халық қадір тұтқан аузы дуалы қасиетті кісілер ден «мына жаман шаранаға батаңызды беріңіз!» деп, жаңа туған сəбилеріне де бата сұрайтын салт бар. Сондай кезде батагөйлер:

Өмір-жасы ұзақ болсын,

Маңайы аққан бұлақ болсын,

Əр күні қызық, шуақ болсын,

Жер-ана жайлы тұрақ болсын,

Жомарттың қолын берсін,

Жортқыштың жолын берсін,

Қыздың қылығын берсін,

Судың тұнығын берсін,

Даланың кеңдігін берсін,

Батырдың ерлігін берсін,

Ақынның өрлігін берсін,

Иасауидің даралығын берсін,

Фарабидің даналығын берсін!

Аллаһуакбар! –деп бата-тілектен бал ағызады.

13.Балаларға берілетін бата

Балам адамгершілікті, өнер-білімді болса екен, өз құрбыларынан оза шауып, Отаны мен халқының қалаулы азаматы болса екен деп, жатса-тұрса жар құлақтары жастыққа тимейтін ата-аналар балалары ес біліп, өнер-білімге талпына бастаған кезде ауылдағы қадірлі, өнерлі қариялардың бірін үйлеріне шақырып: «Мына балаңызға батаңызды беріңіз, жолыңызды ұстап, арман-мұратыңызды жалғастырсын», – деп, балаларына бата сұрайды. Осы кезде батагөй қариялар:

Ұрпағың өнерлі болсын,

Өрісті болсын,

Іс-қимылы келісті болсын,

Ата-баба аруағы қолдап,

Еңбектері жемісті болсын!

Жары жібектей болсын,

Ары түлектей болсын,

Өнері өрлей берсін,

Жас басы төрлей берсін!

Аллаһуакбар! –деп аталық ықыласын білдіреді.

14.Қыздарға берілетін бата

Қазақ халқы қыздарының ақылына көркі сай, өнерлі де білімді, іскер де ісшең болып есеюін тілеп, аузы дуалы, қасиетті қарттардың ықылас-баталарын алып отыруды өте бір игілікті іс деп қа рап, қыздары на ұлағатты кісілерден бата алып отырған. Сондай кезде қадірменді қарттар қыз ата-аналарының талап-тілегі бойынша:

– Қыздарың құлықты болсын,

Ғаламат білікті болсын.

Күндей нұрлы болсын,

Гүлдей түрлі болсын.

Өлмес өнер берсін,

Əн-жыр, өлең берсін.

Теңдессіз дарын берсін.

Ізгіліктің бəрін берсін.

Талдай бой берсін,

Таудай ой берсін.

Жаздай жамал берсін,

Оттай жанар берсін!

Аллаһуакбар! –деп үміт-тілекке толы баталарын береді.

15.Келіндерге берілетін бата

Қазақ келіндерінің ата-енелері мен ақсақалдарға шай құйып, ас-тағам əзірлеп, тік тұрып күтуі қалыпты құбылыс. Сондай кезде, төрде отырған қариялар оларға дəм ұсынады немесе табақтың түбін береді, кейде ішіп отырған шайларын береді. Сол сəтте келін орнынан тұ рып, ұсынған дəмді алып, қарияларға иіліп сəлем жасағанда қариялар:

Жасың ұзақ болсын,

Күнің шуақ болсын.

Басыңа бақыт қонсын,

Үйіңе жақұт толсын.

Балалы-шағалы бол,

Ағалы-жағалы бол.

Өркенің өсе берсін,

Бақытқа қолың жете берсін! –деп, аталық алғысын жаудырады.

16.Жас жұбайларға берілетін бата

Қазақта жаңа отау көтеріп, өз алдына түтін түтеткен жас жұбайлар үйлерін реттеп, шаруаларын ыңғайлап алған соң, ауылдағы қадірлі қарттар мен білікті кісілерін шақырып, отауларынан дəм тат қызып, баталарын алады. Осындай ғұрыптан соң қарттар оларға:

Отауларың от болсын,

Бақыт-байлық көп қонсын.

