Малдар неге қырылып қалды?
«Ауылды жерлерде төрт түлігіміз үсті-басын жара басып кететін кеселге ұшырап жатыр. Қырылып қалғандары да бар. Малының өлуін күтпей кейбір шаруалар шұжық цехтарына апарып өткізуде». Бұл туралы «Ауыл» партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының ұйымдастыруымен таяуда өткен «Ауыл шаруашылығындағы өзекті мәселелер және оны шешу жолдары» атты дөңгелек үстелде айтылды. Басқосуға ғалымдар, ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері, шаруа қожалықтардың басшылары,партия мүшелері қатысты.
– Ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан аз көңіл бөлініп жатқан жоқ. Елбасының қолдауымен шаруалардың жағдайын жақсартуға бағытталған түрлі мемлекеттік бағдарламалар қолға алынып, аграрлық салада еңбек етуге талпынғандарға қаржылай көмектер берілуде. Нәтижелі жұмыстардың жалғасы ретінде облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов алдағы бесжылдықта Оңтүстіктің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту мақсатында жаңа саясатқа көшуді ұсынуда. Әрбір ауданның климаттық жағдайына қарай ауыл шаруашылығын ілгерілетуге басымдық берілмек. Облыс көлемінде өнімділікті еселеуде шаруашылықтарға техникалық тұрғыдан көмектесетін машина-тракторлық станциялар ашылып, ғылыми-консультациялық қызмет көрсету орталықтары құрылмақ.Фермерлерге төменгі пайызбен берілетін несиелер көлемі арттырылмақ. Мұндай ауқымды жобаларға атсалысудан «Ауыл» партиясы тыс қала алмайды.Десек те ел қазынасынан қыруар қаржы жұмсалса да ауыл шаруашылығында кенже қалып қойған салалар әлі де баршылық, ұқсата алмай жатқан жақтарымыз жеткілікті. Ондай шешімін күткен өзекті түйіткілдер ауық-ауық болса да айтылып, жиындарда талқыланып жүр. Ал, алқаптарды тиімді пайдалану, суармалы жерлердің жағдайын жақсарту және олардың көлемін ұлғайту, жекенің иелігінде не болмаса басқа да басқармалар балансында қараусыз қалып қойған жерлерді кәдеге жарату мәселелері ешқашан күн тәртібінен түскен емес. Бұл мақсатта билікпен ықпалдаса болашағымызды бағдарлап, келешектің кемел істерін жобалауға атсалысу– біздің азаматтық борышымыз, партиялық міндетіміз. Өздеріңіз білетіндей,Дүниежүзілік сауда ұйымына ендік. Оның халықаралық талаптарына байланысты елімізде ауыл шаруашылығын субсидиялау тоқтатылуы да мүмкін. Ондай жағдайда төрт түлік пен дәнді дақылдардан, өсірген бау-бақша өнімдерінен нәпақасын айырып жүрген отандастарымыздың жайы қалай болады? Өнімдерімізді қайда өткіземіз? Сапасын қалай арттырамыз? Не істеуіміз керек? Осындай елді толғандырған сан сауалға жауап іздеп, дөңгелек үстел басына жиналуымыздың мақсаты– алда атқарар істеріміздің жүйелі жоспарын құру. Ой-пікірлер алмасып, тәжірибе бөлісіп, ұсыныстарымыздың жүзеге асуына ықпал етіп, ауыл шаруашылығының өркендеуіне үлесімізді қоссақ дейміз. Өйткені ауыл көрсейсе, ел дамиды, – деді жиынды жүргізуші «Ауыл» партиясы облыстық филиалының төрағасы Қанатбек Досалиев.
Жиында Халықаралық қарақөлшілер қауымдастығының төрағасы, КСРО және Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, академик Хисметулла Үкібаев қарақөл қойын өсіру туралы баяндады. Ол КСРО кезінде еліміздің құмды аймақтарында өсірілген 2,5 миллионнан астам қарақөл тұқымын дамытуды қайта жандандыру керек деп санайды. «Құмды аймақтардағы қарақөл бағамын деген халыққа жайылымға 3000 гектардан шектеусіз мерзімде тегін беру керек. Жекеменшік болған соң шаруалар өздері-ақ жайылым аумағын дамыған елдердегідей қоршап, қора-қопсысын салып алады. Жері бар тұрғындар несие алу мүмкіндігіне де ие болады. Тек ауылды жерлерде жайылымнан бастап барлық жылжымайтын мүлік түрлеріне, мал басын есепке алып,жеңілдетілген несие беруді де банктерге жүктеген жөн»дейді академик.
Шардара ауданынан келген «Мақсат» шаруа қожалығының төрағасы Жандар Жүзбаев банктер кепілге алып, несие беруі үшін алдымен малды сақтандыруды ұсынды. «Сақтандырудың басты талабы– малыңыздың дені сау болуы тиіс. Сонда есепке алынады. Талап орындалса,ветеринария дамиды. Бүгінде жұрт ауылды жерлерде көбейіп кеткен шұжық өндіретін цехтарға өріске ілесе қалмай қалған тұяқтыларын апарып өткізуді әдетке айналдырып алған.Малының мазасы болмаса сойып сата салады. Олардың барлығының қандай кінәраты барын тексеріп жатқан ешкім жоқ.Елімізде ақсап жатқан, шұғыл шешімді қажет ететін саланың бірі осы.Ел арасында түрлі ауру-сырқаудың азаймауының бірден-бір себебі халқымыздың солардың өнімдерін тұтынуынан туындап жатқанын ешкім жоққа шығара алмаса керек. Мұны одан әрі ушықтырмау үшін қасапханалар мен цехтардың жұмыстарын билік қатаң қадағалауы тиіс» дейді кәсіпкер.
Ордабасылық жеке кәсіпкер Бегалы Байсаұлының жанайқайы ветеринарияға тікелей қатысты. «Қазір ауылды жерлерде төрт түлігіміз үсті-басын жара басып кететін кеселге ұшырап жатыр. Жылқы да қорғана алмай қалды. Қырылып қалғандары да бар. Малдың өлуін күтпей кейбір шаруалар шұжық цехтарына апарып өткізіп жатыр. Солардан шыққан өнімдерді тұтынып, бойымызға қандай дертті дарытып жатқанымызды ешкім білмейді. Кеш болмай тұрғанда шұғыл түрде мұның алдын алмасақ болмайды, – дейді ашынып. – Бізде мал ауырса, диагнозын дұрыс қоятын маман тапшы. Ал, емдеуге қажетті дәрі-дәрмектер шетелден әкелінеді. Олардың сыртында мемлекеттік тілде нұсқаулық жоқ. Тіпті кейбірінде орысша да түсіндірме болмайды. Латынша, арабша жазылады. Сосын оны қалай және малға қанша грамын егуді білетін маманды шетелден күтіп жүреміз. Осы мәселені реттеп, сол жаққа жіберіп болса да ветеринар маманын оқытып даярламасақ болмайды. Малымызға қажетті дәрі-дәрмекті өзімізде өндіруге болады ғой. Жақыпбеков деген ғалымымыз «Нагани» деген дәрінің құрамын «Химфарм» зауытына беріпті. Ал бұл проблемадан хабардар Ауыл шаруашылығы министрлігіндегілердің қандай әрекет жасап жатқаны бізге беймәлім».
«Асыл-ой» ЖШС директоры Ержан Қалдыбаев ауыл шаруашылығын дамытудың мемлекеттік-жекеменшік серіктестік түрін қолдайды. Өндірістің 20 пайызы мемлекетте, 80 пайызы жекеменшікте болуы тиіс деп есептейді. Өнімдерді құндау мәселесінде де осы әдіспен облыстық аграрлық база құруды ұсынды. Сонда жүйелі жұмысқа, сапалы өнімге, оны сатып мол табысқа кенелуге екі тарап та мүдделі болады. Аталған база жұмыс жүргізу механизмдерін реттеп, ұсақ шаруашылықтардың мемлекет тарапынан берілетін субсидия секілді қолдауларға қол жеткізулеріне көмектесуі тиіс. Ол өз ойын қатысушыларға тақтаға сызып та түсіндірді. Алайда, ірі шаруа қожалықтар басшыларының басым бөлігі ортақ база құруға қарсы. Олар «бұл артық шығын, бір орталыққа жиналған өнім мол болған сайын оның бағасы да төмендейді» деген ойда. Десек те соңғы бес жылда ауылдық жерлерде жаппай салынған мал сою бекеттері мен сақтау қоймаларын мемлекеттің қатысуынсыз сақтап тұра алмайтындықтарын мойындайды.
Егін шаруашылығында алқаптарды суландыруға қатысты тік дренаждар проблемасы, жердің құнарсыздануы, тұқым селекциясының жүргізілмеуі өнімділікті еселеуге мүмкіндік бермейді. Мұнда да мемлекеттің араласуынсыз мәселе толық шешімін таппайды дейді қатысушылар. Ауыл шаруашылығын әртараптандыру және оны дамыту тақырыбында әңгімелеген ауыл шаруашылығы ғылымының докторы Досымбек Сыдық та жердің құнарсызданып бара жатқанына алаңдаулы. Ғалымның кеңесіне құлақ түрсек, егін шаруашылығын қалыпқа келтірмей мал шаруашылығын дамыту мүмкін емес. «2003-2005 жылдары Ауыл жылы деп жарияланған кезеңде облысымыздағы 1 миллион 100 гектар жердің 640 мың гектарын игергенбіз. Соның бүгінде 248 мың гектары қолданыста. Алқаптарымыздың көлемі жыл өткен сайын азаюының бірден-бір себебі – жердің құнарсыздануы. Жалпы алғанда, бұдан өзге облысымызда алқаптардың 40 пайызы тастанды жерге айналды. Былайша айтқанда, қараусыз қалып қойды.Енді оларды кәдемізге жаратып, құнарын арттыру үшін ауыспалы егіске көшуіміз керек. Мал азығын өсіруіміз тиіс. Асбұршақ, тасбұршақ, үрмебұршаққа ел ішінде сұраныс жоғары» дейді ғалым. Оның айтуынша, бізде өндіру емес, құндау проблема. Бұл мәселені дұрыс жолға қойып шеше алмасақ, ауыл шаруашылығын дамыту жайы бос сөз болып қала бермек. «Тұқым шаруашылығының қағаз бетінде жүзеге асып жатқанын мойындауымыз керек. Егер мұны қалпына келтірмесек, барымыздан айырыламыз. Бұл мәселені дұрыс шешуді облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов қолдап отыр. Құптаған жобамызды биыл бастаймыз. Жоқ дегенде үш-төрт жылға жалғасады. Бес жыл болса тіпті жақсы болар еді. Ғалымдар бір тұқымның жаңа сортын шығаруы үшін 15-25 жыл уақытын жұмсайды. Оны өндіріске енгізу үшін 7 жыл керек. Бұл дегеніңіз бір адамның еңбек өмірі. Ал, жекелеген шаруа қожалықтарда, әртүрлі агроқұрылымдарда тұқым шаруашылығын қалыптастыру жұмыстарын жүргізуді биыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бір жылға деп белгіледі.Негізі бұл жұмыстар кемінде үш-төрт жыл жүруі керек. Оған бізде маман тапшы» деді ағынан жарылған ол.
«Бізде қойлар тамыз-қыркүйек-қазан айларында сойылады. Көрші мемлекеттерде де сондай. Бұл кезде халықтың етке деген сұранысы төмен болады. Өйткені жеміс-жидек, көкөніс, бау-бақша өнімдері жеткілікті. Ол уақытта жұрт бала-шағасын балабақша мен мектепке дайындайды. Оларға киім-кешек, қалам-қағаз, дәптер-кітап керек. Сосын амалсыз өзіндік құнын ақтамаса да арзандатуға мәжбүр боламыз» дейді «Ауыл» ХДПП ОҚОФ төрағасының орынбасары Қанжігіт Сыздық. Ол құндау проблемасын үш айда сойылған қойлардың еттерін сақтап, қарашадан бастап сату арқылы шешуді ұсынады.
Басқосуға қатысушылар әкімдіктер тарапынан өткізілген жиындарда қанша айтылғанымен шешімін таппаған жер құнарын арттыруға және тік дренаждарға қатысты мәселелерді Парламентке жеткізіп, арнайы заң қабылдату қажеттігін бірауыздан қолдады.
А.ҚҰНАНБАЙҰЛЫ,
Мұрағаттан, 2016 ж