18-ге толмаған 200-ден аса қыз жүкті болып қалған

Oinet.kz 02-08-2019 1396

Screenshot_9.jpg

Оңтүстік Қазақстан облыстық  «Жастар ресурстық орталығында» қиын жағдайға тап болған жастар мен жасөспірімдерге психологиялық көмек көрсету және дағдарыстың алдын алу қызметі өз жұмысын бастады. 

Айта кетейік, психологиялық  көмек қызметі өңірдің қадағалау органдарының ұсынысынан кейін қолға алынып отыр. Облыстық прокуратураның Үйлестіру кеңесінде қабылданған шешімге сәйкес облыс әкімдігі «Дағдарыстың алдын алу және писхологиялық көмек көрсету» бөлімінің ашылуына 15 млн. теңге бөлді. Қазір бөлімге іріктеуден өткен тәжірибелі 5 психолог-кеңесші тартылып, олар  14 пен 29 жас аралығындағы дағдарыс жағдайында жүрген жастарға қол ұшын беретін болады. Жоғары және орта арнаулы оқу орындарында білім алушыларға түрлі психологиялық тренингтер өткізіп,  оларды салауатты өмір салтын ұстануға үйретеді. Дағдарыс жағдайында жүрген жастардың өміріне үңіліп, талдау жасайды.

Психологтар сондай-ақ өз-өзіне қол жұмсауға бейім жасөспірімдер мен  ерте жүкті болған қыздарға кеңестерін  береді. Өз өмірімен қоштасқысы келетін жасөспірімдермен сұхбаттасып, психологиялық  тұрғыда көмек көрсетеді. Себебі, соңғы кезде әрбір бесінші бала өмірге келетін өңірде балалар арасында осындай жағдайлар  жиілеп кетті. Өткен жылдың өзінде 90 жасөспірім өз-өзін өлтіруге оқталып, олардың тең жартысы жан тәсілім етті. Ал жыл басынан бері осындай әрекетке 33 бала барып, 15-і бақилық болған.

Сонымен қатар кәмелетке толмаған қыздар арасында жүктілік проблемасы да қоғамды алаңдатып отырғаны белгілі. Мәселен, биылдың өзінде он сегізге толмаған 200-ден аса қыз бала көтеріп қойған. Олардың кейінгі өмірі қалай өрбиді, қоршаған ортасы қалай қабылдайды деген сауалдар кез-келген жүкті қызды мазалайтыны белгілі. Кейбірі мұндай жағдайда не істерін білмей өз-өзіне қол жұмсауға дейін барады. Осындай кезде орталық мамандары жасөспірім қыздармен кездесулер өткізіп, дұрыс бағыт-бағдар береді. Ана болудың маңыздылығын түсіндіріп, екінші рет қателікке бой алдырмауға жол сілтейді.

Ал психологтардың көмегіне мұқтаж жастар мен жаспөрімдерді анықтау үшін орталық мамандары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатып, денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп жұмыс жүргізбек. Есепте тұратын балалардың ата-анасымен хабарласып, оларды орталыққа шақырмақ ниетте. Қажет болған жағдайда мұндай балаларды өзге тәжірибелі психологтарға қаратып, ақысын да төлейміз деп отыр.  Ол үшін бюджеттен арнайы қаражат бөлініп қойыпты.

Орталық басшылығы алдағы уақытта сымтетік арқылы тегін психологиялық кеңес беретін «Сall-орталығы» қызметін  іске қоспақ. Яғни, психолог-кеңесшілер күндіз 9 сағат бойы қажетті кеңестерін беріп отырады. Әзірге мұндай  қызмет түрі тек Қызылорда облысында бар екен. Ондағы психологтар тәулік бойы хабарласқандардың қоңырауын қабылдап, сұхбат жүргізеді.

Мамандар осындай шараларды жүргізу арқылы жастар мен жасөспірімдер арасындағы келеңсіз жағдайлардың, оларға қатысты жасалатын түрлі сипаттағы қылмыстардың алдын алуға күш салмақшы.  

А. Ақбаева, 

ОҚО прокуратурасының маманы

Мұрағаттан, 2016 ж

Фильмдер көрермен жасына сай көрсетеліп жүр ме?
«Нөлдік төзімділік» - құқықтық тәртіп негізі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу