Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Ертеде бір бай өмір сүріпті. Оның сұлулығын сөзбен суреттеу мүмкін емес аса ажарлы, көркіне ақылы сай қызы бар екен.Сол қызы бой жетіп, оның тұрмысқа шығатын уақыты жетеді.
- Әке, мен әлемдегі ең бай және ең кедей жанға тұрмысқа шығамын, - деп шарт қояды ақылды қыз. Сұлу да ақылды қыздан үміті бар барлық жігіттер жиналады.
Бай алдында ізеттілік көрсетіп, кезегімен қыз қалауына өздерінің сай екендерін айтады. Алдымен байдың ұлдары, одан кейі ерлігімен аты шартарапқа жайылған батырлар өз әскерімен қатарға тұрады. Байдың ұлдарынан қыз:
- Сіздің бай екендігіңіз көрініп тұр, бірақ неге өзіңізді кедей деп санайсыз?- деп сұрайды.
- Иә, біздің байлығымызда шек жоқ. Бірақ біздің қолымызда ең басты қазына- сіз жоқсыз, сондықтан өзімізді кедей деп санаймыз, - депті бай ұлдары.
- Жоқ, менің қалауым бұл емес, - деп қыз әкесіне қарайды. Бай ұлдарынан соң кезек батырларға тиеді.
- Біз аса бай емеспіз, - дейді олар. Бірақ біз әскерімізбен әлемді жаулап, әлемнің байлығын иемдене аламыз.
- Ал сіздердің қолдарыңыздан әскерсіз не келеді?
- Ештеңе... деп кібіртіктеп қалыпты батырлар.
- Жоқ, бұлар да жарамайды. Қыз олардан да бас тартады.
Одан кейін кезегімен қолдарындағы бар байлықты ұсынып ортадан жоғары тұратын жігіттер келгенмен, қыз сынағынан олар да өтпеді. Кезек соңын ала қыз алдына киімі жұпыны, бірақ көзінен от шашқан жас жігіт келеді.
- Кедей екенің түріңнен-ақ көрініп тұр. Сонда сенің байлығың қайсы?
- Міне менің байлығым! - деп жігіт қоржыннан етікшінің бігізі мен тігіншінің инесін, балғасы мен балтасын алып шығады.
Мен жақсы тігінші әрі етікшімін. Менің тіккен аяқ киімдерім мен көйлектерім сіздің үстіңіздегіден екі есе әдемі. Мен темірші және ұстамын. Мына батырларымыздың сауыт-сайманын, мінген тұлпарларының тағасын да жасаған мен. Табын-табын жылқым мен жүздеген түйеге артылған тауарым, қаптаған әскерім болмаса да мен осы құрал саймандарыммен қанша байлық қаласам сонша жасай аламын. Менің байлығым-екі қолым.
Сонда қыз тұрып әкесіне:
- Әке міне мен қалаған күйеу жігіт. Мен осы жігітке тұрмысқа шығамын.- деген екен.