Шиеленістің бәрі мұнайдан шығып жатыр

Oinet.kz 10-07-2019 1121

Screenshot_6.jpg

Мұнай күн санап арзандап келеді. Бұдан бір жеті бұрын Brent маркасының бағасы 4,2 пайызға төмендеп, «қара алтынның» бір бөшкесі 34,88 АҚШ долларына сатыла бастады. Мұнайдың арзандауы мыңдаған адамның жұмыссыз қалуына себеп болып отыр. 

Мұнай тағы да арзандайды ма, нарықтағы тұрақсыздық қашанға дейін жалғасады, қандай шаралар бағаның бұлай құбылуын тоқтатуы мүмкін?

Егер «қара алттынның» бір бөшкесі (баррель) 35 долларға түссе, мұнай өндіру тиімді болады ма? Солтүстік теңіздегі мыңдаған мұнайшылардың жұмыссыз қалуы бұл сауалға анық жауап беріп отыр. Ірі инвесторлар мен өндірушілер бүгінге дейін тиімді  саналып келген энергетика саласына қаржы салуын қысқарта бастады. Тек ВР, Shell, Total и Exxon Mobil сияқты алпауыт корпорациялар ғана нарықтың бұл тегеурінді соққысына төтеп бере алатын сияқты. Мұнай саласының атақты сарапшыларының бірі Джереми Батстоуна-Карраның пікірінше, баррельдің бағасы биыл 30 долларға дейін төмендеуі және бұл ауыр жағдай ұзақа созылуы мүмкін. Мұнай бағасының бұлай арзандауының басты себебі – «қара алтының» шектен тыс көп өндірілуінде болып отыр. 

Шотландияның Данди университетінің құрметті профессоры, Таяу Шығыс бойынша атақты маман саналатын Пол Стивенстің айтуынша, мұнай бөшкесінің бағасы 20-25 долларға дейін түсуі мүмкін. Өткен жылдың аяғында АҚШ Конгресі мұнай экспортына қойылған шектеудің күшін жойды: енді Американың сланц мұнайы әлемдік нарыққа, яғни мұнай бағасының арзандауына міндетті түрде әсер ететін болады. Пол Стивенстің айтуынша, АҚШ-тың сланц мұнайының бір бөшкесін өндіру үшін орташа 40 доллар қаражат жұмсалады. Қаржылық тұрғыдан қуатты болып табылатын американдық компаниялар мұнай бағасы 25 долларға түспейінше, «қара алтынды» өндіре беруі мүмкін. 

Венесуэла, Алжир және Нигерия сияқты мұнай өндіруші елдердің жағдайы нашарлап келеді. Бұл елдерде туындаған қаржылық проблемалар саяси толқуларға әкелуі әбден мүмкін деген болжамдар айтылуда. Бұл елдерде жұмыссыздық артып, баға күннен күнге шарықтап келеді.  

Бүгінде мұнайдың көп өндіріліп жатқаны соншалық, мұнай сақтайтын қойма қалған жоқ. Америка мұхиттың үстінде қоймалар құру мәселесін қарастырып жатыр. Ұсыныстың сұраныстан жоғары болуы - өз кезегінде мұнайдың осылай тым арзандап кетуіне әсер етіп отыр. Әрине, «қара алтынның» бұлай арзандауы Үндістан, Қытай, Жапония сияқты алып экономикаларға үлкен мүмкіндік туғызуда.   

«Өндіру қарқыны төмендемесе, бағаның бүгінгі беталысы өзгермейді. Мүмкін, осы жылдың маусым айында өтетін мұнай экспортшыларының ұйымы ОПЕК-тің кезектегі мәжілісінде бір өзгеріс болар. Қытай экономикасы қарқынының төмендеуі де жалғасатын сияқты, бұл жағдай мұнай бағасының арзандай қоймайтынының анық белгісі» –дейді сарапшылар. 

Саудия мен Иранның арасындағы текетірестің мұнай нарығына әсері қандай болмақ? Бүгінде бұл мәселе саясатшылар мен сарапшылардың, бірінші кезекте мұнай экспорттаушы елдердің бас ауруына айналды.

4 жыл бұрын Иран мұнайын шетке экспорттауға санкция салынған болатын. Сол кезде нарықтағы Иранның  үлесін Саудия иеленді. Енді Саудия бұл үстемдігінен айрылып қалмау үшін, мұнай бағасын 20-25 долларға дейін төмендетуге дайын. Саудия мен Иран - ілгеріден бәсекелесіп келе жатқан елдер. Екеуінің де аймақтық держава болу дәмесі бар. Осы жолда бұлар бірін-бірі аямайтын сияқты. Таяу Шығысты зерттеп-зерделеп жүрген сарапшылар «Иран мен Саудияның арасындағы текетірес соғыс жағдайына бара қоймас, бірақ мұнай нарығына міндетті түрде ықпал ететін болады» дейді. 

Мұнайдың арзандауы Қазақстан бюджеті мен қазақ теңгесіне ойсырата соққы бергеніне куә болып отырмыз. Ауылдағы бір жәкеміз: «Жаман болса да, өз лағымды теке деймін» дейтін. Бүгінде мал өнімдері – еті, сүті, терісі  мен жүні өз бағасын таба бастады. Ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік менеджерлер дұрыс шешімдер қабылдап, аталмыш салаға соны серпіліс бере алса сол «өз лағымыз» –  дәстүрлі саламыз  қазіргінің тілімен айтқанда, дамудың драйверіне айналмақ. Әлемдік қаржы институттары халық санының қарқынмен өсуі ауыл шаруашылық саласының тиімді салаға айналуына негіз болып отыр дегенді айтады. 

Мұрағаттан, 2016 ж

Ауылдық клуб күзде тұрғындарға қызмет көрсете бастайды
Малдар неге қырылып қалды?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу