Түпнағашым келіншегін 27 литр сүтімен бірге алып қашып келіпті
Менен жасы үлкен Балтабай деген түпнағашым бар. Мінезі жұмсақ, өзі ақкөңіл жігіт. Жарасымды әзілі тағы бар. Ешбір жанға арамдық, қиянаты жоқ мейірімді адам. Кештеу үйленді. Құрдастары үйлі-баранды болғанда, «Сендерді қуып жетіп, басып озам әлі. Нағыз тұлпар өз күшін есептеп шабады»,- деп қалжыңдап қоятын.
Отыз жасқа толар жылы, «Осы жылы үйленбесем үйлене алмай кететін түрім бар, не болсада бір денені үйге алып келейін», - деп әрекетке көшті.
Бірде маған соғып: «Такси тап! Қатын алам», - деп қойып қалды. Бәкеңнің әзіл-шын айтып тұрғанына қарамастан, «Жүр!», - деп соңымнан ерттім.
Жақын маңда орналасқан өрт сөндіру бөліміне келіп, осындай жүргізуші болып істейтін кәріс жігітті шығарып алып мән-жайды түсіндірдім.
«Бірден айтайын, егер қызбен келіспеген болсаңдар бармаймын. Бір рет қыз алып қашқан жігіттерге такси боламын деп, бір ай бойы сотқа куәгер болғаным да жетер. Егер, келіскен болсаңдар ертең азанда босаймын. Осында сағат тоғызда соғыңдар?!», - деді.
Ертесіне Бәкең екеуміз келіскен жерге келдік. Қызыл түсті Жигулиге мініп алып базарға келдік. Алып қашатын қызымыз ауылдан сүт әкеп сататын көрінеді. Қырсыққанда бұл жолы сүтті қыздың шешесі әкепті. Амал жоқ, таксиімізді босатып қоя бердік.
Бәкеңнен қыз жайында сұрастырып отырып, онымен әлі таныспағанын білдім. Тек сыртынан ғана сұрау салған сыңайлы. 78-ші жылғы, мектепті бітіріп емтихандарын тапсып, енді оқуға түсуге дайындалып жүрген қыз екен. Сөз байласып жүрген жігіті де бар көрінеді.
– Ау, Бәке, танымайтын қыз ертең отырады ма, отырмайды ма? Масқара болғанда бәрімізді сотқа беріп жүрер, - дегеніме еш сасар емес.
– Менікі үйге апару, қалғанын өздері шешіп алар, - деп күлімсіреп тұр. Еш уайымы жоқ ағамның мұңсыздығына таң қалдым.
– Бәке, тым болмаса танысып, мінез-құлқын білмедің бе? Сүйетін адамы бар екен. Жеңгейлер алып қалғанның өзінде үй болып жарасып кетесіңдер ме?, - дегеніме:
– Шешесі жақсы екен. Қалғанын зерттеп қайтемін. Отбасы, ағайындары да момын адамдар көрінеді. Ауылдың қызы. Үй-малға да жайлы сияқты. Одан артық не керек. Сүймесе, жүре келе ұнатып кетеді, - деп өз-өзіне бек сенімді.
Ертесіне белгілі себептермен қыз алып қашуға бара алмай қалдым. Келіншек түсті дегенді ести сала Балтабайдың үйне құйғыта жөнелдім. Қонаға болып жатыр екен. Туысқандар арқа-жарқа боп, қазан асылып, самаурын қайнатылып, той-думан болып жатыр. Жұрттың әңгімесіне қарағанда, қыз зорға дегенде отырыпты. Мән-жай түсінікті болу үшін естігінімді (кейін сары жеңгейдің өз аузынан расталған) түгел айтып берейін.
Ол кездері кент орталығында такси деген сирек кездесетін. Көшені аралап жүрмейді. Таксидің үстіне жапсырып алатын алабажақ шашкі белгісі үлкен қалаларда болмаса біздерде мүлдем жоқ кез. Тек, көлігі барларға алдын-ала барып жолығып, баратын жеріңді нық айтып келісіп аласың. Кенттің ана шеті мен мына шетіне такси жүрмейтін, адамдар жаяу жүретін кез. Таксиді тек алыстағы қала мен далаға барғанда ғана жалдайтын. Такси жалдау деген бір үлкен мәртебе еді ол кездері.
Сонымен, Бәкең қасына өзінен үш жас кіші Асылбек деген немере інісін ертіп алып базарды төңіректейді. Коланың баклашкаларына құйып алып келген сүтін сатып отырған сары қызға Асылбек келіп: «Қарындас, сүтің қаншадан?», - деп барлығын сатып алатынын айтады. Қыз болса бұған, баклашкаларын босатып немесе орнына сондайларын беруін сұрайды. Асылбек «Үйде той болайын деп жатыр, соған көп сүт керек болып тұр еді», - дейді шын-өтірігін араластырып. «Неше литр сүт керек еді?», - дейді сары қыз. «Сенде неше литр бар?», - деп қарсы сұрақ қояды Әшөк. «Екі коласын ғана саттым. Жиырма жеті литр сүтім бар», - дейді адамға сенгіш ауылдың қызы. «Бәрін аламыз. Бос ыдыстар үйде жетеді. Ақшаңды үйдегі анамнан аласың. Сосын осында машинамен қайтып әкеп тастаймын», - дейді де қолын былғап әріректе тұрған машинаны шақырады.
Алдын-ала келісілген жоспар бойынша машина келіп, артқы багажнигін ашып, қыздың сүттерін тиеп алады да ештеңеден хабарсыз сары қызды машинаға мінгізіп алады. Көлік кенттің Шанқай бөлігіндегі ең шеткі үйлердің біріне жақындайды.
Той болайын деп жатқан үйдің дарбазасы ашық тұрғанына еш қам жемеген қыз, кенет, бұлар жақындап, тоқтауға ыңғайланғанда есік алдында қолдарына от-май алып тұрған әйелдерді көрген соң ғана барып, қақпанға түскенін біле қояды да бақырып тұрып айқай шығара бастайды.
Көлік тоқтаған бойда жұртшылық жамыра қалады. Өзінің алып қашу құрбаны болғанына көндіге қоймаған сары қыз қолынан келген бар қарсылығын көрсетіп, көліктен шықпаудың амалын жасап бағады. Алдыңғы орындықтан түскен Асылбек, артқы есікті ашып, сары қыздың тырнап, тепкілегеніне қарамастан, қыздың екі аяғынан ұстап алып сыртқа тартып шығарады да, бір бау шөпті иыққа артқандай жіңішке ғана сары қызды иығына артып алып үйге қарай беттейді. Әшөктің иығында шыңғырып, тырнап, тістеп, бақырып жылап жатқанына көпшілік жұрт қызығушылық пен қуанышпен қарап қалады. Әшөк, кіре берісте аяқ киімін жүре шешіп шымылдық тігілген бөлмеге қарай тура басады. Шымылдыққа қызды апарып салысымен жеңгейлеріне,
– Ал, біз әкелдік. Енді өз міндеттеріңді жасаңдар!, - деп тысқа шығып кетеді.
Балтайбайдың жеңгелері қанша тырысқанымен сары қызды көндірулері уақыт өткен сайын қиындап, іс насырға шабатын ыңғай біліне бастайды. «Барлығыңды соттатамын!» деген қаршадай мына қыздан жұртшылық қорқа бастайды. Бірер сағаттан соң Балтабайдың бостау інілерінің қолынан сытылып, шымылдық бөлмеден шығып кетіп, сыртқа қарай ұмтылады. Қыздың көнбей жатқанынан хабардар, кіре беріс алдындағы кең бөлмеді отырған үлкен кісілер, оның сыртқа шықса айырылып қалатындықтарын түсініп, арасындағы үлкен кейуанаға:
– Шешей-ау, мына баланы бірдеңе қылып тоқтатсаңшы?, - дейді кемпірлердің біреуі.
Тоқсанға таяп қалған әжей, үш-төрт адамға әл бермей, есікке таяп қалған сары қыздың алдына шығып,
– Ал, осы үйден кететін болсаң менің үстімнен аттап өт, сосынғыңды көрейін!, - деп, табалдырыққа көлденең жата қалады.
Кейуананың қасына жақындап, жан-жағынан ұстаған адамдардың қолынан сытылып шығып кетуге ұмтылған әрекетінен нәтиже шықпасын ұққан сары қыз, еңіреп жылап қоя береді. Осы кезде сырттан Марат деген көрші дәрігер кісі кіріп келіп:
– Мынау не деген сұмдық?! Қарт адамды табалдырыққа жатқызып, оның үстінен аттап қайда кетпексің?! Қанеки, босатыңдар қызды?!, - деп, оны ұстап тұрғандарға дүрсе қоя береді.
Әлгілер, түр-әлпеті суық, ірі денелі, аяғы ақсақ, орта жастағы дәрігердің мына бұйрығын ести сала қызды қоя береді. Дәрігер, табалдырықта жатқан әжейді көтеріп:
– Апа-ау, бұл не қылғаныңыз, тұрыңыз?!, - деп демеп тұрғызады да, бір аяғы протез аяқ киімдерін шешпестен, –Қанеки, алдыма түс!, - деп, сары қызға қыр көрсетеді.
Иә шымылдыққа қайта барарын, иә есікті дәу денесімен жауып тұрған дәрігерді итеріп сыртқа шығарын білмей абдырап, сасқалақтап тұрған қыздың екіойлылығын сезе қойған Марат дәрігер, қойнынан медициналық балтасын жұлып алып, қыздың басын шабатындай балтасын төбеге көретіп, ашулы жүзін одан бетер суытып,
– Мен саған не дедім?!, - деп, айқайлап жібергенде, бірер сағаттан бері үйді басына көтеріп тұрған сары қыз, түрі суық дәрігерден қорықты ма, қолындағы балтадан қорықты ма, әлде басқа ма, бірақ жым болып отыра қалады да өкіріп тұрып жылай бастайды.
Отырып қалған қыздың қолынан шап берген ұстап алған дәрігер, «Тұр!», - деп бұйырады да, аз ғана қарсылық білдірген сары қызды тұрғызып алып, ақсаңдай жетектеп, шымылдық бөлмеге қайта кіргізіп алып оңашаланады да, дауыстап, біршама уаққа дейін сөйлеген соң есікті айқара ашып, тың тыңдап телміріп тұрған қыз-келіншектерге, «Орамал тартыңдар!», - деп бұйырады. Осы бұйрықты күткендей-ақ әлгілер дереу сары қыздың басына қызыл орамал тарта қояды.
– Сен қыз қайда келіп отырғаныңды білемісің өзі? Сен деген осы күні Сыр бойы табыны ғана емес бүткіл аудан, облысқа белгілі батагөйі, сыйлы ақсақалының үйіне келін болып келіп жатырсың. Бүткіл Сыр бойы табындарына ұран болған Сәрке батырдың қарашаңырағына түсіп отырсың. Сол себептен, осы үйге келгеніңе Құдайға мың да бір алғысыңды айт, шырағым?!, - дейді де, қолындағы балтасын қойнына қайта салып алып бөлмеден шығып кетеді.
Сол, сары жеңгем Балтабай ағама ұл-қыз араластырып жеті бала туып берді. Қаласа әлі де туады. Үлкенінің алды студент.
Ақкенже жеңгеміз Балтабай ағам сияқты аңқылдақ, ақжарқын, ақкөңіл кісі. Сөз арасында, «Мен осы үйге келін боп түскенде тойыма өз үйімнің сүтін ала келгенмін. Сол жиырма жеті литр сүтімнің ақысын сендер әлі төлеген жоқсыңдар», - деп бір күлдіріп алады.
Марат Шөмекей