Егер 70, 80, 85 жылдары тусаңыз, онда сіз өмірде көп нәрсе көрдіңіз

Oinet.kz 26-03-2023 1557

Әсіресе, 70-80-85-ші жылға дейінгі туылғандар түсінер. Кейде сол жандарға қарап таң қалам. Біз қайдан келдік? Ертелі-кеш үй көрмей ойнайтынбыз. Ұялы телефон атымен жоқ. Әке-шешемізді қайда жүргеніміз, не істеп жүргеніміз толғандырмайтын.

Screenshot_14.jpg

Өйткені жоғалып кету, суға ағып кету, педофилия, маньяк деген ұғымдар мүлдем таныс емес еді. Бір жерімізді абайсызда жарақаттап алсақ, оған құм жағып, емдеп алатынбыз. Үйдегілерден тығылып өзенге шомылып, табанымыз тілім-тілім боп «ләңгі», «шілдік», «соғыс», «тығылмашақ» ойнайтынбыз. «Шығасың ба» деген сөз біздің лексиконымыздың айнымас бөлігі еді. Біреудің тісі сынатып, біреудің көзі көгеретін. Бірақ ешкім ешкімді соттап жатпаушы еді. Кімнің үй жағвнда ойнап жүрсек сол үйден нан жеп, су, айран іше салатын едік. Топырлатып үйіне кіргізіп алып,кімнің баласы болсаң да тамақ беретін қайран шешелеріміз еді. Белсебеттен,есектен құлап, тізе, шынтақ қанаса бір уыс топырақты сеуіп қанын тоқтатып, қатқан соң алып тастап ары қарай ойнап кететінбіз.  

Бізді толғандыратын ең үлкен мәселе – кешкісін аяқ жуу еді.Жарылып кеткен аяқты жылы сумен жуғанда ашығанды айтсай.  Темір легендегі жылымық суға аяқ жуып, аяққа вазелин жағып,бір тәрелке сорпаны қара нанмен соғып алып, құлағын кемпірауызбен бұрайтын быжырлақ «Кварцтың» алдында «Спокойной ночи, малышидің» мультфильмін күтіп жатып, «сылқ» ете қалатынбыз. Таң ата  сықырлақ темір төсектен атып тұрып, цебі шыға беретін «Пионерге» отырып, тағы да ойын қуатынбыз. Көшеде сарылдап ағып тұратын колонкадағы мұздай суды ішіп жатып, бұнда фильтр бар ма, жоқ па деген ой мүлдем келмейтін.Біз құмырсқаның өзін советский, немецкий деп бөлетін біз. Көшедегі дүкеннің жанына ойнап, автолавкамен зат келсе жабылып түсіріліп, дүкенші берген қатты пряникті қытырлатып тұрып жедік. Тіс өтпесе, тасқа қойып, таспен майдалап, теріп жедік. Пряниктің жұмсақ болатынын ер жеткен соң білдік.Смала шайнадық,шайнап тұрып қасымыздағы досымызға жартысын бөліп бердік. Ну погоди сағызын қалаға барғанда ғана шайнадық. Үнді киносындағы Джиммиға ұқсадық. Махараджаны жек көрдік. Гита мен Зитаға ғашық болдық.Біз Ван Дамм жақ немесе Боло Янгтың достары боп бөлінетінбіз. Ең үлкен сұрақ Джеки  жеңе ме, Ван Дамм жеңе ме деген сұрақ еді. Видиктен бір кино көру үшін көшенің арғы басындағы ағамызың қорасын шығарып,отынын жарып, суын тасып беруші едік. Есіңізде ме, егер біз біреуді іздесек, тікелей оның үйіне баратынбыз. Телефонға қоңырау шалу, смс жіберу деген құбылыс жоқ еді. Біз бала болмысымызбен күн ұзақ жалғыз жүре беретінбіз. Ешқандай қорқыныш, алаңдаушылық болмайтын. Біз «тебісу», «таяқпен қылыштасу секілді» аса қауіпті ойын ойлап таптық. Асық,шиканка ойнадық.Ағашты ат қылып міндік. Машинаның, мотоциклдың дөңгелегін қолмен айдадық. Қыздар жағы бөтелкеден қуыршақ жасап,киіндіріп,шашын жүгерінің шашағынан жасап, галка,резинка ойнайтын. Жапырақтан небір салаттар жасап, үйшік-үйшік ойнап,бір-бірін қонаққа шақыратын.  Күндіз каналға суға түсіп, балық аулап, түнде «ақ адамнан» қорықтық. Біз топтасып ауылдың шетінде бақшаға түстік, қауын-қарбыз ұрладық. Қарбызды тізеге бір салып, жуылмаған, күс-күс қолымызбен көсіп алып, ауызға бір атып, жағал-жағал боп жүре беретінбіз. Вирус, микроп деген ұғымдар ол кезде әлі туылмады ма екен... Мектепте әр қоңыраудан соң, далаға қарай апыр-топыр жүгіретінбіз. Кім дәретханаға бірінші жетсе, сол жүйрік саналатын. Айтпақшы, қоңырау соғатын апайды бәріміз ерекше жақсы көретінбіз. Ағайдан,апайдан таяқ жедік. Ұл-қыз демей басымызды тақтаға ұратын. Басымыз ісіп кетсе де үйге айтып келу деген болмапты. Таяқ жегеніңді естіп қалса тағы ұратын өзіңнен кінә деп. 

Адамдарда жай ғана көмектесу деген түсінік болатын. Біреудің теледидарын жөндеп беру, бақшасын аударысу, көлігін сүйреп беру – теп-тегін еді. Ол кезде әскерге барып келген адам бір ай формасын тастамай көшеде жүретін. Оны бәрі құрметтеп, фашистерді жайратып салған батырдай қарсы алатын. Балалардың арманы солдат болу, милиция, мұғалім болу еді. Анамыздың арманы қызыл кілем, әкеміздің мақсаты «Москвич» еді. 

Сол кезең нағыз адамдардың, нағыз ақкөңіл, жайдары жандардың кезеңі секілді. Егер сіз сол 70-80-85 жылдары туылып, осы бір балалық шақтың кермек дәмін татқан болсаңыз, онда сіз өмірде көп нәрсені көрдіңіз. 

Сіз жалаң аяқ, жалаң бас, қара су мен қара нанды талғажау етіп, небір арман-мақсаттар құрғансыз. Сіз масақ тергенсіз, сіз ауладағы қияр мен қызанақты шелектеп суғарғансыз.Көшенің арғы басына бөтен қой іздеп барып, қызына ғашық болғансыз. Хат жазып,оны сенімді біреуден беріп жіберіп,сарғайып неше күн жауабын күткенсіз. Әр жылғылардың өз ысқырығы болған. Сол ысқырықпен бір-бірімізді тауып алатынбыз. Қызға ұрланып барып ысқырамыз. Егер бөлмесінің жарығын бір рет жағып-өшірсе шыға алмаймын дегені. Екі-үш рет жағып өшірсе шығамын дегені болатын. Сотка деген шығып, үйіңде жатып ақ қызбен сөйлесіп,жазған хатыңның бір секунтта қызға баратынын білмедіңіз.  

Сіз ең алғаш "сникерс","марс" жеп тұрып, ендігі өмірдің тұтасымен өзгерерін байқамадыңыз. Сіз дүкен сөресінен ең алғаш «пепси коланы» көргенде замананың қалай құбыларынан бейхабар едіңіз.

Желіден алынды

Жыландардың махаббат маусымы
Қызын кедейге бермеу үшін, тракторшы жігітті жазықсыз қаматып жіберген қатыгез әкенің тағдыры
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу