Нағыз әжені қайдан табамыз?

Oinet.kz 21-05-2024 1565

Алматыда мектепте Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ беретін мұғалім сіңілім Света хабарласты. Бесінші сыныпта "Әдебиеттік оқу" пәнінен Тынымбай Нұрмағамтетовтің әже туралы әңгімесін өтіпті. Әңгімедегі лирикалық кейіпкер өз балаларына  қазақ әжелерінің бейнесін түсіндіріп жүргенімен балаларына  қазақ әжесін көрсете алмай жүреді. 

Screenshot_6.jpg

Бір күні  танысының үйіне ауылдан анасы келеді. Балаларына қазақ әжесін көрсетейін деп қуанып, оны балаларына да айтып, ертіп барады. Бірақ әңгімедегі әже балалар күткеніндей қазақ әжелеріне лайық мінезді болмай шығады. Қазақы тәрбиеден алыстап кеткен қазіргі күнгі көп әйелдердің бірі ғана екен. Балалар да, лирикалық кейіпкер де іздегенін таппай көңілсіз қайтады...

һСабақта оқушылар да нағыз әжені іздей бастайды. 

- Әжелерің бар ма? Әже деген кім? 

- Бар. Әкемнің және анамның анасы. 

- Сендер кім дейсіңдер? 

-  Апа, әже! 

- Әжелерің әңгімеде айтылғандай "нағыз әже" ме?  

- Жоқ, ондай емес. 

Өкінішке орай, сыныптағы отызға жуық балалардың ешқайсысы өз әжелерін "нағыз әже" санатына қоспапты. Себебін сұрағанда: 

- Әдемі ақ жаулықтары жоқ, намаз оқымайды, ертегі айтпайды, бата бермейді, т.б. 

Біраз "кемшіліктерін" айтып шығыпты. Өздері оқыған Шоқанның әжесін, Абайдың әжесін, Қожаның әжесін, т.б. естеріне алып, өз әжелерін солармен салыстырып, олардағы қасиетті өз әжелерінен таба алмай біраз қиналып қалыпты. Көздері жәудіреп: 

- Нағыз әжені қайдан табамыз?,- деп сұрапты... 

Мен де ойланып қалдым. Әже болу үлкен жауапкершілік екенін немерелер бүгін ашық айтып отыр. Әжені емес, "нағыз әжені" іздеп отыр. Отырысынан, әр қимыл әрекетінен, ісі мен сөзінен иман нұры шашылып, ұлағаты мен өнегесі танылатын ақ жаулығы аппақ арын танытып тұратын шапағатты асыл тұлғаны іздеп отыр. 

Бүгінгі сауатты, еуропа әйелдерінен асып түсетін жоғары мәдениеттімін деп есептейтін, сәнді киімді әжелерді бүгінгі он-он бір жастағы балалар "нағыз әже" деп қабылдамай отыр. Бұл - бүгінгі қазақ әжелері үшін үлкен сын. 

Қыздарын болашақ келін деп, келіндерін болашақ ене, болашақ әже етіп тәрбиелеген қазақ ұлағаты неткен жемісті еді?.. Қыздарымыз келін бола алмай жүргені - тәрбиедегі  үлкен кемістік. Келін бола алмаған келіншек қайдан өнегелі ана, өрісті ене болмақ? Келініне мейірленбеген  ене немереге емірене ме? Өзін "әже" сезіне ме? Өмірдегі киелі тәрбие сатыларынан ғибрат алмай орта жасқа жеткен әйел "нағыз әже" бола алар ма? Иіліп түскен босағасын сыйлай алмаған келін ол шаңырақты "киелім" деп құрметтей ме? Қолына ине жіп ұстап, үйіне бір көрпеше қоспаған әйел, ол үйдің дүниесін бағалай ала ма? 

Үйінде ұлағатты сөз есітіп, тұшынып өспеген қыз, келін болғанда ата мен ененің сөзіне құлақ аса ма? Өзінде болмаған өнегені қартайғанда өзгеге қалай үйретпек? Бұндайда данышпан қарттар: "Бұлақты басынан тұндыру керек",- дейтін. Лай болып ағып жатқан бұлақты ортасынан қалай тұндырасың? Біз бұлақтың басын лайлап алғанбыз. Қыздар тәрбиесін қолдан шығарып жіберген екенбіз. "Нағыз әже" болатын қыз тәрбиесін жоғалтып алғанбыз.  Ал, қазіргі жағдайды ойлауға қорқамын... Қазіргі ұсынылып жатқан заң жобаларынан жаның шошиды. Ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатқан, сықыйып киінген қыз-келіншектерді әйел дейін бе, пері дейін бе? Бұлар қандай әже болады? 

"Қилы заманның" қаралы беті... Күңіренесің, күрсінесің, Алладан үмітіңді үзбейсің.  Көкірек көздеріне нұр құям десе құдыреті күшті Аллаға қиын болып па?..

Жанымгүл Камалқызы

Студенттер қылқаламы «Журналист» газетінде
Қожалар қазаққа жата ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу