Қаусаған бейтаныс шал (әңгіме)
03-11-2023
Әулиенің кеніне айналған қарт Қаратаудың қойнауы киелі орындарымен ерекше. Ел есінде аңыз болып қалған киелі орынның бірі – Үкаша ата есімімен байланысты. Үкаша ата дегенде ең әуелі жұрттың есіне тау басындағы құдық еске түседі. Мұнда келген әрбір адам бірінші Үкаша атаның қабірі орналасқан кесенеге кіріп құран оқиды. Онан кейін барып тау басындағы құдықтың басына барып су алады. Кереметке толы құдық пен сахабаның қабірі жатқан кесене жайлы аңыз-әфсана бұрнағы уақытта жыр-дастандар арқылы кеңінен таралды. Ал Кеңес үкіметі тұсында рухани тарихымызға қатысты әулиелердің есімдерін, олардың еңбегін, тарихтағы алар орынын мақсатты түрде жоюға тырысты. Тәуелсіздіктің таңы атумен жоғымыз табылып, өшкен есімдеріміз қайта тіріліп жатыр.
Қаратау бөктерінде Ислам дінін таратушы Үкаша сахабаның кесенесі мен құдығы орналасқан. Кесене мен құдықтың екі арасы шамамен алғанда бір шақырымдай. Қазіргі уақытта Үкаша ата қабірі басына тұрғызылған кесене тарихи-мәдени ескерткіш ретінде мемлекет қарауына алынған. [1] Қорғалу ерекшелігі жағынан жергілікті ескерткіш болып табылады. Оңтүстік Қазақстан энциклопедиясында Үкаша ата мазары – сәулет өнер ескерткіші. Қаратудың күнгей бетінде, Өгіз тау шатқалы маңындағы қыратта, Түркістан қаласынан 42 км жерде. Шамамен 6-7 ғасырларда өмір сүрген, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарға замандас болған ислам дінінің өкілі – Үкаша атаға арнап тұрғызылған... Кесененің батыс жағында 200 м жерде Үкаша ата құдығы бар [2. 512] делінген.
Үкаша ата ел арасында аңыз тұлға ретінде танымал. Ол жөнінде арнайы жазылған тарихи зерттеу еңбегі жоқ. Жазылған кітаптардың көпшілігі кәсіби мамандардың қатысуынсыз шыққан. Бұл мәселе біздің даламызға ислам дінін таратушы тұлғалар Үкаша сахаба, Арыстан бап, Ысқақ бап, Қорасан бап, Әбдіжалил бап, Қожа Ахмет Ясауи т.б. тұлғаларға қатысты болғанда тіпті күрделене түседі. Үкаша сахаба жөнінде халық ауыз әдебиеті мен жазба деректерде айтылатын мәліметтерді бір жүйеге келтіру өзекті мәселелердің қатарына жатады.
Қазақ тарихының көптеген мәселелеріне зерттеу жұмыстарын жүргізген Ш.Уәлихановтың кітабынан Үкаша сахаба жайлы мынадай мәлімет оқимыз. «Родоначальникам Средней орды был товарищ, сахаба Мухаммада избранного». Пророк по откровению архангела Гавриила, узнав о скором своем оставлении правления сего тленного мира, чтобы там, в эдеме, на лоне гурии, отдыхать вечно и вечно, призвал своих друзей и товарищей и сказал им об этом, прося прощения, если он сделал кому-нибудь из-них обиду. Все плакалаи и говорили:// «Ты друг аллаха, мог ли ты сделать обиду!». Только один сахаба, по имени Оксе, обьявил претензию, что пророк при осаде какого-то города безвинно ударил его в спину. Мухаммед действительно вспомнил свою ошибку и в возмездие предложил ему спину. Абубекр, Омар, Осман, Али и другие вельможи тщетно отговаривали Оксу оставить безрассудное свое намерение Оксе ничего не хотел слушать и, при общем проклятии народа, подошел с плетью к священной спине любимца аллаха и просил его обнажить тело. Пророк снял свое верхнее платье. Оксе того и нужно было: он знал, что на спине избранного есть божия печать, приложившись к которой смертный делается недоступным адскому огню. Оксе вместо ожидаемого удара только наклонил голову, поцеловал и отошел прочь. Но за неудовольствие, причиненное им пророку, и по ... общественного проклятия бог обрек его и его потомков бродняжничеству, благословие, впрочем, вместе с тем на довольство и безбедность. От него [Оксе] происходит... родоначальник уйсуней и всего народа» [3.273-274] (Уәлиханов Ш.Ш. Бес томдық шығармалар жинағы 1 том. Предания и легенды большой киргиз-кайсацкой орды. Алма-Ата 1984. 273-274 стр) айтылып отырған Оксе есіміне кітаптың соңында мынадай түсініктеме беріледі. Оксе (искаженное от арабского имени Уккаша) – исторически неверная легенда о происхождении казахов от Аккаше и Анеса, приведена у Г.Н.Потанина (Уәлиханов Ш.Ш. 396 бет)[3.396]дейді. Яғни Оксе бұл Укаша сахабаның бұрмаланған есімі дейді.
Потанинге үңілер болсақ қазақ-қырғыздардың шығу тегі туралы жазған материалында мынадай дерек айтып өтеді. «Корень этих наших казаков от турков (турклер) монгольского знака (могол сюмбили) и мусульманской веры, узкого рода (ууз), войлочноюрточные из трех уокских племен. После того были народом то кочующим, то оседавшим (Конгар). Во времена пророка Мухаммеда наши предки Акаше, сын Назира и Анес, сын Малика, а также Ахтам-софы и Имам-баир были приверженцами пророка. [4.120] (Григорий Потанин. Труды по этнографии и фольклору. 6 том. Астана, 2007. 120 стр) Ары қарата Потанин осылардан өрбіген ұрпақтар 32 баулы өзбек атанып көбейгендігін жазады. Потанин Үкаша атаның шығу тегін Түркі екендігін көрсетеді. Әдетте біздің даламызға келген Ислам дінін таратушыларды араб не парсы делінеді. Потаниннің мәліметі ел арасында айтылып келе жатқан ескі әңгімелердің жиынтығы екендігі анық.
Бізге аңыз болып жеткен Үкаша ата жайында ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басында өмір сүрген Шәді төре Жәңгірұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Жүсіпбек Шайқысламұлы біраз деректер қалдырды. Бұл кісілердің шығармаларында Үкаша атаның есімі Ғакаша деп беріледі. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Хазірет Ғакаша сахаба Ан хазіретіміздің он жеті орында туын көтеріп еді» [5. 66 б]. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының тағы бір жазбасында Ғакаша, Имамбайыр, Құттықожа, Ерқоян бастаған Түркілерден құралған 90 адамнан тұратын атты әскер пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) жасағына келіп қосылды деген мәлімет береді. Ғакаша пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) сенімді сахабаларының біріне айналып, жанында жүреді. Бұл дерек мәліметі Үкаша атаның шығу тегінің Түркі екендігін көрсетеді.
Шәді төре Жәңгірұлы Расул Ғалайһіссаламның ақырғы өсиеті деген әңгімесінде «Сол уақытта Ғакаша атты бір сахаба, әдеппен бір сөз айтты қол қусырып», - дейді. [6. 106]. Жүсіпбек Шайқысламұлының еңбегінде Акаша есімімен берілген.[7] Үш автордың шығармасының мазмұны, құрылымы жағынан алғанда өзара айырмашылық кездеспейді. Үш автордың шығармалары пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Мұстафаның қайтыс болар алдындағы соңғы өсиетіне байланысты жазылған. Шығармада Ғакаша сахабаның есімі негізгі кейіпкерлердің бірі ретінде баяндалған. Бұл шығармалар бізге ең алдымен, Ғакаша сахабаның ешқандай да аңыз емес тарихи тұлға, пайғамбардың жақын серігі, қасында бірге жүрген аяулы сахаба болғандығын анық көрсетіп отыр. Тау басындағы құдықтың пайда болуына қатысты сұрақтың жауабын да осы шығармаларадан аламыз. Үкаша атаның пайғамбарымыздың сахабасы болумен қатар шығу тегіне байланысты құнды мәлімет бар. Оның шығу тегі Түркі екендігін көрсетеді. Кеңес үкіметі орнап, қазақ әліпбиі кириллицаға көшкенге дейін ел бұл тұлғаны Ғакаша дейтін болған.
Кеңес үкіметі кезінде дін мәселесін зерттеуге тиым салынды. Бұл тақырыпты зерттеушілер негізінен дінді әшкерелеу үшін ғана жазатын. Сондай мазмұндағы шығарманың бірі О. Дастановтың 1967 жылы шыққан «Әулиелі жерлер туралы шындық» кітабы. Автор «Укаша-ата» кім? деген тақырыпты көтеріп: Укаша туралы дінді уағыздаушылар былай дейді: «Мұхамед пайғамбардың тапсыруымен келіп, Укаша (Ғакаша) ислам дінін таратады». [8. 41] Әрі қарата Үкаша ата жайлы тарихи аңызды тарқатып айтып, оның шын мәнінде негізсіз екендігін тұжырымдаған. Бұл жерде кітап авторының пікірін, дүниетанымын, не себепті кітаптың бұлай жазылғандығын талдап, сынағалы отырған ешкім жоқ. Еңбекте өте маңызды екі мәселе бар біріншісі Укаша мен Ғакаша есімі бір адамға тиесілі екендігі, екіншісі Укаша ата мазарының бүгінгі күні басына барып ел түнейтін Үкаша ата зираты екендігін анық көрсетеді. Үкаша ата құдығына барып су алу дәстүрінің атеистік қоғамның өзінде үзілмей, жалғасын тапқандығы көрсетілген.
Еліміз тәуелсіздігін алғалы бері тарихи тақырыпта жазылған кітаптардың саны көбейді. Кәсіби тарихшылардан гөрі әуесқойлар мен журналистердің, басқа сала мамандарының тарихи тұлғалар туралы кітаптары мен кітапшалары баспадан молынан шығып жатыр. Оңтүстік өңірдегі әулиелі орындар мен тарихи тұлғалар жөнінде жазылған кәсіби тарихшының еңбегін таппағанмен, сол тұлғалардың ұрпақтарының болмаса шырақшылардың айтуы бойынша жазылған кітапшаларды жиі кездестіруге болады. Үкаша ата туралы жазылған сондай кітапшаның бірі жазушы-журналист Әсет Әссанди құрастырған «Үкаша ата әулие қысқаша тарихы» кітабы.[9] Бұл кітапта Үкаша ата туралы ескіден келе жатқан аңыз-әңгімелер топтастырылған. Үкаша атаның шығу-тегіне қатысты азғана мәлімет беріліп, Түркі жеріне келіп, дін тарату жолындағы еңбегі жайлы аңыздарды бір ізге түсіріп, жүйелі баяндап шыққан. Бірақ бұл аңызда Үкаша атаның шығу тегіне байланысты нақтылы мәліметтер кездеспейді.
Тарихшы Мұхтар Қожа «Үкаша ата атты киелі орын Түркістан қаласынан 60 шақырым жерді, Серт ауылының солтүстік жағындағы Қаратау етегінде жатыр. Аңыз бойынша Үкаша ата Мұхаммед пайғамбардың сахабасы екен. Оны жау жеңе алмаған, ешбір пенденің оғы өтпейді, қылышы кеспейді екен. Жаулары айла жасап оның әйелін алдап сахабаның осал жерін біліп алыпты. Үкаша ата тек таң намазын оқыған кезде қорғансыз болады екен. Оны білген кәпірлер Үкаша ата таң намазын оқып отырған кезде келіп басын қылышпен шауыпты. Жансыз басты періштелер домалатып қырдың етегіне жеткізіпті. Сол жер қақ айырылып құдық болып Үкаша ата басы оған түсіп жер асты өзен арқылы Мұхаммед пайғамбарға жетіпті. Сахабаның қаны тамған жердің бетіне саздан ұзындығы 21 м белгі соғылған. Зияратқа барғандарға әулиенің шырақшылары Үкаша атаның басы домалап түскен құдықты, атаның түйесінің ізі қалған тасты көрсетеді. Зияратшылар осы құдыққа кезекпен шелек салып су алуға әрекет етеді. Су біреулерге беріледі, біреулерге қанша мәрте шелек салғанымен бір тамшы су ілінбейтіні бар. Мұны шелек тастап отырған адамның күнәсіне балап түсіндіреді» - дейді. [10.48] (Қожа М. Оңтүстік Қазақстанның әулие жерлері. Шымкент, 2013. 48 бет).
Сонымен жоғарыда келтірген деректерді талдай келіп мынадай қорытынды алуға болады. Үкаша сахаба біздің даламызға Ислам дінін алғаш алып келген тарихи тұлға. Ол пайғамбарымыздың сенімді серіктерінің қатарында болған. Шығу тегі жағынан Түркі тайпаларының бірінен шыққан. Қазақ шежіресінің бастауында тұратын Әнес сахабалармен бірқатарда тұрады. Ал Кеңестік дәуірде халықтың тарихи санасында Ғакаша сахаба есімі ұмытылып, Үкаша ата, Үкаша әулие есімімен сақталып отыр.
1. Үкаша ата тарихи ескерткіші туралы құжаттар. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының мұрағаты
2. Оңтүстік Қазақстан энциклопедиясы. Алматы 2005. 512 б
3. Уәлиханов Ш.Ш. Бес томдық шығармалар жинағы 1 том. Предания и легенды большой киргиз-кайсацкой орды. Алма-Ата 1984. 273-274 стр
4. Григорий Потанин. Труды по этнографии и фольклору. 6 том. Астана, 2007. 120 стр
5. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Көп томдық шығармалар жинағы. 8 том. Алматы «Ел шежіре» 2008. 66, 72,58-62 бб
6. Шәді Жәңгірұлы. Назым Сияр Шәриф. (құраст., баспаға әзірлеген О. Құдышұлы) Алматы 1995. 3, 106,103-109 беттер
7. О. Дастанов. Әулиелі жерлер туралы шындық. Алматы 1967. 41-44 бб
5. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Шығармалары 3 том. Павлодар қ. 2003. 175-192 беттер
8. Бабалар сөзі. Көптомдық шығармалар жинағы. 11 том. Алматы 71-88, 272-275
9. Үкаша ата әулие. Қысқаша тарихы. Шымкент. 2007. 12-27 бб
9. Ә. Қалмырзаұлы. Теберік дүние. Шымкент. 1997.33-35 бб
10. Қожа М. Оңтүстік Қазақстанның әулие жерлері. Шымкент, 2013. 48 бет
Нұрлан Дүкенбаев, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік қорық-мұражайының ғылыми зерттеу бөлім меңгерушісі