Сот Гүлмира Сатыбалдыдан қанша ақша өндірді?
04-05-2023
Нөлдік төзімділік дегеніміз – кәдуілгі күнделікті тіршілігімізде болып жататын қоқысты кез келген жерде тастау, белгіленбеген жерде шылым шегу, алкогольді сусындарды ішу, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз ойын-сауық мекемелерінде болуы сияқты ұсақ-түйекті, бірлі-жарымды кішігірім бұзақылықтарға төзбеушілікті білдіреді.
Көбіне азаматтар бұндай төзбеушіліктерді де тек полиция қызметкерлерінің жұмысы деп біледі. Ал негізінен мұндай көзқарас теріс болып табылады, себебі барлығымыздың ортақ Отанымыз – Қазақстанда құқықтық мәдениеттің орнығуы әрқайсысымызға да қажетті құндылық. Жеке тұлғаның құқықтық мәдениеті бірінші кезекте отбасы мен білім беру мекемелерінде, содан кейін қоршаған ортада қалыптасады: өзгенің әрекетіне қарап та адам өзінің жүріс-тұрысы мен әдет-ғұрыптарын түзететін жағдайлар жиі кездеседі. Мұның бәрі құқықтық сана мен құқықтық мәдениетті қалыптастыру жолдары болып табылады. Сондықтан да осы мәселеге немқұрайлы қарамай әрбіріміз белсенді азаматтық позицияны ұстанатын болсақ, қоғамның дамуы едәуір алға басар еді. Осы орайда «Нөлдік төзімділіктің» де ең негізгі мақсаты – қоғамды белсендіру екендігін есте сақтаған жөн, яғни қай-қайсысымыз болмасын кез-келген құқық бұзушылыққа жайбарақат қарамауымыз керек. Сонда ғана қоғамымыз шынайы құқықтық мемлекетке айнала алады.
Қоғамдағы құқық бұзушылықтарға «нөлдік төзімділік» қағидасын қалыптастыру аясында мемлекетімізде бірқатар жаңашаланған заңдар қабылданып, олардың жүзеге асырылуы қызу жүріп жатқандығы белгілі. Жаңадан қабылданған заңдар міндетті түрде бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы халыққа жарияланатынына қарамастан, олардың талаптарын біреулер білсе, біреулер біле бермейді. Мұның себептері ретінде құқықтық мәдениеттің кемдігі мен адами немқұрайлықты атап өтуге болады. Ал «Заңды білмеушілік жауаптылықтан босатпайды» қағидасын ешкім де жоққа шығарған емес, сондықтан да заңдардағы өзгерістер мен толықтырулар туралы әркімнің уақытылы біліп жүргені абзал.
Мысалы, әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнаманың кейбір баптары әлі де болса көпшілікке таныс емес, атап айтқанда: «арнаулы қызметтердi (полиция, жедел жәрдем, өрт сөндіру органдарын) көрiнеу жалған шақыру», «қоғамдық орындарда заттарды сату, бал ашу, қайыршылық, сексуалдық сипатта қызметтер көрсету не өзге де қызметтер көрсетуді күштеп таңу, яғни мазалап өтініш білдіру», «көрінеу жезөкшелікпен айналысу немесе жеңгетайлық үшін үй-жайлар ұсыну» және т.с.с әрекеттер. Ал мұндай әрекеттер өмірде жиі кездеседі және заңмен көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
«Нөлдік төзімділік» қағидасына сәйкес қылмыстық заңнамада «қылмыстық теріс қылық» түсінігі пайда болып, бұрын-соңды әкімшілік құқық бұзушылық болып танылатын кейбір баптар қылмыстық теріс қылық санатына өтті: отбасындығы кикілжіңдерге байланысты құқық бұзушылықтар («ұрып-соғу», «денсаулыққа жеңіл зиян келтіру»), көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру, билік өкілінің заңды талаптарына бағынбау немесе қызмет атқару барысында оларды қорлау сияқты қылмыстық теріс қылықтар үшін, әрине, өз алдына бөлек, қатаңдатылған жазалар қарастырылған.
Құқық бұзушылықтарға қарсы жаңашаланған күрес жолдары өзінің бірінші жемістерін де көрсетуде: азаматтар бұрынғыдай кез-келген жерге темекі қалдықтарын, қоқыс тастап, былапыт сөздерді айтудан, жол ережелерін оңды-солды бұзудан және т.с.с. бойларын аулақ ұстауға тырысады.
Әрине, бұл іс-шаралардың нәтижесінде қоғамда құқық бұзушылықтар мүлдем жойылады деп күту қателік болса керек. Қылмыссыз қоғам – тек адамның арман-қиялында болуы мүмкін. «Өмір бар жерде - өлім бар» сияқты, «адам бар жерде – заң бұзушылық та болады». Тіпті демократиясы, экономикасы, әлеуметтік жағдайы мен құқықтық мәдениеті едәуір дамыған батыс мемлекеттерінің өзінде де құқық бұзушылықтар жетіп, артылады.
Дегенмен, осы құқық бұзушылықтардың санын азайтып, жаңашаланған құқықтық көзқарас қалыптастыру - өз қолымызда. Тәртіп бар қоғамда ғана халықтың өсіп-өркендеуіне жағдай туындайды.
Сондықтан, халайық, заңдарды сақтап, елімізді асқақтатуға бірлесіп атсалысайық!
Ф.Болысбекова,
ҚР ІІМ Б.Момышұлы атындағы оқу орталығының «Криминалистика және арнайы техника»циклының аға оқытушысы, полиция подполковнигі,
Мұрағаттан, 2016 ж