Ұрпақты боп лайым,

Еш қам-қайғы жоқ болсын!

Пейілдерің тарылмасын

Есіктерің жабылмасын.

Сыйлы қонақ күнде кеп,

Төрлеріңе дамылдасын!

Өмірлерің бал болсын,

Ұрпақтарың нар болсын.

Ата-баба аруағы

Өздеріңе жар болсын!

Аллаһуакбар! –деп бата береді.

17.Шаңыраққа берілетін бата

Қазақ салтында алыс жерден, өзге ру-тайпалардан келген білікті кісілер өздерін сыйлап, құрметтеген қасиетті қара шаңырақтарға мынадай мазмұндарда бата береді:

Шаңырақтарың шайқалмасын,

Бақ-дəулеттерің ортаймасын.

Жаратқан Иең жар болып,

Не сұрасаң да қайтармасын!

Шаңырақтарың сыйлы болсын,

Отбасыларың дулы болсын.

Қоныстарың нулы болсын,

Өрістерің сулы болсын!

Аллаһу акбар! –деп алғысын ақтарады.

18.Ел мен жерге берілетін бата

Қазақта бөтен ел, бөтен жерден келген кісілер ерекше сыйлы болады. Оларды барған елі тік тұрып күтеді. Сондай кезде қонақтар ел мен жерге деген ризалықтарын білдіру үшін мынадай баталар береді:

Ырыс қонған жеріңе бата,

Меймандос еліңе бата,

Аққан суыңа бата,

Асқар тауыңа бата,

Қолдасын Қызыр ата!

Жерлеріңде жұт болмасын,

Төрлеріңе құт орнасын.

Ел-жұрттарың жамандық көрмесін,

Ұрпақтарыңның десі өрлесін!

Аллаһуакбар!

19.Күйеубалалар мен қарындастарға берілетін бата

Әдетте, бастарына үй тігіп, бауырларына қазан асып, үйлі-баранды болған білікті күйеу балалар мен қыз-қарындастар ата-ана, аға-бауырларының ықылас-баталарын алу үшін оларды үйлеріне шақы рып қонақ еткенде: «бізге баталарыңызды беріңіздер» деп үлкендердің баталарын алады. Осы кезде батагөй қариялар:

Дастарқандарың берекелі болсын,

Отбасыларың мерекелі болсын.

Өмір-жастарың ұзақ болсын,

Жолдастарың Қызыр болсын!

Қораларыңнан қой кетпесін,

Есіктеріңнен той кетпесін.

Көшкенде көлікті болыңдар,

Өлшеусіз өрісті болыңдар!

Халық сүйер аға болыңдар,

Тоңдырмайтын жаға болыңдар.

Қиын жерде жол табар,

Дарқан ойлы дана болыңдар!

Аллаһуакбар! –деп аталық ақ баталарын береді.

20.Шен-шекпенділерге берілетін бата

Әдетте, ел тізгінін жаңа ұстаған азаматтардың ауыл ақсақалдары мен өнер-білімді, бет-беделді кісілерді, сондай-ақ, туыс-туған, дос-жарандарын шақырып: «алдағы қызметімді қолдап-қуаттап, ақыл-кеңес бере жүріңіздер» деп бата сұрайтын дағдысы бар. Сондай кезде батагөй қариялар:

Əумин десең есе берсін,

Қызырың кеп жетелесін.

Айларың аман кете берсін,

Күндерің күліп өте берсін.

Бақ-дəулет пен дəрежең,

Одан ары өсе берсін!

Құлағың сақ болсын,

Ниетің ақ болсын.

Құлқының пəк болсын,

Көңілің шат болсын!

Дау-дамайдан қашпа,

Араныңды ашпа.

Қиындықтан саспа,

Қара қылды қақ жарып,

Елді түзу баста!

Аллаһу акбар! –деп бата береді.

Айып НҮСІПОҚАСҰЛЫ

Үкаша ата деген кім?
Қырғыз елінің заңдарын жазған қазақ екенін білесіз бе?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу