Жемесең де үйіңе апарып бере ғой

Oinet.kz 14-02-2023 1787

Күндегідей емес, сары автобустың жүрісі бәсең. Еріне басып келеді. Әр аялдамаға аялдаған сайын сықыр-сықыр ететін есігі жүйкеге тиіп, онсызда шаршап келе жатқан жұрттың жағдайын қашырды. Ығысып-ығысып, Сәуле автобустың соңғы жағынан бір-ақ шықты.

Screenshot_29.jpg

– Ортаға қарай жылжыңыздар. Елдің бәрі сіздер сияқты, жұмыстары бар. Сыйысып ала кетейік, – деп кассир жігіт желігіп тұр. Жолаушы мінген сайын жарқын-жарқын шыққан даусынан күнделікті табыстың көлемі көбейгенін анық аңғаруға болады. Қалта қалыңдаса болғаны, халықтың аяғы тапталып, белі бүгілгеніне басы ауырып жатқан ол жоқ. Алдында тұрған адамды арқадан итеріп, есігін әрең жапты да, сүйеніп өзі тұра қалды. Екі аялдамадан кейін түсетін Сәуле ақырын алға жылжи берді. Автобустың есігіне жеткенше неше түрлі қуыс-қолтықтан өтіп, билет кесуші балаға бір қадам қалғанда ақшасын ұсынды. Ол: «Апай, ертерек беріп қоймадыңыз ба? Ұсақ ақшаңыз жоқ па?» – деді мойнына асқан шағын қара сөмкесінің ішіне қолын салып жіберіп, тиындарды сыңғырлатып. Бұл бірден: «Жоқ», – деп қысқа қайырды. Сырт киімінің қалтасында тиындар болуы мүмкін. Алайда оны алуға қабысқан халықтан мүмкіндік бола қоймасын білді. Діттеген жерге жеткенде әрең ашылған көлік есігінен кассир қолынан жұлқып, тартып түсіріп жіберді. Мінгізерде «келіңіз» деп құрақ ұшып, қолыңнан демеп кіргізіп алған ол түсірерде бұл ілтипатты аса танытпады. Көмектескен болып, қолынан қаттырақ тартып, тығыз адамның ішінен суырып алып шықты. Көлікте құрысып қалған денесін жазып, асықпай аяңдап келеді. Көшедегілердің бірен-сараны өзі секілді жұмыстан қайтқандар. Оқушылар арқасындағы сөмкелерінің ауырлығынан тас байлаған бақадай баяу кетіп барады. Әнебір бала тіпті бүкірейіп қалыпты. Артынан қарасаң, құдды сөмке өзі жүріп бара жатқандай. Бойын тік ұстай алмаған соң басы көрінбейді. «Обал-ай, омыртқаға оңбай зақым келеді-ау», – деп Сәуле іштей уайымдап келеді.

Үйге жақындап қалғанында, оң бүйіріне тіреген тәрелкесі бар көрші Есенкелдінің қызы Нұрай сыпайы сәлемдесіп, күлше ұсынды. Қабыл болсынын айтып, қуана-қуана қабыл алды. Нұрай екіншісін алып, оқушы қызға беріп еді: «Жоқ, жемеймін», – деп тақ ете қалды. «Жемесең де үйіңе апарып бере ғой», – деп екінші мәрте ұсынғанында, күлше салынған қалтаның аузын бүріп ұстап, «рақмет» – деді.

Сәуле үйге келген соң, шай дайындап жүріп, шыдай алмай күлшенің бір тілімін үзіп жеді. Есіне балалық шағы түсіп кетіп, еріксіз күліп жіберді. Ауылда көшенің шаңын бұрқыратып, ана бастан мына басқа дейін жүгіріп ойнаушы еді. Үйге қасқарая қайтады. Тамақ ішуге әлі келмей сүре құлайтын сәттері жиі болатын. Бірде Асыл әже күлше таратты. Көшедегі балаларға бір-біреуден ұстатып жатты. «Үйлеріңе апарып беріңдер» деген сөзді естіп, балалар құстай ұшты. Асыл әже бұларға тиесілі күлшені жерге түсіріп алар деді ме, өзінен екі жасқа үлкендігі бар ағасы Сәкеннің қолына ұстатты. Қолына түскен соң онсызда бұған тісін қайрап жүрген Сәкен бер ме? Өткенде түс кезінде сарайда ұйықтаймын деп сытылып шығып, қатарларымен көлге шомылуға барғанын анасына айтып бергелі қарындасымен арасы онша емес. Бұл жолы есе қайтарудың реті келді. Бұған бермей, жүгіріп үйге кетті. Сәуле күлше жемей қалғанына қапаланды ма, мен жеткенше ағасынан ауыспайды деп үрейленді ме, көзіне келіп қалған жасты тежей алмады. Екі иығы солқылдап, апалап, жылап кірді. Қызының даусын естіп, ішкі бөлмеден жүгіре шыққан Нағима: «Не болды, қызым? Құлап қалдың ба? – деп бәйек болды.

– Асыл әже маған күлше бермеді, – деп бұртиған бұған қарап, анасы:

– Бір үйге біреуін берген ғой. Сен жылама, бәріміз бірге жейміз, – деп жұбатып әлек. Нағима нанды бөліктерге бөліп, үстел үстіне қойды. Балалық шақтың бал кездерін еске алып тұрып, Сәуле күлшенің біразын жеп қойғанын аңғармай қалады. Сондағы «жеті күлше жетпей қалды» деп бой-бой болып жылағаны әлі есінде. Бір сәт өзіне: «Сонша жылағаным-ай», – деп күліп алды.

Қазір қалада тұрады. Бұндағылар басқаша, балалар тұрмақ, үлкендердің өзі күлше таратқан адамға тосырқай қарайды. Тіпті не үшін деп сұрайтындарды көріп, көңіл күйің одан әрі түседі. «Қабыл болсын!» деудің орнына рақмет деп ызаңды келтіретіндерін қайтерсің?!

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА

Шалға тұрмысқа шыққысы келмей жардан құлап өлді
Ажырасқан күйеуінің қайыр сұрап жүргенін көрген әйел
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу