«Бізге көрсетпей жеңдерші»
Алматыға келгелі «орыстың күймей піскесін бөлкесін» талғажу етіп, құрсақ қуандырып келеміз. Жарықтықты үзсең үгітіледі, бір-екі күн сақтасаң тастай қатып, таңдайыңа салсаң тас жұтқандай тамағыңды жыртады. Алдына апарып тастай салатын мал-сұлың болмаған соң, амалсыз нанның қоқымын да, қатқанын да «қоржынға» салып, қоқысқа апарасың.
Аздап төбе құйқаң шым еткендей болғанмен, бәрібір ол сонда қалады. Ақ адал астың алдында бар жасаған кішіктігің «біреу-міреу алып кетер» дейсің де «қоржыныңды» қоқыс жәшігінің құлағына іле салып, тайып тұрасың. «Кепиет атады». «Шаруа» тынғанымен біразға дейін соңымнан қалмай, ғайыптан сап ете қалатын ауыр сөз осы. Ауылда анда-санда үйге қыдырып келетін Үкіай әжейдің сөзі бұл. Ол кісі ауылдағы қайсы үйге барсын бәрі құрметтеп, қошаметтейтін. Кейуананың үнемі қайталайтын бір әрекеті, бір-ақ әңгімесі бар. Әрекеті – дастархан шетіне үгітіліп түскен нан қоқымдарын саусақтарының ұшымен жинап, аузына салады. Әңгімесі – «нан қоқымын тастамаңдаршы, кепиет атады!..».
«Ол кезде мен он бес, он алтыға енді келген бойжеткен қыз едім», - деп бастайтын марқұм әңгімесін.
«Сәбетке қызыл өкімет орнап, кәмпеске деген бәле басталды. Елден ес, ерден дес кетті. Жағдай әбден ауырлап, аштықтан жұрт қырыла бастаған кезде әкеміз елмен бірге қытай асатын болды. «Сен атастырған жеріңе бара ғой, қызым. Құдама берген уәдемді бұзсам болмас», - деді әкем. Мені арамыз күншілік жердегі құдасының ауылына, мен келін боп түсетін шаңыраққа жіберетін болып бекіген сыңайлы. «Сендермен бірге кетейін, мені тастап кете көрмеңіз, әкетай», - деп қанша жалынсам да, әкемнің көнетін түрі жоқ.
Бір-ақ сөз айтады – «құдама уәде бергем». Ақыры әкем көнбеген соң: «Мен барып құдаңыздың разылығын алып қайтайын, мені күтіңіздер», - деп жаныма інімді ертіп, қайын жұртқа тарттым.
Қайын атамның аяғына жығылып, мән-жайды айттым. «Заманның сұры жаман балам. Еліңнен қалма, кәрімді төгіп, қарғамаймын. Жолдарың болсын». Қайын атам осылай қысқа қайырып, батасын берді. Жаны жаннатта болғай, жақсы кісі екен. Біз ауылға жеткенде бәрі буынып, түйініп дайын отырыпты. Құдасының жауабын естіген әкем: «Текті жер еді, қайтейін. Аман болсын. Таңсәріде қозғаламыз, тынығып алыңдар», - деді інім екеумізге.
Таң ата үріккен ел жаяу жалпы ата қонысты тастап, арғы бетті бетке алды. Сүттей ұйып отырған бір рулы елдің мұнан бұрын да аштықтан өлгені өліп, тентірейтіні тентіреп кеткен. Айналасы елу қанша түтін шылдың боғындай шашырап, әзер ілбіп келеміз. «Осы таудан ассақ, Қытай жеріне жетеміз»деген сөз шыққанда, аштықтан бұралған халық әбден титықтап, ажал алқымдай бастады. Омырауда сәбиі бар жас келіншектің бала емізіп отырып, о дүниеге аттанып кете барғанын жұрт нәресте уанбай, шырқырап жылағанда бір-ақ білді.
Ел жиылып, әйелдің бетін топырақпен жасырды. Шырқыраған сәбиді қайтыс болған келіншектің ата-енесі бір күн бойы көтеріп жүрді. Келесі күні оның да сілесі қатып, денесі мұздай бастады. Тап сол уақытта шұбырып келе жатқандарды адам дегеннен гөрі, жыртқыш аң деген әлдеқайда әділетті баға болар еді. Нұры сөнген жанарларға қадалып қарауға дәтің жетпейді, өте қорқынышты. Бәрінің көзі шал мен кемпірдің қолындағы сәбиде. Отырып демалдық. Көздері қанталаған адамдар бірінен бірі озып, жерге бір тізерлей отыра қалып ана екі ғаріптің маңын торуылдайды. Мен сонда адамның қатты ашыққанда сипатын жоғалтып, қасқырдан да, иттен де бөлек жаман дауыс шығарып, ырылдайтындарын естігендей болдым. Сол кезде шал былқ-сылқ еткен сәбиді жанындағы жалпақ тасқа қойып: «Бізге көрсетпей жеңдерші»,- деп кері бұрылды.
Жігіттердің бірі жалма-жан етігінің қонышынан кездігін суырып алып, жүгіріп барып өлі-тірісі белгісіз нәрестенің тамағынан орып жіберді. Баланың басын тастың қалқасына тастады. Біреулері қазан-ошақ та дайындап үлгеріпті, сәбидің тұтас денесін соған әкеліп салды. Тап сол шақта таудан тас домалады. Көзіміз әзер көріп тұр, үлкен тас сай тағанындағы тура бізге қарай домалап келеді. Көзді ашып-жұмғанша домалаған тас енді астына от жағылған қазанға тие-мие тоқтады. Ой, Астапыралла! Домалап келген тас емес, мүйздері айқасып, шықпай қалған семіз тәутекелер екен. Бір-бірімен сүзісіп, жартастан ұшып кетсе керек. Азаматтар қазандағы суды төгіп, баланың денесін басы жатқан тастың қалтарысынан сәл шұқыр қазып, сонда көмді. Екі текенің етін, қан-жынын да төкпей екі-үш күн азық қып, ел шетіне де іліндік...
Кепиет атады, нан қоқымын тастамаңдаршы!..».
Ырысбек Дәбей
"Кепиет"