Студенттер қылқаламы «Журналист» газетінде

Oinet.kz 07-05-2024 1719

        Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің шығармашылық әлемі қайнаған қазандай тасыған орта десек, қаламы жүйрік шәкірттер беталысын аңғартатын «Журналист» газетінің жөні бөлек.

Факультеттегі Шерхан Мұртаза атындағы «Журналистік шеберлік мектебі» үйірмесі мен «Қазақ журналистикасының тарихы» (1-курс), «Медиа этика» пәндері аясында (4-курс) «Журналист» студенттердің оқу-тәжірибелік газеті жарыққа шығып тұрады. Студенттер мақаласы арқылы әрқайсысының өзіндік жазу ерекшелігін, стиль, қолтаңбасын байқауға болады. Кейбір мақалада ұлтжандылық сипат көрініс тапса, бірінде ерекше эмоция, жастықтың жалынды лебін аңғарамыз.Screenshot_1.jpg

Академик Зейнолла Қабдолов: «Тума көркемдік қабілет кез келген кісіде бар. Олай болмаса, кез келген кісі өнерді де, көркем әдебиетті де жан-жүрегімен қабылдап, сезіне, түсіне алмас еді», - десе, профессор Темірбек Қожакеев мынадай тұжырым жасайды: «Біреудің жақсы журналист немесе жазушы болғысы келді дейік. Сөз жоқ, мұның бірінші шарты – адамда табиғи қабілеттің болуы. Екінші шарты – сол қабілеттің үстіне ізденуге ынта, талап керек. Бұл да жеткіліксіз. Енді сол көрінген, байқалған қабілетті ұқсату үшін зергердің қылыш, қанжар соға білетініндей білім керек. Ол білімнің екі көзі бар. Бірі – баспасөз, екіншісі – өмір», - демекші, әр журналист өмірдің шындығын дұрыс талдап, сараптап көрсете білгенде ғана ерекше еңбегімен бағаланады. Кез келген мәселеге байыпты қарай білудің өзі журналист патриоттығының, оның тәлім-тәрбиесінің көрінісін білдіреді. Әлі талай оқырманға жол тартатын «Журналист» газетінің бағдары да, болмысы да нақ осындай болмақ.

«Журналист» студенттердің оқу-тәжірибелік газетінің әрбір жаңа санының шығуына атсалысқан Журналистика факультеті Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының студенттері, магистранттары мен докторанттарына алғыс білдіреміз! Шығармашылық шабыт шалқарын, биік талап өресін тілейміз! «Журналист» газетінің соңғы сандарын мына https://farabi.university/department/26?lang=kz  сілтеме арқылы оқып, танысуға болады.

Римма ЖАҚСЫЛЫҚБАЕВА,

«Журналист» газетінің шығарушы редакторы,

Шерхан Мұртаза атындағы «Журналистік шеберлік мектебі»    

үйірмесінің жетекшісі

Бір кездері дүркіреп тұрған досымды қайдағы бір қытай жер қылыпты
Нағыз әжені қайдан табамыз?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу